Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4220 0 пікір 27 Ақпан, 2011 сағат 08:39

Олжа Арыс. Марқайтпайтын маркетинг

Бұл мақала - газетке шығатын дүние емес еді. Бірақ, айналамнан, әсіресе, өз ағамнан жүйелі маркетнигпен айналысуға қайта-қайта ұсыныс түскен соң жауап беруге тура келді. Бұл тектес ұсыныс әлі талай кездесерін сезгендіктен, жауабымды жүйелеп қағазға түсіріп көрдім. Сосын "неге осы тақырыпты БАҚ бетіне беріп, көпшілік талқысына салмасқа?"- деген ой келді.

Бұл мақала - газетке шығатын дүние емес еді. Бірақ, айналамнан, әсіресе, өз ағамнан жүйелі маркетнигпен айналысуға қайта-қайта ұсыныс түскен соң жауап беруге тура келді. Бұл тектес ұсыныс әлі талай кездесерін сезгендіктен, жауабымды жүйелеп қағазға түсіріп көрдім. Сосын "неге осы тақырыпты БАҚ бетіне беріп, көпшілік талқысына салмасқа?"- деген ой келді.

Жүйелі (сетевой) маркетинг - қалай десең де күш алып келе жатқан, ерте ме, кеш пе, көбімізге бір соқпай өтпейтін құбылыс. Сондықтан ол туралы әрқайсымызда бір позиция болуы қажет деп санаймын. Бірден айтайын: жоғарыдағы ұсыныстарға менің жауабым - «жоқ» деген жалғыз сөз. Бірақ, бөтен кісі емес, өз бауырың (тіпті бөтен болса да айырмасы қанша?! Олар маған бұл ұсынысты жақсы ниетпен айтты деп ойлаймын) болғасын, балтамен кескендей дүңк еткізбей, байыппен түсіндіргенге не жетсін?! Атам қазақ «айтып өлтір!» демей ме? Одан бері соңғы кездегі күрт қымбаттау біраз жұртқа кәдімгідей үрей алып келді. "Шайтан адамды кедейлікпен, кәрілікпен қорқытады", - дейді, осы қорқыныш халықты жүйелі маркетингпен айналысуға мәжбүрлеп, ықыластың жаңа бір толқынын әкелмей ме? Сондықтан осы туралы ой бөліскенді жөн көрдім.
Сонымен, мен неге «жоқ» дедім?! Түптің түбінде бұл жүйе байлық әкелетініне сенбегендіктен бе? Жоқ, олай емес. Жүйелі маркетинг өзіне шын берілген кісіні көлденеңнен аман болса, бай қылуы әбден мүмкін. Алайда өзім басын шалып көрген бірнеше жүйелі маркетинг бастапқы сатысынан-ақ менің жан-дүниеме жақпады. Жүрегім бұл жүйені қабылдай алмады. Кейінірек мен жүйелі маркетингтің бастапқы, бірақ ең басты «АРМАНДАУ» деген сатысынан сүрінгенімді түсіндім.
«АРМАНДАУ» сатысында болашақ тәуелсіз кәсіпкер (жүйелі маркетингпен айналысатындар өздерін осылай атайды) бүкіл арманын қағаз бетіне түсіруі тиіс. Бұл оншалық қиын шаруа емес секілді. Бірақ қағаз бетіне "үй", "машина", "саулық" сынды стандарт сөздерді тізе бере, маңдайға ұрғандай кілт тоқтадым! Бұлар шынымен «АРМАН» ба? Егер «АРМАН» болса, қолыма қонғанда мені бақытты қылуы шарт емес пе? Келешекте мен көк тіреген коттеджі, керім көлігі бар, қол-аяғы балғадай, беті нарттай, жарау аттай жігіт болсам - бұл күй маған бақыт сезімін сыйлай ма? Басқаша айтқанда, жаным тыныш бола ма? Әй, қайдам! Бұдан жан тынышталатын болса, коттедждерінен көше, көліктерінен тығын тұрғызуға болатындар бақытты болар еді. Бірақ жаны жай тапқан бай көргенім жоқ.
Басқасы басқа, осы жасыма дейін өз басымда - "жылдан-жылдан кеміп бара жатқан көзімді емдетсем, қалада жеке үйім және су жағасында саяжайым болса" деген "АРМАНДАРЫМ" болды. Қазір, Құдайға шүкір, операциядан кейін көзім қалпына келіп, көшеде көзілдіріксіз көсілтіп көлік айдап жүрмін. Қасым жырға қосқан Шағанның жағасында анау-мынау емес, 12 сотық жекеменшік саяжайым, қалада саялайтын үйім бар. Шынымды айтсам, осы айтқандарыма қол жеткізген сәтте қуаныш сезімін бастан кешіргеніммен, ол шіркіндер "мен бақыттымын" деп айтқызарлықтай жүрек жарарлық бола алған жоқ.
