Жексенбі, 28 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 10915 39 пікір 24 Желтоқсан, 2017 сағат 00:53

Мырзан Кенжебай. "Рухани жаңғыру" дегеніміз не?

Соңғы 26 жылдың мұғдарында Қазақ Елінде  қаншама  саяси  бағдарламалар  мен  реформалар  қабылданды. Соның қай-қайсысы да  төрткүл  дүниеге   жар салып, аспандатып ат ойнатумен басталады, сосын оның орта тұсы  саябырсиды,  аяғы  сиырқұйымшақтанып барып «демі бітеді», ақыры ұмыт болады. Қарапайым  халық  не  болғанын  түсінбей  енді ойлана бастағанда жаңа бір ұран тасталады. Не керек,  жап-жақсы  бастамалар  осылай  науқаншылдыққа  айналып  бірте-бірте қадір-қасиетін жоғалтып, небір пысықайлардың ел аралау «түсіндіру жұмыстарын жүргізу» деп аталатынымен аяқталады. Және оның неге түсініксіз жазылғаны, халыққа түсіндіру жұмыстары немен тәмамдалғаны туралы көзбен көріп, қолмен ұстайтын дерек қалмайды.

Атышулы «Қазақстан-2030», «2050»-лерді қоспағанда «Нұрлы  жол», «100 қадам» «100 жаңа есім» аяқталмай  жатып, «Рухани жаңғыру», қазақ әліпбиін латын әліпбиіне  көшіру  жөніндегі  бастамалар қызу қолға алынды. Бірақ сол «қызу қолға алынған» шаруаға негізінен 2025 жылы ғана көшеді екенбіз. Тәуелсіз болдық деп шуылдаған 26-жылда  Қазақстанда   қазақ тілін өз биігіне шығара алмай, қазақ  ұлтын отарланған  құлдық санасынан тазартып қазақ қыла  алмай жүріп аузындағы сүті кеппеген қазақ сәбилеріне  ағылшын тілін үйретуге кірістік. Енді қазаққа саяси бастамасы бар тамақ жеп, саяси күпті халық атануы ғана қалды деп күледі кейбір қуақылар.

– Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Әлемдегі  ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу аталған рухани жаңғыру процесінің  нақты мақсаты соны көздейді, – деп жазыпты «Егемен Қазақстан» газетіне  Әлия Бейсенова деген академик ханым. –Паһ, шіркін, қазақта басқа мақсат-мүдде, басқа мұң-мұқтаж, басқа арман қалмапты-ау, дейміз соны оқып отырып.

Иә, қазіргі қазақ қоғамында жоғарғы жақтан бір ауыз ұран тасталса оны түсінсін, түсінбесін әйтеуір желпілдетіп ала жөнелетін  қарттар да, сол қарттардың орнын басуға дайын жылпос жастар да көбейіп барады. Таңның атысынан  күннің  батысына дейін  телеарналар дамып бара жатқанымызды 26 жыл бойы мақтанып айтып келеді. Бұлайша мақтай беру жақсылыққа апармайды, тоқтатыңдар деген бір адам жоқ. Ал той-томалақ немесе шығармашылық кештерде еңбектеген баладан  еңкейген қарияға дейін, кеш иесін жер көкке тигізбей мақтағанда төбе құйқаң   шымырлап, басың айналып, жылағың келеді. Ал шындығында ше? Шындығында рухани жаңғыру дегеніміз осындай көзге мақтаудан, мақтанудан, ұраншылдықтан, жасанды бастамашылдықтан арылу. Өйткені, мақтау мен мақтаншақтық, ұраншылдық жайлаған елде адам баласы рухани жаңғырмайды.

Жуырда Астана қаласының әкімшілігінде жиналыс болыпты. Сол жиналыста Астана қаласының әкімі Әсет  Исекешов  есеп беріп:  «Біздің білім басқармасының қызметкерлерінің жалақысы 150 мың теңге және барлығы баспанамен қамтамасыз етілген» депті. Сөйтсек, олардың жалақысы 45-60 мың теңгенің ғана арасында екен және басым көпшілігі баспанамен қамтамасыз етілмеген болып шықты. Міне, бұл арада мақтаншақтық Құдай алдында да адамзат алдында да күнәнің батпағына батырып тұр.

Егер рухани жаңғырып жатқанымыз рас болса Қазақстан атты бір мемлекеттің Елордасының осы әкімі бүкіл мәжілістері мен мәслихаттарын қазақ тілінде жүргізер еді ғой. Жалпы рухани жаңғыруды үкіметтегілер мен мәжілістегілер басқа да шен-шекпенділер Сагинтаев, Биртанов, Акишев, Сатувалдыев, Идрисов, Дарбаев, Келимбетов, Карагусова, Садвакасов деп өзімен қоса ата-бабасының есімін орысшаға бейімдемей саф күйінде жазудан бастауы керек еді. Міне, рухани жаңғыру дегеніміз мемлекет қаржысына уәлаят аралап, шетел аралап бой жазып, көзге түсіп көңіл көтеріп қайту емес деп отырған себебіміз де осы.

Тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы қаны мен терін қоса төккен қазақ халқы тек қарнымыз тоқтығына мәз болып ұрандата берейік деген жоқ. Қазақ ұрпағымыздың ұлттық рухы, ұлттық тілі, ділі ең болмаса өз елінде әуелеп тұрсын деп, рухымыз азат, өзгелермен тереземіз тең ел болсақ деп аңсап еді ғой!  Айтпақшы, бір елдің не бір ұлттың рухын, сана-сезімін отарлау саясатында Ресейдің алдына түсетін мемлекет жоқ шығар, сірә!  Ресей патшасы да, Ресей компартиясы да  өз  қоластындағы халықтарды уысында ұстап отырудың ең ұрымтал түрі орыс-қазақ аралас мектептерінде оқыту арқылы ұлтсыздандырылған, санасы мәңгүрттенген шалапайларды даярлайтын еді. Сол әдіс елімізде әлі де жүргізілуде. Патша заманында орысша сауат ашқан қазақ тілмаштары мен шолақ белсенділер Ресейге адал қызмет етіп, «шаш ал десе, бас алып» өз халқына қарсы шықса, бүгінгі қазақ билігіндегі орыстілділер әлі де қазақ тіліне қарсы шығуда. Бұл құлдық сананың әбден қанымызға сіңгенін көрсетеді. Біз сондықтан әуелі соларды рухани жаңғыртуға кірісуіміз керек еді.

Патшалық Ресейдің де, Кеңестік Ресейдің де талауына түскен мал, тонауға түскен қазына байлық, тартып алынған жер-су қайтарылған жоқ. Орыстар бүгінгі күні де Казахстан – это Русская земля. Эту бескрайнюю территорию мы должны вернуть любым путем» деп аласұруын күшейтпесе азайтқан жоқ. Қазақстан басшылары оған қарсы бір ауыз сөз айтпайды.   Бүйтіп үндемей үйдей бәледен құтыламыз деп отыра беру – қылмыс. Әлде әлгі орыстілді басшылардың ішінде «после меня хоть потоп» (мен кеткесін топан су қаптаса да бәрібір) деп отырғандар бар ма екен? Өткенге салауат дей берсек, тарихымызға обал. Олар Қазақстан жері Ресейдікі деп аузына келгенін айтып отырғанда біз бүгінде Ресейдің қоластында қалған Орынбор, Саратов (Сарытау), Орск (Ор), Астрахань (Хажы тархан) Омбы т.б. атамекендерімізді қайтаруды талап етсек несі кінә? Тәуелсіз елміз деп кеңірдегіміз керілгенше ұрандағанымызбен, іс жүзінде бұрынғы қалыптасқан тәуелді тірлігіміздің қаймағын бұзбай сол күйі қалдырып, отарлаушылар орнатқан жүйені ешқандай өзгеріссіз әрі жалғастырып келе жатқан сияқтымыз. 26 жылдан бері қазақты құлдық санадан арылтып, ұлттық санасын, ұлттық намысын оятуға бағышталған бірде-бір нақты іс қолға алынбады. Қалың бұқара бұрынғысынша орындаушы қалпында қалды. Тәуелсіздік берген мол мүмкіншілікті орнымен пайдалана алмадық. Өйткені, қазақтың кейбір атқамінерлерінің өздері де Ресейге табынушылық санасынан арылған жоқ. Оның есесіне қазақтардың санасына Қытай басып алады деген үрей мықтап сіңірілуде. Ал тарихта Қытай бір елді Ресейге ұқсап аспаннан бомбылап, жерден атқылап басып алыпты деген бірде-бір дерек жоқ. Қытай алса орыстарға ұқсап бас салып қырып-жою арқылы емес, ақылмен, айламен, бейбіт жолмен алуға тырысады. Ендеше, сен де олардан өзіңді, тіліңді, діліңді, жер-суыңды ақыл-айламен қорғауыңа болады.

Рухани жаңғыру – діні бөлек, тілі бөлек, салт-дәстүрі бөлек, бай елдерге еліктеу емес. Әттең, қазақ билігіндегілер осыны да түсінгісі келмейтін сияқты. Олар  аузын ашса «Еуропада өйтеді, Ресейде бүйтеді» деген сияқты есірме ермеліктен шыға алатын түрі жоқ. Әнеугүні бір қазақ шонжары Еуропада қыздардың орамал тартуына тыйым салған ел бар. Біз де сөйтуіміз керек деді телеарнадан. Сол жерде сауатты, білікті журналист болса, сіз не деп тұрсыз, әр елдің, әр ұлттың өз даму жолы, өмір сүру үрдіс-салты, өз саяси ұстанымы болады.Оданда қыздарымыз сол Еуропадағы сияқты жалаңаш-жалпы ішін, бөксесін, емшегін көрсетіп жүруі, арақ-шарап ішіп, көшеде темекі шегуі, боқтық сөз айтуы сияқты ұлттық рухымызға жат қылықтарына тоқтау салайық демес пе еді?! Амал не, бүгінгі қазақ журналистикасында ондай деңгейде пікір айтатын журналист те қалмаған сияқты. Осы бір ғана көріністің өзі-ақ қазақты ұлттық санасынан айырып, улауға мол жетіп жатыр емес пе?! Ұлтты алжастырудың, адастырудың бір түрі міне осы.  Осының өзі-ақ  ұлтты, елді рухани жаңғырту емес алжастырудың, ұлттық рухынан   алшақтатуды бір түрі секілді көрінеді екен.

Иә, біз рухани жаңғыруға кірістік. Әттең, осы игі істі әркім әртүрлі пайдаланып баратқан сияқты. Олар өздері қалай жаңғырып, елді қалай жаңғыртып  жүр? Түсінсем бұйырмасын. Әлде менен басқаның бәрі түсініп отыр ма екен? Әй, қайдам-ау?

 

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

         

 

39 пікір