Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
3366 2 пікір 10 Шілде, 2018 сағат 11:18

Астана "Каспийдегі әскери база" туралы мәлімдемені терістеді

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) 9 шілдеде ресейлік журналист Владимир Соловьев жүргізетін телебағдарламаға қатысушылардың 2 шілдеде айтқан пікіріне қатысты комментарий берді. 2 шілдедегі бағдарламаға қатысқандар "АҚШ Каспий теңізіне Астананың келісімімен әскери база орналастырмақ" деп айтқан еді.

19 сәуірде Қазақстан парламенті АҚШ-пен Ауғанстанға жүк жеткізу жөніндегі келісімге енгізілетін өзгерістер жобасын мақұлдаған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Ауғанстанды қалпына келтіру ісіне жұмылуына байланысты Қазақстан арқылы жүк тасымалдауға қатысты хаттаманы мақұлдайтын заңға қол қойған. Ол заң мәтіні 5 маусымда ресми баспасөзде жарияланған.

"Каспийде әскери база болады деген ешқандай әңгіме жоқ. Транзит әскери емес жүктерге қатысты, транзитке Қазақстан аумағы ғана емес, АҚШ-тың Ауғанстанға жүк тасымалдайтын жолында орналасқан өзге де елдер тартылған" делінген сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Министрлік комментариінде 2010-2015 жылдары Солтүстік тарату желісі бойынша мұндай жүк Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арқылы да тасымалданғанын айтады.

"Ресейлік БАҚ пен сарапшылар мұндай комментарийді жоғарыда айтылғандарды әдейі бұрмалау үшін емес, тек нақты жағдайдан хабарсыз болғандықтан айтып отыр дегіміз келеді" делінген Қазақстан СІМ мәлімдемесінде.

Соловьев 15 сәуірде өзінің телебағдарламасында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресейдің Сирияға АҚШ пен одақтастарының зымыраннан соққы жасағанын айыптайтын қарарына дауыс бермегенін меңзеп, екі ел арасында "түсінбейтін бір жайт болды ма, екі ел арасында қара мысық жүгіріп өтті ме?" деген сауалдар қойған. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Соловьевтің бұл сөзіне комментариінде "ресми мәлімдемеге ғана сүйенуге" шақырған.

Abai.kz

2 пікір