Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
3107 1 пікір 25 Мамыр, 2018 сағат 10:08

Бішкек тұтқындағы Тұңғышбаевты Астанаға бермек

Қырғызстан осы елде тұтқындалған және саяси баспана сұраған қазақстандық Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға беруді ұйғарды. Бірақ оның адвокаты Нурбек Токтакунов прокуратура шешіміне сотқа шағым түсірмек. Астана белсендіні тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдаған деп айыптаған.

Қырғызстан Бас прокуратурасы осы елде ұсталып, қазір Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бішкектегі тергеу абақтысында қамауда отырған қазақстандық белсенді, блогер Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға беру туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы хабарлаған оның адвокаты Нурбек Токтакунов прокуратура қаулысын мамырдың 23-і күні алғанын айтады.

Адвокат Токтакунов Бас прокуратураның шешімімен келіспей, сотқа шағымданатынын айтады. Заң бойынша оның шағымдануға 10 күн уақыты бар.

Іс материалдарымен танысқан адвокат Нурбек Токтакунов Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғшыбаевқа қарсы қозғаған істің саяси астары бар деп санайды. Адвокаттың мәлімдеуінше, Тұңғышбаев Қазақстан билігін белсенді түрде сынағаны үшін қуғын көріп отыр.

Оның айтуынша, мамырдың 15-і күні Мұратбек Тұңғышбаев Қырғызстанның көші-қон департаментіне өзіне саяси баспана беруін сұрап өтініш түсірген.

Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстан арнайы қызметі өкілдері мамырдың 10-ы күні Бішкекте, белсенді сол көзіне операция жасатқан күні ұстаған. Келесі күні Бішкектің Первомай аудандық соты Мұратбек Тұңғышбаевты екі айға қамауға санкция берген.

Туыстары мен адвокатының айтуынша, Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевқа қазір Еуропада тұратын қазақстандық экс-банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдаған деген айып тағып отыр. Биыл наурыздың 13-і күні Астананың Есіл аудандық соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар