Сенбі, 27 Сәуір 2024
EXPO - 2017 5302 0 пікір 31 Шілде, 2017 сағат 00:11

ҚазҰПУ ұжымы «ЭКСПО-2017» көрмесінде...

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме әлем алдында мемлекетіміздің мәртебесін асқақтатып, мүмкіндіктерін  паш ететін  маңызы зор жоба. Білім мен ғылымға бет бұрған мұндай алып шара ел тарихында  бұрын соңды болған емес. Көрме шағын және орта бизнесті өркендетіп, Астананың инфрақұрылымына үлкен серпіліс береді.

«Болашақ энергиясы» тақырыбындағы халықаралық көрме қазіргі таңда адамзат үшін энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану проблемасының өзектілігін айқындайды.

ТМД аумағында алғаш рет өткізіліп отырған  "Астана ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің өз жұмысын бастағанына да бір жарым ай болыпты.

Осы күнге дейін халықаралық көрмені тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған шетелдік қонақтар мен отандастарымыз келіп-кетуде, қазір де келушілердің саны үзілер емес.

Қазақ білімінің қара шаңырағы  – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы да Астана төрінде салтанат құрған «ЭКСПО-2017» көрмесіне іс-сапарға жолдама алып, 25 шілде күні ұжымның алғашқы легі Елордаға табан тіреді.

Ұжымды көрмеге жолдау университет ректоры, профессор Такир Балықбаевтың тікелей қолдауымен жүргізіліп, іс-сапар шығындары университет қаражаты есебінен төленді. 

«ЭКСПО» көрмесіне жолдама алғандардың қатарында университетте ұзақ жылдар бойы ерен еңбектерімен ерекшеленген ұстаздар қауымы мен қызметкерлері және де оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді білім алушылар болды. Атап айтқанда, университетіміздің ардагер-ұстазы, педагогика ғылымдарының докторы Күләш Оразбекова, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұрат Сембинов, «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» (2014 ж.) атағының иегері, география ғылымдарының докторы Бахадурхан Абдиманапов, Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков, Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әзия Жұмабаева және т.б.

Көрмеге барған университет ұжымын Л.М. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі әріптестеріміз жылы қабылдап,  Студенттер үйіне жайғастырды.

Келесі күні белсенділер тобы халықаралық көрмені тамашалауды  Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасқан "Нұр Әлем" сферасынан бастады.  Еліміздің  салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихымен қатар «жасампаз энергияның» үздік жобаларын ұсынған бұл павильоннан ҚазҰПУлықтар үлкен әсер алды.

Одан әрі университет ұжымы Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания сынды дамыған мемлекеттердің жасыл технологиялар бойынша ұсынған инновациялық жобаларымен танысты.

Қысқа мерзімді болса да тағылымы мол танымдық сапардан рухани азық алған әріптестеріміз университет басшылығына шексіз алғыстарын білдірді.

«Жақсыны көрмекке» дегендей,  университет белсенділерінің тағы бір легі тамыз айында халықаралық көрмені тамашалау үшін аттанбақ.

Тағы бір айта кететін жайт, университетіміздің ғылыми-педагогикалық қауымы мен белсенді жастары «ЭКСПО» көрмесін ұйымдастыруға өзіндік үлесін қосуда. Атап айтқанда, Ұлттық павильонның «Болашақ энергиясы» экспозиция қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Теориялық және тәжірибелік физика» ғылыми-зерттеу институтының «Көмірсутектік газ қоспасын бөліп алуға арналған құрылғы» атты жобасының орналасуы университетіміздің мәртебесін асқақтатып, әлемдік ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын оятты. Бұл жоба  көмірсутекті газ қоспасын тасымалдау, өңдеу және пайдалану барысында экологиялық қауіптерді төмендетуге бағытталған. Жоба жетекшісі физика-математика ғылымдарының докторы В.Н. Косов. Бұдан басқа көрмеде университетіміздің 20 студенті еріктілер қатарында ел игілігіне қызмет жасауда.

Сорбонна-Қазақстан институты «Халықаралық қатынастар», «Менеджмент» мамандықтарының магистранттары Сорбонна Париж Cитэ  университетінің ұйымдастыруымен «Астана EXPO-2017» – Франция павильонына  «Болашақ энергиясы» франкотілдес жастар жобалары конкурсы аясында  «Экологиялық қалалық көлік идеяларын дәріптеу», «Жасыл технология: су және ауаның өндірілуі», «Текелі қаласының «эко-қала» ретінде пайда болуы» тақырыптары бойынша ғылыми жұмыстарын ұсынды.  Ауқымы кең, маңызы зор  шара  университет ғалымдарының ғылыми ізденістерге деген ынталарын оятып, жаңа бастамаларға серпін берді.

Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін биіктететін бұл тарихи оқиға еліміздің еңселілігін, мем­лекетіміздің мығымдығын, ұлтымыздың  ұлылығын ұлықтайтын  Ұлы Жоба!

Жанатбек  Ішпекбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор

Abai.kz

0 пікір