Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 4037 2 пікір 18 Сәуір, 2018 сағат 09:38

Толағай шыққан топта сынағанда...  

ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүрген кезім. Бірде жазғы сессия уақытында менен бір курс жоғары оқитын ақын жерлесім Қайрат Әлімбеков Тоқтасын ағамен таныстырды. Тоқаң университетте сырттай оқиды екен. Елуді еңсеріп қалған тығыршықтай толық, орта бойлы жігіт ағасы бірден жанымды баурап ала жөнелген. Ол жайлы Жұматай Жақыпбаевтың жазғанын естігенім бар. Аз-кем әңгімеден кейін сол жайлы сұрағаным есімде. Көңіліне дық ала ма деп сескеніп едім, ондай қалып байқатпайды.

– Ол өзі былай болған, – деп қызықты әңгімесін бастап жіберген. – Бір жолы облыстық «Октябрь туы» газетінде келісім шарт бойынша жұмыс жасайтын Жұматайды қағытып өлең шығардым. Мақала-очерктерін өлеңмен жазатын. Соны меңзеп:

Жұматай деген пәңгібас,

Қаламақың да маңдымас.

Өлең-очерк жазам деп,

Болып алдың қаңғыбас... – деген сыңайда айтқан болдым. Оны жігіттердің Жұматайға жетізгенін білемін. Сөйтіп жүргенде көшеде бір топ жолдастарымен келе жатқан Жұматайдың жолыға қалмасы бар ма...

– Әй, Тоқтасын, тоқтай қал, – деді ол мені көрген бойда. – Сен маған арнап өлең шығарды дейді ғой, сол рас па?!

– Рас, рас – деймін мен ыржалақтап.

– Олай болса мен де саған арнау жаздым, тыңда, – деп бір шумақ өлеңді оқи жөлелген:

Қыз көрсе құнжыңдап бір қуанатын,

Жүнжүнге жас баладай жұбанатын,

Қиярдың бөшкесіндей жуан ақын.

Кеңсеміз кердаланың шөлі боп тұр,

Арағың бар ма бізді суаратын,

Кіндігін қытай кескен суан ақын?!

Өзі жайлы жазылған осынау жайсыздау өлеңді Тоқаңнын өзі оқып бергенде ішек-сілеміз қата бір күлгеніміз рас.  «Япырау, – деймін ішімнен, – Бір шумақ өлеңге Тоқтасын ағаның түр-тұлғасын, мінез-құлқын, тіпті арғы беттен келгенін сыйғызып жіберген не деген шеберлік!»

Тоқаң өте ақжарқын, адамды жатсынбайтын, көңілді ортаның көркі болып шықты.  Аз-кем әңгімелесіп, танысқаннан кейін баяғыдан араласып жүрген сыралғы достардай шүйіркелесіп кеткенбіз. Арамыздағы жас алшақтығы да сезілмейді. Енді бір уақытта менің оқыған өлеңдеріме риза болған Тоқтасын аға: «Ұзынағашта тұратын Қанипа ақынға алғысөз жаздырып, «Лениншіл жас» газетіне жариялатамын!» – деп Жамбыл ауданына жетекеп бара жатты. Бұл таныстықтан кейін бір-екі сағат өткенде болған оқиға.

Қанипа Бұғыбаева сапарлап кеткен болып шықты. Жұбайы Қанағат Қарашев та үйде жоқ екен. Тоқаң қытайдан бірге оралған тағы бір жолдасының үйіне ертіп барып, Ұзынағашта бір-екі күн аялдап қалдық.  Міне, сол кезден бастап екеуіміз туған аға-бауырдай сыйласып кеткенбіз.

