Сенбі, 27 Сәуір 2024
Зерттеу 7337 0 пікір 10 Мамыр, 2018 сағат 11:08

Қазақстандық медиада патриархалды көзқарас басым

Қазақстанда ер азаматтың жұбайына – баласының анасына меншігі ретінде қарауы, қол көтеруі, жалпы әйелмен адам ретінде санаспауы, оны сыйламауы неден туындайды? Қарындасын жақсы көріп, анасын аялаған азамат, әйелінің де біреудің еркелетіп өсірген қызы екенін ескермей, неге қатігездікпен қарайды? Әрбірден соң, әйел – адам, қоғам мүшесі, оның да жеке пікірін айтуға, қалауы бойынша өмір сүруіне құқығы бар, еркекпен тең құқылы – оны қорғайтын заңдар да бар. Бұл тұрғыда сұрақ көп, ал ана не мына аймақтан көгала қойдай беті-басы көгеріп, жұбайынан қысым көрген әйелдер жайлы ақпарат одан да көп, айтылмай қалғаны қаншама... Жеткен жеріміз осы: жақында баласын қайынжұртынан алып кетпекші болған жас келінді Орал қаласында қайын атасы пышақтап тастады (http://www.uralskweek.kz/2018/04/11/v-uralske-svyokr-zarezal-snoxu-iz-za-vnuka/).  

Қазақстандағы дәстүрлі медиада «әйел тақырыбына» зерттеу жүргізіп жүргеніне үш жылдан асқан өнертану ғылымдарының докторы Молдияр Ергебековтің зерттеу нәтижесі, қазақ қоғамына «диагноз» қойғандай. Ойланып, ойымызды түзету үшін жол көрсететіндей. Тыңдар құлақ және сынды көтере алатын еңсе һәм кемшілікті жоюға деген ниет болса, әрине. 

Молдияр, Астанада «Сорос-Қазақстан» қоры өткізген «Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» атты конференцияда жариялаған зерттеуіңіз отандық дәстүрлі медиадағы «әйел тақырыбына» арналды. Оның нәтижесі біреуді күлдірсе, екінші біреуді ойландырды, үшінші адам оны жақтырмады... Дегенмен, залда отырғандардың басым көпшілігі бұл фактілермен келісті. Зерттеу не дейді?

- Жүргізген жұмысымның нәтижесін бір сөзбен айтсам: Қазақстанда журналистер, жалпы қоғам этика тұрғысынан өте сауатсыз. Ал, зерттеуге келсек, оның нәтижесі өте қорқынышты, қатты ойландыратын көрсеткіштер. Еліміздегі жалпы медиада әйел тақырыбына байланысты этикалық мәселе өте көп, бірақ мен солардың ішіндегі ең бастысын ғана атап көрсеттім. Соған сүйенсек, бізде медиада әйелдің 2 түрлі образы бар. Біреуі – әйелді қасиетті ана, адал жар, халыққа еңбегі сіңген әйел, ошақтың берекесі, «періште» бейнесіндегі әйел. Екіншісі – сексуалдық тұрғыдан көзге түсетін, жыныстық объект ретінде қаралатыны алға шығатын әйел образы. Басталғанына үш жыл болған зерттеуге дәстүрлі медиадан «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Казақстан заман», «Айқын» газеттерін алдым. Интернет порталдар: «Қамшы», «BAQ.kz», «Тенгриньюс», «Nur.kz», «Sn.kz». Әйел тақырыбына қатысты 2 телебағдарлама: «Қалаулым» және «Әйел бақыты».

Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті Халықаралық әйелдер күніне орай негізгі тақырыбын қалай әзірлегенін алдым. 2014 жылы газет басты бетіне «Мерекеңізбен, аяулы аналар!» деп жазады. 8 Наурыз – әйел құқығының мерекесі, яғни, гендерлік тұрғыдан әйел құқығының орындалуына қатысты проблемалар айтылатын күн. Әрине, қоғам әйел дегенде ол жайлы «ана» ретінде ой қалыптастырады. Барлық әйел ана бола алады, десек те, ана болу / болмау – әр әйелдің өз шешімі, өз таңдауы. Сол себепті, басылым бетінде осындай әйелге тек ана тұрғысынан қарау – біздің әйелді, кешірім өтінемін, жатыр арқылы, яғни оған бала туу тұрғысынан ғана баға беретінімізді білдіреді. Себебі, ана болғысы келетін, бірақ бола алмайтын жандар да бар, ана болу жасына жетпеген кішкентай қыздарымыз да бар, бұл жерде солардың құқығы ескерілмейді. Мереке – әйел құқығына қатысты мереке. Осы тұрғыда журналист әйелді осылайша жалпылама анаға теңесе, әйелдің адам ретінде құқығын ескермейді деген сөз. Бұл этикалық тұрғыдан үлкен мәселе. Бір қарағанда соншалықты бейкүнә боп көрінуі мүмкін, алайда барлық нәрсе алдымен тілде қалыптасатыны үшін тілімізді жөндеуге міндеттіміз. Ал, 2015 жылдан бері қарай «Егемен Қазақстанның» 8 Наурызда жазатыны: Мерекелеріңізбен, аяулы аналар, қадірменді арулар! Бұл жерде де проблема бар. «Ару» сөзі көне түркі тілінен таза, пәк дегенді білдіреді, яғни сыртқы сұлулық пен ішкі тазалық келіскен бейне. Десек те эстетикаға байланысты ұғымдардың ерекшелігі «ару» ұғымында да бар. «Ару» ұғымы «сұлулық» ұғымы сынды әркімге әрқилы, бұлыңғыр, абстрактілі ұғым. Оның үстіне, «ару» деген түсініктің сексуалдық мағынасы да бар. Аруға қандай мағына берсек те, оның бұлыңғыр болу ерекшелігінен құтқара алмаймыз. Бұл мерекенің нақты аты бар: Әйелдер мерекесі! Олай болса, республикалық саяси басылым, мемлекеттің қаражатына жарық көретін басылым этикалық талаптарды сақтауға міндетті. Себебі, олардың жынысы – әйел! Ана немесе ару емес, әйел.

Мысалы, sn.kz сынды ақпараттық порталдар әйелге «ана», «алтын құрсақты ана», «отбасының бақыты», «отбасының ұйытқысы», «әйел бір қолымен баланы тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген мағыналар жүктейді (https://sn.kz/kk/n-rly-zhol/9304-altyn-rsa-ty-analar-da-el-erte-ine-senimdi), алайда дел сол басылым әйелдерді жыныстық тұрғыдан объективизациялайды, тіпті әйелдердің басынан өткен «травмалық оқиғаларды» жыныстық тұрғыдан қоздырушы тілмен, жыныстық фантазияға айналдыра отырып баяндайды (https://sn.kz/kk/sn-kogam/32141-a-yry-zhez-kshe-ekensi-zh-mysy-dy-at-aru-a-tiissi-almatyly-jel-a-asymen-tkizgen-bir-t-ni-zhajynda-ajtyp-berdi). Бұл – екіжүзділік. Менің айтпағым да осы, яғни Қазақстандағы медиа әйелдің екі түрлі образын жасайды және екіжүзді әрекет етеді. Ақпарат құралының ұстанымы, саясатының өзі жоқ деген сөз. Десек те, ұстанымы бар деген «Қазақстан заман» газетін алсақ, онда да әйелді ақыл тыңдаушы ретінде қарастырады. Мысалы, «әйел – отбасындағы татулықтың кілті» дейді. Неге тек әйел? Неге отбасындағы жауапкершілік осылайша әйелге жүктеледі? Бұған журналисттің қандай қақысы бар? Бұл қоғамдағы стереотип болса, басылым басшылығы осы стереотиптердің әйел құқығын ескермейтініне неге ойланбайды?

Телеарналардағы бағдарламаларға қатысты нәтиже қандай?

- Теледидардағы әйел тақырыбына арналған ток-шоуларға тоқталсақ, олардың барлығы әйелге еркіндік сыйламайды, яғни біздің қоғамдағы стереотиптерді одан сайын шегелей түседі. Мысалы, «Әйел бақыты» бағдарламасын алсақ, ажырасқысы келетін, күйеуі қол көтерген әйелдер қатысты делік. Жүргізушінің әйелдерге деген жосықтарын «бәлкім, сен өзің кінәлі болған шығарсың, күйеуіңді осыған итермелеген шығарсың?» деген сияқты сауалдары арқылы сипаттауға болады. Яғни, бұл жерде мәселе тең құқықтық көзқарас тұрғысынан емес, «кәніні әйелден іздеу» тұрғысында қаралады. Бұл онсыз да қоғамда қалыптасқан стереотип, қате түсінік. Әйелдеріміз жұбайы қол көтерсе де, өлім аузына апарса да, қорғанбайды – өз құқығын өзімен бірге жерге таптатады. Себебі ол қыз-келіншектің артында іздеушісі ретінде ата-анасы тұрған жоқ. Керісінше, ата-ана, қоғам да кінәні қыздың өзіне артады: өзің сол жігітке тұрмысқа шықтың, шыда, «қайтып келген қыз жаман» дегендей... Медианың да, бәріміздің де қоғам алдында жауапкершілігіміз, миссиясымыз бар – ол ағартушылық. Осы жерде «медиа қоғамдағы жаңсақ пікірлерді де шегелей түсуі керек пе, әлде өмір сүруімізге кедергі келтіретін стереотипке қатысты ой тастауы керек пе» деген көкейтесті сұрақ бар. Өкінішке орай, әйел тақырыбына арналған бағдарламалар көбінесе қарабайыр болып келеді. Әйел құқығын сақтайтын, соларды қорғайтын жақтас емес. Әйелдің медиадағы картинасын салсақ, ол еркектің көлеңкесіндегі өз ойын білдіре бермейтін, құқығы, сұраушысы жоқ «бейшара» адам сияқты. Бір қызығы, «Қалаулым» бағдарламасы «Әйел бақытына» қарағанда әйелге «пайдалы» ой тастады. «Қалаулымда» әйелдер таңдау құқығы барын үйренеді, яғни ана болмаса, мына жігітті таңдау – бұл таңдау еркіндігі. Осылайша әйелдерге өз өмірін құрастыруда пассив болуды емес белсенді болуды дәріптейді. Әрине «Қалаулым» қоғамдағы әйел-еркек қатынасына байланысты өте консервативтік көзқарастарды қайта жандандыруда. Десек те «Әйел Бақытындағы» әйелдерге қарағанда «Қалаулымның» әйелдері әлдеқайда белсенді. Сонымен қатар «Қалаулым» қоғамдағы еркектеріміз бен әйелдеріміздің жалпы «нені қалайтынын» пародиялық тұрғыдан өте жақсы көрсетеді. Қоғамымыздағы еркектер мен әйелдердің затқа айналу үрдісін керемет көрсетеді. Бір-біріне қоятын сұрақтарына қараңызшы: Үйің бар ма? Көлігің бар ма? Қай жақтың тумасысың? Ата-анаммен тұруға қарсы емессің ба? Жалғыз тұрасың ба, әлде ата-анаңмен бірге тұрасың ба? Қандай жұмыс істейсің? Қатысушылар осылайша қоғамымыздағы адамдардың рухани құндылықтарға емес, материалдық құндылықтарға қаншалықты бой алдырғанын жақсы көрсетеді. Бәлкім, ең қатты сынға ұшырауының себебі де осы жерде шығар: Қоғамымыз алғаш рет экраннан өзінің шынайы образын «көріп отыр». Десек те «Қалаулымның» да еркін түрде жұбай таңдау және сүйіп қосылу сынды идеялары өз-өзін растамайды. Өйткені қоғамдағы жеңгетайлық институтының қызметін атқаруда. Екіншіден, үйлену практикаларының сыртында қалып қойғандарды үйлену нарығына қосса да, үйленуді бір техникалық методқа айналдыра отырып, стандартизациялауда. Қатысушылардың да, аудиторияның да, әсіресе әйелдердің сеніміне кіре отырып, отбасы институтын шегелеуде. Бұл да қоғамның қарсылығын тудырып отырған екінші себеп. Яғни, бағдарламадағы әйелдердің белсенділігі.

Теледидарға қатысты және бір маңызды жайт – әйелдердің қандай тақырыптағы бағдарламаларды жүргізетіні. Бұл да маңызды. Қарап отырсаңыз, саяси, экономикалық байсалды бағдарламаларды еркектер жүргізеді. Жалғыз ғана салмақты деген бағдарлама – «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Дара жол» бағдарламасын есепке алуға болады. Әйел жүргізетін салмақты хабар осы ғана. Елімізде әйел тележүргізушілер, негізінен, көңіл көтеретін бағдарлама жүргізеді.

Ақпараттық сайттардан не анықтадыңыз?

- Ақпараттық сайттарда да әйелдердің жоғарыда айтылған екі образы басым. Сонымен қатар жаңа медиада көбінесе қылмыстың, үй ішіндегі зорлық зомбылықтың, апаттың құрбандығы ретінде бейнеленеді. Осылайша әйел қылмыспен, баласын өлтіру, тастап кету, жол апаты сияқты жағымсыз образбен байланыстырылады. Бұл дегеніміз ақпараттық порталдар әйелдерді тек қана жағымсыз оқиғаларда көреді деген сөз. Бұл жағдай оқырмандардың санасында әйелдердің жағымсыз образын қалыптастыруына, шегелеуіне себеп болуы мүмкін.

Жалпы Қазақстандық медиа патриархалдық сезімге толы. Бұған себеп – қоғамдық ұстаным сондай. Осы кемшілік бала кезден бастап, мектеп, жоғарғы оқу орнында да гендерлік, құқықтық тұрғыда оқытылмайды. Қыз бала «қыздың жолы жіңішке», «еркектің жолын орама» дегендей ұғымдарға қанып өседі. Ер бала болса, бәсекеге қабілетті, билікке ұмтылған образда тәрбиеленеді. Бұл түсініктерге сын айтылмайды, себебі жоғарыда айтылған түсініктер қазіргі қоғам үшін норма. Мектепте де гендерлік құқыққа қатысты білім берілмейді. Журналистика факультетінде де оқытылмайды. Міне, себеп осында жатыр. Бұл мемлекеттің саясаты емес – қоғамның саясаты. Мемлекеттің идеологиясы емес, бірақ қоғамның идеологиясы. Проблема осында. Қазақстан БҰҰ «Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына» 1998 ж қол қойғанмен, олар іс жүзінде жұмыс жасап жатқан жоқ. Неге? Өйткені, қоғам заңдарды орындауға құлықты емес. Бұл мәселеде еркекті былай қойғанда, әйелдің өзі дұрыс түсінбегендіктен, өзгеріске қарсы шығып жатады...

Қоғамның саясаты дегенде, бұл жерде танымал әнші, жұлдыздарды да мысал келтіруге болады. «Мен еркекпін» деген сияқты әндерді алсақ, бұл барып тұрған маскулен комплекс. Мұндай әндер – травмадан туындаған әндер. Бұл – патологиялық симптом! Айталық, кезінде Сәкен Майғазиев «Қытайға немесе өзге нәсілді азаматтарға  тұрмысқа шыққысы келіп, тұқымын бұзғысы келген қыздар қазаққа да жақсылық әкелмейді» деді (http://stan.kz/saken-maygaziev-tukymyn-buzgysy-kelg/). Адам құқығы жөніндегі халықаралық конвенция бойынша бұл әрекетіңіз үшін, жауапқа тартылар едіңіз. Қамшымен әйелін сабаған әнші сияқтыларды да құқықтық тұрғыдан жауапқа тартылуы тиіс. Өйткені бұл әрекет қоғамға ғадауатты, өшпенділікті дәріптейді.  Осыған байланысты заң бар. Белгілі әнші Қыдырәлі Болмановтың жолдасы Қарақат Әбілдинаға «екінші әйел алып беру» туралы хабарды сахнадан баршаға айтуды қалауының өзі әйелге беріп отырған бағамыздың қаншалықты құнды екенін көрсетеді.

Бәлкім, бұл жерде мәселе сауаттылықта шығар? Халық Сіз атап кеткен конвенция жайлы, ол қабылданғаннан кейін елімізде әйел құқығына қатысты қабылданған қаулы-қарар, заңнамалар жайлы білмейтін шығар? Әйтпесе, жарайды, күйеуінен зәбір көрген келіншектің ата-анасы қолдамаса, артында «заң бар» екенін білген адам өз құқығын қорғауға талпынбайды ма?

- Әрине, сауаттылық мәселесі де бар. Ең аз кітап оқитын елдердің біріміз деп ойлаймын. Оған нарықтағы кітап дүкендерінің аздығы, бар болғандарының өзінің пайда таба алмайтындығы күә. Біз оқып емес, естіп білуді ұнатамыз.  Ажырасып, сауатсыздықтың салдарынан алиментін ала алмай жүрген әйел қаншама... Одан басқа әйелдің бойында соттан жеңіс таппаймын деген күдік те басым. Өйткені, бірінші кезекте «ол өзін емес, ел не ойлайды, ел не айтады» деп кәнілайды.

1960-70 жылдары БҰҰ Юнеско тарапынан этика тақырыбы бойынша зерттеу жасады. Ал Англияда корольдік комитет мұндай зерттеуін 1930ж жүргізген еді. АҚШ-та 1940 жылдары зерттеулер жасала бастады. Әртүрлі мемлекеттер өздерінің БАҚ туралы заңында этикаға қатысты норма қабылдауды қарастырды, бірақ ол құжаттың айтарлықтай ықпалы болған жоқ. Өйткені ондай заң қабылданса, этикаға қатысты нормалар цензураға айналып кетуі мүмкін еді. Сондықтан дамыған елдерде әр медиа құрылымы өзінің «этикалық кодексін» қабылдады. Ол этикалық кодекстер халықаралық нормаларға сәйкес жазылады. Гендерлік, діни және адам құқығының сақталуына қатысты басқа да нормалар БАҚ-тың этикалық кодексіне міндетті түрде кіреді де, журналисттер ол нормаларды сақтайды. Менің ойымша, Қазақстанда да солай болуы тиіс.

Қазақстанда жоғарғы білім беру жүйесінде оқытылатын міндетті пәндердің типтік бағдарламасы бар. Сіз сабағыңызды осы бағдарлама бойынша оқытуға міндеттісіз. Еліміздегі «Медиа этикасының» бағдарламасымен танысқанымда, расында да оның мазмұнының қалай киіну, қалай отыру керек деген сияқты сыртқы келбетке байланысты талаптардан тұратынын көрдім. Яғни, Қазақстанда медиа этикасы деген ұғымның астарында «этикет» жатыр. Яғни Қазақстанда ғалымдардың өздері де этика тақырыбында сауатсыз.

Елімізде «Журналисттер одағының» бастамасымен «Қазақстан Республикасы журналистінің этикалық кодексі» атты құжат қабылданған, онда «журналисттің қоғамдағы моральдық және этикалық принциптердің нығаюына ат салысатыны, журналист қызметінің қоғамға зиян келтірмеуі» жайлы жазылған. Алайда бұл құжат барлық журналистті кодекс нормаларын ұстануға міндеттемейді, ондағы нормаларды орындау-орындамау – әр журналисттің ұятына жүктелген. 

Жақсы, бұл  зерттеуіңіз қазақ тілді ақпарат құралдарына қатысты. Ал орыс тілді әріптестерде жағдай қалай екеніне назар аудардыңыз ба?

- Бұл тұрғыда, орыс тілді БАҚ гендерлік құқықты әлдеқайда сақтайтынына көз жеткіздім. Оларды зерттей бастағаныма екі айға жуық уақыт болды. Әйел проблемасына өте сезімтал. Бірақ «КТК» арнасының орыстілді бағдарламалары ондай емес. Онда сексисттік көзқарас басым. «31» арнада да жағдай сондай. Бір ғана мысал, бұл телеарналарда жол апаты жайлы ақпарат берсе, міндетті түрде оны әйел жасады деген акцент жасайды. Бұл патриархалдық көзқарасты білдіреді. Алайда «АвтоАдвокат» компаниясының зерттеуіне жүгінсек, елімізде жалпы жол апатының 55% еркектер себепкер. Қалған 45% әйелдердің үлесінде. Тағы бір қызықты жайт – еркектер себепкер болған жол апатының орташа шығыны 336 720 теңгені құраса, әйелдерге қатысты жол апатының орташа шығыны – 129 143 теңге. Яғни әйелдер көлік жүргізгенде, өте мұқият болады және өзгелерге құрметпен қарайды.

Қызық екен. Бұл Қазақстандағы алғашқы зерттеуіңіз. Сіз «Медиа этикасы» пәнінен Газиантеп (Түркия), Манас (Қырғызстан) университеттерінде дәріс бердіңіз. Юта (АҚШ) университетінде Орта Азиядағы мәдени трансформациялар жайлы сабақ бердіңіз. Шетелдік медиаға қатысты зерттеу жүргізіп көрдіңіз бе?

- Бұл сараптама тәжірибемдегі алғашқы жұмыс болғанмен, шетелдегі жағдаймен, өзге елдегі сараптамалармен таныспын. 1970 ж дейін АҚШ теледидарларында әйелдер тек ауа райына қатысты бағдарламаларды жүргізген. Әсіресе Элен Дубойс, Роби Деборактың зерттеулері АҚШ-тағы жағдайдың оңалуына ықпал етті. 1940 ж бергі уақыттағы теледидардағы әйелдің алатын орнына сараптама жасаған Деборактың зерттеуі назар аударарлық. 1940 жылдары АҚШ барлық теледидарында тек бір әйел журналист жұмыс істеген. 1960 жылдары әрбір арнада бір ғана әйел тележүргізуші жұмыс істей бастайды. Бұл әйелдер не әйел тақырыбына қатысты бағдарламаны не ауа райын ұсынады. Осы жылдары батыста феминисттік сын үдей түседі, нәтижесінде 1970 жылдары батыс медиасында әйелдер белсенді түрде ат салыса бастайды. Соның өзінде 1990 басында АҚШ теледидарының тележүргізушілер санының 85% еркектер құраған, қалғаны әйелдер. Және маңызды дерек – жарнама, әлеуметтік роликтерде дубляжды 90% еркектер жүзеге асырған. Қазіргі таңда бұл тұрғыда батыс 50/50 көрсеткішіне жақындап қалды.

Мұндай зерттеудің ықпалы, әсері қаншалықты? Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсеңіз

- Біз ғалымдар зерттеуді құр жасап қоймай, қоғамға ықпалды да болғымыз келеді. Жай ғана зерттеуді жариялап, тып-тыныш ғылыми атағымызды алып отыра беруге де болады. Алайда ғылыммен айналысатын адамдардың да қоғамдық жауапкершілігі бар. Әсіресе жалпы адам және табиғат құқығына байланысты мәселелерде сезімтал болуға міндеттіміз. Өйткені барлық мәселе осы екі мәселеден туындайды. Егер осы проблемалар құқықтық тұрғыдан дамыған мемлекетте айтылса, адамдар бірден мән берер еді, ойланар еді, өздерін сынға алар еді. Тым құрығанда, әркім өз ісіне ойланар еді. Ал бізде, өкінішке орай, бірден сен жайлы жаман ойлайды, ниетің жаман деп түсінеді. Кейбіреулер: бәлкім, сені біреулер арнайы қаржыландыратын шығар деп те күдіктенеді. Осындай, өкінішке орай, далбаса пікірлерге кезігесің. Әйтсе де зерттеу әлі жалғасады. Кейін басып шығару жоспарда бар. Биыл қазақ киносындағы әйел образы атты мақаламды жарыққа шығарамын деген ойдамын. Ол ағылшын тілінде шығады. Ал медиадағы сараптамамның бір ұшын әзірге осы «Сорос-Қазақстан» қоры өткізген конференцияда ғана жарияладым.

Еш қиындыққа қарамастан, біз 5-6 адам бір жобаны бастадық. Қазақстандағы гендерлік мәселелерді экономикадан бастап, мәдениетке дейін зерттеп шығамыз. Менікі соның ішінде мәдениет және медиа саласындағы әйелдер жағдайы. Мен медиа мен кино бағытын зерттеймін. Осы жоба арқылы біз Қазақстандағы гендерлік саясат қаншалықты гендерлік саясат болып табылатынын анықтамақшымыз. Қазақстанда әйелді үнемі отбасылық контекстте ғана сипаттайды. Бұл үлкен проблема, себебі әйел тек отбасы мүшесі емес, сондай-ақ қоғам мүшесі болуы керек. Сол себепті әйелдерді бөлек, отбасын бөлек қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, «Отбасы және әйел» аттты қоғамдық ұйымдар бар. Бұл жердегі атаудың өзі қате ұғым қалыптастырады. Әйел мәселесі немесе гендерлік мәселелер деп қарастыруымыз керек.

