Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4659 0 пікір 6 Қыркүйек, 2017 сағат 09:05

Тұрардың портреті

Мен мектеп бітірген жылы атам Алматыға апарды. Сонда тұратын тағы бір атамның (КНБ-ның жоғары шенді қызметкері) үйіне тоқтадық. Мəн-жайды білген соң, алматылық атам "көмек керек пе?"деді. Ертіп барған атам "менің қызым блатпен оқымайды. Ұят болады. Өз күшімен түседі " деді. Маған қатысты əңгіме осымен тəмам болды.

Екеуі терме тыңдады. Бірінен соң бірін қояды. Үлкен қара пластинканы аударып қойып, "Жайлаукөл кештері-ай!"деген əні бар (есімде сол ғана қалыпты. Ұнаған соң.) Қайрат Байбосыновтың домбырамен орындауындағы бірнеше əндерді тыңдайды. Бір кезде естеріне мен түстім білем, алматылық атам "мынау кім, танисың ба?" деп төрдегі үлкееен, жалғыз портретті көрсетті.

Біздің үйде төрде (біз көзін көрмесек те əкемнің анасы екенін білетінбіз) əжеміздің портреті, əке-шешеміздің үйленген кездегі суреті портрет болып ілулі тұратын. Алматылық атам көрсеткен портрет те бөтен біреу емес болар деген оймен "Сіздің əкеңіздің суреті ма?" дедім. Екі атам күлді. "Соны да білмейсің бе?"деген кейіп танытқан алматылық атама "Бұл қайдан біледі? Бұдан былай оқитын болады ол туралы" деп өз атам "арашалап " қалды.

- Тұрар Рысқұлов!, - деді алматылық атам. Танымағаныма, ол жайлы сол кезде көп білмегеніме ұялдым ба, ол жағын білмеймін. Бірақ, "оның портреті нағып тұр зал тамның төрінде? Туысымыз ба не?" деген ойдың болғаны анық. Соңғы сұраққа өз атам ауылға қайтарда "жоқ" деп қысқа қайырып жауап берген. Ал, "оның портреті алматылық атамның үйінің төрінде нағып тұр?" дегенге сол бойы жауап таппағанмын. "Əлі бар ма сол сурет " деп алматылық атамның үйіне осы күні жиі баратын інімнен сұрап қоямын. "Байқаған емеспін " дейді. Көшкен кезде ескі үйде қалған болар. ..

Екі күннен (түннен) бері Шерхан Мұртазаның "Жұлдыз көпір. Қыл көпірін" қайта оқып жатырмын. Баяғы портрет есіме орала береді. .. Тоқсаныншы жылдар келмей жатып-ақ алматылық атам оның портретін төріне іліп қойып еді.

Жәмилә Мамырәлі

Abai.kz

0 пікір