Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3427 0 пікір 23 Ақпан, 2011 сағат 07:54

Ұлтымыз интеллигенциядан не күтедi?

Сен бас болсаң, қызметшi халқың аяқ болады. Құтып.

Интеллигенция - тапқа да, партияға да кiрмейтiн, не болмаса белгiлi кәсiпқой­лардың ұйым мүшелерi де емес, ол тiптi әлеуметтiк топ­қа да жатпайтын әртектi, әртүрлi мамандықтардағы азаматтар жиынтығы. Сондықтан оның қадiр-қасиетiн, болмыс-бiтiмiн тек оқыған бiлiмдi жаннан iздеудiң өзi де аздық етедi. Интелли­генттiк - ауылдағы немесе қаладағы кез келген қарапайым адамның бойынан табылуы бек мүмкiн құбылыс. Ол - сонымен бiрге, өзiнiң туабiттi мәдениеттiлiгiн былай қойғанда, ең алдымен ой мен iс-әрекетiн ел-жұрт, халық, мемлекет пен қоғам, ұлт мүддесi үшiн iшкi-сыртқы ерiк-еркiндiгi арқылы батыл айтып, атқара алатын АЗАМАТ. Яғни, Толстой айтуындағы "Не могу молчать" деген ұғым-түсiнiгiндегi принципшiл тұлға.

Сен бас болсаң, қызметшi халқың аяқ болады. Құтып.

Интеллигенция - тапқа да, партияға да кiрмейтiн, не болмаса белгiлi кәсiпқой­лардың ұйым мүшелерi де емес, ол тiптi әлеуметтiк топ­қа да жатпайтын әртектi, әртүрлi мамандықтардағы азаматтар жиынтығы. Сондықтан оның қадiр-қасиетiн, болмыс-бiтiмiн тек оқыған бiлiмдi жаннан iздеудiң өзi де аздық етедi. Интелли­генттiк - ауылдағы немесе қаладағы кез келген қарапайым адамның бойынан табылуы бек мүмкiн құбылыс. Ол - сонымен бiрге, өзiнiң туабiттi мәдениеттiлiгiн былай қойғанда, ең алдымен ой мен iс-әрекетiн ел-жұрт, халық, мемлекет пен қоғам, ұлт мүддесi үшiн iшкi-сыртқы ерiк-еркiндiгi арқылы батыл айтып, атқара алатын АЗАМАТ. Яғни, Толстой айтуындағы "Не могу молчать" деген ұғым-түсiнiгiндегi принципшiл тұлға.

Жалпы, интеллигенция өкiлiнiң интеллек­туалдық (зияткерлiк) тәуелсiздiгi, ерiк-еркiндiгi, оның көп қарапайым адамдардан басты айырмашылығы - атақ-дәреже, шен-шекпен қуғандарға қосылмайтын, солардың сойылын соққанды былай қойғанда, сөзiн сөйлемейтiн ИМАНДЫЛЫҒЫ. Ал иман - Алла бердi құбылыс. Осыншама қадiр-қасиетке ие адамның, яғни интеллигенттiң мақсат-мұраты, ұстаным-тұжырымы, бағыт-бағдары неде? Қандай жағдай, нендей iс-әрекеттерде көрiнедi? Жалпы, қазiргi Қазақстан жағдайында интеллигенция өзi өмiр сүрiп, араласып жүрген қоғамының жанашыры болу арқылы ұлттың, ел-жұрттың қорғаушы күшi бола алуда ма?

