Жексенбі, 1 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 111953. Жазылғандар — 106310. Қайтыс болғандар — 1825
2280 3 пікір 2 Қазан, 2017 сағат 08:55

Карлес Пучдемон: "Каталония тәуелсіз мемлекет болу құқығын жеңіп алды"

Каталония билігінің жетекшісі әрі Каталония еуропалық демократиялық партия мүшесі Карлес Пучдемон жексенбі күні кешкісін "Каталония тәуелсіз мемлекет болу құқығын алды" деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі хабарлайды. Дауыс берудің нәтижесі жақын күндері жарияланбақ.

​Каталониядағы жедел әрекет ету қызметінің хабарлауынша, полициямен қақтығыс кезінде 760 адам жарақат алған. Басқа дереккөз 400-дей адам жараланған деп хабарлайды. Полиция Каталонияның Испаниядан тәуелсіздік алып, референдум өткізуіне мүмкіндік бермес үшін күш қолданған. Тіпті кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру бюллетендері мен жәшіктері тәркіленген.

Осыған дейін Испания үкіметі дауыс беруге жол бермейміз деп мәлімдеген. Испанияның Конституциялық соты референдум өткізуді заңсыз деп жариялаған.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша, кешкі сағат 20.00-де аяқталды. Бірақ Каталония үкіметінің өкілі сайлау кезегінде тұрған адамдардың бәрі дауыс беру бөлмесіне жіберіледі деді.

Испания ІІМ мәліметі бойынша, қақтығыс кезінде 12 полиция өкілі жараланған. Ішкі істер министрі дауыс беруге арналған 92 учаске жабылды деп мәлімдеді. Бұған дейін екі мыңға жуық сайлау учаскенің үш жүзі жабылды деп хабарланған. Референдум алдында Каталонияға дауыс беруді болдырмас үшін, "азаматтық гвардияның" жасағы жіберілген болатын.

Abai.kz

3 пікір