Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Айбын 7530 3 пікір 16 Тамыз, 2017 сағат 16:17

Отан қорғау - парызың!

Биыл Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл. Дөңгеленген дата Республика көлемінде атап өтілуде. Қазақстан армиясы ел тыныштығының кепілі дейміз. Ендеше, 25 жылдық қарсаңында ҚР Қорғаныс министрлігінің генерал-майоры Николай Қатовты сөзге тарттық.

Әлем картасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленген тәуелсіз Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жыл сайын сапасы мен шеберлігін жетілдіріп, алдыңғы қатарлы армия дәрежесіне көтерілді.Соңғы жылдары әскерге шақырылушыларды жан-жақты іріктеуге баса назар аударылған. Биыл алғашқы жарты жылдықта, яғни көктемгі шақыруда 18 бен 27 жас аралығындағы 17 мыңдай азамат әскер қатарын толықтырыпты. Алда күзгі шақырылым да жақын қалды. Алматы қаласындағы әскерге шақыру жұмыстары өткен маусымда қалай жүргізілгенін білу мақсатында, Алматы қалалық Қорғаныс Департаментінің бастығы, генерал-майор Николай Мамбетұлы Қуатовқа  бірнеше сауалдар жолдаған болатынбыз. Төменде сол сұхбатты  оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.


 -Дәстүр бойынша биылғы көктемгі міндетті әскери қызметін өтеуге жастарды  шақыру, оларды Қарулы Күштердің  түрлі салаларына мамандықтары, денсаулығы, физикалық мүмкіндігі бойынша бөлу жұмыстары 18-27 жас аралығындағы азаматтармен жүргізілді.Бұл азаматтардың жарамдылығы  физикалық, моральдық-іскерлік сапасы, қол жеткізген мамандығы  қамтылған, жалпы денсаулық деңгейінің жоғары дәрежесіне байланысты тексерілді.

Көктемгі әскерге шақыру маусымында ақпараттық-имидждік , яғни, әскери өмірдің, қызметтің қалтарысты жақтарын, жете түсіндіру шаралары жүргізілді.Соның нәтижесінде қоғам мен қарапайым халық өкілдері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында міндетті жедел әскери қызметтерін өтеуші жас жауынгерлердің жағдайлары қандай деңгейде болатынынан жан-жақты хабардар болып, өздерін мазалаған кейбір сауалдарға жауап алды.Бұл жұмыстар, шаралар әскери басқарманың жергілікті ұйымдарының әскери бөлімшелермен, сондай-ақ оқу орындарымен  бірлесе жүргізілді.

Жауынгер болу – аталардан қалған аманат

-Биылғы жылғы міндетті әскери борышын өтеуге шақырылушыларға қандай негізгі талап-тілектер қойылды?

-Әскерге шақыру шаралары үшін бірнеше тапсырмалар қойылады.Бұл, біріншіден, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас Штабының ұйымдастыру-мобилизациялау жұмыстары Департаментінің талаптарына сәйкес әскери бөлімдерді уақытында және сапалы жасақтау жұмыстары болып табылады.

Екіншіден, Қорғаныс Министрлігінің әскери бөлімдерін жоғарғы және орта-арнаулы білімді, әскери-техникалық мектептерді бітірген әскерге шақырылушылармен жасақтау болып саналады.

Үшіншіден,- әскерге шақырылушыларды толықтай жан-жақты медициналық тексерумен қамтамасыз ету.Әңгіменің басында айтқанымдай, - біз әскер қатарына денсаулығының жағдайы әскери қызметті атқаруға жарамды жастарды ғана шақырамыз.

Төртіншіден, - шақырылушылардың арасындағы ішімдік пен есірткілік заттарды пайдалануға бейімделген азаматттардың созылмалы ауруларын  дер кезінде анықтау болып табылады.

Бесіншіден, - белгіленген заңдылық бойынша тіркелмеген партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және дәстүрлі емес діни ағымдардың құрамында , тізімінде тұрған азаматтарды армияға шақыруға жібермеу керектігі ескерілген.

Жалпы қорыытындылап айтар болсақ, 2017 жылы Алматы қаласы қорғаныс Департаменті және қала аудандары қорғаныс басқармаларының міндетті әскери борышын өтеушілерді шақыру шараларын қаматамасыз етуі мен өткізуі, Президенттің Жарлығының әскери қызмет пен әскерилердің міндеттерінің мәртебесі  туралы заңдарының талаптарының  және Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде жүзеге асырылды.

-Николай Мамбетұлы, жастарды әскер қатарына шақыру шараларын жоғары сапалы деңгейде ұйымдастырып, өткізу жолында сіздің тікелей басшылығыңызбен қандай нақты жұмыстар атқарылғаны туралы таратып айтсаңыз?

-Егер де дайындық жұмыстары туралы айтсақ, біріншіден, жастарды әскерге шақыру мен оны өткізудің нақты шараларына  дайындық жан-жақты ұйымдастыру шаралары жасалды.Әрине  ауызша айта салған осы бір ауыз сөздің  арғы жағында қаншама  қыруар атқарылған, жаппай жүргізілген ұйымдастыру жұмыстары жатыр десеңізші?!Біздер арқылы шақырылушылардың диспансерлік есепте тұрған медициналық мекемелерден мәліметтер жинақтау, сондай-ақ шақыру комиссиясына басшылық жасайтын Алматы қаласы әкімдігінің орынбасары басшылығындағы комиссия базасынан  деректер теру,мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың  жетекшілерінің қатысуымен, қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссияларының мүшелерімен нұсқаулық-әдістемелік сабақтар жүргізілді.Алматы қаласы аудандарының қорғаныс жұмыстары бойынша Басқармаларына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлерінің, әскери құрылымдарының жасақталуының барысы туралы жан-жақты хабардар етілді.

Сонымен қатар біздер әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге таңдауда жауапкершілік үшін жауап беретін  Алматы қаласының аудандарының әкімдерінің орынбасарларымен, аудандық Қорғаныс істері бойынша  Департаменттерінің, Ішкі Істер Департаментінің, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Департаментінің  өкілдерімен, «Оңтүстік» аймақтық командованиесінің, Қазақстан Ұлттық Ұланы өкілдерімен кеңейтілген жиналыстар өткіздік.Бұл шаралар алдағы күзгі  әскерге шақыру  науқанында да қайталанатын болады.

Күн тәртібінде өткен шақырылым кезінде орын алған, әскерге шақырылушылар арасында кездесетін түрлі кемшіліктер мен маңызды мәселелерді шешу жолдары  қаралды. Негізінен шақырылушыларды сапалы түрде таңдау, жасақтау жұмыстарына баса назар аударылды.

Бұл мәселелерді қарастырған сәтте, оларды болдырмаудың шараларын бірден қолға алдық.Бұл – әскерге шақырылушылар пункттерін жоғары сапалы, заманауи медициналық жабдықтармен, медициналық дәрі-дәрмектермен дер кезінде жабдықтауды қамтамасыз ету болып табылады.Бұл – әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге шығарып салудың алдындағы міндетті наркологиялық тестілеуден өткізу жүмыстарын нақты жүзеге асыру.Сондай-ақ, әскерге шақырылушы жас буын өкілдерін гепатит, туберкулез ауруларын алдын алу мақсатында міндетті түрдегі лабораториялық тексерулерден өткізуге қатаң талап қою, «Ақ сұңқар» психодиагностикалық әмбебап кешенін пайдалана отырып, әскери психологтардың жұмыстарын автоматизациялау негізінде, әскер қатарын жас толықтырушыларды таңдаудағы кәсіби-психологиялық таңдау жұмыстарын жақсарту шаралары жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, ең маңыздысы – әскерге шақырылушылардың моральдық-іскерлік, денсаулық деңгейін, физикалық өркендеуін, жанұялық жағдайы, жалпы білімінің деңгейі  мен арнаулы мамандық бойынша дайындығын зерттеу жұмыстарына да басымдық беріледі.Жоғарыда аталған осы ерекшеліктер болашақ жауынгердің әскери қызметке шақырылатын бөлімдерге өз деңгейіне сай баруына үлкен әсерін тигізеді. Демек,жыл сайын жас жауынгерлерді іріктеу жұмысының сапасына ерекше бақылау сапасы жетілдіріле түсуде. Бұл шаралар алдағы әрбір  әскерге шақыру маусымдарында да назардан тыс қалмайды.

