Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 4722 7 пікір 5 Ақпан, 2018 сағат 11:29

"Ай, қаламгер, қаламгерлер-ай!"...

(Әмірхан Меңдеке достың сұхбатына орай)

Тап қазір мен Сөз мырзамен бетпе-бет кездесіп отырмын! Оның беті қатты, түсі сұсты, айтпағы адуынды. Былай деп бастаған: « Сендердің атағы жер жарған Жазушылар Одағы деген ұйымдарың осы кезде жазармандар одағына айналып бара жатыр, мұны білесің бе? Ау, осылай демегенде не дейін енді! Алды сегіз жүз, аяғы мыңға мұрын тіреп тұр! Көпсініп тұрғам жоқ, көңілде кіді ой атойлап тұрған соң айтам-дағы! Мен сан жағын санамалап, сынамақ емеспін, алайда сапасы... Е-е, досым-ай, өздеріңді-өздерің масқаралап, өз абыройларыңды өздерің төгіп, беделді белден басып бара жатырсыңдар-ау қазіргі кезде! Болмаса, нағыз қыран-таланттар ғана көтеріле алар ұшар биікті көрінген «құрт-құмырсқаға» қия салу – не деген бейшаралық! Ойланыңдар, әлі де кеш емес! Санды шектеп, сапаға көшіңдер ақылдарың бар болса! Керек десең, мен саған осы кездегі ең дұрыс жолды да айта кетейін – дереу Одақ мүшелерін қайтадан сүзгіден өткізіп, қайталап таразыға салып, ең ылайықты дегендерін ғана қалдыру қажет! Оның, мен нұсқап көрсетпесем де, әдіс-тәсілдері көп қой...».

Ызалы, сұсты бейнесін бір жылытпастан осыны айтты да, кете барды. Терең ойға шомып мен қала бердім. Әлбетте, қалам ұстаған көп қаламгерлердің арасында өзім де бармын ғой, егер олар ұйыққа тап келсе, солар батқан батпаққа мен де батамын ғой, сосын да бұл әңгімеге қалайша немқұрайды қарайын!

Тек ол үшін ғана емес! Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде мынадай жазба болушы еді: «Бір замандар болады, ақылдылар ақымақтарды төрге оздырады, тағы бір замандар болады, ақылдылар ақымақтарды төрге оздырғаны үшін жауап береді...».

Ай, қаламгер, қаламгерлер-ай! Біз де көп ұзамай соның кебін киіп жүрмесек жарар еді! Қазақ деген дана халқым «судың да сұрауы бар» деп неге шырылдап айтып кетті дейсің!

Ойланар күн келген жоқ па әлі?...

Жолтай Әлмашұлы

Facebook-тегі парақшасынан

7 пікір