Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Тура жол 4591 3 пікір 23 Тамыз, 2017 сағат 12:29

Кеңшілік Тышханұлы: «Мемлекет діни білім беру мәселесінің сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс»

 - Кеңшілік Тышханұлы, сіз еліміздегі белді жоғары оқу орындарының бірінде доцентсіз. Дінтанушы мамандарды даярлайсыздар. Жылдан жылға «Дінтану» мамандығына бөлінетін мемлекеттік грант саны да артып келеді. Бакалавр дәрежесінен бөлек, магистрлер мен докторларға да сұраныс жоғары. Жастардың дәл осы мамандыққа деген қызығушылықтарының артуын немен байланыстыруға болады?

- Әрине, бұрындағы жылдармен салыстырғанда «Дінтану» мамандығына деген көзқарас недәуір өзгерген. Оның басты себебі: халықтың жалпы танымының, соның ішінде діни түсініктерінің артуы. Бұрындағы дінді тек мешітпен байланыстыратын болса, қазірде оның бір ғылым саласы, мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлігі екендігін көп азаматтар түсінеді. Оның үстіне жастардың бұл саланы таңдауында қоғамның осы сала мамандарына деген жоғары сұранысы да басты себептердің қатарынан саналады. Елдегі дін саласына қатысты қызмет атқаратын мекемелерде, теріс көзқарастағы ағым өкілдерімен жұмыста білікті мамандардың жетіспеушілігі айқын сезіледі. Осыған байланысты да мемлекеттік грант саны аздап болса да артып келеді. Бірақ бұл жеткілікті деп айта алмаймыз. Олай болатыны бұл мамандықты бітірген түлектердің барлығы бірдей аталмыш салада қалмайды, оның үстіне білімін жетілдіру бойынша шет елдерге шығып кетеді, болмаса ары қарай тереңдетіп оқуға түседі. Сондықтан біздің мамандықта жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары саналады

- Бүгінде халықтың діни сауаттылығы белгілі бір деңгейге көтеріліп қалғандай сезіледі. Бұл тұрғыда жасалып жатқан жұмыстар да аз емес. Десе де, жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқан қандастырымыздың да саны көп. Бұндай тенденция нені байқатады?- Қазіргі жастардың дінге деген қызығушылығы мен бетбұрысы өте жоғары деңгейде және жылдам жүріп жатыр. Бірақ осы дінге бет бұру үрдісінде діни білімді қайдан және қалай алып жатыр деген сұрақ басы ашық күйінде тұр.

Елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқ. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Дегенмен, діни-рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың да зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың және бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани-материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр. Жастардың қызығушылығы, жаңалыққа құштарлығы, тез бейімделгіштігі, рухани ізденімпаздығы сияқты ерекшеліктері оларды әртүрлі жағдайларға жетелейді. Соның ішінде дін де бар. Дін - психологиялық құбылыс. Сенім – адамның жүрегінің түкпірінен орын алатын құндылық, сондықтан жастардың осы құндылыққа ұмтылысы жолында кей жағдайларда теріс ағымның уағыздарына еріп кетуі түсінікті жәйт. Оның үстіне теріс ағым өкілдерінің дәстүрлі бағыттарды ұстанушылардың өкілдеріне қарағанда анағұрлым белсенді жұмыс жасайды. Сондықтан еліміздегі теріс ағым өкілдерінің қатарын толықтырушылардың арасында жастардың үлесі басым екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

- Бір сөзіңізде «...діни-рухани қайшылықтардың басты себебі: діни сауатсыздықтан» дедіңіз. Жалпы еліміздегі жастардың діни сауаттылығы қандай деңгейде?

- «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағында көрсетілгеніндей, ҚР-да білім беру мен тәрбиелеу жүйесі, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады.  Сондықтан мемлекеттік оқу орындары (орта немесе жоғары оқу орындары) діни білім бермейді. Бұл зайырлылық қағидаттарына қайшы. Оның үстіне еліміз көпконфессиялы ел болғандықтан, қандай да бір конфессия немесе дінге басымдық бере алмайды. Бірақ, діни сауаттылықты көтеруге бағытталған курстар қазірдің өзінде бірқатар оқу орындарында оқытылып жатыр. Ол курстардың мазмұны барлық діндерді тарихын, көзқарастарын, сенім негіздерін қамтиды. Сол себепті де дінге бет бұрған жастың діни қызығушылығын қанағаттандырмайды. Яғни, бұл дінтанулық курстар  радикализм мен экстремизмнің алдын алуда орасан үлес қосады деуге келмейді. Дегенмен мемлекет жергілікті дін қызметкерлерінің білімін жетілдіруге, діни білім беру мәселесінің сапасын арттыруға ықпалдасуы тиіс. Осы орайда елімізде теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алу, азаматтардың діни сауатын арттыру жолында бірқатар шаралар жасалуда. Мемлекет елдегі діни ахуалға бей-жай қарамау керектігін түсініп, Дін істері агенттігін құрып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданып, жұмыс жасай бастады. Сонымен қатар, 2008 жылдан бастап орта білім беретін мектептердің 9-сыныптарына «Дінтану негіздері» пәні енгізілген еді.  Қазір бұл пән «Дінтану және зайырлылық негіздері» деп аталып жүр. Ал алдағы жылдары «Дін және қоғам» болып оқытылмақ. Алайда бұл зайырлы сипаттағы пән болғандықтан жастарға діни сауаттылық қалыптастыра алмайды. Дін туралы мәлімет беруі мүмкін. Бірақ бұл белгілі бір бағытта діни көзқарастарды орнықтырмайды. Оған біздің еліміздің зайырлы сипаттағы мемлекет және дін қатыстары мүмкіндік бермейді. Сондықтан жастар діни ізденістерін көбінесе дін саласындағы мамандардан, мешіттерден, тіпті кездейсоқ танысқан топтардың өкілдерінен немесе интернет желілерінен алып жатыр. Ал оның зардаптары орасан екендігі баршаға мәлім.

