Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Алашорда 8547 7 пікір 28 Шілде, 2017 сағат 08:15

Алашордашы – Сәлімгерей Қаратілеуов  

Атыраудан шыққан алашордашы азаматтардың өмірдерегін іздестіріп жүргенде, архивтік құжаттарда жиі кездескен есім – С.Қаратілеуов есімі.

Алаш тарихына қатысты тағдыры күрделі, өмірі мен қызметін ұлтының болашағы жолында қасиетті қызметке бағыттаған тұлғалардың бірі – Сәлімгерей  Алпанұлы Қаратілеуов.

С.Қаратілеуов 1887 жылы Орал облысы, Гурьев уезінде шаруа отбасында дүниеге келген (Қазақстан Республикасы Президенті Архиві (ҚР ПА), 141-қор, 1-тізбе, 11531-іс). Кейбір ауызша деректерге қарағанда Индер ауданының Елтай ауылында туған. Тегі – Байұлына жататын Әлім руының бірі шектінің шүрен тайпасының жарты бөлімінен. Ата тегіне тоқталсақ Шыныбектен Бәпіл, Бертілеу, Қаратілеу, Жантілеу, Қорытпа. Қаратілеуден  Алпан. Алпаннан – Сәлімгерей. Сәлімгерейден – Әлихан, Сара. Ең кішісі Қорытпадан бала болмаған соң, ағасы Қаратілеу баласын берген екен. Сол баладан, яғни Көшәліден Үмбетәлі, Үмбетияр, Ахмедияр дүниеге келген. Ахмедиярдан Қырғи, Алғи, Қаршыға туған. Ал Қаршыға Ахмедияров – ҚР халық артисі, Мемлекет сыйлықтың лаураеты, «Парасат» орденінің иегері, профессор.

Қаратілеудің ең үлкен ағасы Бәпілдің баласы Әшен, оның баласы Меңдігерей де шебер күйшілер болған, бірнеше күйлері бар (Сахарбаева К. Атырау ән-күй мұхиты – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. -784 б.). Меңдігерей өз өнерін Оралда алаштықтар жиналатын Сәлімгерей ағасының үйінде де көрсеткен екен.

Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық Алаш партиясының, Күнбатыс Алашорданың белсенді мүшесі. Ресей империясының жоғары оқу орынында оқыған арнаулы білімді алғашқы да санаулы қазақ агрономдарының бірі. Қазан төңкерісіне дейін Саратов қаласы маңындағы Марийнск ауылшаруашылық мектебін бітіріп, Саратов ауылшаруашылық институтында оқыды.

Патшалы Ресейдегі ақпан айындағы төңкеріс бүкіл империя аймағын дүр сілкіндіріп, өз қоластындағы ұлттардың сана сезіміне тың серпіліс берді. Осы тұста қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы оқыған зиялылары, Алаш партиясы өкілдерінің басты ұстанған идеясы қазақ елінің тәуелсіздігі болатын. Осылардың алдыңғы сапында болған Сәлімгерей оқуын аяқтамастан Орал қаласына келіп, саяси қызметке белсене араласа бастады. Уақытша облыстық Қазақ комитетін құруға атсалысты. 1917 жылы сәуірде өткен Орал облыстық қазақ съезінде Орал облыстық Қазақ комитетіне мүше болып сайланды. Комитет 20 адамнан тұрды. Олардың арасында Х.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Есенғұлов т.б. болды.

Іскер, алғырлығымен көзге түседі, ел алдында беделге ие болған ол қазақ ауылдары мен казак станицалары арасындағы  шиеліністі жер мәселесін шешу мақсатында құрылған Жер одағы комитетінің мүшесі болды (ҚР ПА, 141-қор, 1-тізбе, 8068-іс). Қазақ қоғамында өткір тұрған жер мәселесін Құрылтай жиналысы арқылы шешуді қолдады.

1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен І Жалпықазақ съезінде Орал облысы мен Маңғышылақ уезінен Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат болып тіркелді. Кандидатқа Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Н.Ипмағамбетов, Ғ.Әлібеков, Ғ.Бердиев, О.Есенғұлов сияқты белгілі тұлғалармен бірге ұсынылуы да біраз жәйді аңғартса керек-ті. Сол жылы Қаратөбеде өткен ІІ Қазақ Орал облыстық съезінде салық мәселесіне орай туған пікірталас ұлт зиялыларын екіге бөлген кезде Х.Досмұхамедовке наразы топ құрамында болды. Бірақ көзқарасы бойынша земство қызметі мен Алашорда саясатының негізгі бағытынан айныған жоқ. 1918 жылы наурызда аталған топ мүшелері Н.Ипмағамбетов, А.Кенжинмен бірге Темір қаласына келіп, уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Өкінішке орай, жазда Темір уездік атқару комитетіндегі большевиктерге ниеттес топтың күш салуымен земство саясатын жүргізгені үшін уездік атком төрағалығынан босатылды. Аталған қызметте жүрген кездегі кейбір деректерге қарағанда Түркістаннан келе жатқан Мұстафа Шоқайды Жұрын, Темір арқылы Жымпитыға өткізу ісін ұйымдастырған.

Большевиктер саяси аренада күш алып, земство қайраткерлерін қамауға ала бастаған тұста жерлесі А.Кенжинмен бірге Алашорданың Торғай бөлімшесіне келді. Бұл жерде де саяси қызметке белсене араласты, А.Кенжин, Ә. Жүндібаевтармен бірге Алашорданың Торғай бөлімшесі әскеріне елден адам жинау комиссиясы құрамында жұмыс істеді. Азаматтық текетірес жылдарында 4-Торғай Алаш полкі құрамында отряд басқарып, Қостанай, Торғай даласындағы большевиктерге қарсы ұрыс қимылдарына қатысты.

Амангелдінің үзеңгілес серіктері А.Нұрманов пен С.Байсейітовтардың естелігі бойынша  сол аласапыран жылдары Алашорданың далалық әскери сотының мүшелері М.Дулатов, К.Тоқтабаев, О.Алмасов, М.Есболов, Қ.Сейдалин, А.Кенжин, С.Қаратілеуов, А.Қасымов, Ш.Құлжанов, Ғ.Бірімжановтың тарапынан Кеңес өкіметін жақтаушылар Ә.Токин, О.Тынымов, Д.Бұзаубақов, М.Баймағамбетов, М.Сұмағұлов, Ш.Әбдірахманов, М.Нарымбаев, С.Нарымбаев, Ә.Бектесов, А.Жарқымбаев, Б.Бекжанов, Ж.Бекжанов, А.Бекжанов, Никитин, Кулковты өлім жазасына кеседі. Жоғары да аталғандардың жазуынша қыпшақтар мен арғындар арасындағы рушылдық дерті асқынып тұрған тұста «алашшыл» арғындар тарапынан 48 адамдық отрядты басқарып С.Қаратілеуов пен Жамал(ұлты түрік) қалың қыпшақ руы қоныстанған аймақтан «большевик» қыпшақтарды жазалауға аттанады (ҚР ПА, 811-қор, 6-811-тізбе, 99-іс).  Ал Бақытжан Қаратаевтың жазуынша  Қыпшақ болысына В.Кафка мен С.Қаратілеуовтың басқаруымен  50 адамдық отряд Кеңес өкіметін жақтаушылардан 500 жуық ірі мүйізді ірі қараны айдап кеткен (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің №1227-Краткий очерк истории Алаш-орды(Б.Қаратаевтың жеке қоры).

