Бейсенбі, 30 Мамыр 2024
Жағымды жаңалық 8266 2 пікір 7 Қыркүйек, 2017 сағат 09:59

Мұрат Әуез һәм "Ділім"

Сурет Азаттық радиосының сайтынан алынды

Жақында  «Жібек жолы» баспасынан қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуездің  «Ділім»  атты кітабы жарыққа шықты. Мұнда автордың әр  жылдардағы мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, халықаралық және республикалық симпозиум-конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, айтқан ой-пікірлері  берілген.

Кітаптағы арнайы жүйемен топтастырылған мақалалар мен сұхбаттарында  автор  еліміздегі қоғамдық, саяси және әлеуметтік мәселелер, мәдени және әдеби үдерістер, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлар, жаһандану процесінің жай-күйі мен маңызды жақтары жайында оқырманды елең еткізетін тың ой-пікір білдіреді. Олардың негізгі мазмұнын автордың: «Тілден де, Діннен де айрылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал Ділден ше?! Одан айрылу мүлдем мүмкін емес, тек сол Діл саулығы, Діл тазалығы, Діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық», – деген тұжырымынан айқын аңғаруға болады.

Кітаптың кіріспе бөліміндегі «Энкидиада», «Үш арыс», «Қайнар көз» атты мақалаларда қаламгер адамзат баласының даму тарихы,  ондағы екі стихия – көшпелілік пен отырықшылықтың бірлігі мен қарама-қайшылығы, оның қазақ даласындағы көрінісі, көшпелілер әлемі,  оның жалпыадамзаттық дамудағы рөлі мен орны, түркі халқының, қазақтардың тереңнен тамыр тартатын  мәдениеті туралы  пәлсафалық тұрғыда ой түйеді. Жалпы, бұл үш іргелі мақала кітап лейтмотиві іспетті, өйткені оларға арқау болған ой-пайымдар мен тұжырымдар кітаптың  өн бойына өзек болып өріліп отырады.

Кітаптың «Айналайын, ақ бұлақ» атты бірінші бөлімінде  автор әкесі Мұхтар Әуезов пен анасы Фатиманың өмірі, олардан алған тәлім-тағылымы, бір шаңырақтың астында тәрбиеленген бауырлары, өз ұрпақтары жайында әңгімелейді. Әуезов әлемінің әлі де толыққанды зерттелмегеніне назар аударады. «Әлем кіндігі» бөлімінде  қазақ зиялыларының тоталитарлық мемлекеттегі тағдыры,  «пайғамбарлар дәуірі» және біздің дініміздегі кейбір ерекшеліктер, тәңіршілдік қағидасы, «Алатаудан – Алтайға» деген кітап керуенімен сапары, қазақтың мәдени өміріндегі қожалар миссиясы туралы ой толғайды.  «Жол көрмек», «Садақтың ұшқан оғындай...», «Жеті қырдан астың ба», «Жоғарыдан ағатын өзендерді біл!»,   « Еңку-еңку жер шалмай» бөлімдерінде халқымыздың мәдениеті мен өнері, тілі, тәуелсіздік, ұлттық рух пен ұлттық мүдде мәселелері, еларалық саясаттағы ұстаным,  шығыс тарихы, араб-түркі және қытай-қазақ қарым-қатынастары, бұл орайда  шешімін  табуы  тиіс проблемалар жан-жақты әрі өткір қозғалады.  «Жайсаң да жүр жаныңда» бөлімінде өзі пікірлес, мұраттас болған А. Сүлейменов, Г. Бельгер, И. Қарақұлов, Д. Исабеков сынды қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері туралы сыр шертеді.

Жинақ автордың   «Тамшы, бұлақ!» деген жүрекжарды эссесімен қорытындыланады. Дана Конфуцийдің білімге апарар үш жол ретінде ойланыстарды, толғаныстарды, тәжірибені атағанын еске алып, өзінің өмір бойы осы үлкен жолдың үш тармағымен де жүріп келе жатқанын, бұл жолына  Әділ және Діл ұстанымдарын бағдаршам ететін  айтады. Егер еліне, ұлтына тамшыдай болса да себі тисе, Ділінің арқасы екенін тебірене мойындайды, бойына осы қасиетті дарытқан ұлттық тамырына ризашылығын былай деп білдіреді: «...үлкен Жолдың айрығында тұрып, Ділімнің діңгегін сусындатқан Ақ Бұлағымнан тамшылап аққан сафтай таза суының әрбір тамшысынан Айналайын дегім келеді».

Кітап ойлы, қоғамдық-саяси және мәдени-эстетикалық терең тұжырымдарға, пікір-пайымдарға бай, өте мазмұнды шыққан. Тәуелсіз  қазақ елі белін бекемдеп, еңсесін тіктеп, Мәңгілік ел болуға бет бұрған тұста, халқымыздың өзінің әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлін,   жаһандану үдерісінде ұлт ретінде сақталып қалудағы міндеті мен парызын  терең сезініп, түйсінуге себі тиер бұл кітаптың  қалың оқырман қауымға, сонымен қатар ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға аса пайдалы болары сөзсіз.

Балжан ХАБДИНА

Abai.kz

 

 

  

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2421
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2740
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 3198
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1816