Ал жүйелі маркетингтің соңына түскен "тәуелсіз кәсіпкер" материалдық нәрсені арман қыла алмаса, "жүйелі маркетингтің үмбеті" саналмайды. Өйткені жүрегіне мықтап орныққан сол арман ғана оны қу дүниенің соңынан тынымсыз сүйремек. Басқаша айтқанда, матери "АРМАН" - еш кедергіге қарамастан тынымсыз алға тартатын паровоз-локомотив. Бүкіл күшімді жүйелі маркетингке арнамай, осы мақаланы жазып отыруыма себеп - менде әуел бастан әлгі "паровоз" болмаған екен...
Жүйелі маркетинг - отбасылық бизнес. Бұл істе табысқа толық жету үшін жұбайың да белсене атсалысуы шарт. Яғни, отбасының әр мүшесі - белсенді "бірлік". Сол себепті, ол "бірліктердің" салғырт болуы құпталынбайды. Мысалы, "тәуелсіз кәсіпкер" әйел адам аяғы ауырлап, бала тапса - бұл оның "кәсібі" - жүйелі маркетинг үшін кәдімгідей қауіп! Иә, ол енді балаға алаңдап, бұрынғыдай іскер бола алмайды. Сондықтан әртүрлі құйтұрқы әдіс-тәсілдің көмегімен бала табуды кейінге қалдыру, санын шектеу - "тәуелсіз кәсіпкерлер" арасында жиі кездесетін құбылыс. Жүйелі маркетинг біздің қоғамда кең жайылып келе жатқандықтан, бұл фактор - мемлекеттің демография саясатына, түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді десем, асыра сілтей қоймаспын.
Жүйелі маркетинг біздің қоғамға қадам басқалы он шақты жыл болып қалды. Уақыт өткен сайын олардың табиғаты түрленіп, заманына қарай икемделіп отырғанын байқаймыз. Алғашқыда бұл "жолға" негізінен жастар тартылса, қазір егде адамдармен де белсенді жұмыс істеле бастады. Егде адамдар жүйелі маркетингтің арнайы түрлеріне, әсіресе "зейнетақы жинақтау" дегеніне жиірек тартылуда. Бұл жүйе бойынша адам кемінде 10-15 жыл арнайы есепшотқа белгілі бір сома салып отыруы тиіс. Ол қаржы жылдар өткесін еселеп көбейіп, иесіне зейнетақы түрінде қайтып келеді-міс.
Жақында бұрын мектеп директоры болған, ортасына құрметі бар зейнеткер жеңгем кездесуге шақырды. Ол әлгі "бизнеспен" айналысып жүр екен. Сөйлесе келе ұққаным, бала-шағасы бар, бай болмағанымен бақуатты, әлі де тың, қуатты (тіфә-тіфә, тіл-көзден сақтасын) жеңгеміз маған жүйелі маркетингпен айналысуға ұсыныс жасап отыр. Бір қарағанда бәрі жақсы секілді. Үлкен кісі жасы ұлғайғанына қарамастан ешкімнен қайыр-садақа, қарыз-көмек сұрамай қосымша табыс табуда. Бірақ осындай жандар үлгі тұтылып, құбылысқа айналса, қоғамның табиғи дамуына кері әсер тигізбей ме? Айтайын дегенім - қай заманда да жасы ұлғайған жан бойына тәжірибе, білім, даналық жинақтап, сол байлығын келесі буынға беретін, бір сөзбен айтқанда тәрбиемен айналысатын еді. Мысалы, әже мен ене жас келінді баулиды, немересін бағады, ертегі айтады, домбыра үйретеді дегендей. Егер қоғамның қазынасы болуы тиіс қарттар өзінің негізгі миссиясын, парызын өтемей, таныс-тамырын аралап, "бизнес-план" оқып жүрсе, бір-екі ұрпақтан кейін мәңгүртке айналып шыға келмейміз бе?
Мен "бәлен жылдан кейін түген пенсия алып отырасың" деген жеңгемізді тоқтатып, қарсы сұрақ қойдым. "Егер 5-10 бала өсіріп, дұрыс тәрбие берсем, олар мені асырамай ма? Осыдан артық маған қандай зейнетақы керек?" - дегенімде, ол кісі қарсы уәж айта алмай қалды.