Осы төңіректе мемлекеттің басты проблемасы — дін саласында туындап жатқан танымдық, саяси мәселелер екені белгілі. Сіз осы тақырыпты көбірек зерттеп жүрсіз. Ендеше, осылардың ішіндегі күрделісі қайсы?

- Жоғарыда айтып өткеніміздей дін дегеніміз - психологиялық құбылыс. Оның астарында таным, білім, сенім, бақыт, қорқыныш сияқты көптеген категориялар жатыр. Ал жалпы адамдар бұл түйсіктерден тыс өмір сүре алмайды. Сондықтан дін мәселесін мемлекет заңнамалар арқылы реттеуге талпынғанымен діни, сенімдік мәселелерді реттей алмайды. Тіпті бұл мемлекеттік саясаттың аясына кірмейді. Сондықтан дінге келушілер көптеп кездесіп отырған қазірді біздің қоғамымызда азаматтардың діни сауаттылығның төмендігі мен қызығушылығының жоғарылығын пайдаланған көптеген ағымдар, оның ішінде десструктивті топтар өздерінің қатарын толықтырумен айналысуда. Ал бұл азаматтарды аталмыш топтар өз кезегінде отбасына, еліне, тіпті ата дініне қарсы пайдалануға тырысады. Қазірді әлемдік саяси үрдісте дін атын жамылған экстремизм мен терроризмнің белең алғанын назарға алсақ, біздің қазіргі қоғам үшін де, ертеңгі болашақ үшін де бұл үрдіс аса қауіпті.

Көп жағдайда «дін мемлекеттен бөлек» деген қағиданы басшылыққа алады. Бұл өзі мүмкін нәрсе ме?

- Әрине, дін мен мемлекет істері қабыспайды. Дін ісі көбіне-көп адамның сенімдік жүйесіне қатысты болса, мемлекет ісі жалпыға ортақ қағидаларды қалыптастыру, діни ұйымдардың қызметін үйлестіру, бақылау, реттеу болып табылады. Сондықтан бұл түсінікте ешқандай теріс сипат жоқ. Бірақ, дін қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Сондықтан  қоғамдағы дін ахуалының оң бағытта қалыптасуы немесе діни бірегейлік, рухани тұтастық мемлекет үшін де өте өзекті мәселе. Себебі, дінге, діни сенімдерге бөлінген елдерге әртүрлі саяси күштер араласқан кезде діни сенім алауыздығын қоздырады. Бұл ең терең дұшпандыққа айналады. Сенімі бөлек болса, туған бауырлар бір-бірін айыптап қару көтеруі де ықтимал. Оның үстіне еліміздің көп конфессиялы, көп этносты ел екендігін назарға алатын болсақ, әлемдегі осы тақырыптағы дүрбелең елімізді айналып өтпесі анық. Сондықтан да қазіргі кезде мемлекеттің дінге қатысты заңнамаларының барлығына дерлік жетілдірулер жасалып жатыр. Бұл - кезек күттірмейтін оң шешім. Қазіргі діни жолда жүрген адамдар өздерінің сенімін тек Құдаймен арадағы дәнекер ғана деп түсінбейді. Әртүрлі саясаттарға араластырады. Бұл- қатерлі жағдай.

Осыдан біраз уақыт бұрын наиб-мүфти теріс ағымындағылардың 90 пайызы орыстілділер дегенді айтқан еді. Неліктен? Мешіттерде орыс тілінде уағыз айтқызу бұл мәселені шеше ала ма?

-  Осы мәселе бойынша қазірге шешімдер қабылданып, арнайы имамдар әзірлейтін оқу орнында орысша топтар ашылып жатыр. Бұл мәселені толық шешпегенімен, мешіттердегі тек қазақ тілінде айтылған уағыздарды қана түсіне алмайтын, әртүрлі интернет мәліметтерінен дінді үйреніп жүрген орыс тілді мұсылман жамағатына жол тауып, олармен тіл табысуға дәнекер болары анық. Бірақ бұл тұрақты тенденция деуге келмейді. Себебі, орыс тілді азаматтардың басқа ағымның сойылын соғуы мешіттегі қазақ тілін түсінбегендіктен емес, отбасында өзінің уызына қанып салтын сақтамауынан, ана тіліндегі рухани тәрбиеге қанық болмауынан, жалпы посткеңестік елдерге арналып тек орыс тілінде жарық көретін көптеген осы бағытқа қатысты әдебиеттердің кең таралуынан туындап отырған үрдіс.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Зарина Әділбек

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1495
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1349
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1095
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1137