Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Туған жерге туың тік! 3638 0 пікір 14 Шілде, 2017 сағат 12:28

Атырау мұнайының мұнарасын көтерген тұлға

 

Кез келген адамның өмірі өзінше бір әлем. Жарық дүниеге келген әрбір пенде өткеніне көз жібере отырып, «менің өмірім босқа өтіпті» деп өкінетіні некен-саяқ, керісінше олардың басым көпшілігі мәнді де мағыналы өмір кештім деп санайды. Алайда, тарих барлығын да өзі өлшеп, әркімге лайықты орынды түптеп келгенде ерте ме, кеш пе әділеттілікпен айқындайтыны бұлжымас шындық.

 

Қалай дегенмен де, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңын ала туған халқымыздың рухани ардагерлеріне бүкіл қазақ ұлты алғыс айтқандай. Өйткені, олар бұғанасы қатып үлгермеген бозөкпе ұлан бола тұра, ауыл арасының көппен көрген ұлы той дейтін үйреншікті сүрлеуіне түспей, өз бағын өзі сынап бағатын нар тәуекелдің жалына жармасыпты. Осындай көрнекті тұлғалардың бірі – мемлекеттік қызметті ғылыми-ұйымдастырушылық және шәкірт тәрбиелеу жұмыстарымен шебер ұштастыра жүргізген Бөлекбай Сағынғалиев ағамыз еді.

Адамға ерекше қасиет, мол дарын, биік абырой, ерен талап бергенде Жаратқан ием оның кескін-келбетін, болмыс-бітімін, түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын, кесімді сөзін, кесек ой-толғамдарын, алымы мен шалымын соған сай етіп жарататын көрінеді. Алдыңғы толқынға аяулы іні, кейінгі толқынға ардақты аға бола білген, академик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтсақ, «Ұлы адамдардың өлген күні болмайды, туған күні ғана болады» дегендей, жоғарыда келтірілген ізгі қасиеттердің барлығы Бөлекбай Сағынғалиевтің бойында бар еді.

Биік таудың асқар шыңдары алыстаған сайын айқындала түсетіні секілді, жер бесікке түскеніне төртінші жылға тақап қалған, туғанына сексен бес жыл толып отырған бірегей тұлғаның қайталанбас қадір-қасиетін, уақыт өткен сайын айқын аңғарып, терең түсініп келе жатқандаймыз.

Бөлекбай аға 1927 жылы, яғни, ел тарихының ең бір ауыр кезеңінде дүниеге келді. Ол жылдардың сойқаны мен соққысы қар жаумай, қазан ұрмай, ұлтымыздың үрейін алып, халқымызды тарыдай шашыратып жібергенін көрген көздер де қазір санаулы қалды.

Зұлмат күндер, сұрқай уақыт пен алмағайып заман талабы, сол кездегі бу­ынның балдай балалық шағына қыр­ғидай тиіп, тым ерте есейтті. Содан да болар, Бөлекбай ағаның тұстастары етек-жеңдерін тез жиды. Қабырғалары қатып, бұғаналары бекімей жатып-ақ ауыр еңбекке араласты. Одан кейінгі сұрапыл соғыс, жұрт басына түскен тұрмыс тауқыметі, тіршілік қамы, ел алдындағы жауапкершілікті ерте сезініп өскен сол естияр ұрпақты, ұлт көшін бастар бір-бір жайсаң азаматтар етіп, ерен тұлғалар қатарына қосты.

Бұл тарихи оқиға, қазақ деген ха­лық­тың, тұтас жатқан бір ұлттың ғылымы мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің, білімі мен білігінің мықты екенін, топ жарар ұлдарының бар екенін көрсетті. Сонау соғыс өрті лапылдап жатқан тұста Доссор орта мектебін бірге бітіріп, кейіннен біреуі әйгілі академик, екіншісі – белгілі мұнайшы, үшіншісі – Қазақстан мұнайының көрнекті тұлғасына айналған Зейнолла Қабдолов, Рахмет Өтесінов, Бөлекбай Сағынғалиевтар қол ұстасып, білім іздеп Алматыға аттануының өзі көп жайды аңғартса керек.

Енді Бөлекбай ағаның Қазақстан мұнай өнеркәсібіне қосқан елеулі еңбегін санамалап көрейік.

Осы саланың өркендеуіне орасан үлес қосқан әйгілі мұнайшы, өзінің білімі мен қабілетін ерте танытқан іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Бөлекбай Сағынғалиев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде 10 жыл, оның ішінде 6 жыл Ауыр өнеркәсіп бөлімінің мұнай жөніндегі орынбасары қызметінде болып, еліміздің экономикалық өрлеуінің басы-қасында жүрген қайраткер. Қазақстан мұнайы жөніндегі бірде-бір мәселе оның қатысуынсыз шешілмейтін. Әлденеше рет Одақтың, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты, партия съездерінің делегаты болуы да оның қызметінің маңыздылығын аңғартса керек. Бөкеңнің пікірлері мен ұсыныстары Мәскеуде де, Алматыда да қызу талқыланып, кезек күттірмей іске асып жататын. Қалай дегенмен де, осы айтулы тұлға Қазақстан мұнай өнеркәсібінің басында тұрған санаулы қайраткерлердің бірі ретінде Батыс Қазақстандағы мұнай өнеркәсібінің негізін салып қана қоймай, өзінің мол білімі мен тәжірибесін аямай жұмсап, кемел ұйымдастырушы дәрежесіне көтерілген Бөкең қайта айналып, қарт Ембіге басшылыққа келді. Көп ұзамай оның батыл шешімі, ғылыми әрі іскерлік тұжырымының нәтижесінде бүкіл әлемнің назарын аударған, миллиардтаған тонна қоры бар, әйгілі Теңіз кеніші ашылды. Бұл орасан еңбегіне орай іскер басшы Отанның ең жоғарғы марапаттарына ие болып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды. «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мұнайшы» құрметті атағын иеленді.

Атап айтқанда, 1970 жылдарда Ақтөбе облысындағы «Жаңа жол», «Кеңқияқ», тағы да басқа мұнай кен орындарының ашылуына өзі тікелей басшылық етті.

Бөкеңе Еділ мен Жайық аралығындағы, кәрі түбек Маңғыстаудағы кен орындары бес сау­сақтай таныс, сондай-ақ әр жылдары онда істеген адамдарды жақсы біледі, көбі­мен қызметтес, аралас-құралас болған. Қай нысанның қалай салынғанын, оған кімдер қатысқанын, қандай қиындықтар болғанын да жатқа білетін. Біз бұл мақаламызда Бөлекбай Сағынғалиұлының өмірбаянын тізбелемей-ақ, оның күрделі ғұмырын мыңдаған мұнайшылардың қажырлы ең­бегі арқылы, сансыз мәселелердің қалай шеші­мін тапқаны, сол кездегі өндіріс бас­шыларының көрегендігі әрі шебер ұйым­дастырушылықтарын тілге тиек етіп, осы толағай істерді кірістіре отырып, айшықтауды мақсат еттік.

Қалай дегенмен де, бүгінде аты әлемге әйгілі Атырау мұнайының биік тұғырға көтерілуі – кешегі күндерде қонышты етіктерімен саз кешіп, су кешіп, май сіңген күртелерін қолдан жасалған будка-қалқалардағы темір пештерде кептіріп қайта киіп, қойнындағы тас болып қатқан қалаштарын қара суға жібітіп, талғажау еткен, аш құрсақ күйінде аңызақ жел өтінде, боранды, жауынды-шашынды күндерде, үскірік аязда, аптап ыстықта жаяулап-жалпылап жүріп ұңғыларды аралайтын геологтардың, жарылған құбырларды жамап-жасқайтын операторлардың, со­лар­­дың кілт-құралын арқаласып таңның аты­сы, күннің батысы бірге жүретін жүргі­зу­ші механизаторлардың, машинистердің, жөн­­деуші-слесарьлардың жанқиярлық ең­бегі болмаса, Қазақстан мұнай өнеркәсібі осындай биік дәрежеде қалыптасар ма еді?!

Сондай қиындықтарға төзіп, өздеріне міндеттелген тапсырманы мүлтіксіз орын­даған аға буын, орта буын өкілдері қан­дай құрметке де лайық. Ендеше, Бөлекбай Сағынғалиұлының аты да ұрпақтарына мақтаныш, балаларына, немерелеріне үлгі-өнеге болатыны ақиқат. Біз байырғы мұнайшы, ғалым-геологтың өмірбаянын саралау арқылы, мұнайлы өлкенің кешегісі мен бүгінін айту арқылы, оны болашақпен байланыстыруды мақсат тұттық.

Сонау, 1970 жылдардың өзінде Мәскеуде «Қарт Ембінің қоры таусылды, енді оны жауып, қаржыландыруды тоқтату керек» деген ұшқары пікірлер етек алып, ақыры шындыққа айнала бастады. Осын­дай алмағайып кезде Бөкең Мәскеуге әлденеше рет барып, КСРО Министрлер Кеңесінің сол кездегі төрағасы А.Косыгиннің қабылдауында болып, өзінің сан жылдар бойғы білігі мен тәжірибесінің арқасында әлгі ұшқары пікірді жоққа шығарып, қарт Ембіні сақтап қалуының өзі үлкен ерлік еді. Бұл дегеніңіз Атырау маңында мұнайдан нәпақасын айырып отырған жиырма мың­дай адамның тағдырын да сақтап қалу де­ген сөз ғой. Өйткені, қарт Ембіге қарайтын қыруар кеніштер жабылса, мыңдаған мұ­най­шылар жұмыссыз қалмай ма?

Алайда, Бөкеңнің көрегендік шешімдері ақиқатқа айналып, қырық жылдан ас­там уақыт қарт Ембі мұнай беруден жаңылған жоқ. Іскер басшы ең алдымен мұнайшылардың тұрмыстық жағдайына, әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударды. Қойнауындағы қазынасы таусыла бастаған Ескене, Қарсақ, Байшонас, Сағыз кен алаңдарының жұмысшыларын қалаға көшіруге басшылық етті. Осы орайда мұнайшылардың басты мүдделері, бала-ша­ғасының жағдайлары да қағыс қалған жоқ. Жоғарыда аттары аталған кеніштерден қоныс аударған жұмысшылар үшін Бөкеңнің тікелей араласуымен Атырау қаласынан «Авангард-4» ықшамауданы салынды. Атырау қаласының маңындағы Ақжар бұрғышылар кентінің салынуына, сәулетті мектеп тұрғызылуына, Атырау қаласында болашақ мұнайшыларды дайындайтын поли­техникалық институттың ашылуына да Бөкең қыруар еңбек етті. Қазақстанды мұнай­лы алып елдердің қатарына қосқан ірі маман, іскер ұйымдастырушы Бөкеңнің жүздеген шәкірті бүгінде еліміздің бес облысында жемісті еңбек етуде. Бөлекбай аға қай жұмысты да адал атқарып, өзгеден де соны талап ететін. Жарты ғасыр бойы түрлі қызметте жүргенде алдыңғы толқын ағаларының алдын қиып өтпей, ақыл-кеңесін тыңдап, ізет-құрметін көрсетіп, жастар жағына келгенде айналасына тек талантты, талғамы биік, ой-өлшемі тас­бұлақтың суындай таза, айтқан сөзді ұғып, тапсырған жұмысты бар қабілет-қарымымен жүргізетіндерді топтастырды. Ел ісі, ұрпақ болашағы дегенде әрбір шешімін ұлан-ғайыр парасаты мен пайымына жүгіндіретін. Сондықтан да ешкімді де шетқақпай қылмайтын. Сен қайдан едің, кімге жақын едің, кімге іні-бауыр едің деп сұрамайтын. Қолынан шаруа келсе, қолтығынан демеп, жақсы ісіңді жарқырата айтып, ағалық ақылмен, парасат-пайыммен бағытыңды түзеп жіберетін.

Мәуелі бәйтеректің салалы бұтағындай, ақ жауындай ағаның сөздерін тыңдағанда жүзіміз жайнап, бойымыз бен ойымызға күш-қуат кіріп, жігерді жанып жүретін едік.

Енді есейе келе, өзіміз де сол жақсы дәстүрді сабақтастырып, әрқайсысымыз өз жөн-жолымызды тапқан сәтте байқап қарасақ, Бөлекбай аға бізге тәлім аларлық үлкен мектеп болыпты-ау! Сол ғибратты үрдісті үзіп алмай, үкі таққан киелі домбырадай кейінгіге мирас етіп қалдыру – бүгін біздің еншімізге тиіп, алмақтың да салмағын сезіп отырғандаймыз. Ұрпақ жалғастығы осындай алтын арқау арқылы келешекке жететін болса керек. Иә, Бөлекбай ағаның Қазақ мұнайының жазирасында өзіндік өшпейтін қолтаңбасы қалды. Талай шәкірттердің маңдайында оның аялы алақанының табы жатыр.

 

Әділбай Қожыбайұлы

Атырау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1600
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1503
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1250
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1220