Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4147 0 пікір 3 Ақпан, 2011 сағат 06:37

Батырхан Дәрімбет. Қазақ әдебиеті тарихына қайта оралуымыз керек

БАТЫРХАННЫҢ БАСТАМАСЫ

Азаттығымыздың 20жылдық тарихына өзінше үлес қосқан азаматтар жеткілікті. Соның бірі - марқұм, журналист,филолог, саясатшы Батырхан ДӘРІМБЕТ.

Мына мақаланы Батырхан Дәрімбет осыдан он төрт  жылдай бұрын жазған екен. Мұнда сөз болған қазақ әдебиетінің  отаршылдық кезеңдегі  таптық күресті, социалистік реализмді,отаршылдыққа көнбістікті,         отаршылық құрсауында қала беруді

мадақтау   негізінде       жазылған әдебиетімізге кезінде берілген бағаны қайта қарау керек деген Б.Дәрімбеттің  ой-пікірлері  бүгінгі таңда күн тәртібіне айшықты әріппен қайта

қойылуы  тиіс деп ойлаймын. Бұл пікір биыл 20 жылдық тәуелсіздікті тойлау жылында қаншалықты қажет екені айдан анық.

Бұрынғы қалыппен қазақ әдебиетінің нағыз рухани түлеуінің, еркіндікке аңсауының шырқаған шыңы кеңес заманы болды деген    қасаң пікір өзгерген жоқ.  Мектеп, білім беру оқу орындары осы бағыттағы көзқарасты санаға енгізуді жалғастыруда.      Қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиеттану саласы  сол баяғы кеңестік сана қалпында..

С.Жүсіп

 

Батырхан  Дәрімбет. Қазақ әдебиеті тарихына қайта оралуымыз керек

БАТЫРХАННЫҢ БАСТАМАСЫ

Азаттығымыздың 20жылдық тарихына өзінше үлес қосқан азаматтар жеткілікті. Соның бірі - марқұм, журналист,филолог, саясатшы Батырхан ДӘРІМБЕТ.

Мына мақаланы Батырхан Дәрімбет осыдан он төрт  жылдай бұрын жазған екен. Мұнда сөз болған қазақ әдебиетінің  отаршылдық кезеңдегі  таптық күресті, социалистік реализмді,отаршылдыққа көнбістікті,         отаршылық құрсауында қала беруді

мадақтау   негізінде       жазылған әдебиетімізге кезінде берілген бағаны қайта қарау керек деген Б.Дәрімбеттің  ой-пікірлері  бүгінгі таңда күн тәртібіне айшықты әріппен қайта

қойылуы  тиіс деп ойлаймын. Бұл пікір биыл 20 жылдық тәуелсіздікті тойлау жылында қаншалықты қажет екені айдан анық.

Бұрынғы қалыппен қазақ әдебиетінің нағыз рухани түлеуінің, еркіндікке аңсауының шырқаған шыңы кеңес заманы болды деген    қасаң пікір өзгерген жоқ.  Мектеп, білім беру оқу орындары осы бағыттағы көзқарасты санаға енгізуді жалғастыруда.      Қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиеттану саласы  сол баяғы кеңестік сана қалпында..

С.Жүсіп

 

Батырхан  Дәрімбет. Қазақ әдебиеті тарихына қайта оралуымыз керек

Қазақ әдебиетін әлемдік сөз өнерінің бір бөлшегі деп қарайтынымыз да белгілі. Алайда Кеңес заманында  «Жаңа тұрпатты революцияшыл әдебиет жасаймыз» деген айқайшылар қазақ әдебиетін әлемдік процестен бөліп алып, жаңа арнаға салғысы келді. Әдебиетіміз жетпіс жыл бойы ұлы дариядан бөлініп қалған жылғадай жеке дара өмір сүрді. Осы кезеңде қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының тарихы мен мәдениеті де бір ғана көзқарас арқылы бағаланды. Яғни барлық салада тек қана тап күресін мойындайтын, дүниеге 1917 жылғы  Қазан төңкерісінің көзімен қарайтын көзқарас берік орын алды.

