Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3776 0 пікір 28 Ақпан, 2011 сағат 04:20

Бейбіт Қойшыбаев. «Ұлы Дала» газеті ұстанатын бағыт-бағдар хақында

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының қатары тағы бір жаңа басылыммен толықты. «Үш қоңыр» қоғамдық қоры «Ұлы Дала» атты республикалық қоғамдық-саяси газет шығара бастады. Оқырмандарымыз газеттің жөн-жобасынан хабардар болу үшін - бас редакторы Бейбіт Қойшыбаев басылымның тұсаукесер нөмірінде жариялаған  бағдарламалық мақаланы ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының қатары тағы бір жаңа басылыммен толықты. «Үш қоңыр» қоғамдық қоры «Ұлы Дала» атты республикалық қоғамдық-саяси газет шығара бастады. Оқырмандарымыз газеттің жөн-жобасынан хабардар болу үшін - бас редакторы Бейбіт Қойшыбаев басылымның тұсаукесер нөмірінде жариялаған  бағдарламалық мақаланы ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Әлем мойындаған, жаһанға жақсы істерімен танылған мемлекет құрып отырған қазақ халқы Ұлы Дала төсінде өзінің түп-тамыры болып табылатын ежелгі түркілермен бірге небір ұлы оқиғаларды бастан кешкен.  Қазақ дүние жүзінде бірінші болып жылқыны бас білдірді де, ғасырлар бойғы айнымас серігі етті. Әлемде тұңғыш рет өр Алтай мен сайын Сары-Арқада кеніш қазып, мыс, темір, қола, алтын қорытты. Ертістен Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр алқапқа жайылған қағанат құрды. Ұлы даланың көшпенді жауынгер халқы құрамында біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырда, одан біздің дәуірдің бесінші ғасырында әр қиырдағы отырықшыларды өзінен қорғанатын екі алып дуал-қалқан салуға мәжбүр етті: бірі  шығыста - қытай елінде жүздеген жылдар бойы тұрғызылған,  ұзындығы мыңдаған шақырымға кеткен  Ұлы қорған, екіншісі батыста -  Византия императоры патша-қаласын айналдыра соққызған Феодосий қорғаны. Солардың екеуі де жауынгер көшпенділердің тегеуірініне төтеп бере алмады.  Рим императорының шежірешісі «осы уақытқа дейін құлақ естіп көз көрмеген, жаратылысы атпен біте қайнасқан адамдардың үңгірден шыққан дүлей құйындай ұйтқып, бейне бір таудан соққан боранды дауыл сияқтанып, жолындағының барлығының зәресін ұшырып, жайпап келе жатқанын» жазып қалдырды. Сол дүлейлердің киіз үймен көшіп жүретінін, бар өмірін сонда өткізетінін, сол үйде әйелдері киім тігіп,  бала тауып, оларды ержеткенше бағып-қағатынын да олар қағазға таңырқай түсірген-тін.

Қаһарман жиһангерлері дүниені тітіреткен сонау Ұлы Дала перзенттері ғасырлар бойындағы қилы жорықтары нәтижесінде тұлпарларының тұяқтары тиген әр құрлық пен елдер арасына сіңіп кетіп жатты. Ал олардың түп-төркін жұртында - Ұлы Дала, Дешті-Қыпшақ, Қыпшақ даласы атанған туған жерде - алып өлкенің,  дәлірек айтқанда, Ұлы Дала аумағының шығыс бөлігінің мұрагері болып, қазіргі заманғы тәуелсіз мемлекетінің 20 жылдық мерейтойын атағалы отырған қазақ халқы  өмір сүруде.

Қазақ үшін осынау мерейлі Тәуелсіздікке жеткенге дейінгі ғұмыры жеп-жеңіл бола қойған жоқ. Кедір-бұдырлы, тар жол, тайғақ кешулі ұзақ та қиын жолдан ол зор құрбандықтар бере отырып өтті.