Егер мен өзіме зейнетақы табам деп күні бойы алашапқын жүретін болсам, бала тәрбиесіне уақытым қалмайды, немесе кем бөлінеді. Сол кемдік кейін алдымнан шықса (Құдай сақтасын), бұл зейнетақыдан не не қайыр?! Қай қазақ байағыда "міне, мал жыйып жатырмын, қартайғанда менің медет, үміт, кепілім - осы" депті?! Әлде "ойбай, он бала тапсақ отарға уақыт аз қалады, - деп зарлаған ба екен?! Көп баласына кезек қонақ болып, оларды оңды-солды жұмсап, құрмет-сыйға бөленіп жүрген би кемпір-шалды әлі де болса көріп жүрміз. Маркетингпен айналысып тапқан зейнетақыңды қарттарға арналған пансионатқа (шетелде бұл пәле көп), не ауызыңа ешқандай мейірімсіз, ақшаң үшін ғана су тамызатын жалдамалыға бергенше, кезінде бала-шаға мен қонағыңның ауызынан жырмай жұмсап, уақыт жетіп, дәм-тұз біткенде ағайын ішінде, аруланып жан берген әлдеқайда артық емес пе?!
Жүйелі маркетингте айналып жүрген дүниенің барлығы - шет елдікі. Осы "бизнеспен" айналысатын "тәуелсіз кәсіпкерге" қойылатын талаптың бірі - тек өзі насихаттайтын компанияның тауарын пайдалануы міндетті. Сонымен бірге ол өзі сатып жүрген дүниені, мысалы, тіс сықпасын жақын-жуық, тума-туысқан, көрші-көлем, тамыр-таныс, жұмыстас-жолдастарына таратуға жанын салады. Шынын айту керек, бұл тауарлар сапалы. Бірақ, бағасы он есе қымбат! Есептесек, он есе сапалы деп айта алмайсың.
Бір байқағаным - жүйелі маркетинг арқылы таралатын тауар саудасынан отандық қазынаға ештеңе түспейді. Бұл тауардың барлығы басқа елдерде өндірілген. Жұмыс күші шет елден тартылады, салық та сонда қалады. Ендеше "тәуелсіз кәсіпкердің" қажыр-қайраты, әдіс-тәсілі (мысалы демпинг) нәтижесінде отандық тауар ығыстырылып жатса, бұл экономикалық қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмей ме?
Мені қатты алаңдататын бір нәрсе, осы "бизнестің" соңына біржола түсіп, алғашқы нәтижеге қол жеткізе бастаған жандар - қатардағы қарапайым, тегін адамдар емес! Олар - өте іскер, алғыр, ойы ұшқыр, көпшілікпен тіл табысқыш, ақылды жандар екенінде сөз жоқ! Бұлардың жұрт қызығар мамандығы, қалтасында бірнеше дипломы болуы да мүмкін. Мысалы, өзім білетін бір адам жалақысы өте жоғары мұнай саласында лауазымды қызметте жұмыс істейтін. Маркетингтің дәмін алған соң мемлекет қызметінің бәрін жылы жауып қойды. Енді оның бүкіл қабілет-қарымы жеке басына, сосын түп-тамыры шетелде жатқан маркетингтік жүйеге қызмет етуде!
Мен білетін жүйелі маркетингтің барлығы да Қазақстан Республикасында заңсыз қызмет жасайды. Олар біздің елде тіркелмеген. Жүйелі маркетингпен айналысатындардың Ресейде немесе басқа шет елдерде тіркелетін себебі сондықтан.
Жүйелі маркетингке жаңа адам тартқан кезде бұл компанияның ұзақ, әлденеше ондаған жыл бойы жұмыс істеп келе жатқаны, сенімділігі, сондай-ақ беріле айналысқан жағдайда көп табыс, мол жеміс болатыны баса айтылады. Дегенмен, қаншалық сенімді компания болса да, барлық қауіптен сақтандырылса да, ешкім оның күні ертең банкрот болып кетпейтініне кепілдік бере алмайды. Тарыйх сахнасынан компания тұрмақ, тұтас ел, империялар жоқ болғаны мәлім. Осыдан жиырма жыл бұрын кім Кеңес елі тарап кетеді деп ойлады?! Немесе жүйелі маркетингпен айналысуға тыйым салынбайтынына кім кепіл? Сондықтан бүкіл үмітін, болашағын бір компанияға байлау қажет пе?
