Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
2951 10 пікір 11 Маусым, 2018 сағат 10:30

Тәжікстан Қазақстанда менингиттің таралуына байланысты сақтану шараларын қолға алды

Тәжікстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметі Қазақстандағы менингокок инфекциясының таралуына байланысты Душанбе әуежайында сақтану шараларын қолға алған.

Елдің денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Мизроб Низомов Тәжікстаннан Қазақстанға күнделікті рейс ұшатынын айтады. Оның сөзінше, Қазақстан Ресейден кейінгі тәжік мигранттары жұмыс істеуге көп баратын екінші мемлекет.

«Әуежайда санитарлы-карантин бақылау жүргізіп жатырмыз. Температурасы жоғары адамдарды арнайы аппарат бірден байқайды. Егер күдік болса, жолаушыны бірден ауруханаға жібереміз. Сол жақтан тексеруден өтеді», - деді Мизроб Низомов.

Бірақ бүгінгі күнге дейін аталған індетті жұқтырды деген қауіппен ешкім тіркелмеген.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, қауіпті дерттен Алматы қаласында 6 адам, Алматы облысында – 4 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 2 адам және Қызылорда облысында – 1 адам қайтыс болған.

Мамандар менингококк инфекциясы сау адамға науқас немесе дертті тасмалдаушы адаммен ұзақ және тығыз қарым-қатынаста болғанда ауа арқылы (жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде) жұғады; жұқтырған кезден бастап аурудың басталуына дейін бір күннен он күнге дейін өтеді; науқас аурудың алғашқы күнінен бастап айналадағы адамдар үшін жұқтыратын адам болып саналады деп ескертеді.

Abai.kz

10 пікір