Бұл жерде қазақта шын мән-мағынасындағы интеллигенция бар ма деген сұрақ жүрмейдi. Өйткенi, ол бар. Ендеше, олардан ұлт мүддесi үшiн не атқарып, қандай iс-әрекеттер жасап жатыр деп сұралуы тиiс. Себебi, қазақ интеллигенциясы қазiргi кездегi мәдениеттер мен өркениеттер қақтығысының шарықтау шыңы ҒАЛАМДАСТЫРУ өтiнде тұр. Арқаны кеңге берiп, ойланып-толғануға мерзiм қысқа, уақыт ұшқыр. Әлемдiк-экономикалық материалдық дағдарысты былай қойғанда, рухани-мәдени тұйыққа тiрелердей күйдiң өзi бүкiладам­заттың басын тау-тасқа ұрардай күйге түсiрген. Оның қасында ҚАЗАҚ - құртақандай ғана, егемендiк пен тәуелсiздiктiң дәмiн жаңа татқан ел-жұрт. Ендеше, ұлт интеллигенциясына түсер салмақ та ауыр. Осы тұста "әкелер мен балалардың", яғни ұрпақ жалғастығы ұлттық тұрғыдан үндесе ме? Үрдiс жалғастығы үзiлген жоқ па? Яғни, арыдан тартпай-ақ, берiден қайтар­ғанда ұлттық интеллигенцияның қаймақтары Бөкейханов, Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мiржақып Дулатов секiлдi алаштықтардың еңбегi еш болмай, бiз қазiргi өзiн интеллигент санайтындар, олардың айтып-жазып қалдыр­ғандарымен, iс-әрекеттерiнiң үрдiстерiн үзiп алған жоқпыз ба? Тәңiрлiк сенiм-нанымнан басталып, мұсылмандық-имандылық негiзбен ұштасқан қазақтың ұлттық-мемлекеттiк үзiп жалғанған тәуелсiздiгi мен егемендiгi баянды болу жолында интеллигенция не iстедi, не iстеуi керек? Егер ол қазақ халқының мойнына мiнген ерке ұл-қыз, оқып-тоқығанын пайдаланып, қол жеткiзген атақ-дәреже, шен-шекпенiмiздi малданып, масыл­ға айналған жандар болса, онда интеллигенциядан не пайда? Қазiр қарапайым халық интеллигенциядан батыл iс-әрекет, жариялы да ашық жүргiзiлген демократия бағыт-бағдарындағы ұлттық үрдiске негiзделген идея күтедi. Егер халық, оның iшiнде ұлт "қараңғы", "қауқарсыз", "көмбiс", "мәңгүрт" болса, оған интеллигенция кiнәлi. Ол оның ұлтқа көшбасшы бола алмауынан. Қатты болса да айтайық, ұлтты түзей алмаса, ол - интеллигенцияның сорлылығы. Қазiргi халықты, жалпы қазақ қоғамының намысын өлтiрiп, жемқорлар мен парақорлар, алыпсатарлар, жағымпаздар мен жалтаңдар, рухқа қарағанда материалдық құндылықтарға ден қойғандардың ұлтты, мемлекеттi, оның РУХАНИ және МАТЕРИАЛДЫҚ құндылықтарын талан-таражға салып, көкпарға айналдыруы - соның көрiнiсi. 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнде Жұбан Молдағалиев, Алдан Айымбетов сияқты бiрлi-екiлi интеллигенция өкiлiнiң бас көтеруiнен басқа iс-әрекетке бармай, сол кезде оянған ар-ождан, намысты бүгiнгi кезде жер етуiмiз де соған саяды. Кешегi Маловодныйдағы шешен, Еңбекшiқазақ ауданындағы ұйғыр және Түлкiбастағы түрiктер оқиғасындағы намысты бермеген ұлт өкiлдерiнiң жастарын соттатып, жерге қаратуымыздан бастап, "ағайынды өкпеге қиса да, өлiмге қимайтын" қадiрлi қасиеттi аттап өтiп, ұлттық интеллигенцияның озық өкiлдерi Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқадiловтi суық қолға аттырып, өмiрден өткiзуiмiз де - зиялылардың әлсiздiгi, сатқындығы. Оны айтасыз, тiптi Алматы қаласын көп жылдар бойы билеген Храпунов сияқтылардың түрмеде отырмай шетел ауып кетуiнiң өзi де билiк басындағы интеллигенцияның қауқарсыздығынан. Қазiргi қазақ интеллигенциясының бойын НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ жайлаған. Ал, немқұрайлылық "досыңнан қорықпа, азар түбi сатып кетер, жауыңнан қорықпа, азар түбi атып кетер, қорықсаң да нем­құрайлылықтан қорық", өйткенi, ол - "сатып та, өлтiрiп те" кететiн құбылыс. Қазiргi бiздiң интеллигенцияның бойындағы ең басты кемшiлiк саналатын дерттiң бiрi сол немқұрайлылықта жатыр.

Мұстафа Шоқай: "Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қарағанда жеңiл көрiнгенiмен, шын мәнiнде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн зиялы деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың "ұлттық зиялысы" қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады" деп кесiп-пiшедi де, "зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр" деген түйiнге келедi. Бiздiңше, бұдан артық айтудың өзi еш мүмкiн емес. Интеллигенция қазақ өмiрiне, ұлт тарихына идеялық-саяси тұрғыдан араласып, оны қалыптастырып қана қоймай, оған эволюциялық жолмен дамуына ықпал етуi тиiс. Кез келген ұлы ұлт, бейнелеп айтқанда, жан ретiнде өзiнiң мемлекеттiк тәнiн қалыптастыруға тырысады және өзiнiң мемлекеттiң жаны екенiн сезiнедi.

"Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни оны жат үстемдiктiң тепкiсiнен құтқарып өз мекемелерiне ие, тәуелсiз бiр жеке тұлғаға айналдыру сынды негiзгi мақсатқа жету үшiн ұлттық зиялы қа­уым мен ол өзi тән болып отырған халық бұқарасы арасында бiр ортақ сана болуы тиiс. Мiне, осы сананы айқындау, яғни халық тiлегiн дұрыс және анық бiр формаға келтiру, аталған мақсатқа жету үшiн iс пен әрекет бағдарламасын жасау - зиялылардың мiндетi. Зиялылар қауымы өздерiнiң тарихи мiндетiнiң мүддесiнен шығу үшiн не iстеулерi керек? Әлбетте, тек жүктелген мiндет­тердi атқарумен ғана шұғылдану жеткi­лiксiз. Зиялылар өз халқына қызмет ету­дiң, халықпен ортақ тiл табыса бiлу­дiң неғұрлым тиiмдi жолдарын таба бiлулерi тиiс", - дейдi Мұстафа Шоқай тағы да. Тәуелсiздiгiмiздi жариялағанымызға да жиырма жылға жуық уақыт болды. Алғашқы жас­қаншақтай басып, жалтаңдай қараған әдетiмiз келмеске кететiн де мезгiл жеттi. Ендi қазақ өз интеллигенциясынан ұлттық СӨЗ бен ұлттық IС-ӘРЕКЕТ күтедi. Құдайға шүкiр, СӨЗ түсiнетiн, оны IС-ӘРЕКЕТКЕ асыратын ұлттың тiлi қысқарып, бiлек-қарымы тартылып қалған жоқ, әзiрше. Бүгiнгi қиын-қыстау, тығырыққа тiрелгендей күй кешкен қазақ күннен-күнге шыңдалып, шымырланып келедi. Бүгiнде оған сол ұлт интеллигенциясының қасиеттi де, киелi СӨЗI, әрi нақты да орнықты IС-ӘРЕКЕТI қажет. Жоғарыдағы Мұстафа Шоқай сөзi де соны меңзейдi.

