Жұма, 17 Мамыр 2024
Тұлға 4557 1 пікір 12 Қазан, 2017 сағат 08:54

Тағлымды ғұмыр

Бүгін біз қоғам қайраткері, отандық баспасөз сардары, фәлсафашы-ғалым, аса көрнекті публицист, шын мәніндегі ойшыл Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаевты еске алып отырмыз.  Әрдайым сабырлы да салмақты кейпінен таймаған, байыпты,  жылы жүзді, қарапайым, мақсаткерлікпен мазмұнды өмір сүрген осы зиялы жанның дүниеден өткеніне, міне, бес жыл болды. 

Ол Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының орталығы Байқадамда (қазіргі Саудакентте) туып-өсті. 1939 жылғы 20 мамырда өмірге келіп, 1956 жылдың жазында жоғары оқу орнына түсуге Алматыға аттанғанға дейін сонда өмір сүрді. Шалғай ауылдың соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі ауыртпалықтарға толы қоңыр тұрмысы арасында балалық шағын өткерді. Билеуші партияның сол кездегі көсемдерінің бірі Лазарь Моисеевич Каганович атындағы (қазіргі Байқадам) қазақ орта мектебінде заманның қиын кездерінде өз істеріне адал болып, шәкірттердің талай буынын тәрбиелеп келе жатқан қадірменді ұстаздар алдынан білім алды. Білімқұмар, жан-жақты, озат оқушы, шәкірттердің қоғамдық ұйымдарының жетекшілігіне құрбы-құрдастары ұдайы ықыластана сайлап  жүретін белсенді комсомол мүшесі ретінде танылды. Үздік кәмелеттік аттестат иеленген  түлек есімін бізге мұғалімдеріміз үлгі етіп әлсін-әлсін айтып қоятын (мен де сол мектепте, ағадан алты сынып төмен оқыдым).

Әбекеңнің жүріп өткен белестеріне көз салайық. Ол 1956 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетінің журналистика факультетіне түсті.  Сонда оқи жүріп, жастар газетінде, одан еліміздің аға газетінде де өндірістік практикадан өткен. Ізденімпаз, қаламының  қарымы  бар жас  журналист ретінде редакциялардағы ересек буын назарын өзіне студент шағынан-ақ  бірден аударған. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас түлек  1961 жылы, университет дипломын алысымен, республикамыздың басты басылымы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясының ауылшаруашылық бөліміне жұмысқа  орналасып, партиялық журналистика айдынына түсті.  Өте байсалды газетте жауапкершілігі мол қызмет атқаруға кірісуі арқылы қалам қайраткерінің кәсіби ескегін есу мүмкіндігіне жастай жетті де, үлкен журналистика көрігінде шыңдала берді.   Республикалық   аға  газет қабырғасында ол бөлім меңгерушісі лауазымына дейін көтеріліп, сегіз жыл жұмыс істеді.  «СҚ» (бас газетімізді жұртшылық  қысқаша осылай атайтын) оның қаламын да, ойын да шыңдаған өте іргелі мектеп болды. Осында істеген жылдары Әбекең елдегі қоғамдық өмірдің, халық шаруашылығының әр саласын қамтитын көптеген тақырыптарда қалам тербеді. Редакцияның қоғамдық тыныс-тіршілігіне де белсене атсалысты. Әдебиет, өнер, мәдениет саласындағы белгілі тұлғаларды редакцияға шақырып, газет қызметкерлерімен тартымды да мазмұнды кездесулер ұйымдастырып тұрды.

Сол шақта Әбекең көркем әңгімелері топтастырылған «Қарлығаш» атты прозалық кітапшасын шығарған болатын. Оның өмір жолы содан әрі біржола жазушылық даңғылға түсіп, сөз өнерін қууға ұласатын шығар деген ой туған еді, алайда тірлікте бәрі басқаша боп шықты. Әбдеш Сәрсенұлы еліміздің және дүние жүзінің сөз өнері шеберлері жасаған әдебиет әлемінің жетістіктерін, сондай-ақ дүниежүзілік фәлсафалық мұраны  мұқият оқып, арнайы зерттеді, терең игерді, терең игеріп қана қоймай, олардың сомдаған бейнелерін, тұжырымдаған келелі ойларын өзінің заманауи тақырыптарды қарастыратын еңбектеріне ұтымды түрде кестелеп кірістіп, жаңа саяси ойды дәйектеп отыратын  заңғар ойшылға айналды. Ал оны бұл сапалық өзгеріске апарған жол ел билігіндегі коммунистік партияның республика тыныс-тіршілігін іс жүзінде басқарып-бағыттап отыратын  бас штабында қызмет істеуінен басталған еді. Қазақстан Компартиясының  Орталық Комитетіне ол 1969 жылы шақырылып, алғашында үгіт  және насихат бөлімінің   нұсқаушысы, содан соң шетелдермен байланыс, баспасөз  секторларының меңгерушісі, одан  үгіт және насихат  бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1978 жылы Мәскеудегі Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға түсті.  Осында  ұлы  ойшылдар қалдырған  білім мұхитына  терең бойлау арқылы өзінің іргелі дүниетанымының тұғырын тұрғызды, айналасындағы қоғам құбылыстарын ғалым көзімен зерттеп, ғылыми  ізденістермен түбегейлі  шұғылдана  бастады.  Академияда  1981  жылы  диссертация қорғап,  философия  ғылымдарының  кандидаты  ғылыми дәрежесіне ие болды.  Сол жылы Алматыға оралды да, ҚКП Орталық Комитеті үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметін атқаруға кірісті. Республикадағы  саяси тыныс-тіршіліктің дамуын идеологиялық тұрғыда қамсыздандыру жұмыстарында елеулі  орны болған осы лауазымында төрт жыл істегеннен соң, 1985 жылы ол Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы боп сайланды. Осында Әбекең өңірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайымен, жергілікті жерлердегі халықтың өмірімен тікелей танысты, облыс тыныс-тіршілігі тамырының бүлкілін жіті қадағалап, белсенді өмірлік позициясы тұрғысынан оны жақсарта түсуге өзіндік үлесін қосты.  Сосын 1990 жылы қайтадан астанаға шақырылды. Бұл жолы Әбдеш Сәрсенұлына ғылыми-педагогикалық саладағы жауапты жұмыс тапсырылды. Алматы Жоғары партия мектебінің ректоры лауазымына бекітілді. Республикамыздың мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына байланысты туған жаңа талаптарға сәйкес, ол өзі басқарып отырған партия мектебін  Саясаттану және басқару академиясы етіп қайта құрды, сөйтіп, оқу орнын жаңа мәртебесіне лайық етіп  қалыптастыруға және оның тәуелсіздік кадрларын даярлауда жемісті жұмыс атқаруына көп күш-жігері мен қажыр-қайратын жұмсады. Осы қызметінде жүріп жазған ғылыми диссертациясын 1992  жылы   Мәскеуде қорғап, философия ғылымдарының докторы атанды, сол жылы профессор атағын алды.  Академия жұмысына басшылық жасаумен, тыңдаушыларға оқу бағдарламасына сай дәрістер берумен қатар, елімізде тәуелсіздік кезеңінде жүзеге асырылып жатқан ірі өзгерістерді талдап, сараптамалар, проблемалық мақалалар жазып тұрды.

Аталған жұмыс орындарында жиырма бес жыл абыройлы еңбек еткеннен кейін, Әбекең қайтадан журналистикаға оралды. 1994 жылы ол «Мысль» (бұрынғы «Коммунист Казахстана») журналының бас редакторлығына тағайындалды. Осы республикалық орыс тілді қоғамдық-саяси басылымды 2005 жылдың соңына дейін басқарды.  Осы жылдары оның жетекшілігімен журналдың шығармашылық ұжымы ұлттық мемлекеттілігіміздің өзекті мәселелеріне жіті  назар аударып тұрды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, тарихи тақырыптарда жүйелі түрде мақалалар беріп, біртіндеп егемендік буыны бекіп келе жатқан еліміздің даму жолын ұдайы назарда ұстады. Мемлекет құрушы қазақ халқының ұлттық мүдделерін айқындай ашып, елімізде тұрып жатқан басқа этностар өкілдерімен достық рәуіштегі қарым-қатынасын, олардың төл мәдениеттері мен озық ұлттық дәстүрлерін насихаттау, этносаралық және конфессияаралық тату-тәтті келісімге негізделген ахуалды нығайта түсу,  мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту және диаспоралар тілдерін дамыту мәселелері жайында тұрақты түрде жазып тұрды.  2006 жылы ол «Жаңа ғасыр» деген атпен қазақ тілінде шығатын қоғамдық-саяси журналды ашып, басқарды. Мұнда да тәуелсіз еліміздің мүддесіне қызмет ететін жарияланымдардың жүйелі басылып тұруына ұйтқы болды. Бұдан соң «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестік бас директорының кеңесшісі қызметін атқарып, серіктестік қарамағындағы газет-журналдар мазмұнын уақыт талабына сай байыта түсу ісіне атсалысты. Мерзімді баспасөз беттерінде өз ой-толғамдарын да үзбей жариялады. Әбдеш Сәрсенұлы өзінің сындарлы публицистикалық мақалаларында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шынайы жақтасы ретінде, мемлекет басшысының  саясатын, жарыққа шыққан еңбектерін біліктілікпен талдап, жетістік-кемістіктерін саралады. «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі есебінде де байсалды ойлар айтып тұрды. Көп жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде Мемлекеттік емтихан комиссиясына төрағалық етіп, университет бітірушілердің дипломдық жұмысы мен оны қорғау сапасын бағалап отырды. Университет жанындағы Диссертациялық кеңестің мүшесі болып, жас ғалымдардың аяқ алысын да ұдайы назарда ұстады, талантты түлектерге әрдайым қолдау көрсетіп жүрді.

