Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
46 - сөз 6179 3 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 10:01

О, менің Іле қазақ облысым...

Өкінбен алыс кеткен жолым үшін,
Кетті ғой сағынышқа толып ішім.
«Есімнен ертелі-кеш бір шықпайсың»,
О, менің Іле Қазақ облысым!

Іздесем табылады сайран мұнда,
Түрі көп қымыздың да, айранның да.
Сені де сағынамын аласұрып,
Қасқайып қала берген, қайран Құлжа!

Боласың кейде мені шақырғандай,
Кеудемде өшпейтін бір лапыл бардай.
Құлаққа тұратұғын жылы естіліп,
Дейтұғын «Іле Қазақ...» атың қандай!

Атыңның маған аян мәңгі екені,
Көктегі бұлтқа айналды шаң кешегі.
Сауырдың ұл мен қызы мұнда келген,
Қалды-ау деп қайран Алтай әндетеді.

Көсілген көз ұшында Тарбағатай,
Секілді ескі көзден қалған атай.
Күн туып Сыр бойынан ел ауғанда,
Саған кеп күлін төккен жолда Матай.

О, менің қасиетті, байтақ Ілем,
Сен жайлы көп шежіре айта білем.
Күн кешті мекендеген қалың Қызай,
Өмірдің еңісімен, қайқаңымен...

Мен бүгін жалыққамын сан санаудан,
Арқармын ашық күнде Арқаға ауған.
Үш Аймақ - үш арысың айбыны асқақ,
Бар тағы қармағыңда қаншама аудан.

Мен үшін тым қымбатты соның бәрі,
Алтынды ардақтадың қолыңдағы.
Қанымды кернейді де бір жылы ағыс,
Жанымды тербетеді жол ырғағы.

Қатайтып алсақ-тағы біз қанатты,
Кермек ой кеміреді тұздан ащы.
Туған жер батады екен ақындар мен
Алысқа ұзатылған қызға қатты.

Жүргем жоқ Айға қарап, жұлдыз қарап,
Арысқа бағалайды мың қыз балап.
Сарыарқа төсін келіп тұғыр етті,
Өзіңнен ұшып кеткен бір мұзбалақ.

Жерісің әкемнің де, арғы атамның,
Өлеңмен саған бүгін таңба салдым.
Арқасы біздің шалқып жүргеніміз,
Ақсарбас айтып сойған әр батаңның.

Мекенсің кіндігімнің қаны тамған,
Үлгі алдым әз анадан, кәрі шалдан.
Қонармын бір биікке шығып ертең,
Болармын көш бастайтын әлі тарлан.

Мені алып ұшқан кезде биік арман,
Әкемнің бір сайыңда үйі қалған.
Бір уыс топырағың жүр қалтамда,
Апамның жаулығына түйіп алған.

Жандағы торқасы жоқ сол топырақ,
Тастайды сағынышты тарқатып-ақ.
Әжемсің әлдилеген кеше мені,
Көтерген күні бойы арқасына ап.

Арыңды сен дарыттың маған аппақ,
Бір белден астым бүгін табан аттап.
Қалдырдым саған ғана кешегі өткен,
Бейітін ата-баба аманаттап.

Қашанда болсын бағың, Ордам, үстем,
Кешір сен ете алмасам қолғабыс мен.
Қайсы деп облысың сұрағанға,
Айтамын атыңды асқақ, зор дауыспен.

Бұзбасын ешкім сенің шырқыңды, Іле,
Жүрсе екен мені-дағы жұртың біле.
Болсам да көрші еліңнің азаматы,
Жазулы паспортымда тұрсың, міне.

Бидайдай тұрсың жалғыз арпа ішінде,
Ұйықтасам көрем сені әр түсімде.
Сағындым Көкқамырдың көк бағланын,
Сағындым Баяндайдың мәнтісін де.

Алшаңдап жүрген шақта кең көшеңде,
Жүргендей болушы едім дербес елде.
Сарғайған саған деген сағынышты,
Жазбайды қай дәрімен емдесем де.

Есімің сенің бүгін – бағалы есім,
Кірлейді сен тұрғанда жаға не үшін!?
Бөрідей жан жарасын жалап жазып,
Жиды ғой сен арқылы қазақ есін.

Мен сені жүрем шетте ыңғай бағып,
Сақараң кетпесе деп құмға айналып.
Деген сол «Іле қазақ...» ардақты атқа,
Ұлтымның бар мүддесі тұр байланып.

Қанатты саған қарай сілкіп ұшсақ,
Қаламыз кәдімгідей бір тыныстап.
Автоном... деген асқақ мәртебеңмен,
Өшірмей қазақ атын тұрсың ұстап.

Тұлғаңды рухы асқақ, еңселі әрі,
Тұрмын-ау жеткізе алмай мен шамалы.
Жөңкілген Ертіс-Іле – қос бұрымың,
Балтырын Сарыарқаның тең соғады.

Қазақты, қайда жүрсе, бос ойлама,
Қанымен ата-баба жасайды ана.
Тәңіртау Алатаумен бір туысқан,
Қарайтын Балқаш-Сайрам – қос айнаға.

Мекені ұлдың ыстық, қыздың ізгі,
Кешірдің бастан кеше жүз дүбірді.
Үш жүздің оғландары арда туған,
Ұстады алма-кезек тізгініңді.

Жас ұрпақ қаулап өскен артыңда бар,
Қадамы келе жатқан қарқындап әр.
Төсіңде жүрсін аман алшаң басып,
Жәнәбіл бастаған сол нар тұлғалар!

Әр шыңнан түлеп ұшқан, әр төбеңмен,
Мақтан сен жас қайыңмен, қарт еменмен.
Қазаққа сен де қара шаңырақсың
Жасай бер осы үлкен мәртебеңмен!

Ауыт Мұқибек

Facebook-тегі парақшасынан

 

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1957
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2254
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1855
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1548