Қазақстан мемлекет ретiнде өзiнiң ұлттық СӨЗIН айтып, ұлттық IС-ӘРЕ­КЕТIН көрсетпесе, ешқандай валюталық қордың да, ешқандай да несие мен заем­ның да көмегi мәңгiлiк азық бо­ла алмайды. Ол уақытша "көз жасының" көрi­нiсi, жетiм-жесiрге ұсынылған аяушылықтың белгiсi, "алмақтың да салмағы бар" деген қағиданың айғағы болып қана қалады. Айта бердi, қазақ байлығын еркiн иеленiп, ешқандай жазаға тартылмай шетел асып кеткен Храпунов секiлдi шенеунiктердiң СӨЗI мен IС-ӘРЕКЕТI үйлеспей, оңға баспады. Неге олардың соңынан бүгiнде қоңыраулатып, неге артынан сөз боратамыз? Өйткенi, олар ұлттық СӨЗ бен ұлттық IС-ӘРЕКЕТКЕ сенбедi, оған бармады. Өздерiнiң құлқын толтырарлық, өздерiнше шексiз, таусылмайтындай көрiнетiн "қолдың кiрiне" сендi. Сондықтан да, олар секiлдi адамдар ұлт рухын көтеретiн ұлттық телеарналарға, күнделiктi мерзiмдi басылымдарға назар салмайды. Қазақтай жұрттың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн, сана-сезiмiн, өмiр сүру жүйесiн бұзатын күйретушi күштiң көзi - ұлттық емес, әрi бейтопырақ басылымдарға, телеарналарға көмек бердi. Ал, космополиттер мен нигилис­тердiң, бейтопырақ кейбiр күйретушi күш - белгiлi бiр топ, үлкен халықтың iшiндегi аз ұлт өкiлдерiнiң ұлттық топыраққа негiзделмеген батысшыл, жалпыхалықтық СӨЗДЕРI мен IС-ӘРЕКЕТТЕРIН қайдан да, қашанда да мерзiмдi басылымдар мен теле-радиолардан күнде естiп, бiлiп жатырмыз. Қазiргi ұлттың "мылтықсыз майдан" өтiнде қалуының да сыры сонда. Сондықтан, қазаққа өзiндей қарапайым, орындалуға келетiн, имандылыққа негiзделiп, ұлттық ар-ождан, жаңарып-жасарған ұлттық әдет-ғұрып, салт­-сана арттыратын мемлекеттiк, қоғамдық қозғалыстағы, әрi күнделiктi тұрмыс-тiршiлiк айналымындағы ұлттық СӨЗ бен ұлттық IС-ӘРЕКЕТ керек. Ата заңымыздан бастап, күнделiктi өзгертiлiп, толықтырылып жатқан заңдарымызға дейiн осы бағыт-бағдарда дайындалып, қабылданып жатса, нұр үстiне нұр. Оларды кiм айтып, iске асырады? Әрине, алдымен ұлттық интеллигенция. Егер қазақ қанша биiк болса, оның айналасына шоғырланған ұлттар мен ұлыстар да соншалықты биiкке көтерiледi. Қазақтар Қазақстанда француздардың Францияда, испандықтардың Испанияда, ағылшындардың Англиядағы санына қарағанда әлдеқайда артық. Соған қарамай, аталған мемлекеттер өздерiн унитарлық, ұлттық мемлекетпiз дейдi де, ал бiз болсақ, көпұлтты ел санатына жатамыз. Әрине, бiздiң мемлекетiмiздiң көп ұлттан тұратынына ешқандай күмән жоқ. Бiрақ, ол бiздi унитарлық, ұлттық мемлекет құқымыздан айырмауы керек қой. Ал ендi әлеуметтiк идеяға келсек, оның негiзi тегiн бiлiм мен денсаулықты тегiн емдеуден басталуы тиiс. Ең ары кеткенде олар кез келген адамға қол жеткiзерлiктей дәрежеде болса. Бұл ұлтты келешек әлеуметтiк теңсiздiктен сақтар едi. Денi сау, бiлiмi жан-жақты ұлт ешуақытта жерде қалмай, өзiнiң ұлттық СӨЗI мен ұлттық IС-ӘРЕКЕТIН дәлелдей алады. Ұлттық және әлеуметтiк құндылықтардың негiздерi де сонда. Сонымен бiрге Қазақстан - иманға негiзделген мұсылмандық жолындағы ел-жұрттың мекенi. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сана-сезiмi де имандылық пен мұсылмандылыққа қоса о баста Тәңiрлiк негiзде қалыптасқан. Ендi бiз соны сырттан келiп, сырттан те­лi­нiп жатқан дiни ағымдар мен ментали­тетiмiзге жат моральдық тұрмыс-тiр­шiлiк, әдет-ғұрып көрiнiстерiнен қорғауымыз да сақтауымыз керек. Мiне, басты мәселе осы. Құдай екi жiкке бөлiнген ағайын арасындағы дiни, идеялық қайшылықтардан сақтасын. Оның арты қайда апарып соғары баршамызға белгiлi.

Ұлттық және мемлекеттiк жағдайдағы өмiрдiң көзi әрi қозғаушы күшi жеке тұлғаларды дайындайтын, олардың мол мүмкiндiктерiн толық ашатын демократиялық идея. Ол демократия - дала, ұлттық демократия үлгiлерiн бо­йына сiңiрiп, сол арқылы әлемдiк демократия үлгiсiне өзiнiң кескiн-келбет, бет-пiшiн, болмыс-бiтiмiн жоғалтпай ұласса. Осынау қасиеттер кей тұстарда кездесетiн ұлттық немқұрайлықтан арылуға бейiмдейдi, тәрбиелейдi. Ал қабдi­рахмановшылдық пен есiмшiлдiк, сүлей­меновшiлдiк және "жаңа ұлт (қазақстандық ұлтты айтып отыр - А.Ә.) қалыптастыру мақсатына қазақ этносы дәрменсiздiкпен кiрiскенiн...", "жаңа мемлекет құру кезiнде мiндеттi түрде жаңа ұлт қалыптастыру мiндетi тұрады" деп сайраушы ерғалишылдық етек алған демократия мен сөз қазақты ұшпаққа шығармайды. Ұлт абстракциялы адам құқы мен заңдылықтардан арылып, оларды нақты қазақты қорғайтын құндылықтар ретiнде ұлттық СӨЗ бен ұлттық IС-ӘРЕКЕТ арқылы жүзеге асыруы тиiс.

Кез келген мәселе алдымен мемлекет, оның кiндiк ұлтының мақсат-мүддесi негiзiнде қаралып, шешiлуi тиiс. Оны айтасыз, берiсi Кеңестiк кезеңнен бастап Қазақстанды кiмдердiң басқарып, олардың қалай басқарғанын да тарихтан бiлемiз. Олардың сөзi мен iс-әрекеттерiне де қанықпыз. Бұл бiзге тарихи сабақ болуы тиiс. Иә, күнделiктi iшер тамақ, киер киiм қазақстандықтардың қай-қайсысына да жат емес. Сондықтан да, соңғы жылдардағы ел көрiп, жер шалудан байқағанымыз, ұлтымыз бiртiндеп еңсе көтерiп келедi. Яғни, олар қазiр көкте Құдай, сонан кейiн өздерiне сену керектiгiн жақсы бiлiп, сезiнген. Ендеше, қазiр қазаққа - ұлт интеллигенциясының ұлттық СӨЗI мен ұлттық IС-ӘРЕКЕТI ауадай қажет. Ел көрiп, жер шалудан тағы бiр байқап, көңiлге түйгенiмiз, ұлттың құлағы түрулi, көзi тiгулi, бiлек-бiтiмi мен бiлек қарымдары соны күтуде. Оған ұлт интеллигенциясы неғұрлым ерте кiрiспесе ертең кеш, өте кеш болады. Егер бүгiн ұлт интеллигенциясы өзiнiң ұлттық СӨЗIН айтып, ұлттық IС-ӘРЕКЕТIН жүзеге асырмаса, онда оны ертең өзгелер айтып, өзгелер жүзеге асырады. Ақпараттық кеңiстiк және демогра­фия­лық ахуал жағдайындағы Қазақстанның бүгiнiн ойлау оның ертеңiне деген жауапкер­шiлiктi арттырады. Мысалы, демографиялық жағдайға көз салайықшы.

Естерiңiзге салайын, иттi өлтiру үшiн оған уды не дәрiнi нанға, болмаса еттiң арасына салып бередi емес пе? Оны жеген ит ә дегенде жүрек жалғағанымен, келе-келе өлетiнi белгiлi. Кейбiр сырттан телiнiп жатқан жайларды көргенде осы бiр келеңсiз көрiнiс ерiксiз көз алдыма келедi. Мұны мен неге айтып отырмын? Байқасаңыздар, соңғы кездерi "репродуктивтiк денсаулықты қорғау", "репродуктивтiк құқық", "жыныстық қауiпсiздiк", "бала тууды жоспарлау", "жыныстық тәрбие" секiлдi Батыстан телiнген тiркестер мен терминдер кең өрiс алып жатыр. Мiне, осындай жайларды ұлттық интеллигенцияға жататын маман-дәрiгер, профессорлар мен докторлар қарапайым халыққа неге түсiндiрiп бермейдi?

- "Репродуктивтiк денсаулықты қорғауға" кiретiндер - аборттар және т.б.

- "репродуктивтiк құқыққа" жататындар - сол аборттық құқық және балаларды мектептен "жыныстық қатынасқа тәрбиелеу" және т.б.

- "Жыныстық тәрбие" - жасөспiрiмдердiң санасына бала туудан бас тартуды сiңiру, жыныстық қатынастың қыр-сыры мен аборттың жолдарын үйрету.

- "Ананы туудан қорғау" бiр бала болса да сапалы болсын принципiне негiзделген бағыт-бағдар.

