Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 6634 4 пікір 2 Қазан, 2017 сағат 09:33

Үш қағида

Мектеп директорының ат шаптырым бөлмесі. Жалғап алған жасанды кірпіктері жер сүзген директор апай жетпісті алқымдап қалса да, осы орнынан тапжылмағанына отыз жылдан асты. Адамның жанары жанының айнасы десек, жасанды кірпіктер сол айнаны көлегейлеп, арғы жақта не болып жатқанын жасырып тұрғандай әсер етеді екен.. Ол аз болғандай қаламын қолына алғанда сояудай жасанды тырнақтары жалт-жұлт етеді... Жасандылық пен жалт-жұлт дүниеге табындырып қойған заман-ай...
Кенет есік жұлқа ашылды.

- Апай, бұл не қылғаныңыз? Зейнетке шығуыма алты ай қалғанда, менің сағаттарымды басқа мұғалімге бергеніңіз не? - деп кірген мұғалім сұрақты төтесінен қойды. Директор апай ашынып тұрған мұғалімге қолын бір ақ сілтеді. Қалай ашылған есік солай жабылды.

Өзінің заңды сағаттарын сұрап кірген мұғалімді білетін едім. Осы мектептің отымен кіріп күлімен шыққанына отыз жылға таяп қалды. Білікті маман ретінде әріптестерінің алдында, ата-аналар мен шәкірттер арасында беделді... Марқұм жолдасы да осы мектептің сыйлы ұстазы болатын, содан қалған қос тұяғын елден кем қылмай өсіргені де көз алдымызда. Соншама шәкірт тәрбиелеп, бар өмірін, бар уақытын арнаған осы мектептен өзіне лайық құрметпен алты айдан соң зейнетке шықсам деп жүрген болатын. Қазіргі заңды білесіз, соңғы жылғы алған жалақың ертеңгі зейнетақыңның бағдаршамы. Бұл мұғалім сол үшін күйініп тұр, отыз жылғы ұстаздық өмірін алты айлық еңбекақы шешер тұста, директор апайдан мұндай шешім расымен күтпеген болатын.

Сол мұғалім уақыт созбай, дереу шешім қабылдап 30 жылдай жұмыс істеген мектебін директор апайға тастап өзі басқа мектепке ауысып кетті...

Осы оқиғадан соң өзіме үш қағида түйдім.

1. Өзіңді бағаламайтын жерде бір күн де аялдама;

2. Өзің білімді болсаң,кез келген жерден орын табасың;

3. Шешім қабылдаудан қорықпау керек.

Мереке құтты болсын, құрметті ұстаздар!

Жаңыл Асылбекова

Facebook-тегі парақшасынан

4 пікір