Сөйтіп, 1934 жылдан бастап совет кеңістігінде қуғын-сүргінді  тоталитарлық жүйеге арқа сүйеген біржақты көзқарас салтанат  құрды. Кеңес үкіметі өзінің бүкіл саясатын тоталитаризм арқылы жүргізсе, дәл сол сияқты социалистік реализмнен басқа бірде-бір әдеби көзқарасты көзге ілмеді, өзге пікірге үрке қарады. Оларды жанталаса теріске шығаруға тырысты.

Осындай қытымыр кезеңде қалыптасқан қазақ әдебиеттану ғылымы тек коммунистік идеологияның жетегінде жүрді және соның айдауына көнді. Айтқанынан шықпады. Коммунистік идеологияның «артықшылығын» ғылыми түрде «дәлелдеуге» тырысты. 20- жылдарда Мағжандар көтерген «Өнер  -  өнер үшін» деген қағида «байшыл-ұлтшылдардың дұшпандық пікірі» саналды да әдеби шығармашылық, сөз еркіндігі бір партиялық жалғыз қағидаға бағындырылды. Сол себепті де әдебиетіміздің жүріп өткен жолын түсіндіру мен бағалауда біржақтылыққа ұрындық.

Әдебиеттің теориялық мәселелерін қозғамағанның өзінде оның тарихи жолын көрсетуде тұрпайы социологиялық пайымдау басым болды. 1960-жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тарихы екі-үш ғасырдан аспайтын. 70-жылдарда әдебиет тарихын тағы бір-екі ғасырға әрі жылжытқандар болды. Соның нәтижесінде әуелі «Үш ғасыр...», кейін «Бес ғасыр жырлайды» деген түсініктер пайда болды. Десек те, мұның өзі де әдебиетіміздің тарихын қазақ хандығының құрылу кезеңінен әрі аса алмады. Әдебиетіміздің бұл тарихы да коммунистік идеологияның, соған қосақталған ұлы державалық орыс шовинизмінің талабынан онша алыс емес еді. Кеңес Одағына біріккен ұлттардың ішіндегі ең ірісі де, ең ежелгісі де орыс ұлты болуға тиіс болатын. Ал «қазақ сияқты ұсақ ұлттар кеңес дәуірінде ғана ұлт болып қалыптасты». Осы қағидадан қара үзіп шыға алмаған әдебиетші-ғалымдар одан әріге тереңдеп бара алмады. Кейінірек, 80-90 жылдарда ғана Қожа Ахмет Иассауи, Бақырғани, Махмуд Қашқарилардың еңбектерін зерттеуге ұсыныс жасалды. «Қорқыт Ата кітабы» қазақшаға аударылды. Бірақ бұның бәрі де жүйелі түрде зерттеліп, қазақ әдебиетінің ежелгі мұрасы ретінде көрсетілмеді.

Күлтегін, Иоллыг тегін, сына жазулары тарихи деректер ретінде ғылыми айналымда болғанымен, бұлар ежелгі қазақ әдебиетінің нұсқалары ретінде зерттелмеді.

Бұндай бұрмалаушылықтар қазақ әдебиетін дәуірлеу, яғни оның жүріп өткен тарихи жолына қарай дәуір-дәуірге бөліп зерттеу ісіне көп зардап тигізді. 20-30-жылдарда «хандық дәуір әдебиеті», «ұтшыл- байшыл дәуір әдебиеті», «Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі әдебиет» деген кезеңдерге бөліп зерттеу белең алса, онан кейінгі дәуірде «XV-XVIII ғасыр әдебиеті», «Х1Х ғасырдың бас кезіндегі әдебиет», «Қазақ совет әдебиеті» деген сияқты кезеңдерге бөлу басымдық алды. Әдебиет тарихын бұлай бөлу алғашқысында таза таптық тұрғыдан көрінсе, екіншісінде таза тарихи тұрғыдан ғасыр-ғасырға бөлуге жол берілді. Мұның екеуі де әдебиет тарихын саясиландырудың амалы еді.

