Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
«Соқыр» Фемида 6423 4 пікір 13 Желтоқсан, 2017 сағат 11:58

Адамның құны бір шелек көмір болғаны ма?

Байқап отырсақ, «өмірде не болмайды» деген сөздің титімдей де өтірігі жоқ екен. Өткенде осы Қостанай облысының Ұзынкөл деген ауданында суықтан жаны қысылған балалы-шағалы жас әйел үйін жылытуға шара таппай сондағы аурухана жанындағы көмірдің бір шелегін ұрлап алған көрінеді. Шарасыздықтан да әрине.

Ауыл түгілі, бүкіл елімізде осы отынның қат болып тұрғандығын ескерсек, бұл әйелді жазғырудың өзі де артықтау секілді. Алайда қашанда шоқпары дайын тұратын құқық қорғау органдары оны аямады. Оған қатысты тіпті өзгенің мүлкін ұрлады деп қылмыстық іс те қозғалды. Сондағы мүлік дегенінің құны 180 теңгеден аспайтын дүние екен. Сонымен әлгі әйел ҚР Қылмыстық кодексі 68-ші бабының 1-ші тармағына сай құқық бұзушылыққа барды деп есептеген. Алайда  екі жақтың келісіміне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Не деген қайырымыдылық пен жанашырлық десеңізші.

Дегенмен, бұл өмірде кедей-кепшікке қол ұшын созатын, керек кезінде көмегін де аямайтын жандардың бар екендігі қуантады. Міне, осы бір шелек көмір оқиғасын естіген Қостанай қаласының бір кәсіпкері әлгі жаурап отырған әйелге деп сонау Қостанай қаласынан анау-мынау емес бір машина көмір жіберіпті. Мінекей, атымтай жомарт деп осындай азаматты айтар болар. Әншейінде біз байлардың барлығын да шетінен алаяқ, ұрлықшы, қулықпен мал тапқыш деп теріс пікір жетегінде кетеміз. Алайда олардың арасында жаны ізгі, жүрегі жомарт, көңілі кең азаматтардың да бар екендігін ұмытып кетіп, асыра сілтеп жатамыз. Егер осы Қостанайдағы секілді кәсіпкерлер көп болса, халықтың кедейлеу бөлігінің тіршілігі сәл де болса жақсарар ма еді?

Жайберген Болатов

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар