Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2679 0 пікір 24 Ақпан, 2011 сағат 04:00

Тұрсын Жұртбай. «Көтеріліп-басылған жанартау...» (жалғасы)

(Әлiмхан Ермеков)

(Әлiмхан Ермеков)

Ә.Ермеков (жалғасы): "Ол кезде жауапты қызметкерлердiң арасында, партия мекемелерiнде: "Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтiп Қазақстан одақтас республиканың дәрежесiне көшедi екен-мыс" - деген қауесеттер шығып жүрдi. Бұл үшiн Қазақстанның солтүстiгiндегi орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргiзiлуi тиiс екен. Осы мәселе жөнiнде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелiк Комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнен мен бар - арнайы комиссия құрылды. Мен өз пiкiрiмдi Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстiк аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесi тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтiнiн айттым...".
Иә, бұл үлкен даулы және шетiн мәселе. Қандай да құрамда болмасын қазақ жұртының дiлi мүслими шығыспен сiңiсiп кете алмайтыны анық едi. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда орыстардың ежелгi арманы орындалып: солтүстiк шығыстағы Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары - Ресейдiң құрамында; ал Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары - Өзбекстанның, Маңғыстау түбегi - Түркменстанның құрамында қалған болар едi. Семей губерниясын С.Сәдуақасов зорлықпен Қазақстанның құрамына қосқан едi. Ендi тағы да Н.И.Ежовпен жолдары жолығысты. Тарихшы Д.Аманжолова айналымға жiберген құжаттарға сүйенсек, 1924 жылы Қазақ Өлкелiк партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi, 1925 жылы 3-хатшы мiндетiн атқарған Ежов өзiнiң 1925 жылы В.М.Молотовқа жазған хатында:
"Бұл топтар Сталин жолдастың соңғы сөзiнде ажыратып айтқанындай ауытқушылықтарға жататын болса, жартылай ғана кесiрi тиер едi, онда осы топтарды өзара жiкке бөлу саясаты арқылы күрес жүргiзу әлдеқайда жеңiлге түсер едi. Менiң ойымша, осы топтардың әрқайсысымен бiр бағытта жұмыс жүргiзiп, оларды бiр-бiрiне қарсы қою арқылы партиялық арнаға түсiрген дұрыс... Сөйтiп олардың арасына жiк сала талқандап, қызметтен шеттетiп, Мәскеуге жiберiп, онда №2 Қазақстан ұйымдастырып, iстi оңғару керек", - деген (сонда, 281-бет) ұсыныс жасаған.
Семейлiктер "Кене", "Бүрге" деп атап кеткен Н.И.Ежов өзiнiң осындай тақыс әдiсiн шекаралық межелеу жұмысында да қолданып, ел арасына қауесет таратып, арандатушы коммунистер арқылы оңтүстiк облыстардағы тұрғындардың арасына iрiткi салды. Мысалы Сарысудағы тамалар - Түркiстанға, тарақтылар - Қазақстанға қараймыз десiп барымталасып, ақыры бәрi де Бутырка түрмесiнiң "төрiнен орын алды". Сол Ежовпен қызметтес болғандығын да тергеушiлердiң алдына куә етiп тартты:
Ә.Ермеков (7-қараша күнгi жауаптың жалғасы): "...20-жылдан 24-жылға дейiнгi Семей губерниясындағы шағын қаладағы - Қарқаралыдағы II басқыштағы мектептiң меңгерушiсi болған кездегi қызметiм - басмашылар көтерiлiсiне қатысқандығымның айғағы ретiнде танылып, маған 59 баптың 3-тармағы бойынша айып тағылыпты. Контрреволюциялық ұйымға қатысқандығыма қандай әрекетiм айғақ болғанын бiлмеймiн. Ал партия мен кеңес қызметiнiң шараларын бұрмалап пайдалануға тырысты делiнiп, 58-баптың 7-тармағы бойынша тағылған айыпқа келетiн болсам, онда мен нақты адамдарды куәға тартамын және олардың бiразы Москвадағы орталық мекемелерде iстейдi, мысалы Семей мен Қызылордада - Досовпен, Ежовпен, банкте - Балпаевпен, Халық комиссарлары кеңесiнде (жоспарлау комитетiнде) - Нұрмақовпен, қазақ университетiнде қазiр МГУ-де деканның орынбасары боп жүрген - Мансұровпен бiрге iстедiм..."
