Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 4118 1 пікір 4 Қыркүйек, 2017 сағат 08:33

Гастарбайтерлерді қия бастырмайтын қатаң бақылау керек

Ала бағананың қос қапталында алакөзденіп, бір біріне жұдырық түйіп отыратын үндістандықтар мен пәкстандықтардың Біріккен Араб Әміріліктерінде бір үйдің баласындай болып жүргенін көзіміз көрді.

Ішінара, қағаберісте, қалтарыста, бәлкім, қабақ түйісіп, қаржасып та қалатын шығар, бірақ, БАӘ-дегі үндістандықтар мен пәкістандықтардың арасынан пәлендей дау шығып, дауыл тұрыпты дегенді естімейсіз. Ілуде бірі ұрлықпен иә болмаса, қандай да бір заңға қайшы қарекетімен көзге түсті бітті, аталған елдің азаматтарына алдымен кесілетін жаза – депортация.

Ал, БАӘ-дей бай елден, берекелі елден кеткісі келмейтін үндіс не пәкістан баласы әмірліктердің әмірінен шыға алмайды, дегеніне бағынады.

Бізге де гастарбайтерлерді қия бастырмайтын сондай бір пәрменді шара, қатаң бақылау керек. Бұл болмаған жағдайда, әсіресе, қазақ жұмысшысының жалақысы төмен, әлеуметтік статусы кем болған жағдайда, қақтығыс болмай тұрмайды. Шөлмек мың күн емес, бір күні сынады. Біздің жаһаншыл билік осыны жақсылап ойға алғаны дұрыс.

Дегенмен де, кешелі бері ел құлағын елеңдеткен қазақ пен үндіс жұмысшыларының арасындағы қақтығыс сабасына түсіп, болған жайтқа орай шұғыл құрылған комиссия жұмысына кірісіп кеткенге ұқсайды. Тұтқындалған қазақ жігіттерінің бәрі қамаудан босады. Әйтсе де, іс осымен тынды екен деп, арқаны кеңге салуға және болмайтын шығар. Жалдамалы жұмысшылар жүрген барлық нысандар сүзгіден өтіп, болуы ықтимал дау-шарлардың алдын алған жөн.

Қашанғы бізде Теңіз оқиғасы, Жаңаөзен көтерілісі, СНПС Ақтөбемұнайгаз мәселесі қайталана беруі керек?

Дәурен Қуат

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір