Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3310 0 пікір 6 Желтоқсан, 2010 сағат 06:13

Аялдар Күнтуған. Қазақ саудасы қай сауда?

Күні кеше базарға бардық, қыстың қытымыр пиғылы шәркейімізді ауыстырмасақ жан бермейтінін сезгесін. Қытайлар біз үшін «арнайы» жіберген бір пар аяқ киімді алдық та, сатушыдан қорабына салып беруін өтініп, жағаны тік көтеріп үйге тарттық. Үйге келгесін қарасам, алған етігім мен таңдаған нұсқасы болмай шықты. «Ой, оңбағыр қу қазақ» деп кіжініп алдым да, ескі кебісімді сүйретіп ертесі жұмысқа тарттым. Енді сол үшін бір күнімді сарп етіп «Барахолкаға» баруым керек. Әрине, ауыстырып берсе «еңбегімнің жанғаны» дей беріңіз.

Күні кеше базарға бардық, қыстың қытымыр пиғылы шәркейімізді ауыстырмасақ жан бермейтінін сезгесін. Қытайлар біз үшін «арнайы» жіберген бір пар аяқ киімді алдық та, сатушыдан қорабына салып беруін өтініп, жағаны тік көтеріп үйге тарттық. Үйге келгесін қарасам, алған етігім мен таңдаған нұсқасы болмай шықты. «Ой, оңбағыр қу қазақ» деп кіжініп алдым да, ескі кебісімді сүйретіп ертесі жұмысқа тарттым. Енді сол үшін бір күнімді сарп етіп «Барахолкаға» баруым керек. Әрине, ауыстырып берсе «еңбегімнің жанғаны» дей беріңіз.

