Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3089 0 пікір 26 Қараша, 2010 сағат 03:18

Ғалымжан Елшібай. Тасмағамбетов Түркістандағы мешіт құрылысын тоқтатқызып тастады

Түркiстандағы ежелден елдiң игiлiгiне айналған мешiттiң бiрiнен түн ортасында тосыннан өрт шыққанына көп бола қойған жоқ. Құдай сақтасын, мешiтке әдейi өрт қоюға кiмнiң қолы барады дейсiз?

Түркiстандағы ежелден елдiң игiлiгiне айналған мешiттiң бiрiнен түн ортасында тосыннан өрт шыққанына көп бола қойған жоқ. Құдай сақтасын, мешiтке әдейi өрт қоюға кiмнiң қолы барады дейсiз?

Техникалық қауiпсiздiк ережелерiнiң сақталмауынан мешiттi өрт шалғанын құзырлы органдар тексеру барысында анықтады. Жарайды, өрт айтпай келедi, Алланың үйi аяқ астынан тiлсiз жаудың "тырнағына iлiгiптi". Ал сiз жаңадан салынып, құрылысы бiтуге таяған зәулiм мешiттiң тас-талқанын шығарып қиратуға, жермен-жексен етiп құлатып тастауға құлшынып отырған құдайдан безгендер бар дегенге сенесiз бе? Бұған жан-жақты мүмкiндiктi қарастырып жанталасқан мүдделi топ "қирату, бұзу, құлату" деген сөздер құлаққа түрпiдей тиетiнiн жақсы бiлетiндiктен "басқа жаққа көшiру керек" деп жұмсарта сөйлегенiмен түпкi ойларын түсiнбейтiндей жұрт ақымақ емес. Құрылысы бiткелi тұрған зәулiм мешiттiң ғимаратын бұзбаса, қиратпаса, құлатпаса басқа жаққа оп-оңай көшiрiп әкете салатындай көшiп-қонып жүретiн керуеннiң жинап қойған жүгi ме екен? "Түркiстанда салынып бiткелi жатқан жаңа мешiт басқа жаққа көшiрiлмесе Қожа Ахмет Яссауи кесенесiне көлеңке түсiредi", "жаңа мешiт кесене аумағындағы айрықша қорғалатын аймаққа түсiп, тарихымыз тапталуда" деген сыңайдағы байбаламға байланысты мешiт құрылысын тоқтатып тастағандар әбден салынып бiтуге таяғанға дейiн "ай қарап, жұлдыз санап" жүргендерi тiптi түсiнiксiз. Мешiт құрылысының қазығы қағылған кезде нелiктен осындай қатаң шара қолданылмады?

Мәдениет министрлiгi мен Мәжiлiс депутаттары да мәселе етiп көтерген байбаламның нүктесiн қойып, нақты нәтижелi тiрлiк тындырған Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов болды. Әрине, айдаладағы Астана әкiмiнiң Түркiстандағы мешiттiң тiрлiгiне араласуына ешбiр құқығының жоқтығы да, құзырының жүрмейтiнi де белгiлi. Бiрақ Тасмағамбетов бұл дау-дамайға бас сұққанда ЮНЕСКО-ның елiмiздегi өкiлдiгiнiң басшысы екенiн алға тартып, үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке қызметтiк хат жазған соң сол ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған Қ.А.Яссауи кесенесiне кедергiсiн тигiзедi деген себеппен Түркiстандағы салынып бiтуге жақындаған жаңа мешiттiң құрылысын тоқтатқызып тас­тады. «Ендi ол бiржолата бұзылмаса болғаны» деп ел қауiптенiп отыр. Сонда қалай, дау туғызған мешiттi салу ешкiммен кеңеспей, келiспей асығыс-үсiгiс қабылданған шалағай шешiм бе дейiн десек, "Көне Түркiстан" туризм орталығының жобасы талқыланғанда жобаға енгiзiлген мешiт құрылысын жүргiзу парламент пен үкiмет тарапынан да қолдау тапқан екен. Оны аз десеңiз, Қазақстан мен Түркия мемлекеттерiнiң басшылары Түркiс­танда кездескенде өзара ойласу арқылы ортақ шешiм қабылдап, жаңа мешiттiң қай жерге салынатынын тас белгiсiн де өз қолдарымен қойғаны тағы бар. "Жаман айтпай жақсы жоқ", ертеңгi күнi "ер түрiктiң бесiгi, екi дүниенiң есiгi..." киелi Түркiстан­дағы түбi бiр туысқандықты танытуды көздеген тiрлiктiң быт-шыты шықса, құрылысты қаржыландырған түркиялық ағайындармен араға сызат түсуi былай тұрсын күллi мұсылман жұртшылығының алдында абырой шiркiн айрандай төгiлмей ме? Келер жылы мұсылман әлемiндегi ең беделдi құрылым - Ислам конференциясы ұйымына басшылық жасау жауапкершiлiгi жүктелiп отырған Қазақстан үшiн бұл жарасатын әрекет пе?

Құжаттарға үңiлсек Оңтүстiк Қазақстан облысының бұрынғы әкiмi Нұрғали Әшiмовтiң Түркия дiни iстер басқармасы және Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасымен бiрлесiп түзген келiсiмшартына сәйкес мешiт салынатын жердi белгiлеу Түркiстан қалалық әкiмдiгiне тапсырылыпты. 2008 жылдың 27 маусымында сәулетшiлер, тарихшылар, ғалымдар мен жауапты мекемелердiң өкiлдерi бұл мәселенi жан-жақты талдап, талқылап, оған Мәдениет министрлiгiне қарайтын "Әзiрет-Сұлтан" қорық мұражайының тарихшысы, бас маман М.Тұяқбаев та қатысқан. Мәдениет министрлiгi болса мынадай талап қойыпты: "Құрылыс нысандарының қорғау аумағы шекарасынан кемiнде 50 метр қашықтықта болуы қажет. Сонымен бiрге, қорық-мұражайдың дiни-рухани мағынасын ескере отырып және Әзiрет-Сұлтан кесенесiнiң сәулеттiк маңызын бәсеңдетпеу мақсатында салынатын нысандардың биiктiгi одан жоғары, сәулетi қорықтың тарихи-мәдени, сәулеттiк мәнiне үйлесiмсiз болмауы тиiс. Құрылыс салынатын жерде алдын ала тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң барлығын анықтау мақсатында археологиялық зерттеу жұмыс­тарын жүргiзу керек".

Сонымен жаңа мешiт қорғау аумағының шекарасынан кемiнде 50 метр қашықтықта болуы қажет деген талап толығымен сақталып, жер аумағы бөлiнедi. Мәдениет және ақпарат министрлiгiне қарасты "Қазреставрация" мекемесiнiң сәулетшiсi Қанат Медеуов және басқа да мамандардың қатысуымен көзбе-көз танысу барысында мешiттiң орналасатын жерi тал­қыланған. Түркiстан қаласының жер бедерi бiркелкi болып келедi. Ауытқушылық 0,5-1 метр көлемiнде ғана. Мамандардың анықтауы бойынша, салынып жатқан мешiттiң жазықтық белгiсi 212,80, ал Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнiң жазықтық белгiсi 213,50 метр. Яғни, кесене мешiтке қарағанда 70 сантиметр биiк жерде орналасқан. Демек бұл тұрғыдағы талап та толығымен сақталған.

Ендi археологиялық құндылықтар мәселесiне келейiк. Мешiт құрылысына бөлiнген аумақта археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзу жөнiнде "Түркiстан археологиялық қызметi" атты мекеме мен Дiни басқарма арасында арнайы келiсiмшарт түзiлiп, зерттеу жұмыстарының қорытындысы 2009 жылдың 3 қыркүйек күнi жария­ланады. Аталған мекеме директоры Е.Смағұлов қол қойып, мөрiн басқан бұл құжатта "Қазылған қазаншұң­қыр ортағасырлық Ясы қаласының цитаделiнен 140 метр қашықтықта орналасқан. Зерттелген аумақтың археологиялық және мәдени тұрғыда құндылығы төмен, қарапайым үйлер болған. Осы жайттарды ескере отырып ескерткiштердi қорғау және пайдалану iсiне жауапты мемлекеттiк органға мешiт құрылысына рұқсат беруiне кеңес беремiз" делiнген. Яғни, мешiт құрылысы тиiстi зерттеулер жүргiзiлiп, Мәдениет министрлiгiнiң өкiлдерi хабардар болған соң барып қана басталды. Алайда сын сағатта министр Құл-Мұхаммед көп жайттан хабарсыз болып шыққаны таңдандырады. Биылғы мамыр айында   құрылысты жүргiзiп жатқан "Грин Тек Контракшн" ЖШС-ның бас директоры Бахри Фазлиоглуына "арнайы рұқсат алынбағандықтан заңсыз құрылыс жұмыс­тары тоқтатылсын" деген пәрменнiң аяқ астынан жетуi төбеден жай түсiргенмен бiрдей болды. Сонда бұған дейiн мешiт құрылысына қатыс­ты бiр емес бiрнеше жиынның өткенiн, оған министрлiк өкiлдерiнiң қатысқанын қайда қоямыз?

Ел игiлiгiне ендi ұсынар тұста мешiттiң құрылысы тоқтағанына алаңдаушылық бiлдiрген Түркiстан қаласының тұрғындары мемлекет басшысына, үкiметке және облыс әкiмiне хат жазып, араша түсуiн сұрады. Осы хаттың негiзiнде қыр­күйек айында мешiттiң құрылысы мәселесiн анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, оның құрамына министрлiктiң өкiлдерi және бiрқатар ғалымдар кiрдi. Бiрден айта кетейiк, комиссия мүшелерiнiң пiкiрi екiге жарылды. Келтiрiлген дәлелдер кереғарлығы мен пiкiрлер қайшылығын әркiм өз қажетiне жаратуда. Өтегенова, Имажанов, Төреқұлова және Алтаев секiлдi комиссия мүшелерi мешiтке бөлiнген жер телiмi Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнiң қорғалатын аумағындағы табиғи ландшафтында орналасқанын, мұнда құнды жәдiгерлердiң болуы мүмкiн екенiн алға тартса, белгiлi тарихшы-ғалым Б.Байтанаев, сәулетшi Б.Әшiрбаев, қала әкiмi Қ.Молдасейiтов секiлдi комиссия мүшелерi мешiт құрылысы үшiн жер телiмiн бөлу сонау 1992 жылы қабылданған қаланың бас жоспарында белгiленгенiн алға тартқан. Дау тудырған аумақта әуелi "Түркiстан археологиялық қызметi", кейiннен Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкерлерi археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзiп, бұл жерге тек 19 ғасырда қатардағы тұрғын үйлер түскен, құндылығы төмен аумақ екенiн келтiрiп, бұл уәждердi жоққа шығарады. Бұдан шығатын қорытынды - мешiт құрылысы жүрiп жатқан жер телiмi "Әзiрет Сұлтан" мемлекет­тiк тарихи-мәдени қорық мұражайын қорғау аумағына мүлдем жатпайды.

Сонымен Түркiстандағы бiтуге тая­ған мешiтке төнген қауiптi кесенеден көремiз бе, жоқ, пешенеден көремiз бе? Алла үйiнiң артында түрлi ағымдардың iшкi қайшылығы тұрған жоқ па? Мәдениет министрiнiң мешiтке аяқ астынан шүйлiге қалуына не түрткi болды екен? Бiр қарағанда, қолынан құманы, аузынан Құраны түспейтiн мұсылманның бiр-бiрiнен айырмашылығы жоқ сияқты. Дiн дегенiмiз азаннан-кешке дейiн Аллаға құлшылық ету ғана емес, ол дегенiмiз үлкен мәдениет, дiни-ұлттық бiлiм, ұлттық тiлдегi уағыз емес пе?! Әйтсе де, "ауруын жасырған өледi" деген, соңғы кездерi бiр жайнамазға жығылып жүрген мұсылмандардың жiк-жiкке бөлiнiп алып, бiрiн-бiрi мойындамайтынын, мейлiнше бiр-бiрiнiң аяғын шалуға дайын тұратынын жасырудың қажетi жоқ. Әрине, киелi қалада салынғалы отырған бұл мешiт қанша жерден көрiктi болса да, барлық ережеге сай болуы тиiс. Бәлкiм бұл даудың түп-төркiнi мүлде басқада болар. Бұл дау тағы да сол дiн тармақтарының тартысынан, сол тармақтардың басында тұрған лауазымды тұлғалардың iшкi қайшылығынан туындап отырған жоқ па өзi?

Жақында ғана жергiлiктi газет­тердiң бiрiнде Шымкент қаласының тұрғыны Перизат Қайырбекованың жанайқайы жарияланды. Кейуананың жасы жиырмадан асқан баласы жайнамазға жығылғалы берi мiнез-құлқы өзгерiп, тiптi анасының қолынан ас iшуге арланатынды шығарыпты. "Баламның мешiтке барып, намаз­ға жығылып, мұсылманшылықты қолға алғанына қуанып, адамгер­шiлiгi мол, иманды болады деп топшылағаным бекер болды. Қазiр қай­ғыдан қан жұтып отырмын. Туыс-бауырлардың тойына баруды қойды. Менiмен, тiптi әңгiмелеспейдi де. Мiнез-құлқы өзгерiп кеттi. Бiздiң тұрмыстық салт-дәстүрiмiзге енген қағидаттардың ешқайсысын мойындамайды. Тiптi намазға жығылмасаң, асыңды iшпеймiн деген сөзi жаныма қатты батты", - дейдi Перизат. Мұндай мысалдар қазiр өте көп. Әрине, жас бала - жас шыбық сияқты, қалай қарай исең, солай майысады. Жас дейiк, өмiрге мас дейiк, бiрақ, аңдаусызда терiс жолға түсiп кеткен жасөспiрiмдi дер кезiнде байқап, бетiн қайтаруға болатын шығар. Ал сүйегi қатып қалған үлкендердi қайтемiз?!.

Дәл қазiр бiздiң билiк дiндi қолшоқпар қылып ұстап отыр ма, жоқ керiсiнше дiн билiктiң бишiгiне жармасып жүр ме, ажырату қиын. Қарапайым ел қашанда жақсы басшыға, билiктiң биiгiнде жүрген абыройлы азаматтарға қарап бой түзейдi. Қарапайым бiр адамның адасқанынан ел арасы бүлiнiп кетпес, ал бiр басшының адасқанынан бүкiл ел жоғалып кетуi мүмкiн. Ақпарат құралдарында президент аппаратының жетекшiсi Аслан Мусиннiң баласы мұсылман дiнiнiң бiр тармағының уағызшысы, жетекшiсi екенi талай мәрте жазылды. Тiптi, ара-тұра мұсылманшылығы ұстап қалған кезде Аслан Мусиннiң өзi де қауғадай қып сақалын өсiрiп, ұлының уағызына қатты ұйып қалатындай ма қалай? Қайбiр жылы президенттiң тiкелей тапсырмасымен "Қазақстан" ұлттық арнасы "исматуллашылардан" тазартылған кезде, олардың артында Иманғали Тасмағамбетов тұр деген пiкiрлер ашық жазылды. Басқасы басқа, мемлекет басшысының немере iнiсiнiң өзi, яғни жас болса да, бас болып, бiрқатар үлкен лауазымды қызметтердi атқарып үлгерген Қайрат Сатыбалдының төңiрегiндегi намазхандар да барлық мұсылмандармен басы пiсе бермейдi. Олардың да өз жолдары, дiттеген өз мақсаттары бар. Одан бөлек, ел ағалары, қартайып қалса да билiктiң бишiгiн бермей келе жатқан Өмiрбек Бәйгелдi, Мырзатай Жолдас­бековтердiң қолдан жасап алған өз "Құдайлары" бар екенiн, Сенатты бас­қарып тұрған кезде Нұртай Әбiқа­ев­тың бiр көрiпкел әйелдердi ертiп барып, тағы бiр "Алтын адам" табамын деп, Есiк қаласының даласының бәрiн қазып тастағанын да республикалық газеттер жазды. Дiндi қабылдау, оған бой ұсыну, әрине, адамның сана-сезiмiне, iшкi түсiнiгi­не, мәдениетiне байланысты шығар. Бiрақ, осынау жәйттердiң бәрi - дiнiмiздiң әр тармағының өкiлдерi билiктiң мойнына арқан лақтырып, әркiм өзiнше бұғаулап жатқанын сездiретiн сияқты. Қолында мықты билiгi бар адамды өз қатарына тарту арқылы басқаларға жол ашу оңай. Яғни, тәуелсiз елiмiздiң билiгi де жас шыбық сияқты майысқақ болып тұр деген сөз.

Жоғарыда айтқанымыздай Иманғали Тасмағамбетовтiң есiмi көптен берi "исматуллашылармен" тығыз байланыстырылып келе жатқаны жасырын емес. Әйтеуiр, мүридтердiң арасында Тасмағамбетовтiң есiмi аса үлкен құрметке ие. Алматы қаласының әкiмi қызметiн атқарып тұрғанда оңтүстiк астананың әкiмдiгiнде суфизм ағымының өкiлдерi қаптап кеткенi кезiнде ақпарат құралдарында жан-жақты жазылған. Жуырда тұтқындалған "исматуллашылардың" белсендi өкiлi Саят Ыбырай да осы жылдары аяқ астынан Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайлана қалуы да көпшiлiктiң күмән­iн туғызған.   "Исматуллашылардың" мәселесi майшаммен қаралғанға дейiнгi кезеңде Ғалым Боқаш, Болат Мүрсәлiм, Болат Атығай, Елдос Емiл және басқа белсендi исматуллашылар­ға айтарлықтай қолдау көрсетiлдi. Билiк эшелонындағы ауыр салмақты саясаткерлердiң бiрi саналатын Тасмағамбетов бiраздан берi зiкiр­шiлермен арадағы ашық түрдегi байланысын үзгенiн көрсетуге тырысқанымен, осы ағымның негiзгi қамқоршыларының бiрi болып қала беретiн сыңайлы. Алдағы уақытта үкiмет Түркiстандағы мешiтке қатысты бiр шешiм қабылдайды деп күтiлуде. Мұнда кiмнiң мүддесi ескерiлiп, мешiттiң тағдыры қалай шешiлетiнiн тақсыр уақыт көрсетер. Оған ЮНЕСКО-дан арнайы келетiн өкiл төрелiк айтпақшы. ЮНЕСКО-ның елiмiздегi өкiлдiгiн Иманғали Тасмағамбетов басқаратыны да бiраз мәселенi шешетiнi анық. Ал Түркiстан қалалық ақсақалдар кеңесiнiң төрағасы Жарылқасын Әзiретбергенов бастаған жергiлiктi тұрғындар салынып бiтуге таяған мешiттiң құрылысынан бiр кiрпiшiн де бұзғызбайтын барлық әрекетке барамыз деп тас-түйiн болып отыр.

СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?

Омар ЕЛЕУҰЛЫ,

Түркiстан қаласының бас имамы:

- Түркiстан қаласының 140 жылдық тарихы бар орталық мешiтiне келушiлердiң барлығын сыйдыра алмай жүрмiз. Жұма және айт намаздарында жұрт тiптi   көшеге шығып кетедi. Әлбетте, жаңа мешiт салынып, пайдалануға берiлгенде имандылыққа бет бұрған түркiстандықтар үшiн өте қолайлы болар едi. Мешiттiң салынуына қарсылық бiлдiрушiлердiң уәждерi ұсақ-түйек нәрсе. Әулие бабамыздың кесенесiнiң көрiнiсiне нұқсан келтiредi дегенi де ақылға қонбайды. Жалпы, кейбiр комиссия мүшелерiнде осы мәселеге қатысты басқа қызығушылығы бар секiлдi. Бәлкiм, мешiт салынып бiтсе Ахмет Яссауи бабамыз жатқан жер қабiрстан сияқты болып кетедi деген қорқыныш па, әлде кесенеге келушiлер мешiтке қарай ағылады деген күдiгi бар ма, ол жағын анық түсiне алмадым. Қалай десек те, бұл уәждердiң барлығы да негiзсiз. Мешiт - халық үшiн керек дүние.

