Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Шынның жүзі 5557 2 пікір 14 Наурыз, 2018 сағат 11:01

Нұрсұлтан аға, өзіңізден араша сұраймын!

Расында қазақта кең қолтық, ашық қол атымтай азаматтар аз болмаған. Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен қазақ байлары қатарында Жетісудағы Маман байдың балалары бүгінгі қазақ меценаттарының нақ үлгісі десек, олар Алаш милициясын жасақтау ісінде әскери көмек көрсеткен, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында советтік баспасөз тарапынан нақақ айыпталған.

Десе де кешегі Маман байдың балаларының мәрттігі қанына сіңген ұрпақ арамызда жүр бүгінде. Ол – Сәбит Сұлтан. Жетісу топырағында туып, Жамбыл жерінде жүрген атымтай азамат жайлы сөз етпекпіз.

Қазіргі қоғамның қыл өңешінде қылтанақтай қалқиып тұрған қасаң қағида – абыройды ақшамен, дәрежені дүниемен салыстыру. Сондайларға үлгі ретінде игі істерімен аты шыққан азамат – Сәбит Сұлтанды біреу білсе, біреу біле бермейді. Қазақта «жақсының жақсылығын айт» деген сөз бар. Біз бүгін айтамыз. Мұнымыз оғаш болмас.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында абдырап қалған халық арасынан алдымен ес жиып, жан-жағына қарап үлгергендер шаруамен айналыса бастады. Олардың ішіндегі ісін сәтті жүргізгендер бүгінде дәулетті адамдарға айналып, ел-халқының, мемлекетінің де дамуына үлес қосып келеді. Солардың бірі де бірегейі – Сәкең еді. Сәкең байлығын басып жемей, шашып жегендердің сортынан. Олайша дарақы мақтауымыздың да себебі бар.

Өткен жолы Президентпен кездесіп, арман-тілегін ақтарып алған Жақсылық Үшкемпіровтің аузынан «5000 кәсіпкер 5000 ауылды гүлдендірсе» деген тілек-сөз айтылған-ды. Сәбит Сұлтан өз ауылының ажарын кіргізіп, ауыз толтырып айтарлық жұмыс жасаған азамат.

Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданында Юбилейный деген ауыл бар. Сәкеңнің шаруашылығы да сонда еді. Мұнда 2013 жылға дейін облыстағы ең озық «Подгорный» АҚ атты серіктестік жұмыс жасап тұрды. Иелігінде 5 мың бас қой, 2 мың бас ірі-қара, мың бас жылқы болған. Тіпті сүт өңдейтін арнайы зауыт ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып тұрды. Егістіктен жиылған дәнді алыпсатарлардың тиын-тебеніне бермес үшін, 500 мың долларға астық қабылдау пунктін ашып, тәулігіне 60-70 тонна бидай тартып отырған. Жоғары сұрыпты ұнның 3 сорты өндірілетін. Одан бөлек аудан орталығы Құландыда шұжық зауыты болған. Бұрын «Подгорныйдың» фермасынан ет келіп, шұжыққа пайдаланылатын. Зауыт қазір де жұмыс істеп тұр екен. Тек етті басқа тасымалдаушылардан алып отыр. Ал ауданның өз кәсіпкерлері әлдебір әтігөрлердің кесірінен қып-қызыл шығынға батып отырған көрінеді. Енді осылар жайлы жай-жапсарымен айтайық.

Сонау тоқсаныншы жылдары ауылшаруашылық қожалықтары жекешелендіруге түскенде, талан-таражға түспеген жалғыз Подгорный совхозы екен. Ауылдағы 367 еңбекші бірігіп әрі қарай жұмыс істей беруді жөн көрген. Сөйтіп акционерлік ұйым құрған. Оны 1995 жылдың 7-желтоқсаны күні Жамбыл облыстық әділет басқармасына тіркетеді. Оның басында Сәбит Сұлтан мырза болған. 2004 жылы 5-қазанда акционерлердің жиыны өтіп, 27-қазан күні «Подгорный» АҚ атымен қайта тіркеледі. Айтпақшы, осы жиында келіскендей, АҚ қайтадан ЖШС болып қайта құрылған.

1994 жылы Парламенттің қабылдаған Жер кодексіне сәйкес, 1995 жылдың 1-қаңтарына дейін пай үлескерлері не жерді сатып алуы немесе ЖШС құрамына енуі тиіс болды. Өйтпегенде, Үкімет ол жерлерді қайтарып алуға құқылы еді. Сөйтіп, ЖШС құрылады. «Подгорный» элиттық дәнді-дақылдар шаруашылығы» ретінде тіркелген облыста жалғыз шаруа қожалық осы еді. Қазір де солай. Күні-бүгінге дейін облыста басқа элиттық дәнді-дақылдар өндіретін шаруашылық жоқ.

