Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
46 - сөз 4932 5 пікір 20 Желтоқсан, 2017 сағат 13:40

Неге біз?

 

  • Неге біз өз кемшілігімізді түзетпей, өзгеден кемшілік іздеуге құмармыз?
  • Неге біз бөлінгенді жақсы көреміз?
  • Неге біз Наурыз мейрамында ағаш отырғызып, Жаңа жыл мерекесінде қайта кесіп аламыз?
  • Неге біз ата-бабамыздың мықтылығын айтамыз да, солардай мықты болуға тырыспаймыз?
  • Неге біз ұл-қыздарымыздың тәрбиесіне емес, тамағының тоқ, киімінің көк болуына көп көңіл бөлеміз?
  • Неге біз арақ пен темекінің зиян екенін біле тұра сол нәрселерден арыла алмай келеміз?
  • Неге біз өзге елдердің жаман қылықтарын тез үйреніп, жақсы жақтарын үйренбейміз?
  • Неге біз смартфонның бетін сағаттап сипап, кітап оқуға келгенде уақыт таппаймыз?
  • Неге біз әділетсіздікті көріп тұрсақ та үндемейтін болдық?
  • Неге біз өзімізден басқа ешкімге керек емес ана тілімізде сөйлеуді ар санап, өзгенің тілінде сөйлеуді абырой көреміз?
  • Неге біз «ішіме сыйған қызым, сыртыма да сыяды» деп, өз қызымыздың қайтып келуіне, «екінші рет үйленгенде тұрған не бар екен» деп ұлдарымыздың ажырасуына жол ашамыз?
  • Неге біз біреуді мақтасақ жер-көкке сыйдырмаймыз, ал жамандасақ жерге тығып жібереміз?
  • Неге біз етек-жеңін қымтап, арын сақтаған аяулы қыздарымызды сынап, күн бермейміз де, етегін ашып, арын сатқан, үйде отырып бала тапқан, ұятсыз қыздарымыздың іс-әрекетіне бейжай қарап жүре береміз?
  • Неге біз уақытым бос өтті деп уайым жемейміз?
  • Неге біз, еркектер өсек айтуда әйелдерден асып түсеміз?
  • Неге біз бұл дүниенің жалған екенін білсек те, осы өмірде мәңгі қалатындай тайраңдап жүреміз?
  • Неге біз бетімізге шындық айтылса шеке-басымыз тырысып, мақтау естісек мәз боламыз?
  • Неге бізде жемқорлар темір тордың ар жағына тоғытылып жатса да, парақорлықтың пайызы азаймай тұр?
  • Неге осы біздің ертеңіміз таусылмайды?

Мені осы сұрақтар мазалайды. Ал сізді ше, қадірлі оқырман?!

Тұрарбек Сәметұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар