Сенбі, 28 Қаңтар 2023
Айқай 15991 41 пікір 26 Шілде, 2017 сағат 17:59

Сағадиев - құдай емес, пайғамбардың үмбеті де емес!

Былығы басынан асып жатқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев БАҚ-тың нысанасына тағы ілінді. Бұл жолы реформатор министр Сағадиев сөзжарыстан қашты.

Бірнеше күн бұрын саясаткер Мұхтар Тайжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, онда БжҒМ министрі Ерлан Сағадиевті ашық теледебатқа шақырған.

"Министр деген өзінің реформаларын дәлелдеп, қорғап шыға алуы керек. Біртанов мырза (ҚР Денсаулық сақтау министрі - ред.) қорыққан жоқ. Жалтарып, бұғып қалған жоқ. Оның үстіне Ошақбаевты (экономист, бұрынғы ҚР Инвестиция және даму вице-министрі - ред.) өзі шақырды теледебатқа. Ал Сағадиев өзінің үштілділікке қатысты, ежелгі Қазақстан тарихының ЖОО-дан алынып тасталуына қатысты, Әліппені жоюға қатысты бастамаларына жауап бере ала ма? Көрейік!", - деп жазған.

Тайжанның талабы Сағадиевтің құлағына жетіпті. Дегенмен, министр болғалы басыы даудан арылмай келе жатқан министр Сағадиев сөзжарыстан бас тартты.

"Тайжанға тоқталсақ... Бұл менің функцияма кірмейді. Бұл маған қызық емес. Мен онымен кездеспеймін", - деді.

Естеріңізде болса, Парламенттің төменгі палатасының отырысына келіп, есеп берген министр Сағадиев депутаттардың сынының астында қалған еді. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан министр Ерлан Сағадиевті ашық дебатқа шақырған. Ол кезде Ерлан Кенжеғалиұлы "ләм-мим" демеген.

Айтпақшы, қазақ тілін білуге міндетті Ерлан Сағадиев "қазақ тілінде" сақауша сөйлейтінін сол кезде көрген ек.

Сонымен, Үкіметтің мүшесі, БжҒМ министрі Елан Сағадиев Мемлекеттік саясат пен жеке бастың мәселелерін шатастырып жүрген жоқ па?  Немесе Министр Сағадиев ашық сөзжарыстан неге қашты? Білім саласындағы даулы мәселелерді жариялы түрде талқылауға министр Сағадиевтің сөздік қоры жетпей ме?

Жеке қарым-қатынас пен мемлекеттік міндетті шатастыруға болмайды!

Әміржан Қосанов: саясаткер:

-Өзі жүргізіп отырған саясатты мейлінше насихаттау, оның екіұшты тұстарын қалың жұртшылыққа түсіндіру, керек болса, тиісті дәлелдерін келтіріп, өз сыншыларына лайықты тойтарыс беру – кез келген министрдің төл міндеті. Халықтың салығының арқасында жалақы алып отырған шенділер ел алдында жүйелі түрде есеп беріп, жұртпен жүздесіп тұруы – заман талабы.

Дебат болса, сол міндетті ұтымды әрі тиімді атқарудың заманауи әрі танымал формасы. Одан қашудың керегі жоқ. Оның үстіне білім беру мен ғылым саласында қордаланып қалған проблемалар шаш етектен. Оны министр мырза білуі керек!

Әсіресе, мұғалімдердің мәртебесі, үш тұғырлы тілдің бір қайнауы ішіндегі концепциясы, нақты пәндерді оқыту, бастауыщ кластардағы «әліппе» секілді мәселелер елді қатты толғандыруда!

Осы сауалдар төңірегінде министр күні-түні теледидардан түспей, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ақпараттық жұмыс жасауы тиіс емес пе?! Әрине, министрдің жеке азаматтарға деген өз көзқарасы болуы мүмкін.

Біреуді ұнатар, біреуді жаратпас. Бірақ, жеке қарым-қатынас пен мемлекеттік міндетті шатастыруға болмайды! Нақты адамды ұнатпаса, басқа біреулермен шықсын ашық дебатқа! Одан еш жері қисайып кетпейді. Керісінше, мемлекеттік саясатты елге тағы да бір ұғындырар еді.

Нәтижесінде министрдің өз беделі ғана емес, жалпы шенеунік атаулының абыройы арта түсер еді.

Сағадиев кім: ер ме әлде ез бе?

Айдос Сарым, саясаткер:

-Менің ойымша, білім министрі Ерлан Сағадиевтің қоғам өкілдерімен кездесуден жалтаруы, ашық пікірталастан қорқып, оны "қызықсыз" деп табуы - өрескел қателік. Себебі оны дебатқа шақырып жатқан Мұхтар Тайжан, Бекболат Тілеухан сияқты азаматтар оған еріккеннен тиісіп жатқан жоқ. Ұлтымыздың болмысы мен болашағына алаңдағандықтан, Сағадиев жүргізіп жатқан реформаларды күдікті, ұлт үшін қауіпті деп тапқандықтан мәселе көтеріп отыр.

Министрдің "маған керегі жоқ", "маған қызықсыз" деуге еш қисын, еш себеп жоқ деп ойлаймын.

Оны дебатқа шақырып жатқандар оның жеке басына қатысты тиісіп жатқан жоқ. Мемлекеттік саясатқа қатысты аса күрделі, маңызды сұрақтарды қойып отыр. Сол сұрақтарға жауап беру, қоғам арасындағы күдікті сейілту - министрдің міндеті мен парызы.

Мысалы, жақында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов экономист, сарапшы Рақым Ошақбаевпен ашық теледебатқа шықты, қорықпады.

Одан министрдің басынғады тәжі, астындағы тағы сынып қалған жоқ. Керісінше, министрліктің ашықтығын, қоғаммен қоян-қолтық жұмыс істеуге деген дайындығын көрсетті.

Сағадиев - құдай емес, пайғамбардың үмбеті де емес. Қарапайым ғана, етпен-сүйектен жаралған адам, ел азаматы. Оның министр болуы оған жауапкершіліктен басқа ештеңе жүктеп жатқан жоқ.

Сағадиев кім: ер ме әлде ез бе? Жігіт пе әлде мігіт пе? Осы сұраққа жауап оның дебатқа шығу-шықпауына тікелей байланысты деп санаймын.

Мен Министрді кофе ішуге шақырған жоқпын!

Мұхтар Тайжан, саясаткер:

-Үкімет мүшесі өз реформаларын жария түрде дәлелдеуге дайын болуы міндетті. Егер оған дайын емес болса, ол реформа ешқандай сынға жарамайды деген сөз. Сағадиевтің дебаттан қашатынын мен кеше-ақ белгенмін. Демек, ол өзінің абсурдты реформаларын қорғай алмайды.

Мен министрден не түрлі жауап күткеніммен, "Маған қызық емес" деген жауап аламын деп ойламаппын.

Қызық емесі қалай? Мен оны кофе ішуге шақырып отырғаным жоқ. Бұл тақырып оған қызық емес болса, бізге қызық. Бұл біздің балаларымызға жасалып отырған тәжірбие. Былтырғы жылғы митингтер де сол талқыланбай жасалған істің ақыры еді.

Енді Білім саласындағы реформаны талқылағысы келмейді екен. 

Бізді жабайы "нацпат" қылып көрсеткісі келеді. Біз ашық демократиялық процедураларға, дебаттарға дайынбыз. Ал "ағылшын тілді" дамып кеткен министрлер талқылаудан қашады. Сонда кім либерал, ал кім ретроград?

 

Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3106
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2224
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1898