«Еді» деп өткен шаққа салуымыздың себебі бар. Әкіреңдеген әлдебіреулер әпербақандыққа салып,  бүкіл ауыл бірігіп Халықаралық дәргейге жеткізген шаруашылықтың жұмысын тежеп, таласқа салған. Ол туралы өткен жолы кеңейтіп жаздық. (Abai.kz).

Ел-жұрт Сәбит Сұлтанды меценат деп қатты құрметтейді. Онысы рас та. «Подгорный» акционерлік қоғамының иелігінде 15 мың гектар жер болған. Бұл 2013 жылға дейін еді. Қазір жердегі үлескерлер жан-жаққа тарап кеткен. 370 акционер, оның ішінде 170-інің пайдан үлесі бар еді.

Сәбит Сұлтан мырза күні кешеге дейін 150-ден астам адамды жұмыспен қамтып келді. Олар басқа жақтан келген жоқ. Өз ауылдастары.

Жоғарыда айтқандай ірі мал шаруашылығы болды. 5 мың қой, 2 мың ірі-қара, 1000 жылқы ұстады. 2013 жылы лизингке құны 3 миллион долларды құрайтын америкалық техника сатып алған.

Дәл сол жылы даукестер көзтоймастыққа салып, талас жасағанда жерден айырылып қалады. Сөйтіп, су жаңа техника қазір гаражда қаңырап тұр екен. Техниканың ақысын төлеу үшін қорадағы мал шығындалады. Ақыры мал басы 2 есеге азайған. Себеп сол – жайылатын жер жоқ. Жем-шөбі тағы бар. Оның үстіне арызды төлеу тағы керек.

Сәкең басшылық етіп Сүт зауытын ашқан. Дәлірек айтсақ, ауданда қаңырап тұрған зауытта аукцион арқылы сатып алып, күрделі жөндеуден өткізеді. Жаңа техника сатып алып орналастырады. Бұған шамамен 1 миллион доллар жұмсайды. Мұнда да 40-50 шақты адамды жұмыспен қамтиды. Олар да ауыл азаматтары еді.

ЖШС қызметкерлеріне деп 100 пәтер салып бергені тағы рас. «Подгорный» ЖШС қарамағына кіретін «Подгорный-құрылыс» компаниясы аудан әкімшілігін салумен айналысқан екен. Жалпы шығынның 50 пайызы «Подгорныйдың» есебінен болған.

Су жаңа Мәдениет үйін салған. Бұған кеткен шығын 1,5 миллион долларды құрапты. Сол Мәдениет үйінің қызығын күні бүгінге дейін ауыл жұртшылығы көріп отыр.

Ауылға газ жүйесін кіргізіп, құбыр тартқызған. Бұған шамамен 2 миллион доллар жұмсайды. Бұл да ауылдастардың игілігі үшін жасаған жұмыс.

Ауыз су құбырын кіргізеді. Жалпы сомасы 500 мың АҚШ долларын шығындайды. Облыста теңдесі жоқ 2 мешіт салғанын біз емес, ауылдастары айтып жүр. Білуімізше бұл үшін меценет 1 миллион доллар жұмсаған.

Сөзіміз сұйық шықпас үшін, жоғарыда Сәбит Сұлтанның  атымтайлығынан біраз дәйек келтірдік. Десе де қазақта «оң қолым бергенді сол қолым көрмесін» деген сөз бар. Сәкең де сол салттан жаңылмаған жігіт.

Сөзіміздің соңын Маман байдың балаларының меценаттығына қайта бұрсақ, олар қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени өмірінде болып жатқан айтулы шараларда ұлт зиялыларымен қатар тізе түйістіріп, ел мүддесін қорғауда аянып қалмаған. Тіпті, Алаш автономиясы жарияланып, мемлекеттік құрылымды жасақтауда Алашорда үкіметі үшін ұлттық инвестор болды. Сондай Алаш мүддесіне қамқорлық танытып, барынша материалдық және қаржылық тұрғыда қолдау көрсеткен.

Қазақ байларының меценаттығы сол - қазақ баспасөзінің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасағаны. Бұл тұрғыда 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына және ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтардың болғаны шындық. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы санында «Ауқатты алаш азаматтарына» атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесу жөнінде үндеу жарияланады. Көмек берушілер қатарында Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсенділік танытқаны айтылады.