Бұдан әрi осы ойын дамытқан. Ежовтың ол тұста қызмет баспалдағымен өрлеп, Мәскеудегi құқық мекемелерiнiң тұтқасын ұстап, қанды қол шеңгелiн қомдап келе жатқан кезi. Алғашқы жазалу шараларының құрбандығына Семейдегi "ежелгi жаулары" Халел Ғаббасов пен Жүсiпбек Аймауытов iлiндi. Тура осы мағыналас хатты тағы да екi рет көшiрiп жазыпты. Бiрақ та тиiстi жерiне жолданбай, iске тiгулi күйiнде қалған сияқты. Дегенмен де желтоқсандағы көрсетiндiсiндегi:
"Мен өзiм тұтқынға алынғаннан берi Попов жолдасқа: революцияның саяси жағдайы мен логикасы туралы пiкiрiмдi бiрнеше рет қайталап айттым. Менiң ойымша: Қазан төңкерiсi Қазақстанда 28-жылдан бастап нақты күшiне кiрдi. Далалық жартылай феодализм мен капитализмнiң тамыры ендi ғана жұлына бастады. Бұрын саясатпен айналысқан адамдар осындай қысылтаяң сәттерде сынақтан өтуi тиiс деп ойлаймын", - деген сияқты екiжақты мағына беретiн пiкiр бiлдiрдi.
Алайда қалай жайдақтата бұлтақтатып, түлкi бұлаңға салғанымен, тұзақтан құтыла алмады. Жердi межелеу, қазақ автономиясының территориясын анықтау, қоныстандырушылар легiн тоқтату, жерге меншiк құқығы туралы мәселелер Әлiмхан Ермековтi профессорлық мiнбеден түрменiң нарына бастап әкелдi.
Әлiмхан Ермековтiң 1931 жылғы 25 сәуiр күнгi Жер туралы қосымша мәлiмдемесi II томның 573-бетiнен басталады:
Ә.Ермеков (жалғасы): "26-жылдан бастап Ташкенттегi Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнына ауысуыма байланысты онымен тiкелей айналыспағандықтан да, менiң жер мәселесi туралы қазiргi пiкiрiм жалпылама және ертеректе мен Орынбор мен Қызылордада қызмет iстеген кездерiмдегi мәселелер туралы ғана болмақ. Революцияның алғашқы кезеңiнде патшалық отарлау бағытындағы жерге қоныстандыру саясаты тудырған бұл мәселе өте шиеленiстi дәрежеде едi. 21-22 жылдардағы Кеңес өкiметiнiң еңбекшi қазақтардың талабын ескерiп, қоныстандыру туралы мәселе күн тәртiбiне қойылғанда, менiң де араласуыма тура келдi. 24-жылы министрлiктiң коллегиясы өттi, соған қатыстым. 25-жылы Орынборға Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне жұмысқа шақырылдым. Онда жерге орналастыру саясаты жөнiнде арнайы комиссия құрылды. Комиссия үш рет отырыс жасады. Оған республика басшылары да қатысты. Онда қазiргi шаруашылық жүйесiн, бұрынғы жер иелену құқын сақтап қалуға ұйғарым жасалды. Комиссия мүшелерi де, оның iшiнде мен де Қазақстанға жаңа қоныстанушыларды әкелуге үзiлдi-кесiлдi қарсы болдық. Ең алдымен патшалық жер қоныстандыру саясаты тұсында жерi тартып алынған жергiлiктi ұлтты, содан кейiн қазiргi орыс тұрғындарын толықтай жермен қамтамасыз ету керек, содан асқанына ғана қоныстанушыларды орналастыруға болады деген шарт қойдық. Осыдан барып жерге қоныстандыру мәселесi жөнiнде талас туды. Өлкелiк партия комитетiнде бұл мәселе арнайы қаралып, алдыңғы көзқарас қолдау тапты. Онда:
1) Қазiргi қалыптасқан шаруашылық жүйесiне түбiрiмен өзгерiс жасау мүмкiн емес.
2) Жер бөлiсi таптық тұрғыдан жүргiзiлiп, оған еңбекшi бұқара кеңiнен тартылуы тиiс - деген жалпы ереже қабылданды.
Мен бұған сене қойғаным жоқ және шешiм табатын жаңа жол да жоқ болатын. Қызығы сол, дәл сол кездегi қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесi тұсында осынау шетсiз де шексiз кең далада жергiлiктi ұлт жерден қысымшылық көретiн. Ендi оны таптық тұрғыдан бөлiске салса, онда қазақ елi жерсiз қалатыны анық едi. Өлке бойынша жердi мәдени игерудiң бағдарламасы жасалуы тиiс едi. Бұл бағдарламаны жасау қолдарынан келмедi ме, жоқ жасағысы келмедi ме, бiлмеймiн әйтеуiр, жүзеге аспай қалды. 23-26 жылдары мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде iстеген тұстарымда аталған мәжiлiстерге қатысып жүрдiм. Жетекшiлерi Әлiбеков пен Қаратiлеуов болатын. Одан кейiн Әлихан Бөкейханов айналысты. Көрсетiлген мәселелердiң iшiндегi жер бөлiсi туралы пiкiрлердi олар толық түсiндi. Сәдуақасов пен Сұлтанбеков те сол ұстанымда болды. 22-23 жылдары Жер жөнiндегi халық комиссары Кадылов (Қадыров, Қаратiлеуов - ?) болды. Барлық мәселелердi Бөкейхановпен кеңесе отырып шештi. Тек соның мақұлдауымен ғана iстi жалғастырып, бағыт-бағдар алып отырды. Бұл пiкiр алысуларда бiз (ұйымдасқан топ емес, халықтың қамы үшiн шын жаны ашығандар): қалайда асыра сiлтеушiлiктер болады - деп есептедiк. Ондай асыра сiлтеушiлiк, мысалы Семей облысында орын алды. Нәтижесiнде саяси тұрғыдан да, атқарылған шараны жүзеге асыру барысына да керi әсерiн бердi. Тыңды игерудiң шаруашылыққа әкелетiн зияны өсiрiп көрсетiлдi. Соған қарамастан Кеңес өкiметiнiң шараларына қарсы күресетiн ешқандай да ұйым болған емес, ондай айыпты жоққа шығарамын.
Шалғынды жерлер мен байларды тәркiлеуге қарсы ешқандай iс-әрекет жасағамын жоқ, мен ол кезде Ташкентте қазақ пединститутында қызмет iстеп жүргемiн. Сондықтан да саналы немесе санасыз түрде, немесе заңдық тұрғыдан алғанда да ондай әрекетке барған емеспiн және бара да алмайтынмын. Бұл мәселе жөнiндегi қоғамдық пiкiр қатты шиеленiсiп тұрғандықтан да, мұндай әлеуметтiк мәселеге көңiл бөлмей, саңырау болып қалу мүмкiн емес едi. Құлақ түре жүрiп жеке әңгiмелер мен пiкiр алысуларда жоғарыдағы пiкiрiмдi бiлдiрдiм. Менiң тiкелей қызметiм мүлдем басқа мәселелермен айналысуға бағытталған едi. 26-27-жылдары өзiмнiң бұл мәселелер жөнiндегi қарсы пiкiрлерiмдi белгiлi бiр топқа ғана айттым. Оны бұрынғы жауаптарымның бiрiнде көрсеткенмiн. Партия мен үкiметтiң шешiмдерiне қарсы өз көзқарасымды жеке адамдармен бөлiсуге қақым бар деп есептедiм. Бiз ол шешiмге мүлдем қарсы едiк. Қоршаған орта, қалыптасқан дәстүр бәрiн қабылдауға мүмкiндiк бермейтiн".

Жердi меншiкке беру туралы заң қабылданар тұста мұндай халықтық пiкiр алмасулардың болмағаны, әрине, өкiнiштi. Оның зардабын қазақ елi жарты ғасырдан кейiн тартатын болады. Өйткенi Ә.Ермековтiң: "Қызығы сол, дәл сол кездегi қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесi тұсында осынау шетсiз де шексiз кең далада жергiлiктi ұлт жерден қысымшылық көретiн. Ендi оны таптық тұрғыдан бөлiске салса, онда қазақ елi жерсiз қалатыны анық едi",- деп дәл тауып айтқанындай, жердi меншiкке берудiң салдарынан, әсiресе құнарлы аймақтардағы қазақтар қаржылық және әкiмшiлiк қысымның, алпауыттардың бопсасының кесiрiнен екi-үш жылдың iшiнде жалдамалы шаруаға айналып шыға келдi.
Әрине, өтпелi саясат өткiншi кезеңнен соң әдiрә қалады да, экономикалық-әлеуметтiк теңсiздiк, жер жегiсi, ұлттық қауiпсiздiк мәселесi құнарлы топырақты қуартқан ащы өзекке айналады. Шамкөстенетiн шағым емес, бұл - тарихи және экономикалық заңдылық.
Ә.Ермеков (жалғасы): "Маған қойылған: Швецов жетекшiлiк еткен, Бөкейханов құрамында болған Ғылым академиясының экспедициясы туралы сұраққа келетiн болсам, ол жоғарыдан шешiлген ғылыми мәселе. Экспедиция жоғарыда көрсетiлген ескi көзқарас тұрғысынан зерттеу жүргiздi. Олар қалыптасқан шаруашылық жүйесiн сақтаудың жолдарын зерттедi. Статистикалық есептердiң барлығы да ғасырлар бойы дала төсiнде қалыптасқан шаруашылық жүйесiн (бiрнеше мың жылдан берi сақталып келе жатқан өмiр сүру тәсiлiн) сақтаудың амал тәсiлдерiн ақтап қалудың жолдарын iздестiрдi. Экспедицияның жұмыстарымен таныс емеспiн. Мен жоспарлау мекемесiнде iстеп жүргенде оның негiзгi бағыттары ғана анықталған болатын. Жердi қалай пайдалану жөнiндегi ғылыми баяндамамен таныс емеспiн, көрген де жоқпын. Мен шаруашылықты жүргiзу жүйесi тұрғысынан ғана ол пiкiрге қосылдым. Жер өңдейтiн немесе мал шаруашылығымен айналысатын ауданда тұратын қазақтардың шаруашылығы көшпелi өмiрге бейiмделген. Негiзiнен мал шаруашылығына сүйенген кәсiпшiлiкке барынша жақын. Бiр аймақта әрi егiншiлiкпен, әрi мал шаруашылығымен айналысу да табиғи дамыған. Дегенмен де олардың арасындағы қайшылық ушығып келе жатқан.
Бiздiң бес жылдық жоспарымызда көрсетiлген жерге жаңадан қоныстанушылар туралы көп талқыланды. Осы мерзiм iшiнде қоныс аударушылардың саны бес миллионнан асады дестi. Бұндай жоспарға қарсылық бiлдiре отырып, орталық және өлкелiк мекемелерге арнайы мәлiмет дайындадым. Онда: "Мұны қозғап отырған бұрынғы отарлаушы жүйенiң жұрнағы - қоныс аударушылар мекемесi. Егерде мұндай жоспардың болғаны рас болса, оны орталық және өлкелiк мекемелер қолдамауы тиiс. Дәл солай бола қалған жағдайда өз көзқарасымды қорғаудың жалғыз-ақ жолы бар едi. Ол - кеңестiк басшылардың пиғылын әшкерелеу немесе кеңес мекемелерi туралы пiкiрлерiмдi ашық бiлдiру",- деген мағынадағы пiкiрлер айтылған".

Қайталай бағамдасақ, Алаш идеясының түп қазығы болған жер жегiсi тәуелсiздiк тұсында шешiлiп барып, қайта шиеленiсiп кеттi. Ә.Ермековтiң осы көрсетiндiсiнде айтылған пiкiрлерi мен дәлелдерi тарихи, экономикалық тұрғыдан сараланбады. Саясаттың желiгiне жем болып кеттi. Соның салдарынан қазақ жерiн мекендеген қазақтар қазақ елiнде аз санды жер иесiне айналды.
Ә.Ермеков (жалғасы): "Колхоздар бен совхоздар туралы көзқарасыма келсем, өкiнiшке орай, өзiмнiң ескi идеологиялық бағытымды қатаң ұстана отырып, оның тәжiрибе жүзiнде жүзеге асу мүмкiндiгiне мән берместен, осы мәселе жөнiндегi сол кездегi жиналыстарда мен үнемi қарсы сөйледiм. Шаруашылықтардың өндiрiстiк негiзге көшуi бұрынғы патшалық отарлау саясаты түте-түтесiн шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейтте, табиғи жұтқа жиi-жиi ұшырайтын аймақтың жерiн патшалық жыртқыштар талан-таражға салып бiткен едi. Жартылай рулық құрылымдағы феодалдық қоғамды соншама қысқа мерзiм iшiнде социалистiк құрылымға ауыстыру мүмкiн емес деп есептедiм. Қазақстанда социалистiк құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым".
Иә, саналы да саңлаулы санақ жүргiзiп, аңғарлы ақылмен сараласақ, қазақтардың меншiгiне кешегi "отарлау саясаты түте-түтесiн шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейт, табиғи жұтқа жиi-жиi ұшырайтын", латифундистер мен өнеркәсiп алпауыттары "талан-таражға салып бiткен" жердiң бұйырғаны анық аңғарылар едi. Тура осы мәселе бүгiн де көкейдi кесiп тұр. Ендi, сол "қуаң, шөлейiт жерлер" араб халифатымен Израильдiң және Қытайдың меншiгiне берiлетiн болса, онда қазақтың өрiсi ғана емес, тынысы мен тiршiлiгi ғана тарылып қоймай, кеңдiктi аңсаған дiлi де тылсымда тұншығып, шарасыздыққа ұрынатын болады.
Ә.Ермеков (жалғасы): "Бұдан кейiн: импералистiк отарлау мен жартылай отарлық жүйе артта қалған халықтарға үстемдiк жасап тұрған жағдайда олар бiрте-бiрте құрып кетедi, соның iшiнде шаруашылық мәдениетi төмен қазақ ұлтын да сондай тағдыр күтiп тұр деген iштегi күмән сонау 20-жылдардан бастап өзгерiске түстi. Артта қалған халықтар социалистiк даму жолына сөзсiз түсу керек екен деген ой келдi. Бiрақ ол жолдың сорабы белгiсiз едi және толық құрылымы мен жүрер жолы әлi нақты табылмаған болатын. Ендеше бiздi аса қауiптi әлеуметтiк сiлкiнiстердiң күтiп тұрғаны анық едi. Шаруашылықты жүргiзу тұрғысынан түсiнiктi болғанымен де, адамдардың тағдыры тұманды болатын. Оның үстiне Қазақстанның аса қатал табиғаты да қалыптасқан жүйеден ауытқыса апатқа алып келетiн едi. Ал капиталистiң жеке басы ешқашанда тәуекелге бармайтын. Ол көбiгiн ғана қалқып алатын. Жергiлiктi тұрғындардың өзi мұндай сынаққа төтеп бере алмайтын. Ал бiз қатал табиғаттың талабына бейiмделiп өмiр сүрдiк. Ал қазiр бiз өзге көрiнiстiң куәсi болып отырмыз...".
Бұдан әрi Ә.Ермеков социалистiк құрылыстың артықшылығын тiлге тиек етiп, мақтайды. Мұның жай-жапсары алдыңғы көрсетiндiлерде баяндалғандықтан да және ол пiкiрлер Ә.Ермековтiң шын ойы емес, тек жадағай сөз болғандықтан, оны бұл арада келтiрiп жатуды артық санадық.
