Бейсенбі, 18 Тамыз 2022
Дода 5936 17 пікір 16 Қазан, 2017 сағат 02:45

Шолу: Қырғыз жұрты бесінші президентін сайлады

Қырғыз жұрты Тәуелсіздік тарихындағы бесінші президентін сайлады. Ол - Сауранбай Жиенбеков.  Бүгін Алатаудың арғы жағындағы бауырлас қырғыз халқы кезекті сайлауын аяқтады.

Айыр қалпақты ағайынның 54,75 пайызы дауыс берді. Қырғыз Республикасының Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, қазіргі президент Атамбаевтың партияласы әм ізін жалғаушы Сауранбай Жиенбековке дауыс берушілердің саны өзге кандидаттардан көш ілгері көрінеді. Жиенбеков - билеуші партия атынан түскендіктен, биліктің өкілі саналады. Оның үстіне сайлау додасының су жаңа жеңімпазы - президенттік жарысқа қатысу үшін премьер-министр қызметін өз еркімен тапсырып берген.

Сауранбай Жиенбеков - Социал-демократиялық партия атынан сайлауға түсіп, сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың жолын әрі қарай жалғайтынын айтқан болатын.

Ал оның басты қарсыласы саналатын оппозиция өкілі Өмірбек Бабанов екінші орында. Өмірбек Тоқтоғұлұлы Бабановты қолдаған қырғыздың саны 33,8 пайызды құрады.

Сөйтіп Назарбаевтан бата алған Бабанов сайлауда жеңіске жете алмады. Бабановқа бар болғаны 565 515 қырғыз дауыс беріпті.

Ал Қазақстанмен қатысы бар деп айыпталған тағы бір кандидат, қырғыз билігінің тағы бір экс-премьер-министрі Темір Сариев төртінші позицияны қанағат тұтты. Қазақстандық олигарх Болат Өтемұратовтан қолдау сұраған Темір Сариевке қырық мыңнан астам қырғыз дауыс берген.

Мәреге жақын үштікті Адахан Мадумаров түйіндейді. Оның еншісінде 6,47 пайыз қырғыздың дауысы бар.

Бюлетенде белгіленген кандидаттардың ешбіріне дауыс бермегендердің саны 12 мыңнан асып жығылған.

Қырғыздың қырық-пышақ болып жүріп өткізген бесінші президенттік сайлауы осындай көрсеткішпен түйінделді.

Атамыздың әруағын тілдеп, асылық сөйлеген Алмазбек Атамбаевтың қызметтік құзыреті 1-желтоқсанда аяқталады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке адресіне дүркін-дүркін претензия айтқан Алмазбек байке ақырында "бізге қылыш кезеніп келгендер басын беріп кетеді" дегенді айтты.

Атамбаев таққа мінген 6 жылда президент Назарбаев пен арасындағы қарым-қатынас қалай өрбігені көз алдымызда. Екеуара сөз жарысқа екі елдің арасына қылдай қиянат түсірмес болар дедік.

Бірақ Алмазбек Шаршеновичтің қазақ Тәуелсіздігі жолында қанын төгіп, жанын берген Хан Кенені тілдеуі, әруаққа тас атқандықпен пара-пар болды. Қазақта "Бетеге кетсе бел қалар, Бектер кетер ел қалар" деген сөз бар. Кремльдің қонақ үйінде "Мен Ресейді сүйемін!" деп сөйлеген Атамбаев секілді оңғақ саясаткерлер келеді, кетеді. Қазақ-қырғыз ықылымнан көршілес отырған қос ел, туысқан ел болып қалады, түп тарихта.

Сауранбай Жиенбеков жеңді. Біз біртуған қырғызды ел дамуындағы жаңа белесімен құттықтап, Сауранбай байкенің сапарына сәттілік тіледік.  Бұл қырғыз халқының таңдауы.

Қырғыз жұртының сайлау нәтижелері белгілі болысымен Қазақстан Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев мырза өз пікір білдірді.

"Қырғызстан Президенті болып, Қазақстанмен жан-жақты әріптестіктің маңызын жақсы түсінетін, тәжірбиелі саясаткер С.Жиенбеков таңдалды", деп жазды Тоқаев өзінің "Твиттердегі" парақшасында.

1-желтоқсаннан бастап Президент міндетіне толық кірісетін Сауранбай Жиенбековтің бұл мансапты меншіктей отырып жасайтын ең бірінші шетелдік сапары қайда бағытталмақ? Президент Сауранбай Жиенбеков президент болысымен қайда барады? Мәскеу? Астана? Тәшкент?

Мәскеу қырғыздың ішкі әм сыртқы саясатындағы негізгі рөл ойнайды. Алмазбек Атамбаев билігі қырғыздан НАТО базасын шығарып жіберісімен, Кедендік одаққа кірді. Артынша Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі атанды. Қырғыздың Ресеймен интеграциясы жақсы екені, оның үстіне Жиенбековтың жол бастаушысы Атамбаевтың Кремльдегі қожайынымен қош саясатты ұстанатыны тағы бар.

Әлде, Атамбаев эмоцияға беріліп тұрып, бақандай үш рет тілдеген Қазақстанға келе ме? Орталық Азиядағы Астананың  атқаратын рөлі мен қазақ-қырғыз кеденіндегі келеңсіздіктерді ескерсек, Жиенбековтың жөнін тауып Астанаға келуі де ықтимал жағдай...

"Қазақстан - біздің көршіміз. Құдай қосқан көршіміз. Бауырлас ел, және бір-біріміздің суверенитет пен Тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз қажет. Солай болған және болады да", - деген еді Сауранбай Жиенбеков.

Біз де қазақ-қырғыз арасы тату болғанын қалаймыз. Хандар да, бектер де, манаптар да мезгілі жетсе мінбеден түседі. Ал ықылым тарихтан қазақ пен қырғыз бірге келеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2772
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2132
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1799
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2894