Оқуды бітіріп, қолымызға диплом тигеннен кейін жолдама бойынша  Бөрлітөбе ауданындағы «Балқаш өңірі» газетіне орналастым. Жарым Дариға медицина институтын тәмәмдаған дәрігер болатын. Мамандығы бойынша аудандық ауруханаға жұмысқа тұрды. Орталықтан шалғай, табиғаты қатал өңір болғанымен мұнда да тіршіліктің қазаны қайнап жатушы еді-ау.  Жылдың төрт мезгілінде бір толастамайтын газеттің жұмысы босаңсуға мұрша бермейді. Облыстық теле-радио компаниясында еңбек ететін Тоқаң анда-санда іссапармен келіп тұрады.  Оның келуі – біз үшін мереке. Айналасын думан-тойға бөлеп жүретін ол күнделікті күйбең өмірге өзгеріс әкелгендей болады.  Қолына қалам ұстаған қауым басымыз бір қосылып, арқа-жарқа болып қалатынбыз. Тоқаң мұндайда өлең оқымайды. Алайда Жомарт екеуіміздің жазғандарымызды тыңдап, баға беруде таптырмайтын төреші.

Кейіннен мен Қапал аудандық «Қапал еңбеккері», «Капальский труженик» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Осы тұста Тоқаңмен араласымыз қоюлана түскен. Жақын болғаннан кейін Талдықорғанға жиі келемін. Тоқтасын ағамен қатынаса жүріп Ордаш Кендірбаев, Жамау Бұқарбаев, Әбен Дәуренбеков  сынды ақын ағаларыммен етене араласып кеттік. Ол кезде ақын, батыр, хан мен би болған бабаларымыздың мерейтойлары жиі өтуші еді-ау. Көбіне-көп осындай мерекелерде бас қосамыз. Той тарқағаннан кейін ағаларымыздың бірінің үйіне жиналып, жыр-мүшәйрасын жалғастырушы едік.  Шығармашылығымыздың дамуына осы отырыстардың ықпалы болған жоқ деп кім айта алады.

Домбыра мен аккардеонды бір адамдай жетік меңгерген Ордаш ақын кең тынысты, тамаша әнші болатын. Домбыраның шанағына дейін саусақтарын апарып, құйқылжыта бір ойнатып алғаннан кейін «Бүркітбайды» әуелете шырқағанда құдды бір кәсіби әнші ме деп қаласың. Біз оқыған өлеңдер, немесе бір шумағы көңіліне жағып, ырза болған тұста: «Ай, айналайын-ау, осыдан артық енді кісі өлтірейін деп пе едің?!...» – деп ризашылығын бір сөзбен жеткізетін. Ал, Жамау ақынның арқасы қозған кезде жан адамға бой бермей кететін «тентектігіне» талай куә болғанымыз бар.

Тоқтасын аға да әнді ерекше ұнатушы еді. Өзі ойнамаса да үйінде қазақтың қара домбырасы қашанда баптаулы. Бір-екі шыны шай ұрттағаннан кейін домбырасын әкеліп ұсына қоятын. «Қуатжан, дауысыңды сағындық қой, өз репертуарыңнан бір әнді шырқап жіберші?!» – дейтін ондайда.  Бақытжан жеңгемізбен татулығы ерекше-тұғын. Тоқаң өзіне тән серілікпен ерте кетіп, кеш келіп жатса да, көбіне-көп «көк суды» жұтыңқырап жүрсе де үйде ұрыс-керіс  естілмейтін. Қашан келсең де құрақ ұшып жүгіріп жүрген  Тоқаң мен Бақытжан тәтенің шаңырағына үйір болуымыздың басты себебі де олардың ашық-жарқын көңілдерінде жатыр ма деп топшылаймын.

