Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3651 0 пікір 5 Қаңтар, 2011 сағат 06:43

Сәкен Есіркепов. Ертенгі ел тағдыры бүгінгі жастарда

Жастар мәселесі қашан да қоғамның өткір тақырыптарының бірі. Адамзаттың болашағы, асқақ мақсаттар жасауға біртабан жақын жастар толқыны әлем халқының 25 пайызын құрайды. Қазақстан Республикасы да жастары басым елдер қатарында. Жастар - болашақтың айнасы. Қазіргі таңда ел тұтқасына ие болар жастарымыздың деңгейі қаншалықты? Бұл сұрақ әркімді де мазалары анық.

Жастар мәселесі қашан да қоғамның өткір тақырыптарының бірі. Адамзаттың болашағы, асқақ мақсаттар жасауға біртабан жақын жастар толқыны әлем халқының 25 пайызын құрайды. Қазақстан Республикасы да жастары басым елдер қатарында. Жастар - болашақтың айнасы. Қазіргі таңда ел тұтқасына ие болар жастарымыздың деңгейі қаншалықты? Бұл сұрақ әркімді де мазалары анық.

2004 жылы шілдеде қабылданған «Жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-ші бабында 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының жастары болып табылады делінген. Осы жастарымыз қоғамдағы өз орнына лайықты болып отыр ма? Өкінішке орай - жоқ! Өйткені еліміз жастарының қаймағы деген студенттер қауымының көпшілігі жоғарыда аталған «Жастар саясаты туралы» заңның ішінде не жазылғанын білу былай тұрсын, сол заңның бар екенінен де хабарсыз. Бұл нені көрсетеді? Бұл жастарда саяси белсенділіктің төмен екендігін айғақтайды. Қоғамның әрбір тыныс-тіршілігіне алаңдап, отанының өркендеуіне ат салысар жастарымыздың өздері жайлы заңды білмеуі өкінішті-ақ. "Сен саясатпен айналыспасаң саясаттың сенімен айналысатыны" секілді жастардың өз мәселелеріне немқұрайдылық танытуы бұл тақырыпта қордаланған мәселелерді қиындата бермек. Халық арасында жастар тақырыбы қозғалғанда бұл тақырыптың жүрдім-бардым мәнге ие болып жататыны бар. Қоғамдық сатының маңызды бөлігі ретінде жастардың мемлекеттегі тиісті орнына ие бола алмауына бірінші себеп олардың немқұрайдылығы мен білімінің жеткіліксіздігі секілді. Екінші бір себеп мемлекеттен жастарға лайықты көңілдің бөлінбей келе жатқандығы. Яғни жастарға арналған БАҚ, баспасөз жұмыс істеп өзекті тақырыптар бойынша мәліметтер беріліп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Жоғарыда аталған заң бойынша жастардың  ең жоғарғы жасы 29 болып отыр. Мұны ұзартуды ұсынып отырғандар да жоқ емес. Алайда бұл тым ұзақ секілді. Мемлекет басқару жасына келген азаматтарымыздың өзін 25-29 жаста жас сезінуі олардың әлемді өзгертер 30-40 жастарында шешім шығаруға дайын болмай қалу қаупін туғызады. Сондықтан бұл ойланарлық мәселе. Тіпті кейбір батыс елдерінде жастарды бұлай категорияға бөлу жоқ. Ел азаматтарының бәрі жас шектеуінсіз белгілі-бір мақсаттар төңірегінде жұмыс істейді. Мұның тиімділігі де бар. Сондай-ақ жоғарыда аталған заңға өзгеріс енгізуге байланысты қызу таластар әлі де толастаған жоқ. Оның ең кемшін тұсы ретінде жастардың мәселелерін шешуді ұсынған заңның мәселені қалай жүзеге асыру механизмін шешпей кетуі екендігін айтуға болады. Осыған сәйкес бұл заңға өзгеріс енгізуді мақсат еткен тартыстар толассыз.

Қазіргі таңда ресми деректерге сәйкес елімізде 300-ге тарта Жастар ұйымы бар. Бұлардың түгелі дерлік студенттер қауымының қамын күйттейді. Аталмыш Жастар ұйымдарының көпшілігі лайықты жұмыс атқармай келеді. Тіпті кейбірі белгілі-бір мақсаттарда құрылып миссиясы біткен соң қайта тарап кетіп жатады. Сайлау секілді саяси науқандарда белсенділік танытатын кейбір жастар ұйымдарының белгіленген кезең өткен соң қарқынын жоғалтып жататыны да жасырын емес. Сонымен қатар жастардың бос уақытының көп болуы да құптарық жәйт емес. Жастарға мемлекеттік деңгейде жақсы көңіл бөлінбеуі олардың бос уақытты пайдасыз істерге бөлуіне әкелуде. Қоғамда белең алған түрлі діни-идеологиялық бағыттардың жастарға да құрық салып жатқаны да жасырын емес. Осындай келеңсіз жәйттер мемлекеттің жастарға тиянақты көңіл бөлмесе оларға «басқалардың» көңіл бөлетіндігін аңғартатындай.

Ауыл жастарының мәселесі де шешімін таппай келе жатқан тақырыптардың бірі. Қазақстан халқының жартысының ауылда тұратынын және олардың көпшілігінің қазақ ұлтының өкілдері екенін ескерсек мәселе айтарлықтай өткір көрінеді. Ауыл жастарымен айналысатын жастар ұйымдары жоқтың қасы. Кейбірі мемлекеттектік деңгейде ұйымдастырылған тендерді ұтып алғанымен, бел шешіп ауыл жастарымен айналысып жүргендері көрінбейді.

Ат төбеліндей белсенді жастарымыздың да күрмеулі мәселелері бар. Осы жастарымыз мемлекетке ең қажетті отаншылдық сезіміне қаншалықты ие? Отан мүддесін әрқашан алға қоятын ұлтжанды жастармыздың аз болса да бар екендігін жоққа шығармағанымызбен, белгілі-бір амбиция соңында (мәселен карьера, көзге түсу) жүргендерінің көп екендігін өкінішпен байқап келеміз. Өз мақсатын мемлекет мүддесі артына шебрлікпен жасыра білетін жастар әрқашан болған. Бірақ бізге олардың мейлінше аз болғаны керек.

Кезінде Бауыржан Момышұлы Кубаға барыпты. Өзін құрмет тұтып, кітаптарын әскерилеріне оқытатын кубалық әскерилер Баукеңе: «Біз сіздерден, яғни Кеңес Одағынан әскери стратегия үйрену үстіндеміз» депті. Баукең оларға: «Сіздерге бізден стратегия үйрену қажет емес. Бізден тек әскери тактиканы үйренсеңіздер болды. Біздің әскери стратегиямыз территорияның кеңдігіне негізделген. Тарихта талай мәрте Мәскеудің түбіне дейін шегініп барып жауды жеңген сәттер болған. Ал Куба алақандай ғана. Сіздер әрбір қадам жер үшін қасық қаны қалғанша күресе алатын, көкірегінде отаншылдық сезімі лаулап тұрған арыстан жүректі ұрпақ тәрбиелеңдер» деген екен. Батыр бабаның бұл сөзі қазіргі қазақ қоғамына да қатысты. Өйткені жеріміз кең болғанымен халқымыз аз. Ал кең жерді және оның астындағы байлығын саны аз болса да сапасы жоғары, арыстан жүректі отаншыл жастардың қорғай алатыны белгілі. Сонда ғана Жас Қазақстанымызды өз мүддесіне пайдаланғысы келетін елдер мен ірі топтарға қарсы тұра аламыз. Сондықтан өзін бабалар аманат еткен отан алдында жауапкер сезінетін, елдің игілігі жолында қаймықпай нелерге де қарсы шыға  алатын жас өркеніміз көп болғай деп тәмәмдайық!

Сәкен ЕСІРКЕПОВ

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің ғылыми қызметкері

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір