Сенбі, 4 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 525. Жазылғандар — 36. Қайтыс болғандар — 5
Бетбұрыс 2786 18 пікір 26 Қыркүйек, 2017 сағат 14:21

Ақпарат министрі ауылдардың сапалы интернетпен қамтамасыз етілетінін айтты

 

Алдағы 3 жылда 2 млн ауыл халқы сапалы интернетке қол жеткізеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің дерегінше, Қазақстанның барлық 122 қаласы және шамамен 1200 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық желі арқылы жоғары жылдамдықты Интернетке қол жеткізіп отыр.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, сіздің тапсырмаңызға сай министрлік болашағы бар 1700-ге жуық ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмысын қолға алуда. Яғни, бұл 2 миллоннан астам тұрғын сапалы интернетке қол жеткізеді деген сөз. Жобада қамтылатын ауылдардың тізімі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, анықталуда. Жалпы бұл жоба 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр», - деді ол Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Дәурен Абаевтың есебінше, жобаның нәтижесінде 2021 жылға дейін ұзындығы 24 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Бұл жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімдерінің Интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. «Айта кету керек, жоба мемлекет пен жекелеген азаматтардың әріптестігі бойынша іске асырылады деп жоспарланды. Бұл ретте мемлекеттік органдардың  байланыс қызметтерін 13 жыл бойы (2018-2030) кепілді түрде тұтыну мәселесі де  қарастырылып отыр», - деді Абаев. Министрдің айтуынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде Интернетке секундына 20 мегабаитке дейінгі жылдамдықпен қол жеткізу қамтамасыз ету, шамамен 2 мың мектепті интернетпен қамту және денсаулық сақтау мекемелерінде де, жергілікті мемлекеттік органдарда да 1200 нүктеге қосу жоспарланған. «Жобаны жүзеге асыру үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі іс-шаралардың  атауын  және орындау мерзімін көрсете отырып, арнайы жол картасын әзірледі. Бүгінгі күні бұл құжат бекітілді. Қазіргі кезде жобаның тұжырымдамасы ұлттық экономика министрлігімен және Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығымен пысықталуда», - деді ол. Айта кетейік, Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында «Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасының ағымдағы жай-күйі талқылануда.

Abai.kz

 

18 пікір