Біз кейде марқұм болған ағаларымыздың әруағын сыйлап, артында қалған ұрпақтарының көңіліне қарап кейіпкерімізді періште етіп көрсетіп жатамыз.  Ол дұрыс та шығар. Алайда, солай етеміз деп жүріп кешегі арамызда жүрген асыл жандардың болмыс-бітімін өзгертіп жіберетініміз бар.  Мысалы, тәңірдің өзі берген талантының арқасында Тоқаңнын елдің еркесі болғанын, жалғанды жалпағынан басып жүргенін жасырғанда ұтарымыз не?! Ол төрт аяғынан тайпалған жорға журналист болумен қатар, тамаша ақын да еді-ау.  Өлеңді тез әрі қиналмай шығаратын. Айтар ойы да, сөз саптауы да салмақты шығып жататын. Бірақ сол өлеңнін соңына шырақ алып түскен емес.  Былайша айтқанда – поэзияны өмірлік мұратына айналдырмады.  Әйтпесе біраз жерге жетіп жығылатын шамасы бар-тұғын.  Онысын  қайсыбір адамдар туралы тапсырыспен жазылған жырланына қарап аңғаратын едім. Сондықтан болар, Тоқаң былайғы жұрттың есінде ең алдымен ақын ретінде сақталып қалды.

Тоқаң екеуіміз көп әрі жақын араласып жүрдік. Қапал ауданы тарап, мен Талдықорғанға келгенде туған-туыстың үйіне түспей, Тоқаңдікіне жатушы едім. Бір бөлмелерін маған арнап қойған. Қалаған кезімде келіп, бөлмеме жатып кете беретінмін. Кейіннен Алматыға кетіп, Талдықорған облыс орталығы болып қайта ашылғанда «Жетісу» газетімен бірге оралдым. Ғайыс Егембердиев, Тұрсын Әбдуәли, Әбен Дәуренбеков, Тоқтасын Сүгірбеков ағаларымыз қуана қарсы алып, барша жақсылық, қиындықтарымызға ортақтаса білді. Қалам ұстағандардың қара шаңырағы болып табылатын редакцияға күн құрғатпай келіп, зейнеткер екенбіз демей-ақ шұрайлы да шырайлы мақалаларын ұсынып тұратын. Мұндайда әсіресе Тоқаң елгезек. Үнемі әлдебір шаруалармен алашапқын болып жүргені. Біреулерді жұмысқа орналастырамын деп, студенттерге зачет қойдырып беремін деп, басы ауырып, балтыры сыздағандарды жетектеп алып шауып жүретін. Бір қызығы бар абыройын салып, әлдекімнің мәселесін шештім деп міндетсінгенін көрген емеспін.  Арқадан қағып, дәмханада сый көрсеткеніне разы.  «Жасаған жақсылығың адамнан қайтпаса да құдайдан қайтады» – деген тегінде рас-ау. Аңқылдаған ақ көңіл, адал пейіл ағаның қашанда айтқаны орындалып жатады.  Өзгенің қайғысына өзінікінен артық қиналатын, бір жанға шарапаты тисе рахаттанатын, тірі пенденің көңілін қалдыруды білмейтін екі адамды таныдым. Оның біреуі – Тоқаң болса, екіншісі – Ақын Қайрат Әлімбеков болатын.

Тоқтасын ағаның адалығы мен адамгершілігі кей жағдайда аңғалдықпен, тіпті қожанасырлықпен ұштасып жатушы еді-ау.

«Тоқтасын Сүгірбеков  айтыпты» – деген әңгімелерді ел арасында әлі күнге дейін естуге болады. Соның өзім куәсі болған бір-екеуіне тоқталғанның сөкеттігі бола қоймас. Бірде Тоқаң мен Бақытжан тәтені үйге қонаққа шақырғанымыз бар. Ас желініп, асқазанға бірер рөмке ащы су кеткеннен кейін ол өзінің кімдерге қолғабыс жасағанын мақтанышпен айта бастады. Сөз арасында бәрімізге таныс бір азаматты сотталып бара жатқан жерінен араша түсіп алып қалғанын қосып жіберген. Бақытжан тәте:

– Әй, сен оны қалай алып қаласың?! Ол бес жыл түрмеде отырып келді емес пе, – дейді шыдай алмай. Сөйтсе Тоқаң әңгіме екпінін бәсеңдетпестен:

– Отырса жай отырған шығар, Ал оны түрмеден алып қалғаным анық! – деп сөзін әрі қарай сабақтай берген.

Тоқтасын Сүгірбеков ағамыз табысқой болатын. Іссапарға барған жерінен бір қойдың етін арқаламай қайтпайтынын талай көрдік.  Сонысына сенеді ме, әйтеуір қонаққа, тойға барғанда өлеңдете тілегін айта келіп, той иесіне бір қой атайтын әдеті бар-тұғын. Бір қызығы, ол қойды Тоқаңнын өзі ешқашан апарып бермейді де, адамы қой қайда деп сұрамайды. Жақын-жамағайыны, дос-жарандары оның бұл дәстүріне мойынсұнып қалғандай. Бірде Әбен Дәуренбековтың әйелі – Сәкен Иманасовтың туған қарындасы Қайыпжамал тәтеміз босанып, жалғыз ұлы Айдын дүниеге келеді ғой. Құтты болсын айтуға бір топ жолдастарын ертіп Жұматай Жақыпбаев келе жатса, алдынан Тоқаң шығады.

– Тоқа, қайдан келесің? – жейді Жұматай.

– Әбеннің үйінен, ұлының бауы берік болсын айтып...

– Сыйлығыңды да апарған шығарсың?

– Әрине, апарамын ғой.

– Бір қой атадың ба?

– Иә, бір қой атадым!

Сол кезде Жұматай мырс етіп бір күліп алып:

"Бір жілігі аспанда,

Бір жілігі Басқанда.

Бір жілігі арқанда,

Бір жілігі Сарқанда.

Бір жілігі Жәркенде,

Бір жілігі Өркенде" – деп қойдың онекі жілігін санап шығып:

"Үйсін, найман тойынар,

Тоқаңнын бір қойы бар.

Әркімге бермек ойы бар,

Шамаң келсе сойып ал...", – деген көрінеді.

Тоқаң тектілерді туыс, жақсыларды жанына жуыс  етуге құмар болатын. Жүзге, руға  бөлмей, барша қазақты бауырына тартушы еді. Жары Бақытжан тәте Найман ішінде садыр атаның ұрпағы болса да ол үшін орта жүз өкілінің бәрі қайнаға, балдыз болып келе береді. Әбен аға Дәуренбеков кейде: «Әй, Тоқтасын, сенің арғын мен керейде не шатағың бар. Өз садырларыңды түгендеп алсаң да жетпейді ме?! Мәселенки, мына мен қаракерейге ғана күйеумін...» – десе, «Сен өз өрісіңді өзің шектеп жүрген жансың. Ал мен ормандай қалың орта жүзге күйеу болғаннан ұтпасам, ұтылмаймын!» – деп қарқ-қарқ күліп тұрушы еді. Алайда біз екеуіміз ғұмыр бойы аға мен бауыр болып қала бердік.

Сонау бір жылдары ақындар бір-біріне өлеңмен хат жазып, сәлемдесетін дәстүр болған. Бұл олардың шығармашылық байланысын бекітіп, шеберлігін шыңдап қана қоймай, белгілі бір мөлшерде сыйласымдылық қалыпастыратын да. Осындай бір сәлемінде Қаратал аудандық газетінде еңбек ететін Ордаш ақын Тоқтасын ағаға былай деп жазған еді:

"Талдықорғанда Тоқтасын аман ба,

Толағай шыққан топта сынағанда.

Тоқаң дегеніміз – Отан дегеніміз,

Олай демегендер оттасын одан да!"

Осы бір шумақ өлеңдегі ақжарма көңілден шыққан інілік ізетке біз имандай сенеміз.

Жастықтың буымен, білместікпен айтып қалған кейбір сөздеріміз есімізге түссе қарадай отырып ұялатынымыз бар.  Осындай бір жай Тоқаңа қатысты болған еді. «Жетісу» газетінің редакциясында отырғанымызда бір жас жігіттің мезгілсіз қазасы жайлы әңгіме болды. Шіркін, жап-жас еді ғой деді Тоқаң. Сол тұста мен әзілге басып: «Тоқа, сол жігіт сіздің орныңызға кеткен жоқ па?!» – деп қалдым. Айтуын айтып алып, тілімді тістей қойғаным есімде.  Артық айтылған сөз екенін кеш аңғардым. Отырғандар іш жиып, секем алып қалғандай. Тоқтасын ағайым болса қаперсіз: «Қазіргі жастардың өздеріне де обал жоқ. Өшіретке қарамайды, кимелеп алға түсіп тарта береді...», – деп қалыптасқан ыңғайсыздықты  күлкімен шайып жіберген.

