Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Білгенге маржан 9034 26 пікір 18 Шілде, 2017 сағат 11:23

Моңғолияның жаңа президенті Шыңғысханның тұқымы емес

Ресей мен Қытай бірлесіп, Түркілерді тұқырту саясатымен амалсыз Моңғолия деген атпен мемлекет құрып берген, қазақ-коммунист Тұрар Рысқұлов көкеміз барып мемлекетін басқарысып, астанасын жасап берген Халқа-манжурлар республикасында президент сайлауы өтіп, бір халқа президенттікке сайланды.

Сол жаңа президенті Президенттік резиденцияда тұрмай, жеке үй жалдап тұратын болыпты. Соны біздің кейбір жазғыштар басына көтере мақтап "нағыз Шыңғысханның тұқымы екен, "резиденцияда тұрмаймын" депті" деп мақтап, аспанға көтеруде. Резиденция деген президентке демалу үшін берілмейді, мемлекеттің жұмысын жайлы жағдайда отырып, алаңсыз жұмыс істеуі үшін беріледі. Халқына, еліне дұрыстап қызмет еткісі келген Президент резиденциядан бас тартпауы керек, сонда тұрып барлық уақытын еліне жақсылап қызмет етуге арнауы керек.

Біздің де, Шыңғысханның да бабалары саналатын Ғұндар, Сақтар, Қаңлылардың осыдан 2-3 мың жыл бұрын Хандарының резиденциясы болған. Қытай жазбаларында қытай елшілері бірнеше ай жүріп Батыстағы көрші мемлекет Қаңлы (Кангюй) хандығына келеді. Биік киіз үйден тұрғызылған Хан резиденциясының алдында қытай елшілерін 12 түрлі музыкалық аспаппен қаңлылардың музыкашылары әуен тартып, оншақты қызы би билеп қарсы алады.Қытайлар Қаңлы ханының резиденциясына, ел басқаруына, музыкасы мен биіне тәнті болып қайтады. Бұл 2,5 мың жылдай бұрын болған оқиға.

Ғұндар туралы айтсақ, 340-шы жылдары Аттила (Еділ батыр) бастаған ғұндар Рим империясының іргесіне таяп қалғанда Рим патшасы елші жібереді. Римдіктер Аттиланың резиденциясына келеді. Көшпелі жағдайдағы Хан резиденциясында болғанда олар да ғұндарға таң қалады. Сосын Атилланың әйелінің киіз үйіне апарады. Ол киіз үй әр жағында 8 доңғалағы бар жалпақ арбаның үстіне тігілген киіз үй екен. Оған барған римдіктер жібек маталарды көріп таң болады.

Ал Сақтардың, одан кейінгі Дешті Қыпшақтың хандарының да резиденциялары туралы айта беруге болады. Шыңғысханның хан резиденциясы тіпті мықты болған. Кейінгі Қазақ хандары соның үлгісін пайдаланған.

Бір сөзбен айтқанда Мемлекетті басқарушыға арнайы үй бөлініп, барлық жағдай жасалатын дәстүр әлемге бізден тараған. Өйткені, халқына қызмет ету үшін хан-президентке толық мүмкіндік жасалуы тиіс.

Ал мына Моңғолия басшысы резиденцияда тұрмаса, онда Шыңғысханның тұқымы емес, қайдағы бір тегі беймәлім Халқа ұлтының өкілі болғаны. Ханның тұқымы болса Президенттік сарайында салтанатымен тұрар еді. Бірақ, біздің тексіздер сияқты жемқор, парақор болмас еді. Қайдағы бір артта қалған (Қытай мен Ресей қолдан жасаған) мемлекеттің президентіне ауыздарыңнан суларың ақпай, Қазақстандағы билікті реттеп алуды ойламаймысыңдар.

Шын текті, Хан тұқымы сән-салтанатымен ел басқарады. Бірақ біздің құл-құтан сияқты өмірі түк көрмегендей қазынаны, халықтың байлығын тонап, талан-тараж жасамайды, жерін, жерасты, жерүсті байлығын ақша үшін, алтын үшін шетелдіктерге сатпайды.

Аманғали Әбуов

Abai.kz

26 пікір