Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 5831 2 пікір 26 Наурыз, 2018 сағат 12:07

Қайда жүрсе де қорғаштап жүретін еді...

Тоқсан тоғызыншы жылдың күз айларының бірінде Алматыдағы Спорт және туризм агенттігі қасынан самбодан ұлттық құрама командасының бас бапкері болған Керей Қойшыбековті көріп қалдым. Қасында дембелше келген бір жігіт бар. Барып амандастым. Спорттың осы түрінен еліміздің құрама командасы оқу-жаттығу жиынын бірігіп өткізу үшін Ресейге жүргелі жатыр екен. Керей ағайдың қасында тұрған әлігі жігіт «Самбодан әлемнің орталығы Кстова қаласы болса, Қазақстанда Тайпақ болады!» - деді. Мен сөзге араласып «Мұқыр!» - деп қалдым. Екеуі де маған қарады. Керей ағайға бұрынырақта өзімнің атыраулық екенімді айтқан болатынмын. Сірә, сол есіне түсті білемін, қасында тұрған жігітке мені нұсқап: «Қошқарбайдың інісі!» - деді. Екеуі күліп жатыр. Әңгімелеріне орынсыз араласқаныма ыңғайсызданып қалдым да мен де еріксіз жымидым. Кейін білдім: Керей ағайдың қасында тұрған жігіт сол кезде самбодан республикалық федерациясының президенті болған Мүслім Оңдағанов екен.

Келесі бір жолы «Жас Алаш» газетінің тілшісі Бақтияр Тайжанмен әңгімелесіп тұрғанда Атырауда Қошқарбай деген досым бар дегенді естідім. Бақтиярдың КазПИ-де оқып жүргенде самбомен айналысқанын білетінмін. Сірә, сол Қошқарбай болар деп сұрай жөнелдім. Айтқандай-ақ, Атыраудағы досы самбодан облыстық құрама командасының аға бапкері Қошқарбай Табынбаев екен. Бакең досын біраз мақтады. Ішімнен Атырауға бір барғанда Қошқарбайды іздеп барып, әдейі танысармын деп ойладым. 2000-шы жылы атыраулық Арсен Хатипов жасөспірімдер  арасында әлем чемпионы болған кезде Алматыда тұратын біраз жерлестеріміз қуанып қалды. Олардың қайда тоқтағанын біреу білсе Бақтияр досым білер деп «Жас алашқа» тартым. Іште Бәкең жоқ екен. Қали аға Сәрсенбаев Бақтиярдың бүгін болмайтынын айтты. Сөйтіп келе жатқанда «Көк базардың» қасынан Боранбай Ғалиевті кездестіріп қалдым. Көп спортшыларды танитын әрі журналистикадан да хабары бар Боранбай аға Арсен мен оның бапкері Қошқарбайдың таңертең Атырауға ұшып кеткенін айтты. Сөйтіп осы жолы кездесудің реті келмеді.

Келесі жылы көктемде Атырауға келдім. Араға екі-үш күн салып облыстық спорт басқармасына барғанмын. Сол кезде басқарма бастығы болған Марат Өтеғалиевке барып амандастым. Біраз әңгімелесіп болғасын бөлімдерде танитын кім бар екен деп әрбір есікті бір ашып келе жатырмын. Бір кезде «Қошқарбай!» деп шақырған дауысты естіп қалдым. Артыма қарап едім, біреудің ішке кіріп кеткенін көрдім. Тез бұрылып, алдында ғана есігінен сығалап кеткен бөлмеге басымды сұқтым. Іште төртбақ келген бір жігіт ағасы тұр екен. Ол да маған қарады. Сол кезде қасына барып  «Қошқарбай деген сізсіз бе?» - деп сұрадым. «Иә» - деп жауап берді. Бұрын танымасақ та екеуміз құшақтасып амандастық. Өзімді таныстырып жатырмын, оның атын көптен естіп жүргенімді айтым. Екеуміз мәре-сәре болып қалдық. Әсіресе Мұқырда туғанымды естігенде ерекше қуанып кетті. Біраз сөйлескеннен кейін бұрыннан таныс адамдай бір-біріміздің қолтығымыздан ұстап екеуміз сыртқа шықтық. «Қазір біздің үйге барамыз!» - деді. Мен келесі бір орайы келгенде барармыз деп кешірім сұрап, ұсынысынан бас тартым. Сөйтіп, көптен бері атына қанық болған Қошқарбай ағаммен осылай таныстым.

Мамыр айында Атырауда самбодан Қазақстан чемпионаты өтті. Көп кешікпей қазақша күрестен халықаралық турнир болды. Екі жарысты да Құныскерей батырды еске алуға арнаған екен. Мен екеуіне де қатыстым. Жарыс аяқталған соң Мекен деген туысқаныммен бірге Қошекеңнің үйінде барып, қонақ болдық. Сәуле жеңгейдің шәйін іштік. Арамызда аға-інідей қарым-қатынас орнады. Кейін де Мұхамедрахим Оралбеков деген шәкірті әлем чемпионы болған кезде қуанған жанкүйерлерге ілесіп Аққыстауға бірге барғанмын. Қошқарбай ағам маған ерекше ыстық еді. Үнемі ақыл-кеңесін айтып жүретін. Бірде Атырау университетінің ректорына барып мақтап кетіпті мені. Оны Асхат Сәлімұлының өзінен естідім. Қайда жүрсе де иығымдағы екі періштем сияқты қорғаштап жүретін еді. Биыл, міне, Қошқарбай бауырымның қайтқанына тоғыз жыл болыпты. 2008 жылы олимпиада ойыны кезінде қатты ауырып жүрсе де өз шәкіртін демеу үшін Пекинге барып қайтты. Бүкіл өмірін спортқа арнаған бапкер шәкіртінің олимпиада чемпионы болғанын көргісі келген шығар, сірә. Көрген жерде құшақтаса амандасып, үнемі үйіне шақырып жүрген Қошқарбай ағам көп кешікпей арамыздан өзі кетіп қалды. Тура келген ажалға ешкім араша түсе алмайды екен. Ол қайтыс болған кезде соңғы сапарға шығарып салуға небір спорт саңылақтары келген болатын. Өзінің ағасындай болып кеткен Керей Қойшыбеков те болды осы қаралы жиында.

Өзі болмаса да орны бар дегендей, ізін жалғастырып келе жатырған шәкірттері бар артында. Соған шүкіршілік етеміз. Екі рет олимпиада ойындарына қатысқан Ренат Ибрагимов деген шәкірті бүгін қалалық спорт бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. Ұлы Құныскерей де әкесінің жолын қуып, бапкерлік мамандығын таңдап алған. Біраздан бері қазақша күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Қошқарбай Табынбаевты еске алуға арналған халықаралық жарыс үзбей өткізіліп келеді. Болашақта қаламыздағы бір спорт кешеніне Қошекеңнің атын беретін шығар деп ойлаймын. Жарысқа кетер кезде өзінің төл шәкірті болған бүгінде бапкер Қайрат Досқалиев, жас спортшыларды ертіп Қошекеңнің бейітіне барып, дұға оқып кетеді екен. Шәкіртінің осы ісі дәстүрге айналған сияқты. Өзім де талай рет Доссорға кетіп бара жатқан жолда әдейі тоқтап, Қошқарбай бауырымның рухына дұға бағыштаған болатынмын. Рухы разы болсын дегенім ғой. «Өлі жебемей тірі байымайды» деген нақыл сөз бар емес пе?

Қабибек Мұхитов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1463
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1312
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1068
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1118