Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3767 0 пікір 31 Қаңтар, 2011 сағат 04:04

Берік Әбдіғалиұлы, Жезқазған қаласының әкімі: «Қазақ сын сағатта тұр»

- Берік аға, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының Мәскеудегі Дон Қабірстанында жатқан сүйегінің күлін елге қайтару жолында Сабыр Қасымов, Диқан Қамзабекұлымен қатар, өзіңіз де бірдей атсалыстыңыз. Бұл арада қандай да бір қиындықтар болды ма әрі бұл ұрпақтық парызды өтеу қалай жүзеге асты?

- Смағұл Сәдуақасовтың мәйіт күлін елге әкеліп жерлеу туралы бастамадан бұрын мен осындай біршама ұлттық жобалармен айналыстым. «А.Сәрсенбайұлы» қорында жетекшілік етіп жүрген кезде Алаш, Ашаршылық, Желтоқсан сынды ұлттық жобаларды атқардым. Мәселен, 1986 жылы алаңға шығып, шәйт болғандардың, жараланғандардың, оқудан қудаланғандардың және оларды ұрып соққан, жазалағандардың есімін ел білсін деген ниетпен он томдық кітап шықты. Жалпы мені қазақ тағдыры, қазақ зиялыларының тағдыры, қазаққа қызмет қылған тұлғалардың тағдыры қатты мазалайды. Олардың өткен ғұмыры мен елге жасаған еңбегін еске алып үнемі толғаныста боламын. Олар бар ғұмырын өз ұлтының азаттығына жұмсады. Қазақ елінің дәулетті, сәулетті ел болуын армандап өтті өмірден. Міне, Құдайға шүкір,бүгін солар армандаған күн туды. Олар жете алмай кеткен бақытқа біз кенелдік! Енді, өкінішке қарай, орнаған осы тыныш заманда оларға лайық құрмет көрсетілмей жатыр. Қазақ үшін құрбан болған арыстарға тарихи әділеттілік жасалмай келеді. Жасай алмай отырмыз!

- Берік аға, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының Мәскеудегі Дон Қабірстанында жатқан сүйегінің күлін елге қайтару жолында Сабыр Қасымов, Диқан Қамзабекұлымен қатар, өзіңіз де бірдей атсалыстыңыз. Бұл арада қандай да бір қиындықтар болды ма әрі бұл ұрпақтық парызды өтеу қалай жүзеге асты?

- Смағұл Сәдуақасовтың мәйіт күлін елге әкеліп жерлеу туралы бастамадан бұрын мен осындай біршама ұлттық жобалармен айналыстым. «А.Сәрсенбайұлы» қорында жетекшілік етіп жүрген кезде Алаш, Ашаршылық, Желтоқсан сынды ұлттық жобаларды атқардым. Мәселен, 1986 жылы алаңға шығып, шәйт болғандардың, жараланғандардың, оқудан қудаланғандардың және оларды ұрып соққан, жазалағандардың есімін ел білсін деген ниетпен он томдық кітап шықты. Жалпы мені қазақ тағдыры, қазақ зиялыларының тағдыры, қазаққа қызмет қылған тұлғалардың тағдыры қатты мазалайды. Олардың өткен ғұмыры мен елге жасаған еңбегін еске алып үнемі толғаныста боламын. Олар бар ғұмырын өз ұлтының азаттығына жұмсады. Қазақ елінің дәулетті, сәулетті ел болуын армандап өтті өмірден. Міне, Құдайға шүкір,бүгін солар армандаған күн туды. Олар жете алмай кеткен бақытқа біз кенелдік! Енді, өкінішке қарай, орнаған осы тыныш заманда оларға лайық құрмет көрсетілмей жатыр. Қазақ үшін құрбан болған арыстарға тарихи әділеттілік жасалмай келеді. Жасай алмай отырмыз!

Мен орыстарға Кейкі батырдың бас сүйегін де сұрап бардым, Смағұл Сәдуақасовтың мәйіт сүйегін де сұрап бардым. Олар қарсылық танытып отырған жоқ. «Алыңдар» деп отыр. Әрине егер ол мұражайда тұрса мемлекет меншігі ретінде оның қиындықтары бар. Ал зиратта болса, мұрагерлер арқылы алуға мүмкіндік бар. Сондықтан Смағұлдың мәйіт күлін алуда бәлендей қиыншылық болды деп айта алмаймын. Дихан Қамзабекұлынан Смағұл Сәдуақасовтың мәйіт күлінің Мәскеудегі Дон шіркеуінің зиратында тұрғанын естіген күннен бастап оны елге әкелуге жаным тыным таппады. Арнайы түрде Мәскеуге барып, Дон шіркеуі басшылығымен кездесіп рұқсатын алдым. Олар өз келісімдерін берді. Алайда көптеген құжаттар жинау керек екен. Мемлекеттік қызметке - Ұлытау ауданына әкім болып кетуіме байланысты істі аяғына жеткізуге қоғам қайраткері Сабыр Қасымовқа өтіндім. Ол кісі Мәскеудегі жоғары шенді таныстары арқылы бір жылдың көлемінде осы істі аяғына жеткізді. Құдай жолымызды оңғарып, Сәдуақасовтың мәйіт күлі елге оралды.

- Осы күнге дейін қайраткердің денесінің күлі христиан қорымында жатқан екен, енді ол мұсылмандық шарттар бойынша қашан және қайда жерленеді?

- Құдай қолдап, Смағұл Сәдуақасовтың мәйіт күлі елге келді. Әзірше аманат қылып мешітте тұр. Ертең әкімшілік жер бермесе немесе қаржы болмады деп мәйіт күл жер қойнына тапсырылмай жатса - 20 жылда қазақ ел болмады, ұлт болмады деген сөз! Тұтас қазақ қазір сын сағатта тұр. Мәйіт күл құтты жеріне енгенше қазақты Құдай да, аруақ та сынап, қарап тұрмақ! Бұл сын біздің ел болып қалыптастық па, жоқ па деген сауалға нақты жауап болмақ.

Бұрынғы Түркияның қорғаныс министрі болған Әнуар Паша өткен ғасырдың 20-жылдары нөкерлерімен Орта Азияға келіп, түркі тілдес елдердің азаттығы үшін коммунистермен соғысты. Осы жолда қаза тапты. Орта Азиядағы бауырластарының азаттығы жолында құрбан болған қайраткердің сүйегін кейін 90-жылдары Түргіт Озал бас болып, Түркияға алып кетті. Сол кезде ел президентінен бастап, бүкіл түрік элитасы тік тұрып, салтанатты түрде Әнуар Пашаны қайта арулап, жерледі. Міне, ел! Міне, ұлт! Ал біз болсақ, «Мұстафа Шоқайды алуға рұқсат бермеді» деп жоқтан сылтау тауып отырмыз. Жарайды, ол тіпті заңы мен тәртібі бөлек шетелде жатыр делік. Ал Смағұл Сәдуақасовтың мәйіт күлін алып келдік қой. Енді не істейсіздер?!.

- Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Бұл арада «шіркін, бар қазақ Сарыарқаға жиналса екен...» деп армандап кеткен Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлін жыл басында Астанаға қайтарудың өзіндік ұлттық символдық маңызы бар ма? Тәуелсіздіктің 20 жылдығының осындай шарадан бастау алуы қазақты неге үндейді?

- 20 жылдық - үлкен сын сағат. Осы уақытта біз кім болдық? Бұл - ұлт болып қалыптаса алдық па, жоқ па дегенге жауап болатын сәт. Тағы айтайын, әр нәрсені сылтауратып, жырақта қалған Мұстафа Шоқайдың сүйегін әкеле алмай отырмыз. Рухы тынышталмай Мәскеуде қанша арыстарымыз жатыр. Жүсіпбек Аймауытовтың сүйегін іздеп Мәскеуге бардым. 1973 жылға дейін Жүсіпбек атамыздың қабірін біреулер келіп тазалап, күтіп тұрыпты. Біз барғанда ол жер техникамен күреліп кетіпті. Жоқ! Әлихан Бөкейханов жерленген Дон зиратына да бардық. Кімнің қай жерде қалай жерленгенін ажырату өте қиын. Араласып кеткен.

