Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 7707 33 пікір 2 Тамыз, 2017 сағат 12:04

Біз қандастарымызды құқықтық тұрғыдан қолдауға да дәрменсізбіз...

 

Қытай билігінің этникалық қазақтарға қатысты жүргізіп отырған асыра сілтеу саясаты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі.  «Abai.kz» ақпараттық порталының редакциясына араша сұрап, келіп жатқан қандастарымыздың жанайқайын үзбей жариялап жатқанымызды оқырман қауым да жақсы біліп отырса керек. Өкінішке қарай, әзірге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, өзге де құзыретті органдар  бұл мәселелерге қатысты қандайда бір мәлімдеме жасай қойған жоқ. Жасамауы да мүмкін. Өйткені Қазақстан тарапы сырттағы этникалық қазақтарды  қорғауға құқықтық тұрғыдан дәрменсіз.

Естеріңізге сала кеткеніміз жөн шығар: 2015 жылдың мамырында «Көші-қон» туралы заң жобасының кезекті талқысы болған. Заңның жобасын талқылау барысында сол кездегі депутат Алдан Смайылов мәселе көтеріп, шеттегі қазақтар саяси қысымға немесе табиғи апатқа ұшыраған жағдайда Қазақстан Үкіметі қол ұшын созуы керек деген заң тармағын ұсынған еді. Экс-депутат ұсынған тармақ:«Этникалық қазақтардың табиғи апаттың, экономикалық дағдарыстың және этникалық қақтығыстың салдарынан болатын мәжбүрлік көші-қоны» деп аталған еді..

Міне, кезінде Алдан Зейноллаұлы ұсынған осы заң тармағы қабылданбады. Сондағы әттеген-айды еске ала отырып,  біз Алдан Смайыл мырзаны сөзге тарттық.

Алдан Смайылов, экс-депутат, қоғам қайраткері:

-Мен Парламентте депутат болып жүрген жылдары «Көші-қон» туралы заңға шетелдегі қандастарға қатысты осы мәселені енгізуді ұсындым. Ол – шетелдегі қазақ этникасы өкілдеріне (қазақтарға) табиғи апат, экономикалық немесе саяси дағдарыс, түрлі дискриминациялық жағдайлар туындағанда Қазақстан Үкіметі тікелей араласып, қазақ азаматарының құқын халықаралық деңгейде қорғауы тиіс деген заң еді.

Өкінішке қарай, Үкімет мен ұсынған мәселені қабылдамады. Әйтпесе, сол кездің өзінде Халықаралық шарттарға енгізіп жіберуге мүмкіндік болды. Мені біраз депутаттар, Гүлнәр Сейтмағанбетова бар, Нұртай Сабильянов бар, қолдап, ұсынысыма қол қойып бергенімен, көпшілік депутаттар қолдаған жоқ.

Қазір Қытайдың Шыңжаң өлкесінде өте бір қиын жағдайлар болып жатыр ғой. Менің білуімше, Шыңжаңдағы қазақтардың басындағы халді ойлап,  Қазақстан Үкіметі араша түсіп жатқан жоқ. Қытайдың ішкі саясаты дегенді сылтау етіп, тып-тыныш отыр. Мен ұсынған заң қабылданған жағдайда, біздің билік ол жақтағы қазақтардың мәселесіне араласа алушы еді. Үкіметтің өзі қабалдаған жоқ қой ол заңды.

Мен екінші мәселені айтайын, Қазақстанда орыс, кәріс, ұйғыр т.б. ұлт өкілдерінің мектептері бар, иә?! Орыс мектептерінің санында шек жоқ, тіпті. Жан саны 200 мыңнан аспайтын ұйғырларға мәдениет ошақтарын, театрларын салып бердік. Мектептерін ашып бердік. 100 мыңның айналасындағы кәрістерді де жарылқап қойдық. Қазірдің өзінде 56 диаспораның республикалық театры жұмыс жасап жатыр. Филармонияларды тағы аштық. Бұл Қазақстандағы түрлі диаспораларға біздің Үкіметтің жасаған жақсылығы болды. Мейлі, дұрыс.

Енді қараңыз, біз осы жақсылықтың бірде бірін сырттағы қазақтарға жасаған жоқпыз. Мәдениет ошақтарын немесе басқа да әлеуметтік нысандар ашып берген жоқпыз. Біз диаспоралаларға жасаған қолдауды, өз қандастарымызға көрсеткен жоқпыз.

Оған дәлел – Түркіменстанның өзінде азын-аулақ қазақ мектептерін аралас мектептер қылып, ақырында жауып тастады, билігі. Қазір Түркіменстанда қазақ мектептері жоқ. Өзбекстанда да аралас мектептер. Таза қазақ мектептері Өзбекстанда болған. Аралас мектептегі жағдайды білеміз ғой. Одан қалса, экономикалық жағынан ең үлкен серіктесіміз деп отырған Ресейдің өзінде бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Сенесіз бе?! Мына тұрған Ресейде қазақ мектебі жоқ.

Мен депутат болып жүрген жылдары Астарахан облысына бардым. Ол жақтағы қазақтармен кездестім, сұрадым. Ресей билігі қазақ мектептерінің ашылуына қарсы емес екен. Ал жергілікті жұрттың оны ашуға мүмкіндігі жоқ. Қазақстан Үкіметі тағы құлықсыз.

Әй, басқа-басқа Түркіменстанмен келісуге болар еді ғой...Қазақ мектептерін жауып тастады, ал.

Бірде Парламенттің Үкімет сағатында сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа осы мәселелерді айттым. Шеттегі қазақтарға әлеуметтік қолдау жасау керектігін бірнеше мәрте ескерттім.

Қазір көріп отырғаныңыздай, Қытайда түрлі түсініксіз жайттар орын алуда. Осындай кезде біздің Үкімет неге қол қусырып отыруы тиіс? Арласа алмайды. Өйткені, заңда олай жазылмаған.

Егер Қазақстандағы орыстармен қандай да бір жағдай бола қалса, Ресей билігі, ондағы шолақбелсенді саясаткерлер өре-түрегеліп, аттандап шыға келеді. Орыс ұлты өкілдеріне дискриминация жасауға жол бермейді.

«Көші-қон» заңын талқылау кезінде осы мәлелелерді «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» кеңесінде сол кездегі Премьер-министрге тікелей айттым. "Орындаймыз", "жасаймыз" деген құрғақ уәдесінен басқа өзгеріп кеткен дүниені көргенім жоқ. Сол кезде, мүйізі қарағайдай жігіттер, аттарын атап масқараламай-ақ қояйын, Қытай мен Ресейге біз не істей аламыз деп кері тартты. Біз Қытаймен де, Ресеймен де ірі экономикалық байланыстамыз. Арадаға келісімді, ынтымақтастықты ортаға салып, рухани мәселелерді де жүзеге асыру керек еді ғой.

Осы жақында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Моңғолиядан келген бір азаматпен Астанадағы Академиялық кітапханада кездестік. Оның айтуынша, өткен жылы Моңғолияға барған біздің Премьер-министр (Кәрім Мәсімов, қазіргі ҰҚК төрағасы – ред.) Моңғолиядағы қазақтарға ұлттық аспаптар мұражайын ашуға және мәдени ошақ салып беруге уәде беріп, 2 сертификат тапсырып кетіпті. Сол кеткеннен мол кетті демекші, уәде етілген дүние орындалмаған.

Бір дүние анық. Қазақстан - шеттегі қазақтардың рухани тірегі. Шеттегі қазақтың мүддесін Қазақстан қолдауы керек. Кезінде мен ұсынған заңды қазіргі депутаттар өткізіп жіберсе, әлі де кеш емес. Мен бірнеше жігітке ұсынып та көрдім. Қазір бұл заңды қабылдатуға мүмкіндік көп. Бұл бірінші кезекте шеттегі қазақтардың мәселесіне біздің Үкіметтің бейтарап қарауын тыятын заң еді. Міне, жағдай солай.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

33 пікір