Азамат соғысының қызып тұрған шағында адмирал А.В.Колчак Шалқар майданына полковник Могилев бастаған 2000-2500 әскер аттандырады. Могилев өз тарапынан Торғайдағы Алаш билігін нығайту мақсатында 800 адамдық отряд бөледі. Бұл отряды М.Дулатов, С.Қаратілеуов Торғайға бастап келді (ҚР ПА,  811-қор, 6-811-тізбе, 178-іс). 1919 жылы мамырдың 17-ісінен 18-іне қараған түні Амангелді Имановтың өлтірілгені белгілі. Батырдың қапыл өліміне қатысты С.Қаратілеуовті кейінгі жылдары Кеңес өкіметі тарапынан Торғай оқиғалары кезінде А.Иманов пен Л.Таранды өлтіруге қатысты деген айып тағылды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Әбдіғапар Жанбосыновтың баласы Рүстем Әбдіғапаров пен Сабыр Сарбасовтың Өлкелік партия комитетінің хатшысы Л.Мирзоянға 1936 жылы 4 қыркүйекте жазған хатында арыз иелері: «Батыр Амангелдіні Әбдіғапар емес, Дулатов, Қаратілеуов, Тоқтыбаев, Қарпықов және басқалар өлтіргенін»,- деп жазады (ҚР ПА, 891-қор, 6-811 тізбе, 166-іс). Бірақ С.Қаратілеуовтің бұл оқиғаға қатысқаны жөніндегі нақты дерек жоқ.

Ол Орал губкомының 1920 жылғы ақпандағы шешімімен Ойылға жіберілді. Ойылдағы қызметінде Кеңес үкіметі тарапынан таратылған Батыс Алашорданың дүние-мүлкін, құжаттарын қабылдап алу, Ойыл, Қызылқоға өңірін кеңестендіру ісімен айналысты. Ойыл уезіне Қазақ әскери революциялық комитетінің өкілі болып  келген Ғ.Әлібековке жергілікті қазақ ауылдарымен арада байланыс орнатуда көмегін тигізеді. 1920 жылдың наурыз айында Ғ.Әлібеков Түркістан майданы Революциялық әскери комитетінің уәкілетті өкілі В.И.Лежава-Мюратқа Сәлімгерей Алпанұлы  жөнінде «Мінезі қызуқанды, бірақ еті тірі, техникалық жағынан дайындығы мол» деген мінездеме бере отырып, Өлкелік комитетте қызметке пайдалану жөнінде ұсыныс жасады. 1920 жылы большевиктер партиясының мүшелігіне өтті. Кейінгі жылдары ұлтшыл және Алашорда қызметіне қатысқанын жасырды деген айыппен партия қатарынан үш рет шығарылғаны белгілі (ҚР ПА, 141-қор, 1-тізбе, 10583-іс). Осы жылдың аяқ шенінде іскер азамат Орал губерниялық жер басқармасының меңгерушілігіне тағайындалды. 1921-1922 жылдары ашаршылықта губернияның ұлан-ғайыр жерінде жаппай тұқым себу науқанын табыспен жүзеге асыруда қыруар қызмет атқарды. Дала табиғатының климаты мен географиялық жағдайларын тиімді пайдалана отырып, ауылшаруашылығын дамытуға өте қолайлы екендігін, көшпелілер өміріне елеулі орын алатындығына назар аударады.  Оның тағы бір қажырлы еңбегінің бірі – ауылшаруашылық зиянкестерін жою жұмыстарына, зиянкестерге қарсы күресетін губерниялық «үштіктің» жұмысына белсене қатысуы. 1922 жылы жазда Гурьев уезінде өсімдіктер жауы шегірткеге қарсы күрес ісін ұйымдастырып, уездегі шабындықтарды зиянды насекомнан қорғап қалуда өлшеусіз еңбек етті. Ол Орал губерниясы бойынша агрожүйе жасақтау, учаскелік агрономия енгізу жөнінде бастама көтеріп, оны жүзеге асырды – өңірде агроучаскелер ашылып, тұқымдық дән несиеге сол учаскелер арқылы берілуіне қол жеткізді. Бұрыңғы ауылшаруашылық  училищесін, ауылшаруашылық тәжірібие стансасын қалпына келтірді (Ресей Федерациясы Мемлекеттік архиві, Р-3260 қор, 1-тізбе,  25-іс). 

1922 жылы 16-қазанда РК(б)П Қазақ обкомының төралқасы өз отырысында С. Каратілеуов пен А.Кенжиннің  революциялық қызметін мәселе етіп қарап, екеуінің Торғай кезеңіне дейінгі іс-әрекеті Алашордаға қарсы бағытталған, ал Торғай кезеңінде олар Алашордамен ынтымақтасуға жол берген деп таныды. Осы отырыстың қортындысы бойынша С.Қаратілеуов қызметінде қалдырылды, ал А.Кенжин Халық ағарту комиссары қызметінен босатылды.

Архив қорында 1922 жылғы 6-желтоқсанмен белгіленген, С.Қаратілеуов пен А.Кенжиннің Торғайдағы іс-әрекетін тізген РК(б)П Торғай уездік комитеті мүшесінің қысқаша жазбасы ғана сақталған (ҚР ПА, 718-қор, 1-тізбе, 411-іс). Бірақ онда Амангелді қазасы туралы бірауыз сөз айтылмайды.

1924 жылы жазда Қазақ облыстық партия комитеті қарамағында өлкелік деңгейде жұмыс істеуге жіберілді. Сол жылғы желтоқсаннан бастап Жер Халық Комиссариатында істеді және Қазақ өлкелік партия комитетіне мүше болып сайланды. 1925 жылы наурызда Өлкелік партия комитеті бюросында Қазақстанда жерге орналастырудың он жылдық жоспарын ұсынды. Бұл мәселе республиканың қоғамдық-саяси өмірінде елеулі орын алатын мемлекеттік деңгейдегі іс-шара болатын. Жазда Қазақстанның солтүстік аумағын межелеу комиссиясы құрамына еніп,  Қазақ АКСР-інің астанасы Қызылордаға көшірілген тұста Орынбордағы киноқондырғыны, Орталық кітапхананы, жылқы зауыттарын Қазақ Республикасына беру мәселелерімен шұғылданды. 1927 жылдың наурыз айында Орталық Жерге орналастыру басқармасының төрағасы қызметінен босатылып, Өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен Халық Комиссарлар Кеңесі қарамағына, Мемлекеттік Жоспарлау комитеті Су-мақта шаруашылығы секциясының меңгерушілігіне жіберілді. Мемлекттік жоспарлау комитеті Төралқасының мүшесі болды. Алаш қайраткерлерін қудалау басталған тұста күштеу органдарының «қырағы көздерінен» С.Қаратілеуовте тыс қалмады. 1928 жылы наурызда Ішкі Істер Халық Комиссариаты тарапынан қамауға алынды. 1930-1937 жылдары аралығында Темір ауылшаруашылық тәжірибе стансасында, Алматы  облысындағы «Дегерес» асыл тұқымды жылқы зауытында директор қызметін атқарды.

Қызыл террор асқынып тұрған 1937 жылы Ауылшаруашылық комиссариатының мақта шаруашылғы бөлімінің бастығы Ғ.Мұртазинмен «алашордашыл, ұлтшыл» деген айыппен тұтқындалды. КСРО Жоғарғы  Соты Әскери коллегиясының қаулысымен 1938 жылы 26 ақпанда ату жазасына кесілді. Осылайша атыраулық қайраткер Сәлімгерей Қаратілеуовтың өмір жолы қайғылы аяқталды.

Алаштанушы ғалым Мақсат Тәжі-Мұрат 1990 жылдардың басында Алматыда тұратын жоғары білімді қызы Сарамен кездесіп анасы Анна Семеновна мен әкесі кіндігінен ағасы Әлімхан және өзінің тарағандығын, Қазақ политехниқа институтын геолог-барлаушы мамандығымен бітірген ағасының 1942 жылы Москва түбіндегі шайқастардың бірінде қаза тапқандығы туралы құнды деректерді жазып алған. Бір қызығы Сара Сәлімгерейқызы да аталған институтты геолог мамандығы бойынша бітірген. Өкінішке орай Мәкең Сара апайдан жазып алған естеліктер дәптерін кейінгі жылдары жоғалтып алғандығына өкініш білдірген болатын.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сөз болғандай, туған жердің патриоттары мен сол аймақтардың көрнекті тарихи тұлғаларының еліне атқарған ұлан-ғайыр еңбектері туралы танымдық-тағылымдық деректер арқылы тарихи санамызды да, ұлттық діңімізді шыңдай түсетінімізге сеніміз мол.

Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

 

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1519
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1370
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1119
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1148