Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 7565 2 пікір 23 Шілде, 2018 сағат 10:36

«Жебеу»: қазақ билігі қандастарды назарынан тыс қалдырған емес

Қытайдағы қазақтар саяси қысымға ұшырап жатыр дегеннен бері қазақ билігі қандастарды назарынан тыс қалдырған емес. Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі үкіметке, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомстволарға қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп, жан-жақты зерттеп, шетелдегі қазақ диаспорасының мүддесі мен құқытарын қорғауды тапсырған болатын.

Қытайдағы қазақтар мәселесі мемлекет аралық дипломатиялық жолдармен шешілетін күрмеуі күрделі мәселе екені даусыз. Осы барыста ҚР Сыртқы істер министрлігі бір қатар шаруаларды бітірді. Атап айтар болсақ, Қытайға барып елге келе алмай қалған бірнеше Қазақстан азаматын қытайлық әріптестерімен дипломатиялық қатынастар орната отырып елге әкелді. Сонымен бірге, 2018 жылы 22-24 сәуірде, 21-22 мамырда, 7-8 маусымда ҚР мен ҚХР Сыртқы істер министрліктері мен консулдық қызмет мәселелері жөніндегі келіссөздер мен ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші Орынбасар Мұхтар Тілеубердінің Үрмші қаласында жасалған жұмыс сапары барысында бұл мәселелер жан жақты талқыланады. Соның нәтижесінде Қытай азаматтығы бар этникалық қазақтардың көші-қоны, олардың кіру/шығуы, азаматттықан шығуы/қабылдауы туралы мәселелер талқыланып, екі тарап ҚР-ҚХР достығын назараға ала отырып, заңдардың орындалуын қадағалайтын, туындаған сұрақтарды өзара тікелей ықпалдастық орнату және консультациялар өткізу арқылы шешетін болып келіседі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі 2018 жылдың 21 маусымындағы «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігіне жазған № 13-49323 хатында баян етеді (http://www.jebeu.kz/A_news/2018-07-03/974.html).

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қытай тарапымен болған келіссөздері мен кездесулері барысында «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұдайы ұсыныстарын білдіріп, хаттар жазып отырды. 17 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Үрімшіге келіссөз өткізуге барар алдында,  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі сапар барысында министр назарына алса деген 9 ұсынысын айтып, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманоқа, депутат Мұрат Бақтиярұлы мен  Бекболат Тілеуханға хат жазған болатын (http://www.jebeu.kz/A_news/2018-04-17/804.html). Бұл хат туралы Бекболат Тілеухан хаттың Мұхтар Тілеуберді мырзаға жеткенін, келіссөз барысында назарға алатындығын айтып, Жебеуге хат жазыпты(http://www.jebeu.kz/A_news/2018-06-10/932.html).

ҚР Сыртқы Істер министрінің "Азаттық" радиосының тілшісіне берген жауабында «Қытай ресми өкілдерімен жүргізілген кеңесулер нәтижесінде Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы арқылы биыл маусымның басынан бері 1870 этникалық қазақтың Қытай азаматтығынынан жеңілдетілген тәртіппен шығу туралы құжаты рәсімделді» деген (https://www.azattyq.org/a/29355105.html). Естеріңізде болса, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігіне 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басынан бастап ҚР азаматтығын алған азаматтардың Қытай азаматтығынан шыға алмай жүргенін айтып, 77 қандастың қол қойылған хатты ҚР Сыртқы істер министрлігіне, ҚР Ішкі істер министрілгі мен Нұр Отан партиясына хат жолдаған еді (http://www.jebeu.kz/A_torteu/2018-04-13/799.html). Соның нәтижесінде бір ай уақыттан кейін Қытай консулдығы қандастарымызды ҚХР азаматтығынан шығара бастаған (http://www.jebeu.kz/A_news/2018-05-26/891.html).

 «Жебеу» қоғамдық бірлестігі ҚР Сыртқы істер министрілгіне Қытайдағы туыстары саяси үйренуге кірген, Қытайға барып елге келе алмай жатқан азаматтардың (ҚР және ҚХР азаматтары) арыз-шағымын ҚР Сыртқы істер министріне жазып беріп отырды. Хат иелерінің көбінің өтініші бойынша бұл хаттар "Жебеудің" сайтында жарияланбаған. Ал жариялауға рұқсат берген хаттар (http://www.jebeu.kz/A_torteu/2018-02-21/719.html) мен сол хаттарға ҚР Сыртқы істер министрі берген жауаптар (http://www.jebeu.kz/A_news/2018-04-03/779.html) Jebeu.kz-те үздіксіз жарияланды.

Біз бүгін Қытайдағы қазақтар мәселесі бойынша ҚР сыртқы істер миристрлігі мен «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі арасында хаттардың біразына шолу жасадық. Екі тараптың арасындағы хаттар осымен ғана шектеліп қалмаса керек. Сайттарында жарияланбаған хаттар да болуы мүмкін. Бұл - қандастар мәселесінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің бір қоғамдық ұйыммен хат-хабар алысуы ғана. Алыстағы ағайынның басындағы жағдай оңынан шешілу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі басқа да қоғамдық ұйымдармен де осылай тығыз қарым қатынаста жұмыс істеп жатыр. Бұдан қандастарымыз төңірегіндегі мәселе ҚР Үкіметінің  бақылауында екенін аңғаруға болады. Осы бағытта тұрақты түрде атқарылып жатқан шаралардың нәтижелі боларына үміттіміз.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

2 пікір