Сенбі, 27 Сәуір 2024
Кеше мен бүгін 9848 89 пікір 16 Қазан, 2017 сағат 13:26

Жиенбековтің жеңгені – Атамбаевтың кеткені деген сөз емес

Қырғыздағы президенттік сайлау аяқталды. Социал-демократтар атынан сайлауға түскен Сауранбай Жиенбеков халықтың 54 пайыздан астам дауысына ие болып, Тәуелсіз қырғыз тарихындағы бесінші Президент атанды.

Сауранбай Шәріпұлының сайлаудағы сапары сәтті болды. Қазіргі Президент Алмазбек Атамбаевтың ашық көмегімен қырғыздың тағына отырды.

Әуелі, Сауранбай Жиенбеков туралы аз-кем дерек айта кетейік, Ол – биліктің өкілі. Ол – 59 жаста. Ол – социал-демократ. Ол – экс-премьер-министр. Ол – Оштың тумасы.

Қырғыз демократиясы жеңді дейді кей жұрт. Шын мәнінде солай ма? Алмазбек байкенің бейсауат мәлімдемелерінің буымен қазақтың соңғы Ханы Кенерасы жайлы жанай соғып, жонып айтқаны бар... Атамбаевтың сайлау алдындағы қызды-қыздымен дегендері екі елдің қарым-қатынасына нұқсан келтіре ме? Сайлау бітті десек те, салдары қалады.

Жиенбековтің таза жеңді ме? Атамбаевтың астыртын саясаты қырғызды тақсыз билеп-төстеу ме? Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының келесі кезеңі қалай өрбімек?

Біз дәл осы мәселелер жөнінде Саясаттанушы Айдос Сарым мырзамен сұхбаттастық.

- Айдос аға, өткен аптадан бері қазақ пен қырғыздың аузында Атамбаевтың айтқандары. Сайлау бітті. Жиенбеков жеңді. Назарбаевтан бата алған Бабанов екінші. Ендігі қадам қандай болмақ?

- Менің талдауым бойынша, осы жолғы сайлауда Жиенбеков Бабановты жеңген жоқ, Атамбаев Бабановты жеңген сияқты. Атамбаев сайлаудың басында бейтарап позицияда боламын деген сияқты еді, сайлаудың ортасынан Сауранбай Жиенбековтің артта қалып келе жатқанын көріп, сайлауға өзі тікелей араласуға тәуекел жасап, бүкіл әл-ауқатын, мүмкіндігін, өзінің жеке басының беделін салды.

- Сайлауға бір күн қалғанда 11 кандидаттың бірі, қырғыз революционері, уақыша Үкіметтің мүшесі Әзімбек Бекназаров өз еркімен додадан бас тартты. Ол Ақаевтың тұсында депутат, Бакиевтың тұсында Бас прокурор, Отынбаеваның кезінде вице-премьер болған әккі саясаткерлердің бірі. Сайлаудан бас тарта отырып, былай деді: «Атамбаев билікті бергісі келмейді. Ол премьер-министр болғысы келеді».

Айдос аға, біз «премьер-президенттік» басқарудың үлгісін Путин мен Медведев тандемінен көрдік. Атамбаев осы жүрісті қайталамақ па?

- Әбден мүмкін. Бұл мәселеге қатысты менің анализм мынадай: Қырғызстандағы жағдай – кезіндегі Мексикадағы жағдайға қатты ұқсайды. Ол жақта кезінде ХІХ ғасыр соңында Порфирео Диас деген басшы болған. Диктатор болған. Оның билігін жұрт – порфириат деп атайды екен. Авторитарлы режім ғой. Содан бұл Диастан шаршаған Мексиканың саяси элитасы Конституцияға өзгерту енгізіп, президентті бір ғана мерзімге сайлау туралы шешімге келеді. Ал Порфирео Институционалды революциялық партияны құрып, бәрібір елді басқарды. Сол ИРП күні кешеге дейін Мексика билігін уысында ұстап келді. Бақандай бір ғасыр билікті тізгіндеді.

Атамбаев және оның айналасындағылар дәл осындай институционалдық революциялық партия жолымен, Мексикалық тәсілмен Қырғызстанды билеуге ниетті. Кешегі өткен сайлау осыны дәлелдеп отыр.

Оның үстіне Конституция бойынша Қырғызстанда парламенттің күші, пәрмені, құзыреті Президенттен әлде қайда биік болады. Және Президент символикалық билік атқаратын болады. Негізгі билік басымдығы сайлауда жеңген партияда болмақ. Бұл тұрғыдан Жиенбековтің жеңгені – Атамбаевтың кеткені деген сөз емес.

- "Демократиялық сайлау" деп алып,  псевдодемократиялық нәтижеге қол жеткізді деуге болады ғой?

- Кейбір қазақтар бөркін аспанға атып, «Қырғызстанда бесінші президент, билік өзгерді» деп жатыр. Қырғызстанда парламенттік басқару жүйесі болғандықтан, ол жақта Президенттің кім болатыны маңызды емес. Мысалы үшін, Германияда Президентті парламент сайлайды. Президент символикалық билік атқарады.

Мен білсем, қырғыз халқы бір шешім қабылдамаса, Атамбаев әлі ұзақ жыл ел басқарады. Өзінің жақтастары, партиясы арқылы биліктен кетпейді. Сондықтан, Қырғызстандағы демократия жеңді, билік ауысты деген даурықпа сөз. Мәселеге терең үңілмегендіктен айтылып жатқан болса керек.

- Бір қызығы сайлау алды додалар қызу басталған алғашқы уақытта Сауранбай Жиенбековтің көшбасшылық проценті – 4 пайыздың айналасында болған. Атамбаев араласқаннан кейін бұл көрсеткіш 40 пайыздан асып жығылды... Бұл да Атамбаевтың қырғыз электоратына жасаған ықпалы ғой...

Сосын, Жиенбековті идеолог дей алмаймыз. Оның қызметтік карьерасын қарап отырсаңыз, оның тек тапсырманы орындаушы, атқарушы позициядағы адам екенін аңғаруға болады...

- Атамбаев өзінен әлсіздеу, өзіне қарсы шықпайтын адамды таңдады. Кезінде Путин Медведевті қалай таңдағанын білеміз ғой. Әлі күнге премьер-министрі етіп ұстап отыр. Яғни, Атамбаев та сөйтті.

 

Жиенбековтің сайлауға қалай араласқанын да көріп отырдық. Аса үлкен белсенділік байқалмады. Біздің Пезидентпен келіп, танысып кетті. Болды. Атамбаев егер қазір араласпайтын болса сайлауда Бабанов жеңіп кетеді деп ойлаған болса керек. Өзі араласуы керек болды. Және ол үшін бір уәж керек.

Қырғызстанда жалпы қазаққа деген көзқарас дұрыс емес. Мұны мойындауымыз керек. Саяси тұрғыдан, діни тұрғыдан, экономикалық-әлеуметтік бақталастық тұрғысынан және көптеген фактор бар. Егер басқаша жағдай болғанда, Атамбаев өзге картамен ойнайтын еді. Мысалы, қырғыздың жауы – марсиандар болса, Атамбаев «Бабанов марсиандардың адамы» дегенді айтар еді. Оны анық.

Ал енді, бір емес, бес-алты рет Қазақстанға қарсы шапты. Қазақтың тарихын тілдеді, Қазақстаның басшылығын сынады. Біздің елде бұған сонша қуанып, бөркін аспанға атып жатқан адамдарды шынында түсінбеймін.

Стратегиялық тұрғыдан мен қазақ болмасам, мен «Атамбаев өзінің айтқанын жасап шықты» деп айтатын едім. Мен қазақпын ғой. Қырғыз көрші мемлекет. Мен бұл мәселеге бейтарап қарай алмаймын.

- Жиенбеков сайлау күні БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, онда «Қазақстан Құдай қосқан көршіміз. Бір-біріміздің суверенитетті сақтауымыз қажет. Солай болады да» дегенді айтты. Бұл әсілінде Атамбаевтың аузындағы сөз еді...

- Жиенбеков Атамбаевқа тәуелді адам. Ол атқарушы адам. Тапсырманы орындаушы. Иә, Атамбаев көлеңкесіндегі кадр.  Бізге мәлім мынау – Қырғызстанға қандай билік келсе де, біз тіл табысуымыз керек. Себебі, ортақ дүние көп.

Ең жаманы  Қазақстан мен Қырғызстаның арасында жүздеген келісім шарт түзілген шығар. Ынтымақтастығы бар, сауда-саттығы бар тағысын тағы...

Сол келісімдердің ешбірінде Қырғызстандағы сайлауға байланысты шекараны жабуға болады деп айтылмаған, жазылмаған. Бұл екі ел арасында қол қойылған келісімдердің біреуі де жұмыс істемейді деген сөз. Айналып келгенде бюрократтардың көңіл күйіне, солардың өзара қатынастарына байланысты өзгеріп отыратын жағдайға айналған.

Өткен аптадан бері екі елдің Президенттері айтысып жатыр. Екі жақ та қарап қалмады. Осы кезде екі жақтың зиялы қауымы үн шығармады. Қазақтың да, қырғыздың да аузы дуалы ақсақалдары екеуіне басу айтып, қой деген жоқ. Яғни, бұл екі елдің арасын табыстыратын Үкіметтен басқа күш жоқ екеніне көз жеткізді.

Шахановтай Елші керек екі елге

- Бір қызығы тілі бір, ділі бір, діні бір қазаққа ең қатты ұқсас қырғыз ағайындармен соңғы кезде нота арқылы тілдесетін болдық. Әуелі олар жіберді, біз де көлдей қып жауап жазып жібердік. Нота жіберілген елмен қарым-қатынас үзілуі тиіс немесе саяси ахуал ұзақ уақытқа ушығуы тиіс, әлемдік практикада. Біз де болмашы нәрселерге нота жіберу деген ұят қадамға барып жатамыз.

Осындай мәселелерді реттеуші тағы бір адам – Елші. Қырғыздың қазақта елшісі жоқ. Біз бар елшімізді кері қайтарып алдық.

- Дұрыс айтасың, екі елдің қарым-қатынасы президенттерге байланып қалмауы керек. Қырғызстанға Елші болып аса беделді, қырғыз билігіне сөзі өтетін, екі елдің мәселелерін реалды шеше алатын адам баруы қажет. Ол қит етсе, СІМ-ге, Әбдархмановқа барып, "пәлен болды, түген деді" деп отыратын қатардағы кадр емес, саяси салмақты фигура болуы тиіс.

Мысалы, кезінде Мұтар Шаханов болды ғой. Менің білетінім, Мұқаң кез келген мәселеде Ақаевқа тікелей телефон соғып, мәселені шешіп отыратын адам еді. Міне, сондай азаматты жіберуіміз керек. Сол арқылы жаңа дәрежеде қарым-қатынас орнату керек. Екі елдің тарихи концепцияларының арасы ажырап кетті. Сондықтан ортақ тарих деген мәселеге қайта ораламыз.

- Өкінішке орай Атамбаев Баткен деген жерге барып, әскерилермен кездесті. Сол жиында «қырғызға қылыш көтеріп келгендер басын беріп кетеді» деп сөйледі. Мұнысы қазақтың соңғы Ханы Кеңесарыны меңзеп айтқаны деп түсіндік... Сөйткен Алмазбек бір ай бұрын Путинінң қонақасында болып, қолына бокал толы шампанды ұстап тұрып, тебірене сөйледі. «Мен Ресейді сүйемін» деді...