Әдетте жүйелі маркетингпен айналысқан адам еріксіз осы компания орналасқан шетелдің тілеулесіне айналады. Егер алда-жалда сол елмен бір жанжал, соғыс (оның бетін аулақ қылсын дегенмен де) бола қалса, "тәуелсіз кәсіпкердің" бүйрегі кімге бұратыны белгісіз. Матери құндылық қағба болған заманында қу дүние өзіне тартып кетпей ме? Бұл да бір ойланатын нәрсе.
Кәдімгі қызметкер, кәсіпкер өз ісімен негізінен жұмыс уақытында айналысса, "тәуелсіз кәсіпкер" үшін мұндай ұғым жоқ. Оның жұмыс уақыты - тәулік бойы. Әсіресе, бизнесінің дәмін ала бастаған соң ол өзіне де, өзгеге де тыным беруді қояды. Кез-келген кісіден потенциалды пайда көзін көреді. Танысқан әрбір адамымен сұхбатты жүйелі маркетинг тақырыбына бұрады. Отырса-тұрса жүрегінде бір мақсат - "бизнесін" өрістету тұрады.
Жүйелі маркетингтің екінші сатысы - "тәуелсіз кәсіпкер" бүкіл танысының тізімін қағазға тізіп шығады. Бұл тізімде ешқандай шек болмауы тиіс. Яғни "тәуелсіз кәсіпкер" үшін ағайын-тума, нағашы-жиен, құда-жекжат, балдыз-жезде, дос-жұмыстас деген жоқ, олардың бәрі - нысана, ықтимал тұтынушы, бизнес субъектісі. "Тәуелсіз кәсіпкер" әрбір сәтті (кездесу, қонақтық, сапар, т.с.с) өз бизнесіне тартуға, не тауарын өткізуге пайдаланып қалуға тырысады. Сондықтан шетелде қақпаға "сақтандыру агенттеріне, садақа сұраушыларға, жүйелі маркетинг өкілдеріне кіруге болмайды, " - деп жазылып қойылатын көрінеді. "Тәуелсіз кәсіпкерден" соғыс кезінде пошташыны көргендей қашқақтап тұратындар қазір бізде де көбейді.
Жүйелі маркетинг әлемінде өте үлкен қаржы айналып жүр. Бұл жерде ақша ғана емес, үлкен саясат та бар. Жүйелі маркетинг өміріне бойлап кірген адам әдетте космополит, тоғышар, рухани дүниесі шектеулі, ұлттық келбеті жоқ, отаншылдығы кем, батысшыл болып, жаман мағынасындағы "Ғалам азаматына" ("Гражданин мира") айналады. Азаматтары жартылай зомби, робот, мәңгүртке айналған елді жаулау да, жауламай-ақ бағындырып, дегенін істеп отыру да қиын емес.
Жүйелі маркетингпен айналысатындардың жан-дүниесі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, талғамы бірте-бірте бір-біріне қатты ұқсай бастайды. Әрине, бұл заңды процесс. Өйткені жоғарыда айтылған "АРМАН" және таныстар тізімін толтыру сатысынан өткендерге міндетті түрде оқу, тыңдау, көру үшін кітап-кассеталар ұсынылып, оның орындалуы тексеріледі. Бұл материалдар - тегін дүние емес, сайып келгенде байлыққа құштарлықты арттыратын, осы жолға табандылыққа үйрететін, қажет болған жағдайда түрлі құрбандықтарға баулыйтын біртұтас жүйе. Бұл жүйенің ішінде ұлттық әдебиетке орын жоқтың қасы. Жүйелі маркетинг сарбаздары өздерін "тәуелсіз кәсіпкер" атағанымен, шындығында олар - тәуелді, жай ғана тәуелді емес, қу дүниенің құлы!
Жүйелі маркетингте белгілі бір табысқа, дәрежеге жету үшін 7 жылдай уақыт керек көрінеді. Яғни жеті жыл бойы жанұяға көңіл бөлмеу, бүкіл әңгіме, сұхбат, тірліктің бір бағытта болуы, тренинг (арнайы әдебиет, кітап, кассет, семинар, ұстаз...) із-түзсіз кетпейді. Сіз мүлдем басқа адамға айналасыз, Сіз - байсыз, бірақ басқа адамсыз. Меніңше, бұл - тым үлкен құрбандық.

Олжа АРЫС,
Орал қаласы

«Үш қиян» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1463
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1318
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1071
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1119