Ашаршылық уақытында еліміздің әр жерінде болған бас көтерулерге, көтерілістерге қатысқан және оны ұйымдастырған адамдардың аттарын жаңғыртқым келді. Тарихшылармен кездесіп, ҰҚК мұрағатына да бас сұқтым. Біз совет өкіметінің қолдан жасаған ашаршылығына қарсы шыққан кез келген қазақты батыр деп тануымыз керек. Соларды да насихаттап ұлт батыры ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Қазір ұрпақтары бар, әр ауылда бас көтерген басшыдан, оны қолдаған жандардың аты-жөндерін анықтап, азалы кітап шығарсақ деп ойлаймын. Мен Ұлытауға әкім болып келген кезде осы өңірде «Қарсақбай көтерілісі» болғанын естідім. Көтерілісте 43 адам коммунистердің қолынан қаза тауыпты. Мұрағаттағы құжаттармен таныстым. Шәйт болғандардың  есімдерін жаздырып, былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, яғни, 31 мамырда Қарсақбай кентінде ескерткіш орнаттым. Ескерткіш ашылған күні «Жылдар бойы бандының баласы, қарақшының ұрпағы деген ат жамылып келіп едік, аталарымызды ақтап, тарихи әділетті баға бергеніңізге рахмет» деп талай адам көзіне жас алып келді. Бұл - бір ғана ауылда атқарылған іс. Жалпы ел ретінде әлі күнге дейін ашаршылық құрбандарына арналған үлкен азалы ескерткіш қоя алмай келеміз. Сол кезде шәйт болған жазықсыз жандарға бүгінгі бейбіт уақытта лайықты құрмет көрсетілмейінше олардың аруақтары тыныш жата алмайды деп санаймын. Ал олардың рухы тынышталмайынша, біз бай қуатты ел бола алмаймыз. Әрине, негізгі мақсат - оларға құрмет көрсету арқылы жас ұрпақты отан сүйгіш сезімде тәрбиелеу. Жастарды елге, ұлтқа қызмет етуге шақыру. Ұлт абдырап, қиналған шақта ұлт үшін құрбан болған арыстардың күрескерлігі мен қайраткерлігі жол сілтейді. Бағыт көрсетеді. Сондықтан бүгін ұлт үшін құрбан болғандар дәріптелуі тиіс.

- Біз қаншалықты Смағұл Сәдуақасұлын танып, оның қайраткерлігі мен ұлт тәуелсіздігіне қосқан үлесін біліп-сезе алдық деп ойлайсыз? Зерттеулер қандай бағытта жүруі керек?

- Смағұл Сәдуақасов туралы зерттеулер бар. Оның жастайынан билікке араласуы, Алаш құрамындағы жастарға басшылық жасау турасында еңбектер баршылық. Қайраткердің өмір жолы, елге атқарған қызметі әлі де зерттелуі керек. Тіпті оның Әлихан Бөкейхановтың күйеу баласы болуының өзі көп жайттан хабар береді. Совет заманында Алаш көсемінің қызына үйленуді мен ерлік деп білемін. Алаш арыстары Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов сынды жастарға коммунистік партияға кіру арқылы ұлтқа, елге қызмет етуді аманат етіп кетті. Смағұл - сол аға буын арыстардың аманатын абыроймен орындаған тұлға. Сондықтан оған да Алаш көсемдерімен қатар құрмет көрсетіліп, ұрпақ алдында лайықты бағасы берілуі тиіс. Оның сүйген жары - Елизавета Бөкейханова «ұлы отан соғыс» кезінде жараланған жандардың жарасын таңып, дәрігерлік қызмет атқарған. Смағұлдың баласы соғысқа өзі сұранып барып, майданда көз жұмды. Өмірін елінің азаттығына жұмсаған қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов еңбегін жан-жақты зерттеп, зерделеп жас ұрпаққа насихаттау бүгінгі күннің парызы деп ұғамын. Оның есімін мектептерге беру керек! Жарқыратып ескерткіш соқсақ та, кім қой деп отыр?!

- Биылғы жыл тарихи даталарға толы: Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 111 жыл, Абылай ханның туғанына  - 300 жыл, Желтоқсан көтерілісіне - 25 жыл... Мұндай тарихи даталардың Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық па, әлде оның астарында бір белгі бар ма?