- Өткен 2016 жылмен салыстырғанда жастарды әскерге шақыру шараларын ұйымдастыруда, өткізуде қандай ерекшеліктерді, айырмашылықтарды  айтар едіңіз?

-Әрине, 2016 жылмен салыстырғанда биылғы шақырылымдарды қалалық әкімшілік пен қорғаныс жұмыстары бойынша департаменттері тарапынан ұйымдастыруда тың өзгерістер болуда: әскерге шақырылушылар шоғырлану көбейді, тексеру комисииясының сапасы артты.Әскерге шақырылушылармен жергілікті билік өкілдері мен қорғаныс ісі жөніндегі департаментінің өкілдері жан-жақты пікір алмасу, түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізді. Алматы қаласы әкімдігінің басшылығымен командаларды әскерге жіберудің алдында шақыру комиссиясының басшысы мен мүшелері, сондай-ақ тексеруші медициналық сараптамасы өкілдерінің  қатысуымен мандаттық комиссиясы өткізілді. Міне, осы шаралардың барлығы жас азаматтарды әскерге шақыру жұмысының жан-жақты, жоғары деңгейде жүргізіліп отырғанын көрсетеді.

Бүгінгі таңда әскерге шығарып салу шаралары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен салтанатты түрде жүргізіледі. Бұл шараға шақырылушының туыстарымен қатар, жергілікті ақарушы билік пен ардагарлер ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ, Алматы қаласы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріні басшылары қатысып, жас Отан қорғаушыларға ақ тілектерін білдіріп, құрметпен шығарып салады. Бұл игі істердің жас жеткіншектердің санасына әскери боршыты өтеудің аса маңыздылығын сіңіруде беретін әсері аз болмаса керек.

-Сіздердің жұмыстарыңыз балаларды әскерге шақыру, комсиссиядан іріктеп өткізіп, шығарып салу сияқты шаралармен ғана шектеле ме? Жалпы, олардың Армия қатарындағы жағдайлары, тағдыры үшін кім жауап береді?

 Өкінішке орай, көпшіліктің белгілі бір бөлігі осылай ойлайды. Жеме-жемге келгенде олай емес.Біз Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бөлімдеріндегі әскери тәртіп пен құқық тәртібінің бұзылуының алдын алып, болдырмауға белсенді түрде араласып тұрамыз.Бұл жұмыстарды нақты реттеу үшін Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі Департаменті арқылы «Міндетті әскери борышын өтеуші әскерилермен және олардың ата-аналарымен кері байланыс» жобасы ұйымдастырылған.

Жобаның мақсаты – жас буын өкілдерін әскери қызметке бейімдеу, моральдық-психологиялық жағдай қалыптастыру,ата-аналарды қолдау болып табылады.Бір сөзбен айтқанда – Департамент балалрдың әскери борышын өтеуге шақырылу кезеңінен бастап , қызметтің соңғы күндеріне дейінгі жауынгерлердің жалпы жағдайы туралы ата-аналарыға алтын көпірдің рөлін атқарушы болуға ерекше назар аударып отыр.