Міне, Алаш меценаттарын туған топырақ Сәбит Сұлтанды да да туған.  Сәкең бүгінгі қазақ жұртының қамқоршысы. Жоқ-жітікті түгендеуші, жетім-жесірді жарылқаушы. Бүгінгі баспанасыз қазақтың инвесторы. Мұнысы ұлттық деңгейде айтылып та жүр.

Гректе «филантроп» деген сөз бар. Қазақшаға қотарғанда - «жақсы көру, ұнату» деген ұғым береді. Өз қазағын, өз ауылдастарын, өз ұлтын ерекше сүйетін – Сәкеңді сол филантроп десек әбден лайық. Мемлекет берген дардай атақтарын жіпке тізіп жатпадық. Себебі, ауылдағы ағайынның ақжарма тілегі, ақ батасы атақ-шеннен мың мәрте құрметті.

Өкінішке орай, осындай табысқа ие болып, Республикадағы ауылшаруашылық секторына айтарлықтай табыс әкеліп отырған шаруашылық күйреген.  Тұп-тура 5 жыл бұрын. Шаруашылықтың шаруасының шайқалуына бірден бір себеп – қайсыбір шенді мырзаның «рейдерлік» әрекеті болған.

Осы ретте Сәбит Сұлтан мырзаның Президенттің атына жазған араша хатын жариялауды, сөздің түйінін солай келтіруді жөн көрдік.


Ашық Хат

Құрметті Елбасы, Нұрсұлтан аға!

Мен Сәбит Сұлтан, Тәуелсіз Қазақстанымыздың  ауылшаруашылығына өз үлесімді қосып жүрген азаматпын.

Өзіңіз екі мәрте арнайы келіп, көріп, оң бағаңызды, ақ батаңызды беріп кеткен Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Подгорный» ЖШС бүгінде ашкөздердің талан-таражысына түсіп жатыр. Бүгін өзіңізден араша сұрай осы бір үшбу хатты жазып отырмын.

Құрметті Елбасы, мен бүгін өзіңізге үлкен үміт арқалай отырып, хат жазып отырмын. Сіз еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ, бізге көмегіңізді көрсетіп, ақылыңызбен жол сілтеп келесіз. Бүгін де өзіңізге қайрылмақпын.

Өзіңіз білетіндей, мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап өзіңіздің қасыңыздан табылдым. Өзіңіздің қасыңызға еріп, шетелдерге сапарларға шықтым. Сіздің тікелей тапсырмаңыз бойынша, тәжірбие алмасу, шетелдік инвесторларды елге әкелу ісіне ең бірінші болып кіріскендердің бірімін. Қазақстанға ауылшаруашылық секторына алғаш болып шетелдік инвестор әкелдім. Өзіңіздің қамқорлығыңызбен және қолдауыңызбен АҚШ-қа барып, арнайы Халықаралық бизнес мектептен білім алып келіп, сол білімімді Қазақстанның ауылшаруашылық секторын дамытуға пайдаландым. Ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға бар күшімді салдым.

Құрметті Елбасы, Нұрсұлтан аға!

«Подгорныйға»ЖШС-ға өзіңіз арнайы екі рет келіп едіңіз. Бірінші жолы щұжық зауытын өзі аштыңыз. Екіншіде, біздің шаруа қожалығымыздың тыныс-тіршілігімен танысып қайттыңыз. Оң бағасын берген едіңіз. Біз де сол қарқымен, сол қолдаумен жұмыс істеп келдік.

Мен өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша ҚазАрго холдингтен 3 миллион долларға лизингпен американдық техника алған едім. Қазір сол техниканың барлығы бекер тұр. Себебі, шаруашылықты әлдебір дөкейлер барымталамақ болып, қазір жұмыс тоқтап қалған. Бір кездері гүлденіп тұрған ауыл қазір адам танымастай күйге түскен. Өзіңіз көрген, өзіңіз ашқан сол шаруашылықтың бүгінгі күйін көрсеңіз, танымай қаласыз.

Құрметті Елбасы! Біздегі техника өзіңіз білетіндей озық сапалы. Қазірдің өзінде облыста екі-үш шаруашылықта ғана бар шығар, бұндай техника. Қалғандарының барлығында совет өкіметінен қалған ескі-құсқы комбайндар мен тракторлар.