Мына жалған өмірдің келте екенін білсек те тіршілік бітпейтіндей ғұмыр кешетініміз бар-ау. Мен де Тоқаңды үнемі осылай айналасын думанға бөлеп жүре беретіндей көруші едім. Тіпті ол ауырып, емханаға түсіпті дегенді естігенде де сақайып, ортамызға қосылатынына сенімді болдым. Бақытжан тәте: «Сені Тоқтасын іздеп жатыр?!» – дегеннен  кейін бір-екі рет халін сұрап шықтым. Өңі өзгермеген, сөзі сергек.  Баяғыша әзілге басып біраз отырдық. «Ана жаққа аттанатын адамға ұқсамайсың. Сондықтан қоштаспаймыз. Әлі-ақ талай қызық-думанды бірге өткерерміз!» – деп әзілдеп, алаңсыз қайттым. Содан екі күн өткенде: «Тоқтасын қайтыс болыпты!» – деген суық хабар жеткенде төбемнен жай түскендей болды. Тумаса да туғанымдай болған, бар әзілімді көтеріп еркелеткен, қамқоршым болған жаны жақсылықтан жаралған асыл азаматтың бұл дүниеде енді жоқ екеніне сенгім келмеді.  Алайда тағдырдың жазғанына ешкім қарсы тұра алмайды екен. Өзі келе алмаса да күніне бір рет телефон арқылы хабарласып, жабыққан сәттері жақсы сөзімен жаныңа жарық құйып кететін, әзіл-қалжыңнын көмбесіндей кемел, жүрегі жомарт Тоқаңнан ойда жоқта осылай айрылып қалдық.  Бірақ, арада көптеген жыл өтсе де кейде маған Тоқтасын аға әзілдерін тоғытып, бөлмеме  алқам-салқам кіріп келетін сияқты болады да тұрады. Бұл, бәлкім, менің көңіліме қонақтаған ағаның асыл бейнесі болар.  Сол бейне бір сәт сағыныш болып өлең жолдарына айналды.

Тіршілік заңы ійуді білмес қатал да,

Тоқтасын аға,

таңыңыз қайта атар ма?!

Сайран да құрған сағымды күнмен қоштасып,

Аттанып кеттің мәңгілік дейтін сапарға.

 

Жақсыны жақтап,

жамандарменен белдестің,

Ел-жұртың барда аямап еді төрді ешкім.

Үңірейіп қалды өзіңмен толы ортамыз,

Әйтпесе мынау өмірде мәңгі өлмес кім?!

 

Қамсыздың көшін қамдайтын жанның бірі едің,

Әзілдің әркез ағытушы едің шүмегін.

Ағалап сенің артыңнан ерген біздерді,

Қалайша қиып тоқтады екен жүрегің?!

 

Құлағаныңша түспеді қолдан қаламың,

Бар еді бізге қоятын қатал талабың.

Жабыққан кезде жаныма шуақ құятын,

Жайдары сіздей ағаны қайдан табамын?!

 

Адал едіңіз жақынға және жолдасқа,

Қазаңыз мына жаныма жара салмас па...

Жұматай менен Сұраншыларды сағынып,

Асықтың ба әлде Жамауың менен Ордашқа?!

 

Жырменен қалап жан жылуыңнын өтемін,

Бейнеңізді аға, жүрекке сақтап кетемін.

Ақындар менен серінің бәрін жинап ап,

Сауыққа толсын мәңгілік мынау мекенің!

Қуат Қайранбаев,  ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Алматы.

Abai.kz

 

 

 

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2242
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2597
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2561
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1687