Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Білгенге маржан 5187 1 пікір 8 Қыркүйек, 2017 сағат 11:07

Қазақ жазуын қалай кемелдендіруге болады?

 

Жазу реформамыздың қарсаңында әртүрлі жазулардың әртүрлі ерекшеліктерін сараптап, олардың артық тұстарын Қазақ жазуына да пайдалана алсақ жазуымыз кемелдене түскен болар еді.

Әзіргі дәуірімізде ең кең тараған жазу үлгісі - дыбыстық үлгідегі жазу. Біздің әзіргі қолданыстағы жазуымыз осы үлгіге тән. Яғни әрбір дыбысқа айырым-айырым әріп бекітіп, дыбыстың дыбысталу реті бойынша сол әріптерді жазып отырады. Бұл үлгідегі жазулардың артықшылығы: Әріп саны аз болып, сауат ашуға жеңілдік әкеледі. Кемшілігі: адамдардың бойын «сөздер тек қана дыбыстардың жиынтығы» деген ұғымға үйретіп тастайды дағы, сөздердің құрамы, жасалу жолдары және оның түпкі мағанасы елеусіз қалып ұмытыла бастайды. Сонан барып жаңа сөз, атау – термин жасауға келгенде дәрменсіздік туылады. «Сөздер дыбыстардың жиынтығы» деген мұндай жаңсақ ұғым дендей келе тіпті кірме сөздермен төл сөздерді парықтаудан қалтыруға дейін апарады. Мысалы, «ықылас, рахымет, үстел, класс ... ...»

Жазудың және бір үлгісі мағаналық жазу: Қытай жазуы осыған жатады, мұнда сөздердің жазылуы мен оқылуында ешқандай байланыс болмайды, мысалы, тілімізде жылқыны білдіретін «ат» деген сөзбен есімді білдіретін «ат» сөзі айтылуы ұқсас болғандықтан ұқсас жазылады, ал мағаналық жазуда болса айтылуы ұқсас болғанымен мағанасы бөлек болып тұрса, олар әртүрлі йероглифтермен таңбаланады. Бұл үлгідегі жазулардың кемшілігі: Йероглиф саны көп, сауат ашуға кететін уақыты ұзақтау.

Артықшылықтары: 1. Әр бір сөздің дыбысы емес мағанасы көрнектіленетіндіктен, тіл тұрақты болады, заман алмасса да мәдениет жалғасым таба береді: Бір йероглиф неше мың жылдың алдында қандай мағана берген болса, әзірде сол мағанада жұмсалып тұрады, өзгеріс болған күннің өзінде де арғы-бергі өткен кеткенін бөгенайлап тауып алуға болады; 2. Жазылым айтылымды монополиалап алмайды: Ауыз екі тілде бірін бірі түсіне бермейтін түрлі акценттегі адамдар жазуға келгенде кедергісіз түсінісе береді, бірақ оқығанда және де өз алдарына бөлек-бөлек акценттерімен оқиды; 3. Сөздің этимоны, мағанасы, құрылымы адамдарға көзүйреншік болып кететіндіктен жаңа сөз туындатуға өте епті; 4. Кірме сөздерді әсілгі тілдегі дыбысталуы бойынша қабылдау мүмкіндігі өте әлсіз болады.

Төменде мағаналық жазу үлгісінің артықшылықтарын дыбыстық жазу үлгісіне (жүйеден Қазақ жазуына) пайдалану жолдарын қарастырып бағайық.

Тіліміздегі «ыштан» сөзі әуелде «іш + тон» яғни «іштен кійетін тон» дегенді білдіретін сөз еді. Енді осы сөз өз этимоны бойынша «іштон» болып жазылса құп болар еді, жазылымда «іштон» болып жазылғанымен оқығанда «ыштан» деп оқи беруге бола береді, мұны осы сөздің өзінің өзгеріс барысы, яғни бастапта «іш» және «тон» деген сөздерден бірігіп, кейін келе «ыштан» болып дыбысталып кеткендігі дәлелдеп тұр.

«Бүгін» сөзі «бұл күн» деген сөздерден жасалғандықтан «бұкүн» деп жазылса әсілгі этимонына біршама таяр еді, ал оқығанда ауыз екі тілдің еркіне сай «бүгін» деп оқи беру ешқандай бір тілдік нормаларға қиғаш келмес еді.

Әзіргі қолданыстағы жазуымыз сөздерді өте дәл бейнелейтін жазу, сөздеріміздің басым көп сандысының оқылуы және этимоны жазылымда аса дұрыс бейнеленген. Этимонына мән бере келе өзгертіп жазуға тура келетін сөздер саны өте аз, әрине кейбір сөздерді этимонына салып жазу лайықты бола қоймайды. Мысалы, «мойын» сөзінің этимоны «бой +ын» еді деп оны «бойын» деп жазамыз деуге келмейді. Деседе ыңғайға көнетін ішініра сөздерді этимоны бойынша жазатын болсақ онда Қазақ жазуы тек дыбыстарды ғана таңбалайтын дыбыстық жүйедегі жазу үлгісінен асып өтіп, әрі мағананы әрі дыбысты бір уақытта бейнелеуге қауқарлы кемелдене түскен жазу үлгісі болып шығар еді. Бұл бейне астықты азық ретінде пайдаланудан өтіп, оны тұқым ретінде де пайдалануды қолға алғанмен тәріздес болар еді. Мақсатымызда осы: Қазақ жазуы «мағаналық әрі дыбыстық үлгіні қамтитын жазу» деген ұғымды қалыптастыра алсақ, Қазақ жазуын жай ғана әріптер тізбегі деген ұғымнан (яғни 42 әріпті білсе болды, Қазақ тілін білгенге есеп деген тәрізді көзқарастардан) арылтып, адамдарды күнделікті жазу – сызу барысында Қазақ тілінің сан қатпарлы мағаналарын көзбен көріп көңілмен тоқи отыруға бейімдеуге жол ашылар еді.

Қосымша: Мақалаға көп қатысы болмаса да, өзім қатарлас оқырмандардың құрметі үшін төмендегі интернет материалдарымен ортақтаспақпын:

Азиа атауы - Балқан түбегіндегі байырғы халықтар босфор бұғазының шығыс жағын «Asu» деп атаған екен, осы «Asu» сөзі уақыт өте келе Асиа – Азиа болып қалыптасыпты.

Европа атауы - Таяу шығыстың байырғы бір халықтары күн батысты «әріб» дейді екен, солар босфор бұғазының батысын «Әріб» деп атап кетіпті, орта азиадағы кейбір ұлттар, өзбек – ұйғыр халықтарында күні бүгінге дейін «батыс» дегенді «ғәріп» деп айтатын әдет бар. Осы «әріб» өзгеріске түсе келе кейін «Европа» болып қалыптасыпты.

Африка атауы - Мысырды жеңіп, басып алып берген Африка атты генаралын марапаттау үшін Римнің императоры Цезарь сол генаралының атын Африка құрлығына беріпті.

Уәлихан Ғабиденұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1467
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1327
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1075
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1125