Сенбі, 18 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 17159 28 пікір 14 Наурыз, 2018 сағат 10:32

Қытайға барып қайтқан қазақтың ойы

– Күрсінбе! Еркін, Сотталасың! –  деді Жәнібек ата маған шорт бұрылып. –  Қазір сен Қытайдың территориясында тұрсың, мейлі қандай жағдай болмасын үніңді шығарма, күрсінбе, к**іңді қыс! –  деді аяқ астынан түрін бұзып.

Мен не болғанымды түсінбей аң-таң, Қытайға бармағаныма он жылдай болды, сонда Қытайда қазір күрсінуге де болмай ма? Өзімнің жеке бітпеген шаруаларыма күрсіндім, онда тұрған не бар екен, деп ойладым іштен, бірақ Жәнібекке де, Қытай шекара қызметкерлеріне де бойұсынбасқа амал жоқ, үндемедім, тұр деген жеріне тұрдым, шеш дегенін шештім. Құжаттарымды тексеріп болған соң менің нағашы атам Жәнібекті сақшы көліктері күтіп алды, ол кісінің ықтияр хаты бар еді. Ал мен Қазақстан азаматымын, менің алдымнан ағам шықты. Сақшы көлігі атамды басып алды, бірақ оған қарсы келуге болмайды екен. Ағам келді де үн-түнсіз менің және атамның жүктерін өзінің жеке көлігіне салды да мені алып кетті. Мен «нағашы атамды қайтеміз?» деп сұрамақшы болғанымда ағам көз ишаратымен көліктің ішіндегі камера мен дыбыс алғышты көрсетті, әрі бір саусағымен үндеме деген белгі берді. Тек қылмыскерді ұстайтын сақшы көліктері бейкүнә қарапайым нағашы атамды тексеріске алып кетті. Нағашы атам да, ағам да, барлық халық осыған көніп кеткен, күнде кәдімгідей қайталанып жатқан «қалыпты» құбылыс. Бір кезде жергілікті орының сақшы бөлімшесіне жеттік, атамды ішкі бөлмеге алып кетті, бір сақшы менің жеке куәлігімді сұрады, Қазақстан паспортын бердім, қолына Қазақстан паспортын жыртуға ыңғайланып тұрып:

–  Қытайдағы тіркеуіңді өшірдің бе? Жоқ па!? –  деді. Мен өшіргенімді айтқан кезде:

– Өтірік айтпа, тексереміз, егер қос азаматтықпен жүрсең онда мына көк паспортыңды жырта саламыз, бұл азаматтықты танымаймыз, тіркеуді өшірмедің деген сөз сен әлі де Қытай азаматысың» деп көк паспортымды партаға ұрғылай берді. Тексеріс нәтижесі шықты. Менің Қытайдағы тіркеуім өшірілген. Қытай азаматы емес, заңды шетел азаматымын, Төлқұжатымды қолыма берді, енді үйге қайтпақшы болғанда сақшы айқайлап: «Сен шетел азаматысың, бұнда туыс-туғаныңның үйіне жатуға болмайды, сен бес жұлдызды қонақүйге жатасың, әрі күндік ақшасын өзің төлейсің» деді. Күндігі 160 юан (8000теңге), оның қасында және ішіп-жеу, жүріс-тұрысыңыз бар. Сонда Шетел азаматы болсаңыз қалтаңыздың түбі көрінбей тұрғанда Қытайдан өзіңізде көп тұрмай безгіңіз келеді екен. Әрі қасыңызда үш әріптің үш адамы күндіз-түні жүріс-тұрысыңызды, кімдермен сөйлескеніңізді аңдып жүреді екен.

Құдайға шүкір, айтпақшы Қытайда «Құдайға шүкір», «ассалаумағалайкум», «уағалайкумуессалам», «о, тәуба», «иә, алла» т.б. деген сияқты діни сипат алатын одағай сөздерді де айтуға тиым салынған. Қытайда тек көңіл-күйіңізді партияның ғұмырының ұзақ болуымен, Патшасының денсаулығының саулығын тілеумен ғана шектеледі екенсіз, «осы күнге жеткізген партиямызға рахмет», «Ши төрағаның денсаулығы мықты болсын» т.б. деген сияқты. Жаман көңіл-күйіңізді тек Қытайдың «тарихи» жерлерін «байқамай» алып қалған елдерді жамандау арқылы жеткізеді екенсіз. Оның ішінде Қытайдың «тарихи» Балқашын «байқамай» алып қалған «оңбаған» Қазақстанда бар. Қазір Қытайдың мектептерінде сол «тарихи» жерлерін қайтарып алудың ғасырлық жоспарларын үгіттеуде. Иә, бүгінгі Қытай баласы, ертеңгі Қытай сарбазы.

Өзім аман-есен бір апта болмай Қазақстанға қайтып келдім. Ал бірақ нағашы атам әлі тексерісте көрінеді. Шетелден келген Қытай азаматтарын 2 апта көлемінде сұраққа алады екен. Шетелде кіммен кезіккенінің бәрін сұрайды екен, қанын, қолтабын, қарашығын, ДНК-сын, және қылмыскер құсап тақтайша ұстап сүретке түседі екен. Қызыл паспорттарын ІІД алады екен, шетелге шықпақшы болсаң сол органға арыз береді екенсің, олар ҚХР ҰҚК арқылы тексереді екен, егер толымды рұқсат береді екен, толымсыз болса «үйрену мектебі» деген конс-лагерьге сотсыз-сұрақсыз айдап жібереді. Мысалы, сізден қазіргі уақытты сұраса, сіз Орталық Астанасы Бейжиң уақытын емес, жергілікті 2 сағат кеш Үрімжі уақытын айтсаңыз да сізді конс-лагерьге жіберуі әбден мүмкін. Онда улы, газды, уранды, қауіп-қатерлі жұмыстарды аяқтары кісендеулі түрде істетеді екен, әрі ақысыз, тегін, аш-құрсақ жұмыс жасайсың, шаршап болдырсаң, дәрменің бітсе, сені апарып тірідей боршалап, пайдалы ағзаларыңды алып, өлігіңді өртеп күл қылып тастайды екен. Қытайда қазір жаназа шығару жоқ, тіпті қабір-зиратағы айдың белгілерін алып, қабірлерді 24 сағат торуылдап, адам жолатпайтын қылып тастады, мешіттер қиратылды, құрандар өртелді. Бірақ Қытайда қарызы бар мұсылмандар дүниесі үнсіз, дін еркіндігін қорғайтын халықаралық ұйымдар үнсіз...

–  Олардың өз обалдары өзінде, –  деді қасымдағы бірге таксиде отырған жасы егде кісі сөзімді бөліп. – Кезінде 27 жыл шекара ашық тұрғанда бізге қарай өтпеді, кейбірі пенсиясын қимай ықтияр хатпен жүріп алды, бұл Қытайдың қазақтары сатқын, қорқақ, олар, ата-бабаларынан солай, 1930 жылдар бұлар бай болды да, малшы қазақтарды қанады, сосын 1928-1933 жылдар аралығында ел күйзеліп аштықтан қырылып жатқанда бел асып қашып кетті, сосын соғыс біткеннен кейінгі  1960 жылдары бір бөлімі астарынан су шығып, қытайлар келе жатыр деп дүркірей қашып келді, сосын мына 1990 жылдар азат болғанда келмей қойды, ойбай квота береміз дегенде жамырай кетті, сонда да шекараның екі бетінде жүріп алды. Сосын енді ойбай бізді Қытайлар қырып жатыр деп зарлайсыңдар. Оларға Қазақстан енді не істейді? Сендер үшін Қытайдан алған қарызынан бас тарта ма?  Азғантай қытайдың қазағы үшін Қазақстан Қытаймен жауласа ма? 1 миллион 500 мың Қытай Халық Республикасының қазағы үшін 18 миллион Қазақстандықтың мүддесін қия ма? Олардың кредиттерін сен төлейсің бе? Қазір дүние толған Қытайдың тауары, таңертең орныңнан тұрған көрпеден тартып, оқу-жұмыс орынға барып үйге қайтып келгенге дейінгі барлық зат Қытайдан өндіріледі, ұялы телефон, компьютер, автобус, тіпті аспандағы ұшақ, ракета, жерсерік бәрі Қытайдан шыққан, енді оларға тек адам өндіру ғана қалды, –  деді атамыз.