Осы томның 894-902 беттерiнде тура осы мағынадағы 1931 жылы 20 сәуiрде берген жауабы тiгiлген. Өзгешелiгi, мұнда латын алфавитiне көшу мәселесiне тоқталған. Жер, әрiп реформасы, мәдениет саласы туралы баяндай келiп, Бөкейханов пен Байтұрсыновқа қарата:
"Бұл мәселелер жөнiнде екеуiнiң де ықпалы күштi. Жандосов та олардың алдынан өтпейдi. Қазiр екеуi де қартайды. Ендi олар өздерiнiң көзқарасын өзгертуi қиын. Мен латын һарпiн жақтадым", - деген пiкiр бiлдiрген.

4.
Тергеу iсi бұдан кейiн жекелеген адамдар мен жеке мәселелерге қарай бет бұрады. Жауап алу барысында тергеушiлер Ә.Ермеков пен М.Әуезовтiң "қылмысын" өзара сабақтастыруға ұмтылған. Соған қарсы әрекет ретiнде Ә.Ермеков бұл "айыпты" мойындаудан бас тартады:
"ОГПУ-дiң коллегиясына маған 58 баптың 7, 11; 59-баптың 3-тармақтары бойынша тағылған айыптарды 58 баптың 7, 8-тармақтарына ауыстыру туралы мәлiмдеме.
ОГПУ-дiң өкiлi Поповтың түсiндiруi бойынша маған 58 баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқа - менiң Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесi жөнiндегi пiкiрiм негiз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмiн. Бiрақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлiмiнде iстейтiнмiн және Қазақ халық комиссариатының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселесiн негiздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов - Т.Ж.) федеральдық комитеттiң мүшесi болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүрiп Қазақстан үшiн зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Өзi Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (?) айтуынша, онда Әуезовтiң үйiне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнiсi төмендегiдей".

Бұл оқиғаның шындығын қауiпсiздiк комитетiндегi тергеу iсi толықтай дәлелдейдi. Тергеу iсiне тiркелген төменде бiз келтiретiн хат соның айғағы. Бұл хатты Мұхтар 1928 жылдың басында алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21 наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:
"Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз", - деп түсiнiктеме берген.
ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданған. Хаттың сыртына: "Ленинград. Декабристер көшесi, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке - жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II - 28 ж",- деп жазылған да, iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен қоса бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның - түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе ғой. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды. Ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер "Әлеке!" дегендi "Ада" деп жазыпты. Мұның "Аға" деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз "Әлеке!" дегенге тоқталдық.
"Қадiрлi Әлеке!
Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы - достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат-хабар алысатындарым да азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақ та Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.
Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әртүрлi сылтау айтып, қарсы болды және: егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрiгерлiк-ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.
Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе - сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi неғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.
Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталықтың алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған "Авксеньев одағына" Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.
Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз? Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтан да мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.
Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.
Жер мәселесi төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Пален мырза жүргiзген ревизияның "Губерниялық есептерiне" жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың - Т.Ж..) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары - Т.Ж.) "Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың" қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр - Т.Ж.). Мұның астарын түсiнуге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған "мамандардың" ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм "шiркiндердiң" де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақ та бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме? Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау - өз жерiнен өзi қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы - әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?
Әлiмхан.
Сотайға сәлем. Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз. Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз. Әлiмхан. 25/II-28 жыл. Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков".

Тәуелсiздiк тұсында да ондай қайраткерлер шықты, халық тiлегiн жеткiзген депутаттар да болды. Ә.Ермековтiң дұрыс қауiптенiп отырғанындай, ол адамдар бiрте-бiрте саясат сахнасынан ысырылды. "Жердi қайта бөлiске салуға көнуден басқа" халықтың амалы да қалмады. Оған, мүмкiн, жерден гөрi жемқорлыққа бет алған ұлттық дiл де ықпалын тигiзген шығар.
Бұл хаттың тергеу орындарына "Алаш iсi" басталмай тұрып түскенiне қарағанда хат М.Әуезов Ленинградта жүргенде "қолды болған" сияқты.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1996
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2419
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1974
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1576