Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Білгенге маржан 7535 2 пікір 24 Тамыз, 2017 сағат 10:35

26 тамыз - қазақ үшін қасиетті күн

26 тамыз – елдігімізді (Алаш-Орда құлатылғаннан соң) кеңестік негізде жаңғыртуға заңи мүмкіндік берілген күн. Бұл күнді жетпіс жыл дәурендеген советтік дәуірдің өзінде аса елемейтінбіз, ал қазіргі тәуелсіздік кезеңінде мүлдем ұмыт қалдырып жүрміз.

1920 жылғы 26 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) Төрағасы М. Калинин, Халық Комиссарлары Кеңесінің (СНК) Төрағасы В. Ульянов (Ленин),  ВЦИК хатшысы А. Енукидзе «Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің декреті. Автономиялы Киргиз Социалистік Советтік Республикасын құру туралы» делінген құжатқа  қол қойды. Онда жоғарыда аталған мемлекеттік органдар «Киргиз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» содан бұрынғы, «Халық Комиссарлары Кеңесінің 1919 жылғы 10-шы шілдедегі декретін дамыта отырып», «Р.С.Ф.С.Р. бөлігі ретінде, Автономиялы Киргиз Социалистік Советтік Республикасы құрылсын»  деп қаулы алды. Республика құрамына бұрынғы әкімшілік шекараларымен Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Закаспий облысының Маңғыстау үйезі, Красноводск үйезінің 4-ші және 5-ші болыстары, Астрахан губерниясынан Синемор болысы, Бөкей ордасы және 1-ші, 2-ші Примор округтеріне түйісіп жатқан бұрынғы қазыналық жерлер берілді. Сондай-ақ теңіз жағалауы жолағы мен Сафронов, Ганюшин және Николаев болыстары Кирревком қарамағында қала беретіні, Түркістан Республикасындағы қазақ территориясын қосу сондағы халықтың ерік-жігер білдіруі нәтижесінде шешілетіні айтылды.

Осы маңызды декреттің орындалуы да, кейінірек Түркістан Республикасындағы қазақ жер-суын бөліп алып, бір шаңырақ астына бүгінгі Үлкен Қазақстанды жинау да, бұрмаланған «киргиз» атауын төл «қазақ» атауына ауыстыру да Алаш идеясына адал ұлт қайраткерлерінің тынымсыз күресі, көп қажыр-қайрат жұмсауы арқасында мүмкін болды.

Биыл ескерілмей келе жатқан бір дөңгелек дата бар, ол – 1920 жылдың 26 тамызындағы Декретпен советтік автономия алған еліміздің 1937 жылы КСРО-ны құрушы одақтас республикалардың біріне айналғанына 80 жыл толуы. Бұл – өте маңызды белес, өйткені одақтас  республика болуымыздың арқасында 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сондықтан осы оқиғаның тарихымыздағы орны ерекше екенін ұмытпағанымыз жөн. Үлкен террор басталар қарсаңда, 1937 жылғы 26 наурызда, Қазақстан Кеңестерінің Төтенше 10-шы съезі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясын бекітті. Осы Конституцияда одақтас республикамыздың «жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті» екені атап көрсетілді, сондай-ақ Қазақ Республикасы өз аумағында «өз егемендік құқтарын толығымен сақтап, мемлекеттік билікті дербес жүргізеді» деп нақтылап жазылды...

Ресей Федерациясы құрамындағы Автономиялы республикамызға  одақтық мәртебе Кеңестердің VIII Бүкілодақтық төтенше съезінде 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Негізгі Заңы (Сталиндік конституция) бойынша берілгені мәлім. Осы жаңа Конституцияны жасау жөніндегі комиссияны совет елінде «социализм толығымен жеңген» 1935 жылы құрылғаннан басқарған Сталин автономиялы республикаларды одақтас республика қатарына ауыстыру үшін  үш шартты негізге алу керек деген еді: бірінші шарт – автономиялы республика, одақтық тәж кигеннен кейін «оның КСРО-дан шығып кету мәселесін қоюға мүмкіндігі болу үшін», жан-жағынан КСРО территориясымен қоршалмай, шетелмен шекаралас шеткі аймақ болуы керек; екінші шарт – советтік одақтас республикаға атын берген ұлт біршама тығыз шоғырланып отырған көпшілік болуы керек; үшінші шарт – республика халқы саны жағынан «өз мемлекеттік тәуелсіздігін қорғай алатындай,  тым болмаса миллион»  болуы керек. Бұл шарттарға Қазақ АКСР-і 1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу науқанынан кейінгі жаңа аумағымен, халқының санымен, т. б. маңызды көрсеткіштерімен әбден жауап бере алатын еді, алайда оған одақтық тәж кию пұрсаты бір мүшелге кешіктіріліп, халықтың жартысына жуығын құрбан еткен ұлттық апаттан соң ғана, турасын айтқанда, қазақ халқына қарсы жасалған мемлекеттік қылмысты біржола жасыру мақсатымен берілді.

Биылғы Алаш-Орданың 100 жылдығын мерекелеу кезінде ұлттық мемлекеттігіміздің жаңғыруына мүмкіндік туғызған Ақпан революциясының 100 жылдық дөңгелек датасы мен жаңғырған ұлттық мемлекеттігімізді жойып, кеңестік негізде таптық  мемлекеттілік құруға мүмкіндік берген Қазан төңкерісінің 100 жылдық дөңгелек датасын өзара байланыста қарағанымыз жөн. Сонда жоғарыда аталған кезеңдерді, солармен астаса өрбіген қуанышты да, қайғылы да оқиғаларды саралай келе, халқымызды, жастарды қасіреті мол болған тарихымыз арқылы тәрбиелеу ісіне өлшеусіз зор үлес қосарымыз анық.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

 

2 пікір