Қайрат МОЛДАСЕЙIТОВ,

Түркiстан қаласының әкiмi.

- Мешiт кесенеден 500 метр қашықтықта тұр. Кезiнде жер таңдау iсiне министрлiктiң екi қызметкерi арнайы келiп қатысып, келiсiмдерiн берiп кеткен екен. Бүгiнде министрлiктегiлердiң "ондай адамдар бiзде қазiр жұмыс iстемейдi, бiзге қатысы жоқ" дегендi сылтауратып, барлығын жоққа шығаруға ұмтылуы қисынды ма? Мешiт құрылысына тапсырыс берушi - Дiни басқарма. Мәдениет министрлiгiнен ресми түрде рұқсат қағазын алу мiндетi осы мүфтияттың мойнында. Археологиялық зерттеу жұмыстары мұнда ешқандай да құнды заттардың жоқтығын көрсеттi. Менiң таңқалатыным мынау, ақыры мешiт кесенеге қауiп төндiрсе, құрылыс жұмыстары басталған кезде неге қарсылық бiлдiрмедi? "Мешiт жасыл ландшафт аймағы және құрылыс реттелетiн аймаққа түсiп тұр" деп те ескерту жасалынды. Бiрақ бұл уәж негiзсiз. Бiле бiлсек, ол аймақтар әлi күнге дейiн құжат жүзiнде бекiтiлмеген, шекарасы нақтыланбаған. Яғни, олардың қолдарында заңды құжат жоқ. Соған қарамастан өз бетiнше шекараның суретiн салып алып, соған құжат ретiнде негiздеп отыр. Бұл аймақтардың шекарасын бекiту жұмыстарын "Қазреставрация" мекемесi ендi жүргiзiп жатыр.

Мәдени мұралар санатындағы нысанның маңынан биiк құрылыс салынбасын деген ЮНЕСКО-ның талабы бар. Ал мұны қалай түсiнемiз? Биiк дегенiмiз 2 метр ме, 10 метр ме, жоқ, әлде 100 метр ме? Ол жайлы нақты дерек көрсетiлмеген. Менiңше, бұл ереженi түсiндiрудiң бiр ғана жолы бар - құрылыс кесенеден биiк болмауы керек. Ал салынып жатқан мешiт кесенеден биiк емес. Мұнарасын да кiшiрейтуге болады.

Мәулен САДЫҚБЕК,

«Әзiрет-Сұлтан» қорық-мұражайының директоры:

- Мешiт құрылысы бiтуге таяғанда байбалам салынуда деген сөз құлаққа қонбайды. Бұған дейiн де әбден айтылған жанайқайымызға ендi нақты шара қолданылды. Кесененiң айналасындағы жасыл ландшафт және құрылыстарды реттеу аумақтарының құжаттары жоқ деу қисынсыз. ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған кезде барлық аумақтар белгiленiп қойған. Мешiттiң құрылысын бастайтын кезде арнайы уәкiлеттi органның рұқсаты болуы керек. Осы қарапайым ғана талап орындалмаған ғой. Шешiмдi мен емес, министрлiктегiлер қабылдайды. Солардың уәжiмен мен де келiсемiн. Мешiт құрылысы тоқтаса да, қайта жалғастырып, халықтың игiлiгiне ұсынсақ та тек заң талаптары аясында жүзеге асса ешбiр тiрлiкке ешқандай қарсылығым жоқ.

«Жас Алаш» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2552
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2365
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661