Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Алаң 4800 7 пікір 13 Тамыз, 2018 сағат 08:47

Әбдірашит Бәкірұлы. Қазақтың шамасы түгесіліп барады...

Мінеки, доллардың бағасы қайтадан шарықтап кетті... Бұл дегеніңіз біздің экономикалық жағдайымыздың сыртқы коньюктурадан толық тәуелділігін білдіреді. Яғни, бұдан «Қазақстан экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қорғай алатын, эконмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен мемлекет қатарына жатпайды» деген қорытынды сұранады.

Неліктен біз осындай – экономикалық мешеу мемлекеттің біріне айналып шыға келдік? Оның бірнеше себептерін атап өтуге тура келеді. Ол үшін алдымен мынадай қарапайым ережелерді анықтап алуымыз қажет:

1. Капитал билеген қоғам – «капитализм» деп аталатыны белгілі. Ал ондағы орнайтын экономикалық қатынас түрі – «нарықтық қатынас» деп аталады.

2. Капитал үстемдігі жағдайында «нарықтық қатынас» бәсекелестікке негізделеді. Шынайы бәсекелестік мемлекеттік заңдармен қорғалып, заңбұзушылық пен коррупция қатаң бақылауға алынады. Себебі, мемлекеттік экономиканың ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы болуы себепті − экономика «алып машина» сынды мүлтіксіз жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін оның барлық элементтері өзіне тиісті міндеттерді дер кезінде, жоғары келісілген сапада атқарулары керек. Мұның бәрі сақтандыру қорларымен, мемлекет заңдарымен қорғалып, ретке келтіріліп отырады. Олай болмағанда − бір бөлшек істен шықса, барлық механизм тоқтайды: сынады, күйрейді, мемлекетте хаостық жағдай орын алады.

3. Біздегі «капитализм», шын мәнісінде, осында айтылған капитализмнің классикалық түсінігіне ешбір сәйкес келмейді. Бізде басқаша. Мәселен, бізде коррупциямен ұштасқан биліктің әр деңгейінде кездесетін волюнтаризм заңдардан жоғары тұратын жағдай жиі орын алады. Ал волюнтаризмнің екінші мағынасы – «заң бұзуды заңдастыру» десе болады. Сондықтан бізде әр деңгейде заң бұзушылық, яғни, заңды «өзім білемге» бұру жиі. Ол аракідік әкімшілік тарапынан «үнсіз қолдауға» ие. Ал, наразы халық − шарасыз.

4. Мұндай жағдайда «нарықтық экономика» дегеніміз өзінің мазмұны жағынан «күштілердің экономикасы», не болмаса, Абай тілімен айтқанда «күштінің арты диірмен тартады» болып шығады. Мұндай «арттың», әрине, доллар түгілі, экономиканың алғашқы кезеңдерін болжап отыруға шамасы жетпейді. Сондықтан, экономика қалай стихия жетегінде болса, оның басты элементі – доллардың құны да солай − стихия жетегінде қала береді... Ал доллар «шайтан» біресе секіріп төбеңе шығады, біресі сықылықтап қолтығыңа кіреді − не істесе де өзі біледі! Оған қарсы тұрар шама жоқ − бар ақшаны шетелге жіберіп жатырмыз. Байлар – шет ел банкілеріне, Халық – тауарлар сатып алуға... Ендеше, доллар қымбаттамай қайда барады?

Мемлекеттік дамудың мақсаты − халық болуы тиіс. Бірақ «халық» абстрактілі ұғым. Оның мазмұны көпұлттылық жағдайында «жауапкершілік» түсінігімен анықталады. Мысалы, көбіне ол жауапкершілік мемлекетті құрушы ұлтқа жүктеледі. Сондықтан, мемлекет өз дамуын сол ұлттың ерекшелігіне сай түзеп отырады. Қазақстанда мемлекеттік даму жауапкершілігі қазақ ұлтының мойнында. Бірақ бұл ешқашан ресми түрде мойындалған емес. Керісінше, мемлекет құрушы ұлт көп ұлттың біріне айналып, жауапкершілік миссиясы кімнің мойнына жүктелетіні әлі белгісіз күйде. Сондықтан мұндай мемлекет уақыт өте өз тамырынан, өзегінен ажырай бастайды. Ол ұлттық құндылықтардың құлдырауынан көрініс табады. Бүгінде − бұрынғы дәстүрлі құндылықтар "донкихоттыққа" айналған заманда − Ұлт өзінің бағыт-бағдарынан ажырап, қандай қасиет қадірлі, қайсысы ұлтты алға жетелейтінін білмей, тек билік пен байлыққа жанталаса ұмтылған, одан әжептеуір пайда көріп "адам" қатарына қосылғандарға қызыға да қызғана қараумен күнін өткізеді. Қоғамда "байлыққа жету", ақша, "жеңіл өмір" және т.с.с. "қасиетсымақтар" үлгі болып, халық аза бастайды. Бірақ еңбексіз келген байлықта береке жоқ, әрі, ол байлық бәріне бірдей бұйыруы мүмкін емес. Сондықтан, халық өз қиялы мен қайғысымен, зарымен жекпе-жек қалады. Ал билігі халқына «өз күніңді көр» деп, орта жолда шорт кетеді...