- Көшелер дұрысталар, қалалар сәнделер. Коммуналдық мәселелер шешілер. Қолымыздан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Бәрі жасалады. Бірақ халық оған тез үйренеді де, тез ұмытып кетеді. Ал ұлттық жобалар мәңгілік болып қалады. Оны түсінуге артық ми да қажет емес. Ұлытауға әкім болып барысыммен аудан орталығына Хан Орда ескерткішін орнатуды қолға алдым. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ол жұмыс қазір аяқталуға жақын. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойына сый ретінде ашылатын болады. Сонымен қатар еліміздің осынау салтанатты мерекесіне орай Жезқазған қаласының қақ төріне бұрынғы Абылай хан ескерткіші қайта жаңартылып, өңделіп құтты орнына қонатын болады. Осы орайда «Нұр отан» партиясының хатшысы Ерлан Қариннің қолдауымен алдағы сәуір айында Жезқазған қаласында Абылай хан және жалпы қазақ хандары қақында республикалық деңгейде ғылыми-практикалық форум өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен ғалымдар, саясаткерлер, қайраткерлер келеді. Мен Жезқазғанға әкім болып келісімен қаладағы 9 мектепке қазақтың 9 қайраткерінің есімін бердік. Кеше халыққа есеп беру кезінде Қайрат Рысқұлбековтің есімін иемденген мектепте болдым. Көрнекті жерге Қайрат батырдың үлкен фотосы мен өмір баянын жазып қойыпты. Оқушылар Қайраттың өлеңдерін жатқа айтып тұр. Батырдың атын алғаннан кейін осыған байланысты мектептің арнайы гимні де туыпты. Сол күні мен қатты қуандым. Міне, тәрбие! Сол мектептің оқушылары Қайрат ағалары сияқты елге, ұлтқа қызмет ететін мықты азамат болып өседі. Қаламыздың тағы бір мектебінде Мұстафа Шоқай ерекше ұлықталып жатқанына күмән жоқ. Қайрат Рысқұлбековті айтқанда мына мәселе көкейіме орала береді. Мен оның бейітін іздеп Семейге бардым. Жігіттер орнын көрсеткенім, оның сүйегінің қайда екені белгісіз.  Кенесарының басын іздеп таппай жүрміз, кеше ғана арамыздан кеткен Қайрат батырдың сүйегі қайда екенін білмейміз?!

- Халқымыздың ендігі арманы Кенесары ханның бассүйегінің табылып, елге қайтарылып, жерге тапсырылуы екені анық. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқырылып жатыр? Және мұндай шаралардың түпкі мақсаты не?

- Кенесарының бас сүйегі қазір аңызға толы әңгімеге ұласып бара жатыр. Егер тұрған жері нақты белгілі болса, Елбасының өзі бас болып барып алып келер еді. Әрине, Кенесарыға деген тарихи әділеттілік оның басымен орнай қоймайды. Кенесары - ұлттық күрестің символы. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы тәуелсіздік күні қарсаңында Ұлытауда Кенесарының ескерткішін орнаттық. Сонымен бірге аудандағы бір мектепке есімін бердік. Сол секілді 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің басты қаһармандарының бірі Кейкі батырдың да есімін бір мектепке еншіледік.  Хан Кене әр қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алатындай идеологиялық жұмыс істелуі керек. Кенесарының алып ескерткіштері әр ауыл, әр қалада тұрсын. Есімі әр қаланың ең көрікті көшелеріне берілсін! Ол туралы әлем тамсанып көретіндей ғажайып көркем фильмдер түсірілуі керек. Оның ұрыстары, батырлығы, қайраткерлігі және жанындағы сарбаздарының ерліктері жан-жақты насихатталуы шарт. Біз оның қасындағы он мыңдай батырдың бірнешеуін ғана білеміз. Оларды неге дәріптемейміз? Амангелді Имановтың атасы Иман батыр хан Кене батырларының бірі болған. Арқалық қаласына барғанымда «мына орталық көшеде Амангелді Иманов емес, оның атасы Иман батыр қасқайып тұрса дұрыс болар еді» деп едім. Кенесарының басы табылған соң барлық шаруа өзінен өзі орнай қалатындай түсінеміз. Бірақ  мәселе оның басына тіреліп тұрған жоқ. Басты мәселе - біздің көкірек сарайымызда.

Сұхбаттасқан Кәмшат Тасболат

«Абай-ақпарат»

1. Фото - Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен Ұлытауда салынып жатқан Хан Орда ескерткіші

2.  Фото - Берік Әбдіғалиұлының идеясымен өткен жылы Қарсақбай кентінде бой көтерген ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш.

0 пікір

Үздік материалдар