Байқап отырсыздар, кезiнде "Бiр қозы артық туса, бiр тал жусан артық өседi" немесе "Бiр адам өмiрге келсе, өз ризығы бiрге келедi" деген принципте өмiр сүрген ұлтымызға жоғарыдағы сырттан телiнген жайлар қаншалықты әсер етiп жатыр. Соны түсiндiрiп беретiн маман ұлт интеллигентi қайда? Неге үндемейдi? Олар қаншалықты үнсiз қалса, ұлтты құрайтын келер ұрпақтың обал-сауабы да солардың мойнында. Ал, мұндай ауыр сыннан өту үшiн қазақ ендi ұлт ретiнде ұзаққа созылған шәкiрттiктен өзге ұлтқа үлгi боларлықтай ұстаздық дәрежесiне көтерiлуi тиiс. Ендеше, орыс тарихшысы Н.М.Карамзиннiң: "Оқу жақсы әрi оқу керек те, бiрақ мәңгi шәкiрт болып қалу адамға да, халыққа да қасiрет", - деген сөзiн қазақ ұлт ретiнде де, әрбiр көкiрек көзi ашық азамат ұлт интеллигентi ретiнде де үлгi тұтпаса болмайды. Мiне, осы кезде ұлт интеллигенциясы ұлттық СӨЗ айтпай, ұлттық IС-ӘРЕКЕТКЕ бармай iргелi ел болып, өркениеттi мемлекеттер қатарына қосыла алмаймыз. Қосыла қалғанда да ұлттық болмыс-бiтiмi жоқ, жалпыхалықтық үлгiге сай, төлқұжатында аты-жөнi көрсетiлмеген қазақстандықтар ғана болып қосыламыз. Қазiргi топан ақпараттар тас­қыны идея және идеологиялармен бiрге әртектi дiни ағымдардың iштей де, сырттай да қақтығысы қазақты iргелi ел етемiн деген әрбiр ұлт интеллигенциясынан со ұлттық СӨЗ бен ұлттық IС-ӘРЕКЕТТI күтедi. Осы тұста белгiлi орыс философ-тарихшысы П.Флоренскийдiң: "Өкiлеттi басқаруы бар мемлекеттегi бұқараның саяси еркiндiгi бұқараны алдау және сол бұқараның өзiн-өзi алдауы болып табылады... Өкiлеттi басқару кездейсоқ топтардың билiгiне және жалпыға бiрдей сат­қындыққа, ал баспасөздi жалған сөй­леуге итермелейдi" деген пiкiр-тұжырымына иек артқымыз келедi. Өйткенi, мұнда төменде тiлге тиек болатын жайға қатысты сырдың бiр ұштығы бар. Шынында да, бiз қазiр жоғарыда келтiрiлген пiкiр тұжырымдағы көңiл-күй мен iс-әрекеттi бастан кешiп жатырмыз. Бүгiнде не көп, партия көп, тағы не көп, газет көп. Көп... көп... Ал, олардың сапасы қалай? Ұстанған бағыт-бағдарлары мен мақсат-мұраттары қоғамдық, мемлекеттiк, ұлттық мүддесiнен шыға ма? Олардың қай-қайсысы болмасын өзiнше шырылдап шындық айтады, аһ ұрып ақиқатқа жүгiнедi. Бiрақ, соның көбiсi өтiрiк, көбiсi демагогия, боссөздiлiк, абстракция... Олардың қозғаушы күшi - ұлттық сөз бен iс-әрекеттен ада ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ. Сол ұлт, қоғам, унитарлы мемлекет мүддесiн күйретуге бiрден-бiр ықпал етiп жүргендердiң қатарында люмпендер бар. Олар да өздерiн интеллигенттермiз дейдi. Егер, интеллигент ұғымына жоғарыдағы алған бiлiмi тарапынан келсек, шынында да, олар интеллигенттер. Сондықтан, бiз осы бiр қасиеттi ұғымға бiржақты "бiлiмдiлiк" талап-тiлегiнен келмеуiмiз керек екен. Люмпендер бейұлтшыл, өзiнiң туған мәдениетi мен өркениетiнен, әдет-ғұрып, салт-санасынан, дiл мен тiлiнен қол үзгендер. Оларда сатқындық басым. Яғни, оларға қоғамдық, мемлекеттiк, ұлттық мақсат-мүддедегi билiктi еш сенiп тапсыруға болмайды. Бүгiнде билiк басына ұмтылып жүрген, тiптi, либерал-реформатор интеллигент өкiлдерiнiң көпшiлiгi сол дәрежедегi адамдар. Олар байлыққа жеткен қол, билiкке де жетедi деп ойлайды. Және оны халықпен бiрге жасап жүрмiз деп те көңiл то­йындырады. Өкiнiшке қарай, олардың халықтан қол үзiп кеткенi қашан. Мiне, сондықтан да бiз интеллигенция мен халықтың арасындағы байланыс бүгiнде үзiлген десек, артық айтқанымыз емес. Қоғамның бай мен кедей болып тапқа бөлiнуiнiң де сыры сонда. Бiзде қазiр кейбiр өзiн интеллигент санайтындар өз ата-баба тарихынан кенде қалып, өзiндегi барды қанағаттанбай әлдеқайдан әлдебiр адамдардан (бiздiң жағдайда, Батыстан), өзiн беделдi санайтын ұйымдардан әлеуметтiк-қоғамдық, айта бердi саяси сiлкiнiстi күтедi. Қазақ тағдыры Феникс құсқа ұқсас. Сондықтан, ұлттық идеяны алыстан iздеп, тон пiшпей, сол қазақтың өзiнен iздеуiмiз керек. Атақты граф М.Сперанский (Сiбiр генерал-губернаторы - А.Ә) патша ағзамға жазған қызметтiк хаттамасында қырғыз-қайсақ даласында сексеуiл деген өсiмдiк өсетiнiн айта келiп, оны бiр-бiрiне ұрып жаратынын тiлге тиек етедi де, қырғыз-қайсақтың үш жүз, руға бөлiнетiндiгiн мәлiмдей келе, оларды басқарудың оңай жолы бiр-бiрiне айдап салып, әлгi сексеуiлдей сындырып тұтастығын бұзуға болатынын жазады. Мiне, сол кезден бастап патшалық Ресей мен ұлы Қытайдың қазақты бiр-бiрiне айдап салу принципiн ұстануы бұрынғыдан да күшейе түстi. Сөйтiп, қазақ сонау бiрiншi Петрден бастап бүгiнгi күнге дейiнгi аралықта "бiрiн-бiрiне ұрып жару" ұстанымының құрбаны болып, ол келе-келе қазақтың өз арасындағы дертке айналды. Сонымен, әлгi дерт бүгiнде асқынып бiз қазақстандықпыз, қазақстандық ұлтпыз деген жағымсыз түсiнiк қалыптастырып, қазақ даласының және қазақ ұлтының өткенi және болашағы жоқ, бiздердi бүгiнгi күн ғана топтастырып, байланыстырып тұр деген ұғымға дейiн жеттi.