Қазақстанның өзінің тәуелсіздігімен қайта қауышқан алты жыл ішінде рухани түлеудің кейбір нышандары болғанымен, әлі де болса қасаң қағида мен ескі догмалардан арыла алмай отырмыз. Соның ішінде әдебиеттану саласында қалыптасқан кейбір көзқарастар сол қалпында өмір сүруде. Бұлардың қатарына қазақ әдебиетінің дәуірлеу проблемасы да кіреді. Тәуелсіздік талаптарына сай

әдеби қағидаларды жаңа көзқарас талабынан қайта қарау қажеттігі туса да бұл мәселеге  ұлшына кірісіп жатқандар байқалмайды.

Біз өз тарапымыздан қазақ әдебиетінің тарихын мынадай үш дәуірге бөліп қарауды ұсынамыз: 1. Ортақ түрік әдебиеті. 2. Жыраулар әдебиеті 3. Отаршылдық кезеңдегі әдебиет. Бұлар өз ішінен бірнеше бөлікке бөлінуі де мүмкін. Мысалға, мұсылман дәуіріне дейінгі ортақ түрік әдебиеті және мұсылман дәуіріндегі ортақ түрік әдебиеті. Отаршылдық кезеңдегі әдебиет те екіге бөлінуі мүмкін: а) Отаршылдыққа қарсы әдебиеті ә) отаршылдыққа мойынсұнған әдебиет.

Енді бұл ұсынысымыздың дәлелдеріне келелік. Ежелгі түрік әдебиетінің алғашқы үлгілері деп Орхон-Енисей жағасындағы тасқа қашалған дастандарды айтамыз. Ескі түрік тілінде жазылған бұл тас ескерткіштер мен шағатай тілінде жазылған Қожа Ахмет Иассауидің «Хикметтері» арасындағы бүкіл сына-жазба жәдігерлер мұсылман дәуіріне дейінгі қазақ-түрік әдебиеті ретінде зерттелуге тиіс. Бұл дәуір Ұлы Көктүрік мемлекетінің, Батыс-Шығыс түрік қағанаттарының, Қарахан мемлекетінің тарихымен бірге зерттелуге тиіс. Бұл мемлекеттердің барлығы да қазіргі Қазақстанның аумағында өмір сүрген, астаналары да қазақ топырағында болған. Сондықтан да бұл дәуірдегі тарихтың да, әдебиеттің де, мәдениеттің де мұрагерлігінен қазақтарды сызып тастауға ешкімнің құқы жоқ деп білеміз.

Әрине, ежелгі тарих пен әдебиетті зерттеу  -  өте ауыр әрі тұңғиық сыры көп қиын шаруа. Орхон-Енисейден табылған тас жазулар сияқты жазба ескерткіштер қазіргі Қазақстан аумағында да мол болған, бірақ араб қолбасшысы Құтайба Қазақстанды қалың қолмен басып алғанда жазуы бар тастарды, адам суреті бейнеленген балбалдарды қиратуға бұйрық берген. Сондықтан да мұсылманшылық қанат жайған жерде түрік заманының ескерткіштері, ілуде біреу болмаса, түгел жойылған. Балбал  тастардың  қазіргі Украинаға қарайтын жерлерде, өлкелерінде, ал тасқа қашалған  жазулардың моңғол жерінде сақталып қалу себебі де осы. Көктүрік заманында бұл жерлердің бәрі де Ұлы Түрік қағанатына бағынышты болатын.