- Бұны түсінудің қажеті жоқ. Атамбаев бұл сөзі арқылы мен үшін қазағың да, басқаның да маңызы шамалы, мен үшін Ресеймен интеграция маңызды дегенді жеткізіп отыр.

Біз қанша айтсақ та, өлсін, талсын Қырғызстан бәрібір Қазақстанға тәуелді болады. Қырғызстаның Ресеймен шекарасы жоқ.

Мен сайлауға қатысқан саясаткерлердің көбісінің бағдарламасын қарап шықтым. Қазақстанмен ерекше қарым-қатынас орнату, екі елдің шекарасын реттеу, тарихи-мәдени құндылықтарды зерттеу, экономикалық қарым-қатынасты дамыту деген мәселелер қамтылған бірде-бір сөз оқымадым. Бұл факт.

Екі биліктің басын жұлған қырғыз үшіншісін де аямайды

- Сөздік интервенция жағынан Атамбаев эмоционалды пікірлер білдіріп, ұпай жинағанымен қазақ-қырғыз қарым-қатынасын құрбандық етті. Келісісіз бе?

- Стратегиялық тұрғыдан Атамбаев жеңілді. Себебі мұндай жеңістерді саясатта нәтижелі жеңіс деп айту қиын. Және ешқашан мүмкін емес деп те айта алмаймыз. Ол қазақ пен қырғыздың арасындағы қарым-қатынасты құрбандықа шалды.

Қырғыздың саяси элитасы, Қазақстанмен ынтымақтастық мәселесін қайта қолға алуы, өз еліндегі температураны түсіру керек. Себебі, Атамбаев айтқандай сөздік интервенциялар айналып келгенде ешбір елді жақсылыққа алып келмейді, келмеген де.

Мысалды өзімізден іздейікші, 2004-2005 жылдары Қазақстан билігі өзінің ықпалын сақтап қалу үшін «Қазақстанда төңкеріс болайын деп жатыр» деген даурықпа әңгімені көбейтті. Мұның салдары неге әкеліп соқтырғанын тағы білеміз. Алтынбек пен Заманбекке оқ атылды. Ел дамуына қарсы көптеген заңдар қабылданып кетті. Міне, соның қызуы енді ғана түсіп келе жақандай.

Қырғызстанда да сондай жағдай бола ма деп қауіптенемін. Атамбаев әр түрлі ойға баруы мүмкін. Бірақ қырғыз халқының аты - қырғыз халқы. Екі биліктің басын жұлған олар - үшінші биліктің басын жұлмайды дей алмаймыз. Себебі, Бабанов тынышталып қалуы мүмкін, бірақ Бабановтан басқа да саясаткерлер мен топтар бар ғой.

Қырғыз билігінің ішкі әлсіздігі айқан жалпы Қырғызстанды билеп отырған қылмыстық топ пен діни топтар да бар. Олар да өз сөздерін айтып қалары анық.

«Атамбаев осы сайлауды Назарбаевша өткізді»

- Жиенбеков жеңіп шықты. Демек, Атамбаевтың көздегені орындалып келеді деген сөз ғой. Біз қырғыз демократиясын қанша жоққа шығарғанымызбен, осы жолғы сайлау интригаға толы болды...

- Егер Атамбаев билікті қолға алдық, енді өз дегенімізді жүргіземіз десе тағы қателеседі. Кейбір қырғыз әріптестеріміз «Атамбаев осы сайлауды Назарбаевша өткізді» деп айтып отыр. Яғни, әкімшілік ресурсты пайдалану, мемлекеттік қызметкерлерді пайлалану, күштік құрылымдарды пайдалану т.б.

Енді Атамбаевқа әрбір топ, әрбір мүдделі азаматтар есеп қоя бастайды. Өзімізге тиесілі нәрсені қайтар дейтін кез болады Осының бәріне Атамбаевтың күші мен ақшасы жете ме, жоқ па, ол екінші әңгіме. Міне, сол кезде үшінші революция басталып кетсе, таң қалмаймын.

Қырғызстандағы сайлау бітті, ел ішінде ұлттық конценсус пайда болды деген әңгімені айтуға әлі ертерек болар.

- Дейтұрғанмен, Қырғызстаның орталық сайлау комиссиясы электорат санын 3 миллион 25 мың 770 адам деп көрсеткен. Дауыс берген адам саны 1 миллион 692 мың 243 адам болды. Бұл электораттың тең жартысы сайлауға келмеді деген сөз. Ендеше Жиенбековтің жеңісі 54 пайыз қырғыздың дауысы деу қате тұжырым секілді.

- Иә, шынында Жиенбековтің жеңісін толық, таза жеңіс деп айту қиын. Сайлауға тіркелген электораттың жартысы ғана келді.  Жартысының жартысы ғана Жиенбековке дауыс берді. Демек, халықтың 4/1-ғана Жиенбековті қолдап отыр. Қырғызстандағы сайлаушының 55 пайзы қатысты деген ресми ақпарат шықты.

Сол Жиенбеков жеңісін тойлап жатқан кезде айтқан бір сөзі маған ұнамады. Ол: «Менің ешқашан Бабановпен қатар қызмет етемін деген ойым жоқ. Маған оның керегі жоқ» деді. Егер қырғыз билігі өзінің халқын ойлайтын болса, Бабановтың премьер-министр болуы заңды еді. Ол екінші дауысты алды. Сайлаушыларыдң 33 пайызының дауысын алған, қырғыз халқының 3/1-інің қолдауына ие болып отырған адамның пікірімен санасу керек еді. Бабановта ресрус бар. Тым құрығанда батыстық үлгідегі Ұлттық келісім үкіметі деген форматта қарым-қатынас жасауы керек еді.

Шындап келетін болса, жеңілген күреске тоймайды деген бар. Бабанов басқаша қимылдауы да мүмкін. Айналып келгенде бүгінгі  сайлауға дейін де атқарушы билік саяси қателіктерге жол ашқан болатын. Ең мықты деген  саясеткерлерді, оппозиция қайраткерлерін түрмеге тықты.

- Өмірбек Текебаев секілді қырғыз билігінің ата саясаткерін дәлелсіз түрмеге жапқан Атамбаевқа ашулы қырғыз аз емес, рас.

- Текебаев пен Чотоновтардың, Мадумаров пен Бабановтардың да жақтастары қарап қалмайды. Бабанов болмаса, басқасы шығып кетуі мүмкін.

Әлі талай коалиция құрылады. Әлі көп дүние өзгереді, Атамбаевтың айналасындағы адамдар әлі өзіне қарсы шабатын болады. Сондықтан, сайлау бітті, болды деуге әлі ерте.

- Ең дұрысы, біз қандай қимыл жасауымыз керек деген сауалмен әңгімемізді түйіндейік.

- Сайлаудың аты сайлау. Тіпті, ертең Атамбаевпен мәмілеге келуіміз де мүмкін. Тарихты қарап отырсаңыз, бүгін бет жыртысып жүргендер, ертең бірігіп жатады.

Қазір шекара мәселесі бар. Шекара сөзсіз ашылуы керек. Екі елдің басшыларының айтысып жатуы, екі халықтың бір-бірімен жауласуына алып келмеуі керек. Екінші мәселе бар. Экономикалық қауымдастық бар. Кеше Атамбаев мысалы «кредиттеріңіздің керегі жоқ» дегендей сөзді қызды-қыздымен айтты. Ол шынын айту керек, яғни беретін нәрсе. Біреуді жарылқап жатқан жоқпыз. Оның да себептері бар.

Қазақ-қырғыз жақын елміз. Тату тұруымыз қажет. Бір-бірімізбен бет жыртысып, дүрдараз болып жүргеннің түбі жақсылыққа апармайтынын біз де, қырғыздар да біледі. Соны енді Президенттер түсінсе...

- Әңгімеңізге рахмет, Айдос аға!

- Істеріңе сәттілік!

Пікірлескен Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

89 пікір