Философ, саясаттанушы, қоғам қайраткері Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев әр салада атқарған ұзақ жылдарғы жауапты қызметтерін белсенді шығармашылықпен астастыра келе, қалың  жұртшылыққа  пайдалы, руханият қазынасына елеулі үлес боп қосылған сүбелі ғылыми кітаптар жазды. Оның ғылымдағы алғашқы қадамы қазақ  ойшылдарын  зерттеуден басталған еді. Бұл ретте  ұлы Абай шығармашылығын терең зерттеп, 1979 жылы «Қазақстан» баспасынан «Эстетическое в творчестве Абая» («Абай шығармашылығындағы эстетикалық сипат») атты кітабын шығарғанын атап айту ләзім. Кітап әлем ғылыми жұртшылығының назарына ілігіп, 2007 жылы цифрландырылды (онда «Түпнұсқа иесі Вирджиния университеті» деп көрсетілген). 1984  жылы  «Нация и общественное сознание» («Ұлт және қоғамдық сана») деген кітабы жарық көрді. Қайта құру жылдары жазған  «Нация и человек» («Ұлт және адам») атты еңбегі 1991 жылы шықты. Ал тәуелсіздік жылдары Әбекең оқырманға орыс және қазақ тілдеріндегі «Свобода не только сладкое слово» («Бостандық дегеніміз тәтті сөз ғана емес», 1997), «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» (1998), «Казахстанский патриотизм» («Қазақстандық патриотизм», 2003), «Заман және біз» (2004), «Зов времени» («Уақыттың шақыруы», 2004), «Ұлттық идея» (2007), «Разноликая демократия. Размышления политолога» («Алуан кейіпті демократия. Саясаттанушы пайымдары», 2009), «Уақыт және адамдар» (2009), «Тәуелсіздік және демократия» (2011)  сынды, қоғамдық өміріміздегі  сан алуан өзекті тақырыптарды қарастыратын ғылыми-көпшілік кітаптар шоғырын ұсынды. Бұл жұмыстардың барлығын біріктіретін алтын өзек – экономика мен саясаттағы еліміз бастан кешіп жатқан тарихи өзгерістер ахуалында қоғамның тұрақтылығына, оның бұдан әрмен де жасампаздықпен дами түсуіне  қажет жағдай жасау, тәуелсіздікті баянды етуге тиіс жаңа тұрпатты зерделі ұрпақ тәрбиелеу ісіне атсалысу. Жалпы, Қалмырзаев мұрасы қоғамдық ғылым қайраткерлеріне, әрбір ойлы азаматқа, барша студенттер қауымына зор пайдасын тигізері күмәнсіз, ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын терең түсініп, оны жүзеге асыру жолдарын мейлінше дәлірек айқындаумен шұғылданушыларға да елеулі көмегін тигізе алады.

Әбекең кезінде орыс тіліндегі туындыларынан үш томдық шығармалар жинағын құрастырып, әлеуметтік маңызы бар әдебиет санатында шығаруға ұсынған еді. Соның бірінші томы автордың көзі тірісінде «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді, бірақ содан бері бес жыл өтсе де, бұл іс, өкінішке қарай, жалғасын таппады. Шығармалар  жинағының екінші және үшінші томдарын биыл Үрзада жеңгеміз бен қарындасымыз Ақмарал Әбдешқызы қымбатты да ардақты жар, әке, ата және көрнекті ғалым, журналистикамыздың корифейі Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаевтың аруағын ұлықтап өткізілмек еске алу шарасына орай, отбасылық қаржысына  «Рух БГ» баспасынан аз ғана таралыммен шығартып отыр.

Ғылыми және қоғамдық өмірде елеулі орны болған, мемлекетіміздің нығаюына өзіндік үлес қосқан философия ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев сынды асыл тұлғаның, үлкен ойшылдың екінші ғұмырын қоғам болып жандандыру қажеттігін еске салғымыз келеді. Бұл ретте оның еңбектерін мемлекеттік тапсырыспен бастырып, оқу орындарына, қалың жұртшылыққа жеткізген жөн болар еді. Қаламгердің рухани тыныс-тіршілігімізге аса құнарлы нәр беретін ойға бай мұрасы мұндай құрметке әбден лайық.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2110
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2522
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2217
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625