Мұсылман дәуіріндегі ортақ түрік әдебиетін яғни Қожа Ахмет Иассауи, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Әлішер Науаи және тағы басқаларының қаламынан туған асыл дүниелерді қазақ әдебиетінің төл туындысы ретінде зерттеуіміз қажет. Бұл дәуір түрік тұтастығының ажырамаған кезі, түрлі мемлекеттерге бөлінгенімен, бір тілдің, бір діннің аясында өмір сүрген кез. Ең бастысы, бұл кезде бүкіл Түрік дүниесінің рухани тұтастығы бар еді.

Бұдан кейінгі дәуірде, әсіресе Алтын Орда және Қазақ хандығы тұсындағы жыраулық дәстүр басты сипат алды. Бұл мемлекеттер, негізінен, көшпелі өркениеттің дамыған түріне жататындықтан, суырып салма жыраулық дәстүр кең қанат жайып, ел басқару ісіне дейін араласты. Жыраушылық дәстүр  әдебиетін де мән-мазмұнына қарай екі дәуірге бөлуге болады: Ноғайлы заманындағы жыраулар әдебиеті және Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар әдебиеті. Ноғайлы заманының көрнекті тұлғалары  -  Сыпыра, Қазтуған, Доспамбет, Шалгез жыраулар. Қазақтар өз алдына ел болып, жеке отау тіккенде Асан Қайғы бастаған жеке дәстүрдегі жыраулар әдебиеті Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, Тәтіқараларға ұласып, өзіндік бір көркемдік әлем құрайды. Ноғайлы дәуірінде жыраулар ыдырап бара жатқан Алтын Орданың бірлігін, тұтастығын аңсаса, Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар сырттан келген дұшпанға қарсы елдің басын біріктіру, ел болып соған табанды қарсы тұру идеясын уағыздады.

Бұл дәуірге ортақ қасиет  -  жыраулық өнердің біртектілігінде және көркемдік құралдың ұқсастығында. Сыпыра жыраудан басталған дәстүрдің замананы көктей өтіп, ХХ ғасырға дейін ұласқанын білеміз. Ал бұл дәстүрдің бастау-бұлағы Көктүрік заманындағы тас-сына жазуларындағы ерлік, елдік, бірлік идеясы екені де аңғарылады. Осының өзі-ақ жыраулар әдебиетінің Көктүрік заманындағы ежелгі әдебиет үлгілерінің заңды жалғасы екенін білдіреді. Осы дәстүрді ХХ ғасырға бар қадыр-қасиетімен жеткізе алған қазақ халқы ежелгі түрік мәдениетінің бірден-бір мирасқоры екені де сөзсіз.

Қазақ даласына орыс патшасы көз аларта бастағаннан-ақ әдебиеттің мазмұны өзгеріп сала берді.Тәуелсіз қазақ мемлекетінің бас жырауы  -  Бұқардың өзі солтүстіктен төніп келе жатқан қауіпті алдын-ала сезіп, «Қарағай басын шортан шалатын» заманның туып келе жатқанынан хабар берді. Орыс патшасының қазақ жеріне қолын шеңгелдеп салғанын сезген Махамбет, Шернияз, Нысанбай жыраулар қолға қару ала отырып, жалынды жырларымен елді жігерлендірді. Сөйтіп, әдебиетте отаршылдық дәуірі туды. Бұл дәуір ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін, Қазақстан өз тәуелсіздігімен қайта қауышқанға дейін созылды, Х1Х-ХХ ғасырларды түгел қамтыды. Әдебиетіміздегі отаршылдық кезеңнің екіге бөліп отырғанымыздың себебі мынада: Махамбет пен Мағжанның арасы отаршылдыққа қарсы күрес дәуірі болды. Бұл кезде қазақ ақындары ел басына төнген қауіпті дер кезінде сезіп, дабыл қақты. Кейбіреуі ұлт-азаттық күрестің басында болды. Махамбет, Шернияз, Нысанбай жыраулардың тағдыры әдебиет өкілдерінің бұл кезде үнемі отаршылдыққа қарсы күрестің қақ ортасында болғанын білдіреді. Осы дәуірдегі Дулат, Шортанбай, Мұрат Мөңкеұлдарының шығармашылық өмірі  де  -  отаршылдыққа қарсылықтың озық үлгілері. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Омар Қараш, Нармамбеттердің осы дәстүрді жақсы жалғастырғанын білеміз. Орыс отаршылдығы дәуірінде патша әкімшілігіне  қазақ арасынан тілмаш-шенеуніктер даярлау мақсатымен қазақ балаларын орысша оқыта бастады. Осы оқығандар қазақ жазба әдебиетін европалық дәстүрмен жалғастырды. Әдебиетте роман, поэма, жанрлары пайда болды.

Отаршылдық дәуірі  «зар -заман»           ақындарын туғызды. Бұл әдебиетіміздегі өзгеше бір ағым ретінде қалыптасты. Исатай-Махамбет, Жанқожа, Кенесары көтерілістері күшпен басылған соң қазақ даласында орыс отаршылдығына    қарсы бас көтеретін көсем де, күш те қалмады. Осыны жанымен сезген ақындар зар күйіне басты, орыс мұжығының қолына көшкен жерін жоқтады, орыстың зеңбірегіне  төтеп бере алмаған есіл ерлерін жоқтады. Болашағынан үміт күте алмай, өткенін аңсаған зар-заман ақындары елінің аянышты халіне өздерінің зарлы үнін қосты. Бұл да отаршылдыққа қарсылықтың бір түрі еді. Кешегі қазақтың тәуелсіз кең заманын аңсау  арқылы олар сол кезеңдегі ел басына түскен ауыртпалықты шынайы бейнелей білді.

Отаршылық кезеңі Абай сияқты ұлы тұлғаны тудырды. Абай шығармашылығындағы трагедиялық хал елінің тығырыққа тірелген жағдайына күйзелген өнер адамының жан тебіренісі еді. Ашық қарсылық нәтижеге жеткізбесін білгеннен кейін Абай өз ұлтын өнер-білімге, іштей түлеуге шақырды. Заманның тетігін игеріп, өнер-білім жөнінен отаршылдармен теңескен кезде ғана азаттық алуға болатынына меңзеді. Абайдың жан күйзелісінен туған көптеген өлеңдері оның зар-заман ақындарымен үндестігін де білдіреді.

ХХ ғасырдың басында оқыған қазақтар шоғыры заманның ыңғайымен әуелі газет-журнал шығару ісімен айналысса, бара-бара саяси күрес жолына да түсе білді. Қазақта ағарту ісімен айналысқан «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің айналасына топтасқан зиялы қауым ел азаттығын қайтару мәселесін талқылай бастады. Осы кезде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа сипаттағы дәнін септі. Сол дәннен ұлы азатшыл ақынымыз Мағжан Жұмабайұлы өсіп жетілді. Оның бүкіл шығармашылығы орыс отаршылдығына қарсылық аясында дамыды. Отаршылдық зардабын ол ашып айта білді және көркемдік шеберліктің ең биігіне көтерілді. Қазақстанда кеңес үкіметі жеңіп, бар билікті қолына алғанымен, Мағжан отаршылдықтың жаңа бағыт алғанын сезіп, бұрынғы қарсылықты үдете түсті. Сөйтіп, қайран ақын алған бетінен қайтпай, тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Орыс отаршылдығына қарсылық әдебиетінің ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін созылғанына Мағжан шығармашылығы  -  негізгі белгі, негізгі куә.

