Сенбі, 27 Сәуір 2024
Дін мен тін 4490 1 пікір 9 Маусым, 2018 сағат 16:17

Дархан Кәлетаев: Кейбір топтар Заң жобасына байланысты жалған мәлімет таратып жүр

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен Қазақстанның Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылғаны туралы хабарлаған ек.

«Мемлекет бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр. Проблемаларға талдау жасап, осы салаға қолдау көрсететін арнаулы министрлік құрдық. Бұған дейін бізде мұндай министрлік болған жоқ. Діни қоғамдастықтармен, үкіметтік емес сектормен және жастар ұйымдарымен жұмысты жолға қойып,  оны әрі қарай жалғастыру қажет», деген еді Елбасы бір сөзінде.

Міне, өткен сәуір айында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған Дархан Кәлетаев ведомствоның қызметіне қатысты мәселелерді реттеуге белсене кірісіп кетті. Ол өткенде Парламентте «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға толықтырулар енгізілген жобаны Мәжіліс депутаттарының алдында қорғап шықты. Бұл жобада “деструктивті діни ағым”, “діни радикализм” ұғымдары бар.

“Бұл ұғымдарды енгізу сонымен бірге деструктивті діни ағымдардың таралуы және олардың атрибуттары мен сыртқы белгілеріне тыйым салу - қоғамға бөтен идеологияның енуіне тойтарыс беруге мүмкіндік тудырады” деген еді заң жобасын депутаттарға таныстырған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Калетаев. Аталған заң жобасын жамағатқа түсіндіру әрі аймақтағы діни ахуалды сараптап, дін өкілдерімен сұхбат құру үшін министр Ақтөбе облысына барды.

 

«Бет-әлпетті жауып жүру қазақ халқына жат»

Сапар аясында министр алдымен облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Темір ауданына қарасты Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда Дархан Кәлетаев діни саладағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіріп, халықпен пікір алмасты.

Кездесу барысында министр дін саласындағы заңнамада бет-әлпетті жабуға тыйым салудың не себепті енгізіліп отырғанын айтты.

«Бет-әлпетті жабу қазақ халқына жат. Бұл тарихымызда да, мәдениетімізде де болмаған. Сондықтан әйелдердің бет-әлпетін жабуына заңды түрде тыйым салып отырмыз. Бұл тұрғыда қоғамда дұрыс пікір бар, көпшілік қолдап отыр», - деді Д. Кәлетаев.

 

Мектеп талабымен сәйкеспейтіндер қашықтықтан оқи алады

Сонымен қатар, Дін істері және азаматтық қоғам министрі мектепте орамал тағу мәселесіне орай өз пікірін білдіріп, мектептің талабын ұстану қажеттігін баса айтты.

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, осындай талаппен қатар, оның альтернативті жолы да бар. Оның бірі – қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып үйде оқыту. Министр бұл мәселе бойынша Білім және ғылым министрімен пікірлесіп жатқанын және бұл бағытта жұмыстардың жалғасып жатқанын атады.

Ақтөбе өңіріне сапар барысында министр Темір ауданының орталығында аудан активімен және ардагерлермен, теолог-имамдармен, сонымен қатар, аудандық терроризмге қарсы комиссия мүшелерімен кездесті.

 

Заң жобасы туралы жалған мәлімет таратып жүргендер бар

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Алға ауданындағы Бестамақ ауылында болып, Ақтөбе облысындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарымен кездесті. Министр өз сөзінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға толықтырулар енгізу қажеттілігін уақыттың өзі көрсетіп отырғанын айтты.

«Кейбір топтардың осы заңнама жобасын «ислам дінінің мүдделеріне қайшы келеді, мұсылмандарға қарсы бағытталған» деген жалған мәлімет таратып жүргенін де жасыруға болмайды. Бұл мәліметтер мүлде негізсіз», - деп мәлідеді Д. Кәлетаев. Осы ретте, министр имамдарды заңнама жобасына барынша қолдау білдіріп, аталған заң жобасының пайдасын, артықшылықтарын халыққа толықтай түсіндіруге атсалысуға шақырды.

Дархан Кәлетаев дін саласында имамдармен бірлесе атқаратын жұмыстың негізгі алты бағытына тоқталып өтті. Олар: теріс діни ағымдардың қызметіне тосқауыл қою; деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізетін имамдар мен теологтардың білімі мен білігін көтеру; діни экстремизм мен радикализм идеялары таралуының алдын алуға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тұрғындарды кеңінен қамту; жастардың бойында радикалдық идеяларға қарсы нөлдік иммунитетті қалыптастыру; мешіт имамдарының уағызын «Уағыз айтудың бірыңғай тәртібінде» бекітілген қағидат бойынша жүзеге асыру; «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесін» жетілдіру.

Дархан Кәлетаев деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізетін имамдар мен теологтардың білімі мен білігін көтеруде Діни Басқарманың Ақтөбе облысындағы уәкілдігіне жергілікті имамдар мен теологтардың резервін қалыптастыруды ұсынды. Қалыптасқан резерв бойынша «Нұр-Мүбарак» университетіне біліктілікті көтеруге имамдар мен теологтар жіберіліп отыратын болады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Темір ауданының орталығындағы «Досжан ишан» мешітінің және Алға ауданындағы «Ақтөбе медресе» колледжінің қызметтерімен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның жобасында мемлекеттік қызметкерлердің діни әрекеттеріне байланысты пунктер бар. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша мына әрекеттерге тыйым салынған: қызметтік мүмкіндікті діни бірлестіктің мүддесіне пайдаланбау, қарамағындағыларды діни қызметке мәжбүрлемеу және діни бірлестік құрмау немесе мүшесі болмау.

Бұдан бөлек, заң жобасында діни бірлестіктердің қызметін бақылау, жазалау мекемелеріндегі сотталушылардың діни әрекетін реттеу, шетелде діни білім алуға қатысты мәселелер қамтылған.

Жоба қоғамдық орындарда ниқаб киюге, құлшылық ету орындарынан бөлек жерде неке қиюға тыйым салады. Бұл талаптарды бұзғандарға айыппұл салынады.

Abai.kz

1 пікір