–  Егер Қытайдың тауарларына бойкот жарияласақ ше? –  деді атаның қасында отырған жас бала қолындағы ұялы телефонын қалтасына салып жатып.

Біз күлдік, ол да, ата да, жүргізуші бала да, мен де, бәріміз күлдік. Ол бала бір минуттан кейін ұялы телефонын қайтадан алып шықты да, артына қарап, «made in China» деп оқыды да, ойланып тұрып, телефонын қайта қосты, біз тағы күлдік. Иә, Қытайлардың өнімдері ауа сияқты қажет болып қалыпты бізге, солармен күн көріп жүрміз, бірінші Жаратушы Аллаға деп, екінші «Made in China-ға» рахмет деп жүрміз, болашақта ұрпақтарымыз Қытай Патшасы аман болсын деп айтып жүре ме? Ойлауға дәтім бармайды. Әр жолы тамақ ішудің алдында коммунистік партияның әнін айтып, сосын тамақ ішіп болған соң «Партияға рахмет», «Ши төраға жасы ұзақ болсын» деп тілеуге мәжбүр болған лагердегі қазақтардан біз қаншалықты алыспыз?

 

Толғау

 

Құрметті оқырман, Сіз осы мақаланы оқып жатқан кезіңізде, бәлкім менің туыстарым қыспаққа алынып жатқан шығар, бірақ ол маңызды емес. Айтылатын дүние дәл уақытында айтылуы керек. Бәрібір Қытайдағы бес жүз мың қазақ пен екі миллионнан астам ұйғырдың қамалып сотталғанына да дым демедіңіздер ғой. Мен де сол көптің бірі болып, жолда жаншылған құмырсқа сияқты болып қалармын. Иә, бәлкім бұл менің ең соңғы жазған мақалам да болар, бәлкім Қытайдағы туыстарымды қыспаққа алып, мені Қытайға қайтуға қинайтын шығар. Бәлкім бұл Қазақстандағы Қытайдың озбыр саясатына қарсы жазылған ең соңғы мақала да болар, осыдан кейін Қытай үкіметін мадақтаған, Қытай-Қазақстан «достығын» дәріптейтін мақаладан көз ашпай қалатын шығармыз. Қойда бауыздап жатқанда бір «мә!» деп маңырап қалушы еді ғой, еркек тоқты құрбандық демекші, мен де сол қой құсап бір «маңырап» қалайын:

Тақырыпты бастамас бұрын, мен халықтың көкейіндегі бірнеше сұрақтарға жауап берейін:

 

Қытайлар кімдер? Қытай үкіметі қазір қандай ұстанымда?

Мен өз басым, қытай ұлтына қарсы емеспін, Қытай мен қазақ арасында ұлттық жік салу маған да, қазаққа да, Қазақстанға да еш пайда әкелмейді. Қытай өзі неше мың жылдық тарихы бар халық. Олардың үш жүз миллиондайы Қытайға тарихтан сіңіп кеткен ғұн, түрк, тоңғыз, моңғол т.б. тайпалары. Қытайлар ешбір соғысты жеңіп көрген жоқ, олардың тарихи қаруы – «Сауда-саттық», барыс-келіс, отырықтасу, өзге ұлтты өздеріне үйлену арқылы сіңдіру. Қытайға қайткенде жұтылмаймыз?

Қытай Үкіметі әсіресе мәңгілік патшасы Ши Жин Пиң қазір Қытайды Бейбітшілікті ұстаным ететін ірі елден Ұлтшылдық идея торлаған, ішкі халқын жаныштайтын, ішкі аз ұлттарын тарих бетінен жоғалтуға әрекет жасап жатқан, сыртқы елдерге әскери база салып, тыңшыларын жіберіп, басқа елдің ішкі саясатына араласа бастаған соғысқұмар елге айналдырып бара жатқанын көруге болады. Жуық жылдарда Қытай үкіметі ішкі наразылықты сыртқа аудару мақсатында және де ұлтшылдыққа сүйеніп аумағындағы бір елге әскери әрекет қолданады. Ол мүмкіншілігі ең зор Тайуан елі болуы бек мүмкін. Сол арқылы тарихта «бөлініп» қалған Қытай территориясын «қалпына» келтіреді. «Атасынан қалған Қырымын алған» Ресей секілді саясатқа көшеді. Әрі басқа да «бөлініп» қалған Қытайдың «тарихи» жерлерін де қайтарып алуға әрекет жасау басталады. Бұл Ұлтшылдыққа уланған Қытай халқының соры, Үнсіз қалған дүниежүзі халықтарының соры. Өйткені тарихта бір ел ұлтшылдықты желеу етіп, тарихи жерлерін қайтарып алуға талпынса, Халықаралық қоғам оған үнсіз қалса, соңы әлемдік нәубетке әкеледі. Оны Гитлердің заманында бүкіл әлем көрді.

 

Бұл жайдың Қазақстанмен не қатысы бар? Тыныш жүріп қой бағып жүрген озады, Қытай ірі ел, әрі Қазақстанмен одақтас, Қазақстанға еш зияны тие қоймас?

Қытайдан көп қазақстандықтар үрейленеді, оның тарихи себебі бар, 1960 жылдардағы Кеңес үкіметі мен ҚХР үкіметінің арасындағы келіспеушілік. Соның артынан Кеңес үкіметі Қытайды қорқынышты, үрейлі қылып суреттеуді бастады, содан ТМД елдерінің санасында тек Қытайды сыртқы портретінен жек көру деңгейінде ғана қалып қойды. Олар Қытайды ары қарай зерттегісі келмеді, Қытайлардың саясатын, Қазақстанға деген көзқарастарын білуге талпыныс жасалмады. ШЫҰ-ның бір парақ «тиіспеймін» деген келісім қағазына мәз болып жүрміз, ондай келісім қағаздарды да жыртып тастаған елдер көп. Халық та Қытайларға тек ат үсті баға бергенмен шектелді. «Қысық көздерден» басқа дәлелді айтар ешқандай уәжі жоқ.

Қытайды зерттеу үшін Күлтегін құлпытасынан бастап зерттеу керек. Көктүрік ата-бабаларымыз тасқа қашап тұрып өшпестей қылып соңғы ұрпақтарына ескертіп кеткен. «Табғаштар (Қытайлар) бізге сәлем-саулық алып келеді, бізбен доспыз дейді, сосын орнығып болған соң жер менікі деп шығады да, бізді өз ата қонысымыздан қуып шығады» дейді. Бұл сонау тарихтан бері қайталанып келе жатқан формула, Қытай үкіметі қанша өзгерсе де Қытай халқы осындай амалдарымен маңайындағы ұлттарды жұтып келді. Ұлы қорғанды қараңыз қайда тұр, Қытайдың қазіргі шекарасы қайда тұр? Түріктердің тарихи «Иерусалимы» Чаң-Ан (Ұзақ мезгіл Бейбітшілік болсын деген мағынада, Отырар, Стамбул деген мағынада) қаласы, ал қазір ол жер бізден үш мың шақырым алыста жатыр. Ондағы қоңыр көзді, малдас құрып отыратын, сырнайын шертетін ақкөңіл қонақжай халық өздерін қытаймыз дейді. Осыдан жүз жыл бұрынғы Қытайды 270 жыл билеген 10 миллион манжур халқының ішінен манжур тілін білетін адам жүзге де жетпейді, моңғолдар манжулардың аяғын құшты, өздеріне қытайша ат қойған, тек қытайша сөйлейді, өзара моңғолша білмейді. Енді діні мен тілі берік намысты Тибет пен Ұйғыр халқына тегеуріндері түсіп отыр, олар да көп ұзамай қытайланады. Ал Қытай үкіметі олардың қытайландыру басқышын одан да бетер тездетіп жатыр, Қытайға қарсы идеяң болса, дінге деген сенімің болса, өз ұлттық тіліңді құндасаң лагерге кетесің. Иә, бәрі мерзімсіз қамақ. Ал енді Ұйғырлар мен Тибеттерді мұжып болған соң, кімге көз салады? Тәжікстан, Қырғызстан және бізге... Қытайдан қарызын қайтара алмаған тәжік үкіметі Қытайға Қытайдың «тарихи» жерлерін қайтарып беріпті және де бере береді, соңында ол өңірлердегі тәжіктер қытайша сайрап, қытайша ат қойып шыға келеді. Сосын қытайдың «тарихи» жерлерін «байқамай» алып қалған Қазақстанға түседі. Сол кезде бәрі де кеш болады, ағайын. Мальдив Республикасы қарызын қайтара алмай, Қытайға бір аралын беріп те үлгірді, Африкадағы Джибути республикасы мен Пәкістанда Қытайдың әскери базасы бар. Шри-Ланка республикасы 99 жылға бір портын Қытайға жалға берді. Ойлан ағайын, бұл түс емес, өңімізде болып жатқан мәселе, өгізге туған күн бұзауға да туады.

Австралия деген дамыған ел бар, халық саны және жер көлемі жағынан  Қазақстанмен қарайлас. Австарлия бұрын демократиялы ел болатын, кім не айтады, не жазады өз еркі, ешкім тосқауыл қоймайтын. Ол ел кезінде халықаралық кісілік құқық заңын қолдайтын, ал қазір Австралияда бір миллион Қытайдан келіп азаматтық алғандар бар және Қытайдың ірі-ірі компаниялары Австарлияға қаржы қосып отыр. Ал енді ол жерде Қытайға қарсы пікірдегі қітапты шығарудан жергілікті кітапханалар бас тартқан. Қытайдың ұлтшылдығын дәріптейтін «Соғыс қасқыры 2» фильмі көрсетілген кезде Австралия азаматтығын алған қытайлар Қытайдың әнұранын айқайлап айтуға дейін барған. Австарлиядағы Қытай компаниялары мен кәсіпкерлері Қытайға жат көзқараста болғандарды жұмыстан шығарған, Қытай үкіметіне қарсы пікірдегі ұйымдарды шеттеткен. Қытайдың жүргізіп жатқан саясатына қарсы пікірдегі мақалаларды сол жердің азаматтығын алған қытайлар «екі ел достығына сызат түсірді» деген желеулер жағып, мақалаларды алдыртып тастаған, т.б. Осы арқылы Австарлияның ішкі ісіне балдай батып, судай сіңіп кеткен. Қытай үкіметі енді осы амалдарын Канада, Малайзия қатарлы қытайлар көп қоныстанған елдерге істетіп жатыр. Енді біз жерімізді берсек, Заңсыз еңбекшілерді тыймасақ, ертең ұл-қыздарымыз Қытайға қарсы сөз де айта алмай, Қытайлардың әнін айтып, биін билеп, шашбауларын көтеріп, құда-жегжат болып бір дастарқанда ит-есектің еттерін, құрт-құмырсқа, бақа-шаяндарын бірге кеміріп жүреді. Бек ұлдарыңыз құл болмасын, пәк қыздарыңыз күң болмасын десеңіз ойланыңыз, ағайын. Бүгінгі дамыған Австарлияның, анау Мальдив, Джибути, Пәкістан, Шри-Ланка, Тәжікстанның басына туған күн Қазақстанға келмесіне кім кепіл ағайын!

 

Жалғасы бар

Еркін Азат

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2138
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2546
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2312
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1651