Сенбі, 27 Сәуір 2024
4969 0 пікір 1 Ақпан, 2018 сағат 09:31

Наманганда жезөкшелер үйіне келушілер 52 жастағы әйелді ұрып өлтірген

Өзбекстанның Наманган облыстық ауруханасында 52 жастағы Тургуной Олтинова 30 қаңтарда ауыр соққы салдарынан қайтыс болды. Бір апта бұрын ол түн ішінде маза бермеген жезөкшелер үйіне келушілерді қуып шықпақшы болғаны үшін соққыға жығылған.

Құқыққорғау органдарының ақпаратына қарағанда, әйелге қол көтергендер қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.

Олтинованың көршісі Озодлик радиосына болған оқиғаны баяндап берді.

"Біздің тұрғын үйде жезөкшелер үйі бар. Тургун апаны 23 қаңтарда түнгі сағат 22:45-те осында келгендер соққыға жыққан. Мен апаны ұрып жатқанын өз көзіммен көрдім. Тургун апа милиция шақыратынын айтып, айқайлады. Біз аулаға шыққан уақытта олар қашып кетті. Біреуі бетін тұмшалап алыпты. Тургун апа еденде қансырап жатыр екен. Біз оны ауруханаға жеткіздік", - деді ол.

Наманган ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бірақ Олтинованың көршілері милиция жезөкшелер үйін жоюға құлықты болмағанын айтып отыр.

"Біздің үйде балалы отбасылар тұрады. Соған қарамастан осы жерден жезөкшелер үйін ашқан. Жартылай жалаңаш қыздар күдікті ер азаматтарды қабылдайды. Тургун апай олармен күнде жанжалдасатын. Неге милиция үнсіз отыр? Осы жағы бізді толғандырады", - деді Олтинованың тағы бір көршісі.

Abai.kz

0 пікір