Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алашорда 9736 3 пікір 15 Тамыз, 2017 сағат 08:26

Исатай мен Махамбетті Жайықтан өткізген Құрақ Маябасов

Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс тарихы сөз болғанда Құрақ Маябасовтың есімін атамай кетуге болмайды.  Құрақ Беріштің күлкеш атасынан. Құрақтан Әжмағамбет, одан Аухат, Аухаттан Рақым, Сыдық, Дайыр, Қаныком, ал Қаныкомнан Қырым, Нұрым, Сырым, Гүлзада туады.  Қырым мен Нұрымнан тараған ұрпақ бүгінгі күндері Махамбет ауданы Ақтоғай ауылында тұрады. Кезінде марқұм Қырым Қаныкомов Таңдай ауылында біздерге химия пәнінен сабақ берген, сонау 90-жылдары мектепте бірге жұмыс жасауға тағдыр жазған болатын. Мектеп директоры қызметін атқарып 55 жасында қайтыс болды. Қырақаң 70-жылдардың аяғында махамбеттанушы, жазушы Берқайыр Аманшиннің іздеп келіп, Қымбат анасының айтуы бойынша деректер жинастырғандығын, анасының Махамбеттің кейбір өлеңдерінің мәтінін басқаша  айтатындығын, соны жазып алмағандығына өкініш білдіріп отырушы еді. Қырым Қанымкомұлы Рахым қарттың жары Қымбаттың бауырында өскен. Ол кісі батырлар жырын жатқа соғатын, мықты шежіреші кісі.

Өлкеміздегі талай тарихи оқиғалар Ақжайықпен байланысты өрбейді. Алуан-алуан шежірені түбіне тұндырып жатқан Ақжайық Атырау өңірінің мақтанышы құт-берекесі, тіршілік өзегі. Осы жөнінде Асанқайғы мен Сыпыра жыраудан бері талайлар ән шығарып, күй толғаған. Ақындар өлең арнаған. Махамбет Өтемісұлы хан жасағынан қуғын көріп, тарығып жүргенде:

Айналайын Ақжайық,

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңсесі биік Ақорда,

Еңкеймей кірер күн қайда?-деп аңсайтын Жайық өзені.

Бұны казак-орыстар алып, қазақты ата қонысынан қуып шыққанда Мұрат ақын Мөңкеұлы:

Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны,

Жайықты келіп алғаны.

Жағаға қолды салғаны, - деп зар төкті.

Ығылман Шөрекұлының Исатай-Махамбет дастанында:

Түн ортасы болғанда,

Жаманқала аузынан

Қаптаған қолға қарсы өтті

Жаудан қайтар ер ме еді?!

Алды-артында қамаудан

Аман-есен өткізіп,

Сапарын алла жөндеді, - деп жырланады (Досмұхамедұлы Х. Исатай-Махамбет  – Алматы, 1991, 125 б.). Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс хан мен патшаның біріккен жасағынан жеңілгеннен кейін, жан сақтап ығысқан олардың шағын тобы 1837 жылдың 13 желтоқсанында осы жаңа қатып жатқан өзеннен ат пен түйелердің аяқтарын буып байлап, мұзға киіз төсеп өткен екен. Кезінде Исатай-Махамбеттің  «көпірі жоқ Ақ Жайық, атын жалдап өткен жеріне»(Мұрат Мөңкеұлы) ескерткіш белгі қойылған.

Оларды Жайықтан өткізген Құрақ өте жершіл, із кескіш адам болған. Оның жершілдігі сондай, түнде жол жөнекей кетіп бара жатып түсіп қалған тұсауын қайтып келе жатып аттан түспей еңкейіп алып жүре беретін деседі. Құрақ Маябасұлы 1837 жылы шамамен 34-35 жаста болса керек. Оған дәлел ел ауызынан жеткен Махамбеттің «Бала күннен бірге ойнаған құрдас едің, сыйласып өткен сырлас едің, арнайы саған ат басын тіредім, жолды білесің, ебін тауып Жайықтан өткізіп жібер»,-деп қолқа салуы. Құрақта пенде баласы, құрдасының қолқасына алғашқы да жанұясының барлығын айтып, одан қалса ханның жарлығы, Исатай мен Махамбетке қосыла не көмек берсе басы айдаулы, малы байлауы болатындығы тағы бар екендігін жеткізген. Сөзге тоқтаған қазақ баласы  емес пе батырдың  сөзін жерге тастай алмаған жершіл Құрақ 12 желтоқсанның көз түрткісіз қарасуық ала боран түнінде Бақсай бекінісі мен Жаманқала арасындағы Сарытоғай жырасын бойлай отырып, Жайық өзенінің тік жар қабағы арқылы, киіз, төсеніштер төсеп Исатай бастаған топты өткізіп жібереді. Бұл туралы Орал казак әскерінің атаманы В.О.Покатиловтың Орынбор әскери губернаторы В.А.Перовскийге 18 желтоқсан күні жазған рапортында «Қарақшы Тайманов 12 желтоқсаннан 13-ші желтоқсанға қараған түннің сағат 4-те 30 шақты еркек-әйелі бар топпен Жайықтан өтіп, қашып кетті. Жауыздарға қатты сақылдаған суық пен ақ боранда жәрдемдесті»,-деп жазды (ҚР ОММ, 4 қор, 1 тізім,1963 іс, 550 п.).  Рапорт батырлар Жайықтан өткеннен бес күн кейін жазылғанымен, оларды өткізуші Құрақ  Маябасұлы  туралы бірауыз сөз жоқ. Ал төменгі Орал линиясының басшысы ротмистр Акутин қолға түскен Нұрмағамбет Сүйінұлының айтқанына сүйеніп «Исатай тобын Жаманқала бекінісінен сәл жоғарылау тұстан Беріш руының азаматы Құрақ Маябасов өткізген. Ол осыған қарсы бетте 80 шақырымдай жерде орналасқан»-деп мәлімдеді. Исатай-Махамбетті Жайықтың бұқарбетіне өткізген Құрақтың да, батырлардың да бірін-бірін соңғы рет көруі болатын. Патша үкіметі көтіріліс барысында қолға түсірген, кінәлі деп танылған адамдарды екі топқа жатқызды. Бірінші топтағыларға, яғни қолдарына қару алып көтеріліске белсене қатынасқандарға әскери соттың шешімі бойынша 1000 дүре соғылып, Сібірге жер аудару, солдатқа айдау, қамал салу жұмысына жіберу жазалары қолданылды. Екінші топтағыларға, Исатай тобына қатысы бола тұрса да, кінәлары онша еместерге дойыр қамшымен 25-тен 50-ге дейін дүре соғу белгіленген. Құрақ Маябасовты дүние-мүлкін кәмпескелеп, итжекенге айдауына қарағанда бірінші топқа жатқызылғандығын аңғаруға болатындығы. Қымбат анамыздың айтуы бойынша Құрақ батырларды өткізіп салып үйіне келіп, атын суытып қойып, таңғы шәйін ішіп бола келгенде соңынан қуғыншыларда жеткен екен дейді.

Жазушы Әнес Сарай «Екі тарлан» Исатай-Махамбет тарихи туралы зерттеу еңбегінде Құрақты хорунжий Жигин мен Қойыс Қалдыбайұлы ұстап, Орал қаласына айдатады. Ісі әскери сотқа беріліп, итжекенге айдалып сонда өлді делінеді.  Атырау газетінің қосымшасы «Ата мекен» газетінің 1997 жылғы №12 санында «Аухат ақын» атты мақаласында  балықшылық Дауылбай Сарманов Құрақты старшина Қойыс Қалдыбаев деген итаршы сот үкімімен Сібірге айдатты деген пікір білдіреді.  Алайда авторлар  бұл деректі қайдан алғаны туралы жазбаған. 2008 жылы «Сахара» газетінің 24 қаңтар күнгі санында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Аташұлы «Аухат ақын туралы ақиқат» деген мақаласында бұл пікірді былайша өрбітеді.  «Құрақты Қалдыбаев Қойыс деген итаршы Сібірге айдатады» деп жазады. Біз білетін Қойылс – белгілі ақын Хамит Ерғалиевтің арғы атасы. Оның басына кейін Хамаң тас қойған. Ол кісінің бейіті Бақсай селолық округінің «Тасоба» деген жерінде, білмейтін адам таба алмайтын тасалау жерде. Ол да орыстармен онша болмай, өлерінде : «Молам «Тасобада» болсын, өзім тасада болайын» депті деген сөз бар. Қойыс бай, әрі старшина болған деседі, қолы ұзын, патша жендеттері Құрақты Қойыссыз да айдатпай ма?!

Мұрағат деректерінде старшина, Ішкі орданың төменгі Орал линиясының төменгі дистанциясының және Гурьев қалашығы депутаты Қойыс Қалдыбаевтың 1838 жылдың 12 тамызында Жәңгір ханға жазған рапортында Ішкі орда қазақтарының арасында былтырғы жылы Жайықтан өтіп қашқан қарақшы Исатай Тайманов туралы және де оның қайтып келіп басшы болатындығы жөнінде хабар тарады. Кейбір қазақтар Таймановтың қайтып келетіндігіне сеніп қысқы шөп дайындау науқанына қатыспағанын,  ханның жіберген өкілі сұлтан Медетғали Шокиннің келіп қазақтарға жалған сөзге ермеу жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізгендігін хабардар еткен құжат сақталған (ҚР ОММ, И-78 қор, 1 тізім, 94 іс, 32 п.).  Мұрағаттардағы құжаттарға қарағанда Қойыстың  Құрақпен таныс-біліс болуы мүмкіндігін жоққа шығаруға да болмас.

Азаттық үшін арыстандай арпалысып өткен қос арысқа туған жердің топырағы бұйырса, басын бәйгіге тіккен есіл ер, итжекенге айдалған Құрақ Маябасовтың сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз.

Елі үшін еңбек еткен тұлғаларды келешек ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру ісі бүгінінің ісі. Құрақтың құрдасы Махамбет ақынның:

Еске алсаңдар біздерді,

Мың рахмет сіздерге, - дегенде осыны айтап па еді?!

Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

Abai.kz

 

3 пікір