Биылғы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің  20 жылдығы Жылы ішінде - сондағы жеңісті де қасіретті белестердің бірқатарының өзіндік юбилейін белгілейтін дөңгелек даталар бар. Соларға мән бере қарағанда - біздің «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» сынды әдемі ұранымыздың ішкі мазмұнын құрайтын ажары ашыла түседі. Сөйтіп олар еліміздің тәуелсіздігінің тұғырын, халқымыздың мәдени-рухани топтасуын одан әрі нығайта түседі, ұлттық тамырға өлмес нәр беру арқылы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге өлшеусіз зор қызмет етеді.

Сол мерейжыл-даталарды атайық.

Жәнібек пен Керей сынды қос сұлтанның басшылығымен Қазақ мемлекеттілігінің іргесі қаланғанына биыл 555 жыл толады. Аз жылда керегесін кеңейтіп, Ертістен Еділге дейінгі кең даланы алып жатқан елеулі мемлекетке айналған Қазақ Ордасын «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» байланыс құралдары жоқ заманда тиімді, ұтымды жолмен нығайту, қорғанысын күшейту, басқаруды оңтайландыру жолдары ойластырылды. Сөйтіп, ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан көшпенді мемлекетте жедел билік жүргізуді қамтамасыз ету мақсатымен, жалпықазақ ханы Тәукенің  кезінде, үш өлкені  басқаратын үш хан сайлау тәртібі енгізілді. Сол реформаға сәйкес 1710 жылы Кіші жүз ханы болып сайланған, 1719 жылдан 1748 жылға дейін қазақтың аға ханы - ұлы хан болған Әбілқайырдың туғанына биыл - 330 жыл, тарихта батырлығымен, мәмілегерлігімен айрықша із қалдырған, 1771-1781 жылдары қазақтың аға ханы - ұлы хан болған Абылайдың туғанына - 300 жыл толады. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы бірлесіп жүргізген Отан соғысына 1726 жылғы Ордабасы құрылтайы шешуші дем берді, оған биыл - 285 жыл.

Биыл, сондай-ақ, құқтары шектеулі болғанына қарамастан, қазақ тыныс-тіршілігін  өркениетке лайықтап дамыту жолында үлкен істер тындырған, Ресей патшалығы ішіндегі тұңғыш та соңғы  қазақ автономиясы болған Бөкей ордасының құрылғанына - 210 жыл. Сонымен бірге, Ішкі Орданың соңғы билеушісі, прогресшіл реформатор Жәңгір ханның туғанына - 210 жыл.

Мерейлі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Жылында ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістердің белгілі дәрежедегі юбилейлеріне назар аударуға тиіспіз. Биыл патша өкіметінің тағын шайқауға үлес қосқан 1916 жылғы көтеріліске - 95 жыл, кеңестік империяны ыдыратуға, тоталитаризмнің көбесін сөгіп, демократияның өрістеуіне  жол салған 1986 жылғы  Желтоқсан көтерілісіне - 25 жыл.  Желтоқсан көтерілісшілері бүгінде арамызда, олардың қозғалысын саяси тұрғыда тиісті дәрежеде бағалау, азаматтардың жанқиярлық баскөтерулеріне лайықты құрмет көрсету, бүгінгі жастарға қаһарлы, қасиетті де қасіретті Желтоқсанды үлгі ете отырып, оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне пайдалану ұдайы есте тұруға керек.

Тәуелсiздiктің 20 жылдығы - азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерi мен кеңестік кезеңдегі ұлтын сүйген есiл азаматтардың аруағы алдында айрықша бас июге шақыратын қасиеттi мерейтой. Монархия құлатылғаннан кейінгі тұңғыш қазақ автономиясын құрған күн - ескі күнтізбекпен 12 желтоқсан, қазіргі календарьмен - 25 желтоқсан жыл сайын атап өтіліп тұруға лайық дата.  Оның үстіне, биыл ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына - 145 жыл,  күллі түркі жұртының мүддесін қорғаған, большевизм қылмыстарын  әлемдік деңгейге көтеріп әшкерелеген азаттық күрескері Мұстафа Шоқайдың туғанына -125 жыл толып отыр.  Сондай-ақ, Мұстафаның соғыс тұтқындарына араша түсіп жүріп жұмбақ қазаға ұшырағанына 27 желтоқсанда 70 жыл болады.

Большевизмнің аштық саясаты душар еткен ұлттық апаттың қасіреті көл-көсір, оның ең қанқұйлы үшінші кезеңінің басталғанына биыл 80 жыл толады.  Сонау ұлттық апатқа итерген тәркілеу, отырықшыландыру, ұжымдастыру сынды құрғақ ұрандармен жасалған солақай реформаларға наразылық танытып, жер-жерде кеңес өкіметіне қарсы көтерілген қарсылық көтерілістерін жаппай ашаршылық алдында күшпен басып-жаншудың, көтерілістерге қатысушыларды соттаудың аяқталғанына да биыл - 80 жыл. Осыған байланысты және дәстүрлі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай алға талай міндет тартылады, біз халқымызға адал қызмет еткен ұлт коммунистерін де мейлінше терең тани түсуге міндеттіміз.

Қайғылы юбилейлердің тағы бірі мынандай: фашистер біздің кеңестік шекарамызды бұзып-жарып кірген уақытқа 22 маусымда 70 жыл толады, бұл халықты жаппай Ұлы Отан соғысына көтерілуге мәжбүр еткен күн. Екінші дүниежүзілік соғыстың миллиондаған құрбандары қатарында қазақ халқының бір ширегі кетті. Ашаршылық әкелген ұлттық апаттан, толқын-толқын саяси репрессиялардан әлсіреп шыққан халық үшін бұл - зор шығын. Бүгінде соғысқа көзқарас өзгеріске ұшырауда, сондықтан да осы орайда пікір алмасу, аруақтарды ардақтай білу, отансүйгіштік рухты құрметтеу жайында ойласу  ләзім.

Патша өкіметінің  ғасырлар бойы қол жеткізе алмағанын «тың игеру» арқылы екі-үш-ақ жылда жүзеге асырып, кеңес өкіметі қазақ елін жаңаша отарлады. Сол кезгі ұрпақ одан тек оң сипат іздеді, нәтижесінде, КСРО қамбасына бұдан 55 жыл бұрын алғашқы миллиард пұт астық құйды. Сол жылғы еңбек көрсеткішіне мақтаныштан туған әніміз жұртты рухтандыратын қуаты арқасында дүбірлі Желтоқсан сынынан өтіп, мемлекеттік гимн болды.

Соңғы рет бұдан 85 жыл ілгеріде тойланып, алпыс шақты жыл тұншықтырылған Наурыз мерекесі өмірімізге бекем еніп келеді. Биылғы 22 наурызда Барыс жылы шығып, шын мәніндегі  Жаңа жыл - Қоян жылы кіреді.

Жақында ғана, Барыс жылы шығар қарсаңда, еліміздің екі бас қаласында Жетінші қысқы Азия ойындары өтті. Оның жұртшылықты разы еткен тамаша нәтижелері мен сол орайдағы болашақ міндеттер де назардан тыс қалмауға тиіс.

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі бар,  ол - ел Президентін сайлау науқанының да мерейлі жылға сәйкес келуі. Біздің газет бұл маңызды саяси шараға да атсалысады.

Осы жәйттердің бәрі биылғы ұлы мерекеге лайықталған іс-шаралар  мазмұнын байыта түседі, бұл анық. Демек, біздің жаңа газетіміздің де қозғайтын тақырыптарын нақтылап, айшықтай түсетін болады. Осыларды арқау ету арқылы, елімізде зиялы, интеллектуалды қоғам құруға үлес қосуды көздейтін күресімізді біз оқырмандарымыздың белсенді үн қатуына сүйене отырып жүргізе беретін боламыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Жылында - бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылында жинақталған рухани қазынамызды байыта түсіп, тәуелсіз ел азаматтарын отаншылдыққа баулитын тақырыптарды терең қозғау жолымен ұлттық мақтаныштар мазмұнын аша түсуге тырысамыз.

Бізбен бірге болыңыз, қымбатты оқырман!

«Ұлы дала» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1232
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1132
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 873
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1013