Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 6525 5 пікір 10 Қазан, 2017 сағат 08:50

Ел ертеңінің бастауы - рухани жаңғыру

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын негізге ала отырып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Мәңгілік Ел идеясын ұстанған ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін, руханиятын насихаттау жұмыстарын  тың серпінмен қолға алып отыр.

Бүгінгі таңда аталмыш жоба аясында атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Қаншама  тарихи нысандардың орны анықталып,  археологиялық зерттеулер жүргізіліп, тарихи орындарға ашық аспан астындағы экспозициялар құруға мүмкіндіктер ашылуда. Аршылған нысандарды қалпына келтіру ел игілігіне асыру мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында орналасқан «Хан ордасы», «Хан мешіті» орындары мен «Мүсәллә», «Тәкия», «Жеті ата», «Дарбаза» қақпалары тұрғызылған болатын. Енді  өткен тарихымыздан сыр шертетін орындарға арнайы жолдар салынып, экскурсиялық бағыттар ашылатын күн де алыс емес.

Осы орайда ортағасырлық рухани ескерткіштердің бірі «Қылует» жерасты мешітінің экспозициясын да жаңа заман талабына сай етіп қайта жасақтау кезек күттірмейтін мәселе.  Бұған дейін де Қылует жерасты мешіті музейінде «Ислам дінінің тарихы» тақырыбында экспозиция құрылған болатын. Алайда, ислам діні тарихы кең ауқымды тақырып болғандықтан экспозиция  өз деңгейінде толық ашылмағандығы, жәдігерлері де жеткіліксіз болғандығы да еш жасырын емес. Осыған орай, олқылықтың орнын толтыруға 2015 жылы Қылует жерасты мешіті музейіне бірқатар реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Әлі де төмендегідей жұмыстар алдын-ала атқарар кезегін күтуде:

1. Музей еденіне төселген қыштарды қайта ауыстырып жаңалау.

2. Ашық аспан астында орналасқан ошақтардың орындарын қайта қалпына келтіру.

3. Қазба кезінде табылған құдықтар мен ташнаулардың (септик) орындарын сол заманға сәйкестендіру.

Айта кету керек ортағасырға тиесілі бұл  рухани кешен ерекше тәрбиелік мәнге ие. Кешен он сегіз бөлмеден тұрады, күн кешуге және құлшылық-ғибадатын атқаруға қолайлы жағдай жан-жақты қарастырылған. Қылуетте Қожа Ахмет Ясауи салдырған бір адамдық «Ғар» бөлмесіне қоса «Мешіт» бөлмесі, «Жамағатхана» бөлмесі,  «Шаруашылық» бөлмесі, «Құжыра» бөлмелері, ыстық су дайындайтын, «Тахаратхана» бөлмелері ерекшелігімен көзге ұрады.  Орыс ғалымы В.А.Гордлевскийдің  «Концепции истори Туркестанского святилища» еңбегінде «Қылует» мешітінің қонақ үйлері мен жылқы байлайтын ат қоралары да болғандығы жайлы мәлімет келтірілген.

Тарихқа үңілсек, «Қылует» деген ұғым Х ғасырда пайда болған. «Қылует» сөзі арабша «Халуәтун» - жалғыз, жеке өмір сүруге ұмтылу» деген сөзден шыққан, сонымен түркімен тілінде «Қылует» - «құпия» деген мағына беретіндігін ғалым С.М.Давыдов өзінің «Суфизм в Туркмении» деген еңбегінде жазады. «Ислам, Энциклопедия словарь» кітабында «Қылует» ұғымы суфизмнің бір саласы ретінде Х ғасырдан бастап түркі тілдес халықтар арасында пайда болып, ХІV ғасырға дейін Таяу шығыс пен бүкіл мұсылман әлеміне кең етек жайғандығы жазылады. Алайда пайғамбарлық уаһи болғанға дейін Мұхаммед (с.а.у.) жеке үңгірде жиі-жиі оқшауланғандығын да әсте естен шығармауымыз қажет секілді.

Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ ғасыр тұсында сопылық ілімнің қарапайым халық қана емес ірі дін өкілдері мен билеуші топ өкілдері де мойындағанын, ислам дінінің түркі халықтары арасында таралуы мен орнығуына үлкен әсер еткендігі байқалады. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті әрі туысы Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» қолжазба шежіресінде Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим шайықтың өзі отызға жуық «Қылует» мешіттеріне шәкірт баулығындығы айтылады. Ал, Қожа Ахмет Ясауидің өзі елуден аса «Қылует»  жұмысына басшылық жасап, төл  шәкірттерін шартарапқа діни білім беру үшін аттандырып отырғандығы айтылады.  Сонымен қатар, аталмыш қолжазбада   Садр шайықтың баласы Данышпан Зарнұқи (Қожа Ахмет Ясауидің інісі әрі шәкірті) «Түркістанда қырық жыл қылует мешітінде қызмет етіп, ұстазы Қожа Ахмет Ясауи оны Отырарға жіберіп, онда қырық жыл қылует мешіттерін басқарып, жетпіс жыл Қызырмен сұхбатта болғандығын және Отырарда мәңгіге тыныс тапқандығын» жазады.

Тарихшы, ғалым М.Тұяқбаев «Түркістан сырлары» кітабында түрлі деңгейде «Қылует» мешіттерінің міндетін атқарған «Кіші Қылует», «Құмшық ата», «Шілдехана», Шәмет Ишан мешіті, «Имам Марғузи» мешіті құрылыстарының қалдығы осы күнге дейін сақталғандығын, соңғы жылдары «Құмшық ата», «Шілдехана», Шәмет Ишан мешіті,  «Имам Марғузи» мешіттері қайта қалпына келтіргендігін, «Кіші Қылует» «Үлкен Қылует» сияқты тарихи орындардың 1942 жылы бұзылып, кірпіштері май заводын («Антибиотик») салуға жұмсалғандығын жазған.

Қылует мешітіне жүргізілген археологиялық қазбалардың есебіне сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғысы жылдарынан кейін  «Қылует» жерасты мешітіне бірнеше археологиялық зерттеулер жүргізілген екен. 1972-1973 жж. Археология институты мен Мәдениет министрлігі бірлесіп, белгілі археолог Т.Н.Сениговаға қазба жұмысын жүргізуді тапсырған. Т.Н. Сенигова 1942 жылы бұзылып алынған қабырғаларының ізін табу мақсатында археологиялық барлау — (траншеялық әдіспен) жүргізген. Қазба нәтижесінде табылған керамикалық және  стратиграфиялық материалдарға сүйене отырып, бұл құрылыстың салыну мерзімін ХV-ХVІ ғғ. деп анықтайды. Алайда, Т.Н.Сенигова «Қылует» мешітінің ең көне бөлігі деп есептелетін жер астындағы «Ғар» бөлмесінің іші-сыртына стратиграфиялық зерттеу жүргізбегендігін, осының салдарынан алып кешеннің датасын анықтауда өрескел қателік жібергенін кейінгі зерттеуші археологтар Е.Смағұлов, Қ.Итенов, М.Тұяқбаевтар анықтап берді.

«Ғар» сияқты жеке адамның өмір сүруіне арналған бөлмелер Түркістандағы Қарнақ елді мекенінде, Сайрам мешіт құрылысында, Маңғыстау өңіріндегі Шопан ата мешіті, Бекет ата мешіті, Шақпақ ата мешіті, Сұлтан Үпі мешіті,  Бұхарадағы Бахауитдин құрылыс кешенінде, Піскент ауданындағы «Янтақ» селосында, Самарқандағы Шахи Зинда құрылысында, Ташкенттегі Зайнутдин – баба кесенесінде және Құсам инб-Аббас кесенесінде кездеседі. Сондай-ақ, Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» еңбегінде мұндай мешіттер Отырарда және Сырдың батыс бетіндегі Зернұқ (Уәсидыс) қаласында да болғандығы айтылған.

Археолог, ғалым М.Тұяқбаев «Түркістан сырлары» кітабында: «Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген «Ғар» бөлмесінің ерекшелігі «балх» әдісімен қаланған төрт қырлы күмбезбен жабылған. Қабырғаларының ұзындығы 135х135 см., биіктігі 175 см. Құрылыс 25Х25 см кіріпіштерден бір жарым қатар қалыңдықпен қаланған, жер бетінен 4-4,5 метр тереңдіктегі аса ылғалды бөлме. Қабырғаның екі шетінде май шам қоятын орын  да қарастырылған деп жазған.

1929 жылы орыс ғалымы В.А.Гордлевскийдің түркістандықтардан естіген дерегіне сүйенсек, қысқы шілде (25 желтоқсан – 5 ақпан аралығы) кезінде Түркістанға Орта Азия мен Кавказдан 25 мыңдай адам жыл сайын жиналып, Қылуетке түсетін болған. Қылуетте қырық күн құлшылық жасаған. Сол кезде бүкіл Түркістан халқы зияратшыларға ас-су тасыған. Одан бөлек Құмшық ата мешіті, Шілдехана мешіті және  Қарнақтағы Шәмет ишан мешіті, Шобанақ елді мекенінде орналасқан «Имам Марғузи» мешіттерінде де осы үрдіс  жалғасқандығын атап өткен. Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» еңбегінде де қылуетке адамдар жазғы шілде және  қысқы шілдеде түсіп, онда қырық күн діни білімін жетілдіріп, қырық бірінші күн шығатындығын атап өткен.

Осындай құрылыстың қайта қалпына келтіріліп, мұражай ретінде ашылуына неміс скульпторы, А.Л.Шмидтің сіңірген еңбегі орасан. Ол  1940 жылы құрылыстың макетін ағаш, папье-маше, қағаз бен сазды пайдаланып жасап қалдырды. Макеттің түпнұсқасы музейде әлі сақтаулы. Қылует жер асты мешіті ХІІ ғасырда негізі қаланып, 1942 жылға дейін орны сақталған. Болашақта құрылғалы отырған музей экспозициясының әр бөлмесі сол заманда атқарған қолданысына сәйкестендіріліп, Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен артында қалған мұралары, шәкірттері жайлы мәліметтер экспозицияда айқын көрініс табатын болады. Қылует жер асты мешіті музейі өткен тарихымызбен рухани мол мұраларымызды бүгінгі ұрпаққа үзілмес асыл тінімен жеткізері даусыз.

Байболов Берік, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

5 пікір

Үздік материалдар