...Ертеректе Тәшкенге жолы түскен бір қария: «Тәшкен қандай қала екен?» деп жапырлай кеп сұраған көрші-қолаң, жұрат-жегжаттарына, «Өлісі түгел ардагер, тірісі түгел саудагер екен» деп кейісе керек. Бұл сөзді алғаш естігенде таңырқасып қалыпты жұрт.   Ақсақал айтқан Тәшкендік мінездеме қазіргі қазақтарға да жат емес. Сонау бір тоқсаныншы жылдардың соңғы кезінен бастап ауыл, қала халқы демей базарға лап қойғаны белгілі. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендейін, ел нан тауып жеу үшін базарға жөңкіліп, алашапқын болды да қалды. Бірақ одан бері оншақты жылдың бедері өтті зуылдап. Уақыт дегенге не дей аларсыз. Пенде шіркіннің ырығына да, құрығына да көнер ме жазған мезгіл. Алабажақ Қытай қалтасын арқалап, нәпақасын нөпірі мол базардан айырып жүргендер жетерлік. Тіршіліктің қамы үшін бәрі де. Мына «Барахолкаңызды» жағалап жүрген қазақтарды көріп бірде күйінесің, бірде сүйінесің. Күйінетінің - базардағы тауар да, баға да басқаныкі. Үй де, күй де өзгенікі. Қазақтыкі - алыпсатарлық. Ұйғыр мен дүнгеннің қабағына телміріп, аядай босағасын паналаудан басқа лажы жоқ, бала-шағасын соңынан шұбыртып, құлқын сәріден тұрып құлқын үшін бүрсеңдеп жүрген өңкей қазақтар. Сүйінетінің... Сүйінерің болса да, аз. Үлкен қара базарды бір өзі түгел меншіктеп алатын дөкейлердің қай жеріне сүйінерсің, құдай-ау. Жеті атасына бітпеген дәулетті жеті жылда, жеті айда емес, бар-жоғы жеті-ақ күнде жекешелендіріп алған жаңа байлардан қазаққа келер қайырдың шамалы екенін уақыт көрсеткелі қашан. Тек тентіреп жүріп тапқанын Тәңірі берекесімен жаратуға мұрсат берсін деп қарапайым ағайынға іштей тілектес болғаннан басқа не келер қолдан! Базар демекші, ен жайлап, қиыр қонған қазақтың ұлттық психологиясы өзгеріске ұшырап, жанашырлығы, бауырмалдығы, көпшілдігі, ағайыншылдығы соңғы уақыттары шайылып кеткендей. Себепкер, әрине саудагерлік мінез-құлық. «Сауда да достық жоқ» деген ұсқынсыз ұстаным. Бұл тек қара базарды жағалағандарға тән мінез емес. Барлық мекемелерге қатысты. Қайда барсаң да көрігі қызған «сауда». Тілдей құжат алу үшін де әлдекімді пәрелеуге жүгіндіріп қойған тоңмойын бюрократия. Сапырылыстырып, сандалтып қоймаса көңілі көншімейтін хатшылық қайырымсыздық. Бүгін бітірер жұмысты ертеңге сиырмаса бастары ауыратын басшылық «бауырмалдық». Қай мекеменің тұтқасын тартсаң да, алдыңанан кезігері сол. Абай өз заманындағы ноғай, өзбек, сарттарды менсінбейтін қазақтарға күйінсе, біз сол сауданың тым жабайы түріне бой үйреткен бүгінгі «башалшіктерге» қапаланамыз. Алдындағы затын алайын десең, атасының атын бергелі тұрғандай кергитін торсылдақ мінезіміз бар және. Сонымен, қысқасы, жаман ба, жақсы ма, әйтеуір базарға ет үйреттік. Сауда ұғымы санамызға сіңісті болды. Қазір сауда жасағанды ақылды адамның тірлігі деп қарайтын орта бар. Бірден сауда мәдениетін үйрену қиын. Сауда жасай білудің өзі, біле білсең, үлкен өнер. Ол да мәдениеттілікті, білімділікті, ішкі жан-дүниеңнің тазалығын, жоспар құра білуді, іске бейімділік пен шөгелділікті талап етеді. Қап арқалағанның бәрі пайдаға кенеле бермейтіні сондықтан. Бірақ біздің түсінік мүлдем басқа секілді. Сауданы жанашырсыздық, қулық пен айлакерлік, «малдап ал, оған көнбесе алдап ал» принципі деп, яки кәдуілгі қарақшылықтың бір түрі ретінде қарайтындаймыз. Осы тұста айта кетелік, ғасырлар бойы саудамен күнін көріп келе жатқан кейбір ұлтқа адамзат баласы әлі күнге шейін сенбейді. Себебі, олардың саудадағы алдамкөстігі «атадәстүр» секілді, қанға сіңген ғадеттері. Біздің өзіміз кейбір туысқан ұлттарға шекеден шекірейе қарап, ит көрген ешкікөзденіп кететініміздің түпкі себебі, осы бір ұсақ әрекеттері мен ұлттық «ерекшеліктеріне» байланысты. Бұл ғадет біздің ұлттың бойына сіңбесе екен дейміз. Онсызда қазақтың соңынан еретін мысықтілеу сөздер аз емес. Ащы болса да ашығын айталықшы, қазіргі уақытта алпыстағы апамыз базарға зат алғалы келген алты жасар баланы алдаудан арланбайтын болды. Алты жасар балаңыз алпыс жасар апаңызды «отырғызғанына» мәз болатын күнге жеттік. Қазақ жүрегі осыншалықты қатігезденіп кетті ме деген ойға қаласың осындайда. Келіден жеу, ақшадан жымқыру, көзің сәл тайып кетсе, затыңды ауыстыру, және оны байқап қалсаң, беті бүлк етпей бажырая қарап тұру... мұнысын бетіне бассаң, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын дойылдық, бір-бірімен жарпылдасып, айғайласып, ерін ер, әйелін әйел демей сыбасатын бейпіл ауыздық, бәрі базар жағалағандар күнде көретін қалыпты «оқиға». Бұл қай атамыздан жұққан әдет? Малын жаны үшін қиған ерлігіміз қайда? Жанын ары үшін садаға еткен бағзы өрлігіміз қайда? Мұндай тамыры таяз, жат пиғылды қайдан жұқтырдық? Сонда біздің сауда қай сауда, аяулы бауырлар?!

 

«Абай-ақпарат»

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар