Сенбі, 27 Сәуір 2024
Арылу 4485 5 пікір 13 Шілде, 2017 сағат 10:25

Көбік сөздің көрігін күрпілдетіп...

(Соңы. Басы мына сілтемеде)

Рухани жаңғыруымызды жандандыруға тиіс үлкен екі сала - Білім-ғылым, Мәдениет министрліктеріміз туралы не айтуға болады? Мысалы, өз басым ризалықпен «Бәрекелді!» дей алмаймын. Қысқартып айтсам: сахналарымыз бен телеарналарымызды талғамсыздық жайлап алды. Өзгелердің 3-4 әнінен жырымдап «ән» шығаратын «сазгер», ұйқасы бар, ұйытары жоқ өлеңсымақ шығаратын «ақын», халық сазгерлерінің әсем әндерін қиқалап айтатын «әнші» көбейді. Бұрында Мәдениет министрлігінде жаңа ән мен күйді, биді талғам таразысына салатын арнаулы бөлім болған, ал бүгінде ол не жоқ, не жолтапқыштардың жетегінде.

Сондай-ақ, сахна мен телеэкранда (қалаларымыздың көшелерінде де!) қолаңшаш қазақ қыз-келіншектер азайды. Әдетте әйелдің жасы ұлғая бастағаны қара шашын ақ шалғаннан байқалушы еді, ал қазірде жасы жиырманың о жағы мен бұ жағындағы әнші-биші қазақ қыз-келіншек атаулының шашы сарғая бастайтын болды,   тіпті кейбіреуінің шашы сарыдан гөрі  құла түске ұқсайды. Көп ұзамай бурыл, жасыл, қызыл да болар. Бет әлпетінде көз бен мұрынның, ауыздың ішінен басқа жерлері әлем-жәлем бояулы. Телеэкраннан бадырайтып көрсетіле қалғанында үйреншікті жұқалтаң қызыл бояу орнына жаңа ғана қою қан жағылғандай бытти еріндерінен еріксіз сескенемін. Сол қыз-келіншектердің шашын шашып тастап, омырауы мен белін ашып тастап, жарғақ шалбармен быртиып-тыртиып шыға келетіндері  де тым ыңғайсыз екенін айтып, былтыр наурыз айында Мәдениет министрі А. Мұхамедиұлына «Жас алаш» гәзеті  арқылы ашық хат жаздым, бірақ ол ләм демеді. Екі айдан кейін құрметті Бибігүл Төлегеноваға ашық хат жолдадым, тегі Бибікең ілтипат жасап, тиісті жерде салмақты сөзін айтқан болар, ашық бел мен сымпи шалбар жоғалды, жарасымды ұзын етек көйлек көріне бастады, бірақ  шашылған сояу-сояу шаш жиналар емес, жартысы ашық ойық омырау қымталар емес. Бір жеңін шешіп, иығын жалаңаштап шыға келетіндер әлі бар.

Халықаралық әртүрлі деңгейдегі «Ару байқауына» қатысып жүрген қыздарымыз қазақтан бұрын жартылай жалаңаш еуропалық бикештерге ұқсайды.

Біздің қазақтық, шетелдік телеарналардың қайсыбірінде қыз-жігіттердің кәдімгі құтырық биі көбейіп барады. Алқам-салқам киініп, мәнсіз, сәнсіз секіріп,  шоршып, шалқайып, талтайып, еңкейіп, тоңқайып аласұра бастайды. «О, албастылар!» деп, арнаны дереу жауып құтылатын болдық. Бірер арнада кейде байырғы лирикалық әндер концерті басталады, бірақ («пәленің» бәрі осы «бірақтан» шығады ғой) сахнадағы әншінің тусыртындағы кеңістікте: өрттің қаулағаны, өзеннің тасығаны, таудың құлағаны, желдің сойқаны, бұлттың жөңкілгені, электр шамдардың (прожекторлардың) сайысы...  сияқты аласапыран пайда болады. Барабанның ма, басқаның  ба, әйтеуір, бір аспаптың жүйкеңді түйгіштеген дүңк-дүңк дабысы қосарланады. «Құлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен тәтті күй» жайына қалады.

Президенттің рухани жаңғыру жайындағы мақаласы жарияланғалы үш айдай уақыт өтсе де, сахна мен телеарна бері қараған жоқ. Ал ары қарап бара жатқаны министрліктің  басшыларына өте ұнаған болса керек.

Білім  десек, министр құтаймайтын бұл салаға  да жұртшылық наразы. Не үшін? Ұшпаққа шығармайтын «үш тұғырлы тіл бағдарламасын» мектептің 1-сыныбынан бастап тықпалағаны үшін. Рас, жас ұрпағымыз заманның беталысына қарай шет елдер тілін білуге тиіс, бірақ  үш тілді қатар емізу – қай ұлттың болсын баласын Ана тілінің уызына қандырмау. Шет ел тілдерін, айталық, 8-сыныптап бастап оқытсақ, кәмелеттік аттестат пен диплом алып шығар 7 жыл шәкірт-студенттің ағылшын тіліне қоса халықаралық басқа да тілдерді  меңгеріп шығуларына еркін жетер уақыт емес пе? Әлде, қазақ баласы бизнестің жағын айыруы үшін ағылшын тілін 1-сыныптан оқымай оңбайтынына министр Е.Сағадиевтің көзі жетіп пе? Бизнестің көкесін көрсетіп отырған, ағылшын тілінің пайдасын жете білетін Қытай, мысалы, бізше  өлермендікке берілген жоқ.

Министрліктер көпшіліктің сынына ең көп ұшырағандар болса да, қыңқ етпейді. Президенттің ерке-серкелері дерсің!

Соңғысы бар-ау, мектепте негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқыту керек» деп те жаһандық «жаңалық» ашып жүр. Олар қай пәндер? Сірә, қазақтың тілі мен әдебиеті, тарихы мен жағрафиясы негізгі пәндер тізімінен сызылып тасталған шығар, егер олай болмаса, оларды да ағылшын тілінде оқытпақшы ма? О, заман: «үйде  бір қызым бар, ол бұдан да сорақы».

Өзі мен өзінікін жарылқаудан жалықпайтын, бұқараның күбірін де, жанайқайын да тыңдамайтын билікке бұл жәйттер әу баста-ақ айтылған, жазылған. Тәуелсіз баспасөздің бетінде қат-қабат болып жатыр. Оларда әрқашан ашық та батыл, әділ сөйлейтіндерге биліктің нендей «жауап» бергендері жайында малұматтар да бар:

«...Мысалы, «белгісіз біреулер» бірде:

белгілі саясаткерлер: Әміржан Қосановтың, Сейдахмет Құттықадамның, Нұрболат Масановтың  пәтерлерінің сыртқы есігін цементпен шегендеп, іштегілер шыға алмайтын етіп кетті.

Әміржанды соққыға жықты.

Ермұрат Бапиды соттады.

Әкежан Қажыгелдинді оңды-солды қаралап, қуғындап, шет елді паналауға мәжбүр етті (кейбір әуейілер: "ол параны алып-алып, әдейі қашып кетті!" деп  сасықауызданып жүр. Байғұстар-ай!).

Ғалымжан Жақияновқа жала жауып, жеті жыл түрмеге кесті.

Лира Байсейітованың әрі шығара бастаған тәуелсіз гәзетін жауып тастап, әрі өзін қайғыға душар етті.

"Дат" гәзетін де жауып тынды.

"Таң" телеарнасын атқылады, жауып тастады.

"СолДат" гәзеті редакциясының қызметкерлерін сабап, мүліктерін тонап кетті. Гәзеттің таралымын сан рет тәркіледі, гәзетті ерікті сатушыларды қудалады.

"Республика" гәзетін жапты, кеңсесін өртеді, кеңсесіне  ит өлігін апарып тастап, ол иттің басын редактордың үйінің сыртқы есігіне іліп кетті.

"Қазақстан" гәзетін қақпақылға айналдырды.

Сергей Дувановқа қылмақшыны қылып жатқандары анау...».

«Қайда кетіп барамыз, қырып-жойып?» деген мақаламда («Жұма таймс» гәзеті, 2003-жылы) осылай дегенмін. Үзіндісі. Содан бері 14 жыл өтті, ал мен сол сөзімді бүгін де қайталай аламын. Былайша:

Биліктің бауырында өсіп, талай-талай керегіне жарап жүріп, ақырында биліктің алдамшы екеніне көзі жетіп, көріп-білген қиямпұрыстықты тізіп айта президент Н.Назарбаевқа ашық хат жазып, оппозицияға бет алған Заманбек Нұрқаділевпен 2004-жылы 24-шілдеде сұхбаттасқан белгілі журналшы Асхат Шәріпжановты сол күні іңірде аутомәшін қағып мерт қылды. Мерт қылғаны ерекше: марқұмның денесінде қарағұсы ойылғаннан басқа бірде-бір сызат жоқ! Адамның тек басын қағып өтетін аутомәшін болғаны ма?!

«Өзін өзі үш рет атқан»  Заманбектің өлігі өз үйінен табылды. 2005-жылы, қарашаның 25-і күні. «Атқанда» қандай?!. Екі рет кеудесіне атқан, оған болмаған соң төрге кілемше төсеп, соған түзу жатып, көрпешесін дізе жағына жауып, содан кейін басына атқан, - заң орындары айтатын «контрольный выстрел». Адамның өзін өзі үш рет атуы арғы-бергі тарихта Қазақстанда ғана болған шығар. Ол сұмдықты теледидар арқылы хабарлаған Ішкі істер министрі Б.Мұхаметжановтың беті бүлк етпегені сондықтан-ау!..

Арада үш ай өте бере Алматының бұталы бір шетінде Алтынбек Сәрсенбайұлының  өлігі табылды. Жалғыз емес, оққағары мен шоферы үшеуін атып тастаған.

Алтынбек те биліктің бірегей қызметкері болып, министр деңгейіне жетті. Алайда ол да  биліктің пәтуәсіздігіне шыдай алмай, оппозицияға ойысты. Демократиялық партия құрып, оппозицияның жетекшісі болды. Ашынып сөйлеп, ақиқатты батыл жазып жүрді. Сол үшін, иә, сол үшін құрбандыққа шалынды. «Алай екен, былай екен» деген алыпқашты сөз әдейі таратылса да, жасанды дәлелдер жұртты иландыра алмады.

Озбыр биліктің жаласымен түрмеде 7 жыл отырып шыққан Ғалымжан Жақиянов өміріне қайтадан қауіп төнген соң шет елге қоныс аударды.

Батыл саясатшы, журналшы-жазушылар Батырхан Дәрімбетов пен Нүри Мүфтах  та «аутомәшіннің астына түсіп» көз жұмды.

Алматының іргесіндегі «Шаңырақ» атты қазақ ауылында «заңсыз салынған» үйлерді таңғы сағат 4-те (?!) бульдозермен сүріп тастауға барған полиция тобына батыл қарсы шыққан қайсар ақын Арон Атабекке және төрт  жігітке «полицейді өлтірді» деген жұмбақ жала жабылып, дерексіз «керек дерекпен»  жауапқа тартылды. 2007-жылы қазан айында. 18 жылға сотталған Арон  содан бері жеті түрмеге ауыстырылып, бәрінде де біркісілік  камерада ұсталуда.

Жаңаөзенде биліктің қиястығынан қанды оқиға болды.

Алматы облысында «Шекара шатағы» шықты.

Мұнай мен газымызға ие болып алған шетелдік пайдакүнем компаниялардың озбырлықтарына ашынып қарсылық жасаған жергілікті қазақ жұмысшылардың бірнешеуі сотталды.

Жеріміздің жат елдіктерге жалға берілуіне, сатылуына батыл наразылық танытқан  азаматтарымыз түрмеге жабылды.

Биліктің бетпердесін сыпыра сөйлеген режиссер Болат Атабаев қуғын көріп, шет елге кетуге мәжбүр болды.

«Қазынаның қаржысын ұрлап-жырлап қойғандары үшін» әкелі-балалы журналшы Матаевтар сотталып, түрмеде отыр.

«Қашқын миллиардер М.Әбіләзовпен сыбайлас» журналшы Ж.Мамай екі ай бойы қамақта, тергеуде.

Соңғы 4-5 жылда: «Ішіп қойды, жеп қойды», «ірі көлемді пара алды» деп сотталған қазақ жиырма шақты. Солардың бәрінің «ұрлық, пара» делінген ақшаларын қосып есептесек, В.Ни дегеннің бір жолғы «табысының» жартысына да жетпейді. Ни 1 миллион доллар пара алып тұрғанында тұтқындалды да, заң орындары өкілдерінің: «олай емес екен, былай екен» деп жанталаса ақтауымен аман-сау босатылып, ақмоншадан шыққандай болып, тайраңдап кете барды. Ал оның «бірінші рет» (?!) сонша пара алғандығы «тәжірибесіздігі» болып, қамқоршылары сонысын мұқият ескерген шығар.

Жалпы біздің бүгінгі билік еліміздегі миллионер-миллиардерлерге рақымды. Бұдан бір ай шамасы бұрын  «ДАТ-ОП» гәзеті паш еткендей, қазақстандық   аса бай бизнесшілердің саны 50 екен. Солардың қайсысы адал еңбегімен  «алға шыққаны», мысалы, маған беймәлім, ал сырттай болса да  анық білетіндерім – «Невада-Семей» акционерлік қоғамының арнаулы қорына Семей атом полигонынан зардап шеккендерге жәрдем беруге жиналған миллиардтаған долларды «төкпей-шашпай» өзара бөліске салып, миллиардер болып, миығынан күліп жүргендер: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов  және «Корейка». Билік ол бетпақтардың бірде-біреуіне:  «Әй, сен семейлікткерді алдап, арамдықпен байыдың! Алғаныңды, кәне, қайтар!» деп дауыс көтерген жоқ, керісінше:  дос-жолдас, әмпей-жәмпей.

Сонымен, «...біздерде  мынадай бар, мынадай бар» (Сұлтанмахмұт Торайғыров): биліктің ырқындағы тәуелді баспасөздің бағдарламасы – президент Н.Ә.Назарбаевты мақтай беру, мақтата беру. Ұйымдастыруында селкеу жоқ. Егер мемлекет басшысын мадақтаудың, өздері меншіктеген  сөзбен айтқанда, «әлемдік» жарысы өткізілсе, чемпион болар-ақ еді, не керек, өткізілер емес. Оу, «әлемді тамсандырып отырған Қазақстан» өзі ұсыныс жасап, Астанада неге өткізбеске? ЭКСПО-17-ні өткізгеннен қиын, қымбат бола қоймас.

Ал президент өзіне ашық та шексіз табынушылардың сөздерін ести ме, жазғандарын оқи ма? Тыңдаса, оқыса, -  ұнатып жүр ме, әлде «Қойыңдар!» деуге дәті жетпей ме?..

Мақтаудың аты – мақтау. Орынды-орынсыз болса да. Сын емес. Тәуелсіз гәзеттердегідей... е, олар азайып та қалды, азайтқан соң. Арқа тұтатын оппозициясы жоқ, енді бола да қоймас.

Иә, тәуелді баспасөздің қашанда міндеті айқын, жолы ашық. Өкімет пен үкіметті  үкілеп, болмаған жетістікті «болды» деп, тарды «кең» деп, қисықты «түзу» деп, «кемшілік, олқылық» деген сөздерді өзі де ұмытып, өзгелерге де ұмыттырып отыр. Бізде адам  құқын силау дегеннің  бар-жоғын ойлап бас қатыруы керек емес, шетелдің еріккен  демократтар-ақ біз үшін ойлап қарық бола берсін. Ой еркіндігіне қоса сөз бостандығын да соларға бердік.

Бізде шешілмей жатқан, шиеленіскен мәселе жоқ.

Сахна мен телеарна қалыбында: алас-күлес «концерттері», кейбір бағдарламалары - батыстық,  ресейлік аға-апатайларынан көріп-білулері, «ұқсатпай» көшіріп қайталаулары.

Білім-ғылым биігінде: мектептер ашық, сыныптары жарық, биыл  жаппай он екіжылдық оқу жүйесіне көшіріледі. Ағылшын тілін үйрету балабақшадан басталуы мүмкін. Ғылым академиямыз орнында  болмаса да, ғылымымыздың ойы-қыры гүлдеп тұр, жақында ғана «аса көрнекті» 69 адамға академик атағы берілді. Иә, жоқ академия бар Жазушылар одағынан кем бе екен?! Жазушылар одағы анау жылы халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығын бір күнде 42 кісісіне берген болса, «академия»...  тәк што...

Парақорлық, жемқорлық дегенмен алысатын комиссия, комитет құрып әуре болудың қажеті не? Қайсысы болсын тойған соң тоқтайды, қайта олардың  қолын қақпау керек, неғұрлым тез тойса, соғұрлым тез тоқтайды, тәк што

Қысқасы: ауыл орнында, қала тыныш. Анау-мынау сөздер тиылсын! Содан соң: Қазақстан әлемге кеше-бүгін ғана танылған жоқ, 1991-жылдан басталған «жаңа тарихымызды» жақсы білу керек қой, біз 2002-жылы қоғамдық «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын төкпештеп тастауымызбен, одан соң «Қазақгейтімізбен», «Рахат Әлиевтің ісімен» танылып үлгіргенбіз, тәк што...

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

5 пікір