Атап айтсақ, олардың бәрін құқық қорғау ұйымдарының сенім телефондарымен қамтамасыз етеміз, міндетті әскери борышын атқарушы жауынгердің қызметін өтеу кезеңінде өмірлеріне , денсаулықтарынына, мүліктеріне, ар-намыстарына  нұқсан келтіруші жағдаяттар орын алған сәтте жедел түрде тиісті ұйымдарға хабардар етудің маңыздылығы туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Сонай-ақ, қалалық аудандардың әскери істер жөніндегі басқармаларының лауазымды тұлғалары жергілікті атқарушы билік өкілдерімен, ардагерлер ұйымдарымен бірлесе отырып, жас жауынгерлердің Әскери ант қабылдаудының салтанатты  рәсіміне қатысуы дәстүрге айналған.Міне, осындай жақсы бастамалардың нәтижесінде маусымдық әскерге шақыру шараларын жүз пайыз көрсеткішпен, жоғары деңгейде өткізуге қол жеткіздік.Демек, жас жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшыныстары жыл сайын артып келеді. Қазіргі жастардың  Отан қорғау ісіне аса бір жауапкершілікпен қарайтын дәрежеге көтерілуі ата-бабалардан келе жатқан отансүйгіштік рухтың жалғасын қайта табуы десек, қателеспейміз.

Жалпы есепке жүгінсек, 2017 жылғы әскерге шақыру бойынша дайындық жоспарын Алматы қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен басқармалары толық орындады.

Биылғы жыл бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатары 2000 адам шақыруылушылармен толтыру жүзеге асырылады.

- Алматы қаласынан әскерге шақырылушылар арасында Олимпиада чемпиондары бар деген сөздерді жиі естиміз. Осы ақпарат қаншалықты шын?

 - Дұрыс және дер кезінде тараған хабар. Мәселен, өткен жылғы алматылық шақырылушылар арасында 2016 жылғы Олимпиада ойындарының алтыннан алқа таққан чемпиондары – жүзгіш  Дмитрий Баландин мен ауыр атлет Ниджат Рахимов қатардағы жауынгер ретінде Отан алдындағы әскери борышын атқарды.

Спорт саңлақтарының әскери борышын өтеуге құлшыныстары  кейінгі жас жеткіншектерге жағымды әсерін тигізетіні сөзсіз.

- Николай Мамбетұлы, күзгі шақырылым науқанында  қандай міндеттерді жүзеге асыру жолға  қойылған?

-Күзгі шақырылымға  дайындық жұмыстары айқын. Таратып айтқанда, азаматтарды әскерге шақыру шараларының сапасы мен шарттарын жақсарту, жергілікті әскери басқармаларда шақыру пункттері мен медициналық сараптама жасайтын комиссиялардың жоғары сапалы болуын қамтамасыз ету болып табылады.

Сондай-ақ,шақыру науқаны басталғанға дейін медициналық комиссия құрамын дәрігер мамандарымен, керекті құрал-жабдықтармен, мүліктермен, тиісті дәрі-дәрмектермен қаматамасыз ету, шақыырылушылар арасынан алдын ала дайындалған командалар дайындау, тиісінше олар әскери бөлімшелерді алдын ала зерттеп, әсери бөлімдеріңің өкілдері ретінде ұсыну шаралары жасалды.Демек, бұлар әскерге шақырылушылардың нақты қай әскери бөлімге, қандай мамандық бойынша, қай салаға баратынын анықтайтын болады.

Бүгінгі таңда әскери қызметке жастарды шақыруды жан-жақты ұйымдастыру, үгіт-насихат жұмыстарын азаматтар арасында дұрыстап жүргізіу, және осы мәселелерді бұқаралық-ақпарат құралдарында кеңінен, жан-жақты жариялау шаралары аса маңызды екені рас.

Аталарымыздан ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан аманат -  Отанды қорғау жолында бесаспап жауынгер болып қызмет ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі десек қателеспейміз.Ендеше, Аталар аманатына адал болу сіздерге парыз, жас буын, Қазақстан сарбазы!

-Николай Мамбетұлы, уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет.Ел қорғаны – жас жауынгерлерді жасақтау жолындағы жауапкершілігі мол жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Жаңабек Тойбазаров

Алматы қаласы

Abai.kz

 

3 пікір