Міне, осы шаруашылықтың қазір  жұмысы тұралап тұр. Машина-трактор стансасы қаңырап, гараждар үңірейіп, наубайхананың ойраны шыққан.

Құрметті Елбасы!

Біздің ісімізге көз алартқандар ЖШС жұмысына барынша кедергі келтіріп жатыр. Рас, алғашқыда пайшыларға берешегім болды.Содан сынықтан-сылтау іздегендер ұзын-сонар сот процессін бастап кетті. Араға іріткі салғандар пайшылардың ішінен екі азамат 2004-жылғы 5-қазандағы шешімді терістеу жайлы арызданады. Енді рет-ретімен айтайын:

2013 жылдың 28-ақпаны. Жамбыл облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты шешім шығарып, пайшыларға 14 миллион 524 мың 775 теңге және мемлекеттік алым төлеуім керек болады. Мен бұл соманы түгелімен төледім.

2013 жылдың 22-мамыры. Жамбыл облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы шешім шығарып,  алдыңғы сот шешімін өзгертеді. Ол бойынша, әуелде келісілген 5,6 пайызы – жер үлесінен, 94,4 пайызы деген Қоғамның негізгі қор түрін­дегі үлесінен деген хаттамасы күшін жойғызды. Сондай-ақ, банкке жерді кепілге қою туралы хаттама мен ке­пілдік туралы келісімшарт та күшін жойды.

2017 жылдың 7-қарашасы. ҚР Жоғарғы соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулы қабылдап, жоғарыдағы хаттамаларды терістеді. Облыстық сот актілерін тоқтатады. Істі Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қайта қарауға жібереді.

Ал 2018 жылдың 11-қаңтары. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы тағы сонау 2013 жылғы шешімді қайталап шығарды.

Қарызымды ең басында-ақ, төледім.  Бірақ, Серіктестік заңсыз болып шықты. Ауылдағы тіршілік тоқтады.

Жоғарғы сот біздің пайдамызға шешім шығарғанымен, облыстық сот ескі шешімді қайталап отыр.

Қазір жұрт жерлерін бөліп алған. Мүлде бөлек біреулерге жалға беріп отыр. Олардан ауылға келіп-кетер пайда жоқ. Ауыл тұрғындары баяғыдай емес, әрқайсысы жан-жаққа тентіреп кеткен, жұмыс іздеп. Менің сұрайтыным біреу-ақ. Жамбыл облыстық соты Жоғарғы соттың шешіміне сай, алдыңғы екі шешімді жоққа шығарса деймін ғой. Өкінішке орай, бұл қиын болып тұр қазір.

Өзіңіз былтыр күзде облысымызға арнайы келіп, мұндағы шаруашылықтың жай-күйін өз көзіңізбен көріп, төмен баға беріп кеткеніңізбі білемін.

Сіздің елдегі шағын және орта кәсіпті дамытуға жасап жатқан тың бастамаларыңызды білеміз. Сіз өз сөзіңізде «кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз қудалай бермеңдер» деп жиі ескертесіз. Тіпті, биылғы жылғы Қазақстан Халқына жасаған жолдауыңызда дәл осы ауылшаруашылық секторына арнайы басымдық бердіңіз. Бұл да сіздің шаруашылықтағы ағайынға, бізге деген ерекше қамқорлығыңыз деп ұғындық.

Сөз өз сөзіңізде «Ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың мүмкінігі» деп тайға таңба басқан көрсеттіңіз. Өзіңіз білетіндей біздің шаруашылық Қазақстан тарихында ең бірінші болып бидайды валютаға сатқан ек. Қазір де шаруа қожалығымыз Америкалық, Еуропалық техникалармен жабдықталған. Біз сүт және бидай өнімдерін әлемнің 10 мемлекетіне экспортқа шығардық. Ол да сіздің ткелей қамөорлығыңызбен болған еді.

Сондай-ақ, Жолдауда Сіз «Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек» деп анықтап айтқан едіңіз. Сіздің осы қамқорлығыңызды хат танитын, Жолдаумен танысып шыққан әрбір адам бірден түсінері анық.

Өкінішке орай, Ортақ іс оңға баспай тұр. Десек те, барлығын қайта қалпына келтіруге әлі де болады.

АҚШ пен Еуропадан, Араб елдерінен инвесторлар да бар екен. Олар «Подгорныймен» жұмыс жасауға дайын отыр. ендігі жалғыз үмітім өзіңізде, құрметті Нұрсұлтан аға!

Құрметпен, ініңіз Сәбит Сұлтан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар