Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
4101 4 пікір 4 Мамыр, 2018 сағат 10:49

Ұлттық банктің құқығын күшейтіп, екінші деңгейлі банктердің жауапкершілігін арттыру керек

Қаржы секторын экономиканың күретамыры деп орынды айтады. Банк жүйесі әлемдік және ұлттық экономикадағы өсім мен құлдырауға дер кезінде бейімделе білу арқылы мемлекеттің қаржылық-экономикалық ахуалына тікелей әсер етеді. Елімізді ілгерілетуге бағытталған бағдарламалардың табысты жүзеге асуы банк жүйесінің тиімді жұмысымен тығыз байланысты.

Соңғы кезде банк секторы жұмысының сапасына қатысты сын-пікірлер айтылуда. Сыни көзқарастағы осындай пікірлердің қаншалықты орынды айтылғанын бағамдап, оған себеп болған нақты жағдайларды анықтауымыз қажет. Бұл жөнінде бүгінгі тыңдау барысында да келелі ой-пікірлер айтылады деп ойлаймын. Дегенмен, бүгінгі күннің өзінде банк менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмай, жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсете алмағанын өкінішпен мойындауымыз керек.

Бұл өз кезегінде экономикалық жүйенің тұрақтылығына теріс әсер етіп, халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсірете түсті.

Мемлекет басшысы қаңтар айындағы Жолдауында қаржы секторына серпіліс қажет екенін атап көрсеткен болатын. Еліміздің қаржы жүйесін реттейтін негізгі құрылым – Ұлттық банктің алдына екінші деңгейдегі банк жүйесінің жұмысын қадағалаумен қатар, банк портфелінің жағдайын сауықтыру мен берілген ипотекалық қарыздар мәселесін шешу міндеті қойылды. Сонымен қатар, Президент банктердің портфельдерін «нашар» несиелерден тазартып, банктерден қаражатты шығаруды тоқтату жөнінде өте орынды талап қойды.

Елімізде Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылды. Осы бағдарлама шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан банктерге мемлекет тарапынан қомақты қаржылық қолдау көрсетілді.

Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде банк саласындағы жағдай біршама тұрақталып, заңды және жеке тұлғалар салымдарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды.

Бұл ретте, мемлекеттік қаржы ресурстарының есебінен мүмкіндігі төмен банктерге қолдау көрсету жөніндегі мәжбүрлі шаралардың соңы осы болар деп үміттенеміз. Мұндай саясат кейбір банктердің мемлекеттің қолдауына иек артып, қаржы саласындағы әділетті бәсекелестіктің бұрмалануына жол берумен қатар, банк секторы жұмысының тұрақтылығы мен беделіне теріс әсер етеді.

Біздің ойымызша, Ұлттық Банк қызметі негізінен қаржы жүйесіндегі тәуекелдер мен осы саладағы пайда болуы мүмкін құрылымдық түйткілдерге алдын ала баға бере отырып, қордаланған мәселелерді реттейтін тиімді тетіктерді кешіктірмей іске қосуға бағытталуы керек.

Бизнесті ұзақ мерзімге, тиімді мөлшерде несиелендіру арқылы ел экономикасының өсімін ынталандыру банк жүйесінің басты мақсаты. Біздің алдымызда банк саласында ықтимал қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыру міндеті тұр.

Біз банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға басымдық беруіміз қажет.

Бұл қаржы саласын реттеу мен қадағалау жүйесін заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіре түсуді талап етеді. Парламент, өз кезегінде Сенат Ұлттық банктің қаржы саласын реттеу мен қадағалауды одан әрі жетілдіру жөніндегі бастамаларын қолдауға дайын.

Қажет болса, тиісті заңдарға түзетулер енгізу арқылы Ұлттық банктің құқығын күшейтіп, екінші деңгейдегі банктердің иелері мен акционерлерінің жауапкершілігін арттыру керек.

Мемлекет басшысы жағдайы күрделі банктердің қызметін орынды сынға алып, олардың акционерлерінен банк секторын сауықтыруға өз қаржыларын салуды және бұрын алған ақшаларын қайтаруды талап етті.

Бұл ретте банк акционерлеріне және олармен байланысы бар тұлғаларға несие беруге заңмен шектеу қою керек. Бұл өз кезегінде банк активтерін шығарып әкетуге тосқауыл қоятын болады. Сенат осы маңызды шараға өз үлесін қосуға дайын.

Көптеген банктердің айналымын «нашар» несиелерден тазарту жұмыстарын аяқтау қажет.

Қазіргі кезде Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама жиырма мыңнан астам азаматтың басындағы жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағдарламаны іске асыру арқылы қарыз алушыларға түскен ауыртпалық айтарлықтай азайтылды. Оларға банктердің алдындағы міндеттемелерін орындау үшін тиімді мүмкіншілік жасалып отыр.

Тағы бір айта кететін маңызды мәселе – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру жөнінде. Себебі, жалпыға бірдей түсінікті, қарапайым тілдегі қаржы саласындағы ақпараттың жетіспеушілігі азаматтар тарапынан тиімсіз шешім қабылдауға әкеп соқтыруда. Сондай-ақ қаржылық қызметтер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі, алаяқтық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуы қаржы жүйесіне деген сенімді төмендетіп отыр.

Ұлттық Банк жоғарыда аталған мәселелерге кеңінен көңіл бөліп, қордаланған мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін екінші деңгейдегі банктермен кешенді жұмыстар жүргізуі қажет.

Құрметті тыңдауға қатысушылар!

Бүгінгі банк жүйесі ел экономикасын одан әрі жаңғыртудағы жаңа міндеттерді орындауға және азаматтардың заман талабына сай сұраныстарына әзір болуы тиіс.

Қаржы институттарының сенімді болуы қаржылық тұрақтылықты сақтап қалуда ерекше маңызға ие.

Банк қызметінің тұрақты дамуы тұтастай алғанда мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі талқылаудың нәтижелері ұлттық банк жүйесін жетілдіруге өз септігін тигізеді деп сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев,

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы

 

«Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөлі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда сөйлеген сөзі

(2018 жылғы 4 мамыр)

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1448
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1295
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1050
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1104