Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жөн-ақ 4556 10 пікір 13 Шілде, 2018 сағат 04:32

Билікті сынаймыз деп, мемлекетіміздің ресми символдарын тәрк ете алмаймыз!

«Астана» оңайлықпен дүниеге келе қойған жоқ. 90-жылдардың ортасында астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім талқыланып, қабылданып жатқан тұста үкіметтің баспасөз қызметін басқардым. Бар мәселе президент әкімшілігінде шешіліп жатқандықтан, үкіметтегі біздер инсайдерлік ақпараттың бір шетіне ғана қанық боп жүрдік.

Бірақ президент 1997 жылы парламентке келіп, осы ұсынысты ресми түрде жария еткенде, төбеден жай түскендей болғаны рас. Тіпті, сол кездегі мәжілістегілер «президенттің туған күніне сыйлық болсын, қолдай салайық» деген сыңайда пікір айтып, тиісті тірлік танытқаны да есімізде.

Әйтпесе, экономика құлдырап, зауыт-фабрикалар тоқтап, ел ішін кедейшілік жайлап жатқанда, бас қаланы айдалаға көшіру, сөзсіз, көзсіз саяси авантюраға ұқсап еді.

Осыған байланысты есте қалған екі жайт.

Осы мәселе 90-жылдардың ортасында талқыланып жатқанда үкіметте жұмыс тобының отырысы боп жатты.
.
Премьер-министр Әкежан Қажыгелдин өз сөзін ойнақы бастап кетті:

«Президент өз таңдауын жасап жатыр. Ол да дұрыс болар. Бірақ, мен болсам, астананы Семейге көшірер едім. «Алаш» туын тіккен жер ғой!», - деп жан-жағына қарады.

Сол кездегі Төтенше жағдай комиссиясының төрағасы Макиевский:

«Ақмола батпақтың үстінде тұр, қалай болар екен? Көшіру керек болса, мына тұрған Талғар, Қаскелең не Қапшағай жақта Алматыға серіктес жаңа қала салуға болады ғой » деген сыңайда алаңдаушылық танытты.

Үстел басында отырған маған қарап, премьер:

«Сен не ойлайсың?», - деді.

Мен болсам, талқылау бейресми түрде өтіп жатқанын ескеріп:

«Қазақта астана болуға лайықты қалалар жеткілікті! Маған салсаңыз, Ақтөбеге көшіру керек еді: моладан гөрі төбе жақсы емес пе?», - деп маңызды саяси шешімді осылайша, әзілі мен қағытпасы да бар талқылауға өз үлесімді қосуға тырысып көрдім.

Қазір қарап отырсам, сол әңгіменің осылайша, бейресми өрбуінде ерекше бір мән бар сияқты. Өйткені, соншама қаржыны қажет ететін осы көш сол қысылтаяң кезде жүзеге асатынына өзіміз де сенген жоқпыз. Өз басым, шынымды айтсам, президенттің сол ұсынысы саяси жоба ретінде қалып, кейін, ел аяққа тұрған соң қайта қаралатындай сезіліп тұрды.

Кейін сол жұмысшы тобымен бірге Ақмолаға барып, сол жердегі талқылауға қатыстым. Ақмоланың пілдей масаларына алғашқы рет таланғаным бар. Біздің Қызылорда, Қазалының масалары олардың қасында айналайын екен ғой!

Қараөткелде салынып жатқан президенттің резиденциясында да болдық, әрлеу жұмыстары енді басталып жатыр екен...

Міне, сөйткен Ақмола қазақ елінің бас қаласына айналды.

Билікті сынаймыз деп, біз мемлекетіміздің ресми символдарын тәрк ете алмаймыз!

Мойындау керек, Астана астана болды. Оған қатысты айтылар сын жетерліктей, бірақ еліміздің солтүстігін қазақыландыру тұрғысынан мен осы және басқа да көштерді қолдаймын.

Әрине, ел бюджетінің қомақты бөлігін азып-тозған ауылға емес, дәл осы «еркетотай» қалаға ғана жұмсай беруді мен қолдамаймын. Меніңше, ондай  тәжірибені доғару керек: Астана 20 жыл бойына еліне еркеледі, қалағанын алып тұрды, енді өз күнін өзі көрсін, кәмелетке толды ғой!

Бәлкім, Астана тақырыбы төңірегіндегі тым орынсыз даңғаза мен пафосты да азайту керек пе? Әйтпесе, «Астана – дүниенің кіндігі» деген сыңайдағы халықаралық форумдар әсте ретсіз әрі ұят! Астана – әлемдегі көп астананың бірі ғана. Алдымен сол мәртебесіне лайық болып алсын, қалғанын содан кейін көре жатармыз!

Әрине, мәселенің саяси, тұлғалық сипаты тағы бар. Елбасы Астананы өзінің жеке жобасы ретінде қарастырып жатқанда, осы тақырыпта сын айтудың өзі көп адам үшін көзсіз батырлықпен пара-пар. Ертең ол қалаға елбасының аты беріліп жатса, сын былай тұрсын, балама ұсыныс айтудың өзі мүмкін болмай қалар!

Әміржан Қосанов, саясаткер

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2364
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661