Бiз толыққанды интеллигенттiк тек-тамырымызды қай кез-кезеңнен тартуымыз керек. Мұхамедсалық Бабажанов пен Ш.Уәлиханов заманынан ба? Әлде одан да әрi немесе берiгiректегi М.Шоқай, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановтан өрбiтуге тиiспiз бе? Мұны айтып отырғанымыз, қазақ интеллигенциясының жаны, сана-сезiмi қазақтың ұлттық тарихи-табиғи тағдырындай қайшылыққа толы жағдайда қалыптасты. Айта бердi, ол Кеңес Одағы кезiндегi 20-30-жылдардағы ұлттық кескiн-келбет және сана-сезiмдегi мемлекетшiлдiгi, дiни ұстанымы, ұлтшылдығынан келе-келе айырылып та қалды. Қазақ интеллигенцияның мiнез-құлық, сана-сезiмi мен түйсiгi әртүрлi iшкi және сырт­қы факторлар әсерiнен қалыптасқан. Әсiресе, Кеңес Одағы кезiнде сыртқы фактордың рөлi ерекше болды да, iшкi фактор бiрте-бiрте түнгi жанған балауыз шамдай өше бердi. Сондықтан да, қазiргi қазақ интеллигенциясының табиғи-тарихи түйсiгi және де сана-сезiмi, әлсiз. Өйткенi, ол қазақтың басынан өткен толқын-тол­қын тарихи-әлеуметтiк, саяси-қоғамдық кезең-кездi бар болмысымен қорыта алмай, солардың астында қалып, қиын-қыстау кезеңнен көз аша алмай келедi. Қазiргi халықаралық және әлемдiк жағдайдағы келеңсiз құндылықтардың елiмiзге ентелей енуi - соның айғағы. Ендеше, бұл - қазақ интеллигенциясы өткеннен еш сабақ алмаған деген сөз. Кеңес идеоло­гиясы мен идеясы қазақ интеллигенциясын үш жағдайда күйреттi немесе дағдарысқа ұшыратты. Бiрiншi, iштей рухани мүгедек етiп қалыптастырса, екiншi, сырттан телiнген жатжұрттық тәлiм-тiрбие арқылы интеллигенцияны өз ұлтынан қол үздiрдi. Осыдан келдi де ұлттық интеллигенция билiк алдында құрдай жорғалайтын жасқаншақ болып қалыптасты. Сондықтан да, интеллигенция қазiр классикалық "Кiм кiнәлi?" емес, "Не iстеу керек?" деген сұрақтар төңiрегiнде iс-әрекетке көшетiн ой қозғауға тиiс. Ұлттық идеяны да осы тұстан iздеуiмiз керек. Егер бiз қазiргiдей, әлде бiреулер секiлдi мемлекетiмiздi бiртұтас унитарлық, ұлттық мемлекет демей, "мы - не мононациональное государство" және көпұлтты республика деп айдарлай үкiлеп, әспеттеп жатсақ, ұлттық сөз бен iс-әрекет кiмге керек? Мысалы, Ресейдiң әлемдегi орнын саралай отырып, марқұм орыс сыншысы, әрi тарихшы-философы Вадим Кожинов: "Ресей ұлттық мемлекет емес, континент", - десе, оның қандасы А.Дугин православиеге негiзделген орыс шовинизмiн насихаттайтын Еуразия идеясын ұсынады. Ал, олардың бiрде-бiреуi бiздi айналып өтпесi тағы анық. Ендеше, бiзге қандай ұлттық идея керек?

Мен Қазақстанды қазақсыз көз алдыма елес­тете алмаймын. Сол ұлт қазiр ақпараттық және этнодемографиялық майданның өтiнде тұр. Ұлттық сөз бен iс-әрекет бiзге сол майданда өзгенi қорлап, аяқасты етпей өзiмiздiң ұлттық мүддемiздi қорғап қалуға ерекше көмектесер едi. Мемлекетiмiз бүгiнде ауыр-жеңiлiне қарамай белгiлi бiр нарықтық кезеңнен өттi. Ендеше, қазiр бiзге сол нарыққа лайық ұлттық интеллигенция мен ұлттық сөз бен iс-әрекет керек. Интеллигенция, алдымен мемлекетiмiздiң демографиялық және ақпараттық-саяси технологиясын қазiргi заманға сай ұлттық негiзде өргiзу арқылы, ұлттың тәнi мен рухын, материалдық жағдайын тең дәрежеде дамытуға атсалысуы тиiс. Ал бүгiнгi күнге дейiн аман келген дәстүрлi, әрi қайта қалыпқа келуiн күткен ұлттық рухани құндылықтарымыз жаңа мағына-мәндегi, сонан соң, әртүрдегi қайта құрылған материалдық-практикалық қызмет пен экономикалық реформаларға бастама болмаса болмайды. Ол үшiн шығармашылық-интеллектуалдық күш-жiгердi жинақтауға тиiспiз. Оны жинақтау үшiн жоғарыда тiлге тиек еткен люмпендерге жол бермеуiмiз керек. Ал, люмпендер - туған мәдениетiнен қол үзген адамдар, бiрақ, оларда интеллект жоқ деуге болмайды. Бар. Бiрақ, олар ұлтына жат жұрттай қарайды.

Жалпы, ұлттық идея мен идеологияның орындалуы ұзақ процесс, ал ұлттық сөз бен iс-әрекетке батыл бару одан да ауыр. Оларды ұлттық интеллигенция қалыптастырады. Ал Қазақстанда интеллигенцияның төрт тобы бар. Олардың бiрiншiсi - таза қазақ тiлiнде сөйлеп, өзге тiлдердi жақсы меңгергендер; екiншiсi - басқа тiлдердi жақсы бiлiп, өз тiлiн шала-шарпы игерiп, немесе одан тiптi мақұрым қалғандар, үшiншiсi - орыс интеллигенциясы, төртiншiсi - өзге ұлыстар мен ұлттардан құрыл­ған интеллигенция өкiлдерi. Мiне, солардың соңғы үшеуi - ұлттық идея мен идеология­ның қалыптасып, ұлттық сөз бен iс-әрекеттiң мемлекеттiк-елдiк, қоғамдық-саяси өмiрге қоян-қолтық араласуына барынша кедергi келтiретiндер (Екiншiлердiң бұл мәселе де сөзi де, iс-әрекетi де аумалы-төкпелi болуы мүмкiн - А.Ә). Өйткенi, олар аталған құндылықтар етек алып кетсе, бiз екiншi сортты интеллигенция өкiлдерi болып қаламыз деп қорқады. Сондықтан, оларды қалыптастырып, оны одан әрi дамыту жолында бар салмақ бiрiншiлерге түседi. Әйтпесе, аталған құндылықтарды қалыптастыру соншалықты қиын мәселе емес. Ендiгi СӨЗ ДЕ, IС-ӘРЕКЕТ те интеллигенция тарапынан болуы тиiс.

Аманхан Әлiмұлы

http://www.zhasalash.kz/saraptama/3925.html

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1992
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2407
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1963
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1576