Отаршылдық кезең әдебиетінің ең трагедиялық тұсы осы отызыншы жылдардан басталады. Жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ пролеткульт идеясымен қаруланған қазақ қаламгерлері азаттық туын көтерген әріптестеріне қарсы майдан ашып қоймай, оларды қуғын-сүргін оқпанына итермеледі. Орыс отаршылдығына арқа сүйеген коммунистік идея мен ұлттық тәуелсіздік идеясы өзара күрес алаңына шықты. Рухани жеңіс тәуелсіздік туын көтергендер жағында болғанымен, сталиндік қуғын-сүргін машинасы оларды түп-тамырымен ұнтап жіберді. 1934 жылы дүниеге келген социалистік реализм әдісі  азаттық ойды мүлдем тұншықтырды. Әдебиетте бір ғана көзқарас белең алып, барлық құбылысқа тек қана таптық тұрғыдан қарау заңдылыққа айналды. Бұл дәуір тоқсаныншы жылдарға дейін ұласты, сондықтан бұл кезеңдегі әдебиетті отаршылдық кезеңіндегі әдебиет деп атауға мәжбүрміз. Өйткені соңғы 60 жылдық тарихында қазақ әдебиеті социалистік реализм аясында тұншығып жатты, ұлттық тәуелсіздікті аңсаған немесе тоталитарлық жүйеге қарсы бой көтерген бірде-бір шығарма болған жоқ. 85-жылдан кейінгі жариялылық, демократия заманында Жақан Сыздықовтың «Әли қарттың әңгімесі» поэмасынан басқа жариялайтын ештеңе болмағаны да шындық қой. Коммунистік идеологияның отаршылдықпен біте қайнасуы Қазақстандағы азат ойды тұншықтырып бақты.

Тоталитарлық жүйенің Қазақстандағы ақыл-ойға, әдебиетке тигізген зардапты ықпалын өзгені қойғанда, ұлы жазушымыз М.Әуезовтың шығармаларынан да байқайсыз. Әуезов сияқты ұлы тұлғаның өзіне әмірін жүргізе білген тоталитарлық жүйе басқаны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Әдебиетте социалистік реализмнен бөгде бірде-бір әдіс, жаңа ой айтылмады. Бұл кезеңнің басты трагедиясы да осында. Қазақстан өз тәуелсіздігімен қауышқанына  алты жыл өтсе де қазақ әдебиетінің бауырын жазып, өзінің ұлттық арнасына түсе алмай отырғаны да осы идеологиялық қысымның тым күштілігінен болса керек.

Ескіден қалған мынадай бір сөз бар. Хан болып сайланған Абылай жанына Бұқар жырауды шақырады. «Маған ақыл-кеңес айтып отыратын ақылшым бол. Сенімен ақылдаспай бір істі шешпеймін» - дейді. Сонда Бұқар жырау: «Жоқ, хан ием, менің ақыл-кеңесіммен ел басқаратын болсаң, сенің хандық атағың кімге керек? Сен өзің ойлап, өзің шеш. Ал мен сенің қате істеріңді айтып отыратын сыншы болайын» - дейді. Біздіңше, қаламгердің де, әдебиеттің де, әдебиетшінің де, әдебиеттанудың да негізгі мұраты  -  осындай яғни Бұқар жырау айтқандай «заманның сыншысы» бола білу ғой деп ойлаймыз.

Ұлттық мүдделер таразыға түсіп тұрған қазіргі кезеңдегі қазақ жазушыларының, қазақ әдебиетшілерінің бойкүйездігі кім-кімді де таңдандырмай қоймайды..

Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын зерттеу, оны дәуір-дәуірге бөлу секілді өзіміздің жоғарыдағы көзқарасымызды баяндай келгендегі мақсатымыз  -   өткен жолымызға тағы бір сын көзімен қарау. Өткенді түбегейлі түсінбей жатып, жаңа жолды таңдау қиындыққа түсері  хақ. Осы әңгімені де өзіміздің ұлттық төл арнамызға түсу жолындағы бір ізденіс деп қабылдасақ...

«Қазақ әдебиеті», № 23, 10 маусым, 1997 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2062
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2491
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2095
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1605