Реті келіп тұр екен, осы орайда біздің жақта өмірде болған мысалды айтайын:

−  Соғыс кезінде көрші ауылдың шетіне бір орыс әйелі "біреуі тірі қалсын" деп, ұлын жетектеп, құндақтаулы қызын жүгері маңына тастап кетеді. Оны бір қазақ тауып алып, асырап адам қылады. Неше заманнан кейін Мәскеуден оны КГБ-да істейтін ағасы іздеп келеді. Ол шеше аманатымен қарындасын іздеп табады. Ал, қызын тастаған шеше байқұстың өмірі құсалықпен өтіпті...  

Сонымен, ағасы қарындасын тапты. Қыз әкесі қызды тауып алғанын мойындады... Бірақ соңы не болды? Жаны қазақ "қарындасы" ағасын қабылдамай қойды. Оның "Мәскеуден үй әперем, балаларыңды оқытам" деген сөзін құлағына қыстырмады. Орыстың "қазақ болған қызы" осындай мінез танытты! Өйткені, ол нағыз ұлттық сана аясында, қазақы дәстүрмен, қазақтың ұлттық санасы бөлінбеген ортада тәрбиеленген еді! Оны алтынмен апталған Мәскеу де қызықтырмады! Мұны не себептен айттым?

Қазір бізде дәл сол секілді «тастанды» көңіл күй бар екені рас. Соншалықты қуатты байлық үстінде отырып, өлместің күнін көру – күнә! Бірақ біз үшін құсаланатын әке де, шеше де жоқ! Сонымен бірге, «барын да, арын да сатпайтын» ұл-қыз да сиреп барады...

Бүгінде байлықтың буы адами қасиетті тұншықтырған, көз тұманданған, ақыл ауысқан.

Әрине, адамға байлық іскерлікпен, ақылмен, еңбекпен келсе, онда осындай жеріміз бар бізден өткен нұрлы қоғам болмас еді! Өкінішке орай, ондай талпыныс алқымынан қысылып тұр. Бізде кредиттің ең қатал, аяуыз түрі бар. Мысалы, шарасыз халық бүгінде жеке банкілерге басыбайлы болды...  

Қазақта "үш күн ашыққаннан ақыл сұрама" деген бар. Сол айтқандай, «ұлттық ойлау» бұрынғы аштық заманда бір өлсе − әзір де тұралап тұр. Күнкөріс үшін жанталасқан, кредиті алқымнан алған, банкілермен жағаласқан, күштінің мысы басқан қоғамның санасы лаулап жана ма, әлде, бықсып қала ма − оны өздеріңіз саралаңыздар, ағайын!

Қорытынды айтар сөз мынау:

Халықтың жағдайын ойламаса − билік «мемлекет менікі» демесін!

Халық мемлекетін қорғауға шарасыз болса – «мемлекет менікі» демесін!

Мемлекеттің егесі болуы керек. Ол Билік не Халық, не болмаса, Бай не Кедей деп бөлінбеуі тиіс!

Мемлекеттің әрбір Азаматы – оның алтын қазынасы!

Біз осындай күйге жетсек − әлемдегі бет қаратпас Ұлтқа айналар едік. Өкінішке қарай, әзірге жалтақ ұлттық мінез қалыптасуда.

Селт етуге шама қалмады - шама түгесіліп барады...

Арнайы Abai.kz ақпараттық порталы үшін

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1963
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2291
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1880
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1553