Әйтсе де, болашақта жағдай жақсы жаққа өзгеретініне үмітім өте мол. «Сорос-Қазақстан» қоры өткізген конференцияда танымал әнші Жеңіс Ысқақованың пікіріне қатты риза болдым. Бізде, өкінішке орай, әншілер саяси өмірге араласпайды, араласса да қоғамдық стереотиптерді қайта өндіреді. Оларға той, клиенттері маңызды.

Әйел құқығымен санасу дегенді қоғам қалай түсінеді деген сұрақ туындайды. Бүгінде табысты да өзім әкелемін, отбасындағы билікті де өзім жүргіземін деп, ер азаматын сыйламайтын әйелдерді көруге болады... 

- Біреуді билеп-төстеу - патриархалдық қасиет. Билік жүргізгісі келетін әйел де, еркек те болуы мүмкін. Бұл жерде мәселе жыныста емес. Бұл жерде мәселе патриархалдық сана-сезімде. Күйеулерін езіп, оларға әкіреңдейтін әйелдер әйел болғандықтан, солай жасап жатқан жоқ, еркектік бір сезіммен жасап жатыр, патриархал санамен жұмыс істеп жатыр. Феминистік көзқарас бұған да қарсы. Феминисттік көзқарастың мақсаты, патриархатты жойып, матриархат орнату емес. Феминисттердің мақсаты – қоғамның баршамызды жынысымызға, нәсілімізге, дінімізге, саяси көзқарасымызға қарап бөлмей, адам ретінде тең құқылы өмір сүру. Сәйкесінше, қоғамдағы жауапкершілік те баршаға ортақ, бірдей. Ешкім ешкімді жынысына қарай билеп-төстемеуі тиіс. Біз бір-бірімізді сыйлап, түсініп, жарқын да бақытты болашаққа қол жеткізгеніміз абзал.

Бұл жерде физиканы, жаратылысты, көне қытайлық «инь-ян» түсінігіне қатысты не айтасыз? Бойдағы балансты ұстап тұру үшін де мықты сана қажет

- Әлбетте, кезінде Платон айтып кеткен бұл түсінікті бүгінде ғылым да дәлелдеп берді. Қарым-қатынас тұрғысынан алғанда, әйел мен еркек қашанда жауапкершілікті теңдей алуы керек. Бұл жерде теңдей дегенде, еркектің «мен еркекпін», «бала туасың», «тәрбиелейсің» деп, әйелді билеуі мағынасында емес, социализацияны ескеру. Әйелдің барлық құқыққа ие екендігін ескеру, оның құқығымен санасу. Әйелдің қоғаммен араласуы, сонымен қатар әйел мен еркектің экономикалық тұрғыдан бір-біріне тәуелсіздігі де өте маңызды. Яғни, сіздер бір-біріңізді жақсы көргеніңізбен қатар, экономикалық тұрғыдан бір-біріңізден тәуелсіз болсаңыз, екеуіңізге де жақсы. Дені сау қарым-қатынас деген осы. Мысалы, баланы әйел дүниеге әкеледі де, бар ауыртпалықты да көретін әйел, алайда бұл жерде жауапкершілікті: баланы күтуге, бағуға еркек те әйелмен тең көңіл бөлісуі керек. Осыған эмпатия құруы керек. Бала үшін түн ұйқысын төрт бөлетін әйелдер, жөргегін ауыстыру, баланы далаға шығару деген сияқты сәбиді күтудегі жұмыстың көбін әйелдер жасайды. Көп жағдайда еркектер бастарын қатырмайды. Онда сен не үшін әке болып жүрсің? Мысалы, түнде бала жылады, әйел тұрып, емізді, ал сен еркек ретінде көмегің сол болсын – тамақтанған сәбидің ішіне жел жиналады, әйел баланы емізіп болған соң, біраз көтер, ішіндегі желін шығар, яғни әйеліңмен бірге тұр. Осы тұрғыда, жалпы қарым-қатынаста барлық жауапкершілік қарапайым істен басталады. Бала да мұны сезіп-біліп, ананың да, әкенің де махаббатын алып өседі. Олай болса, арғы ұрпақ та гендерлік тұрғыда сауатты болып өседі.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Салтанат Әскербекқызы

Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе, мына парақшаға жазып қалдырыңыз!

Abai.kz

0 пікір